Әдебиет:
Сыздық Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы // Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы, 2004.
Смағұлова Г.
Ғалымға ғашық көзбенен... немесе көркем мәтіннің мәнері
Оқырман ауылына жол табатын баспа дүниелерінің бағыт-бағдары сан қилы. Көркем әдебиет кітаптарынан бөлек енді бір алуан енбектер – өзіндік мазмұнымен ерекшеленіп, тек өз оқушысын, өз алушысын іздеп табатын ғылыми кітаптар. Оның да әртүрлі салмақты, салмақсыздары кездеседі. Әркім базарға барып керегін алмақшы, қауым көпшілік солардың арасынан тағы да өз жоғын іздейді.
Ғылымның қара қазанында кайнап жүрген белгілілер, белгісіздер жетерлік. Кейде әлде бір автордың шығармашылық ізденіс жолындағы «жазып сызғанын» қадағалап қалмай оқып, бүкіл шығармашылық жолының жоқшысы боп түгендеп жүресің. Біздіңше бұл сол авторға, ғалымға деген үлкен құрметің, қала берді сенімің мен ғашық көңілің.
Менің ғашық көзбен қызыға қарап, қай кезде болса да өзіме де өзгелерге де үнемі үлгі етер адамым – белгілі ғалым астын сыза айтқым келетін, таусылмас үлкен ой жетегінде жүріп-ақ, жазу жазатын, қолында қаламымен бірге, әйелге тән бітпейтін үй тіршілігі қоса бар, ғылымның ауыр жолыңда талай істі ерлерден артық тындырып жүрген Рәбиға апай Сыздықова. Ғылымның алтын тамырына, тура, адаспай жол тапқан, әсіресе, әдебиет пен тіл ауылының көркемдік көк жиегіне көз салған ғалым апа әлдебір себептермен химия, математика соқпақтарымен кетсе, құдай біледі, әлгі аталған әдебиет пен тіл ғылымы нәзік жанды зерттеушілерінің ең мықтысынан айырылып қалар ма еді?!
Дүниенің түбіне талмай жететін мына жапондар еркектер мен әйелдер сөзіне құлақ түріп, осылардың қайсысы қандай еркектер етістікті сөзді көбірек қолданса, әйелдер сын есімді сөздерді көбірек қолданады екен. Демек әйел табиғаты әсерленуге, әсер өтуге бейім болғаны ғой.
Күні бүгінге дейін шығып жатқан зерттеу кітаптарды бірінен-бірі қомақты әрі мазмұнды боп келетін ғалымның қаламы тиген жаңа дүниелері өз оқушысын қашанда жаңылмай табады, көпшілікті елеңдететіні де белгілі.
Бүкіл дүниежүзі халықтары боп ұлы Абай мерейтойын тойладық. Әр саладағы ғалымдар өз әлінше зерттеу үлесін қосып, ұлы талант алдыңда борыш парызын өтегеңдей. Ал ғалым Рәбиға Ғалиқызының Абай мұрасына аңсары ауған тұс әлдеқашан. Ақын творчествосына бастан-аяқ қадау-қадау кітап бағаналарын орнатып, бұрынырақта-ақ көкке көтере айтқан, алғашкы ғылыми ізденістерін жазған. Бүгінгі Абайтану басында әр жылдары жарық көрген зерттеу мақалаларымен қоса, «Абай шығармаларының тілі (1968)», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы (1970)» деген еңбектерін қайда қоясыз. Бұл кітаптар ғылымда өз орнын араға жылдар салып, өзіңізше «ержетіп» тағы бір ат ізін салсаңыз әлі байқалмай жатқан кезінде ескерілмей кеткен қалтарыстар мол зерттеу қазынасының кілтін ұстатады. Абай жылы тойланар тұсында шыққан «Абайдың сөз өрнегі» ұлы ақынға соққан ғылыми ескерткіштерінің озығы дер едік. Себебі мұңда басқа тағылымды терең теория мен сексен кырлы сөз өрнегінің тағы да бізге беймәлім тұстары ашылады. Өткен Жамбыл ата тойында жүз жасаған дара ақын туралы «а деп аузын ашқанның» бәрі сый-сыяпат, марапаттаудан кенде қалмағанын есімізге алсақ, онда мына ғалым қазақ әйелінің мерейі үстем боп, зерттеу еңбектерге жарияланған бәйгелердің басы осы кісінің қанжығасында боларына бәс тігер едік...
Ғалымның біз білетін зерттеу еңбектерінің дені көркем шығарманың тілі яғни сөз туралы. Бірде әдеби тілдің қалыптасуы (Қазақ әдеби тілінің тарихы, 1993 ж), енді бірде сөздің шығу төркінін, этимологиясын қазбалап, мағынасы әлдеқашан ұмыт болған, алайда күні бүгінге дейін қолданыста жүрген сөздерді түгендеп беруін – «Сөздер сөйлейді» (1994ж). кітабынан табасыз, Сұраушының сүйген асы – бұл кітап екі рет қайта басылып шықты. Қазір кітап сөресінде де жоқ,
Айтылар сөздің мәні айтылған соң, оның сазы неге айтылмасқа?! Сөзді дұрыс айта білу адам мәдениетінің бірі дер едік. Кісілік келбетіне қойылатын талаптар көп қой. Аузынан сөзі түсіп, сөйлегенде дыбыстар жан жағына бытырай шашылып, сөздің берекесін кетіретін қазақтар да бар. «Сөз сазы» (1995) тек солар үшін ғана жазылмаған, радио-теле дикторлары үшін де маңызды, анықтағыш кітап.
Енді міне, алдыңызда жаңа кітап тағы да сөз туралы. Ол – Абайдың сөз өрнегі. Есті қазақ сөз айнасына бір қарап, рухани тазартып, таранып шығар алдында, о бастан көңіліне қонған Абай өлеңдеріндегі нақылдан алатын ақылы бар. Абай айтқандай деп, өзіндік принциптеріне ойшыл ақынның ақыл нұсқа сөздерін тұғыр ететіні бар. Абай творчествосын тануда философтар, тарихшылар, физиктер мен математиктер де құр қалған жоқ. Ұлы даланың ұлы данасынан әркім өз керегін тауып жатыр. Десекте, сол зерттеуші ғұламалар алдында Абай сөзі, Абай ойы тек сырлы сөзбен, суретті сөзбен сомдалу арқылы ғана «айналасы жүрекке қылы тиген» соң ғана өзгелер үшін де түсінікті танымал болатындығын есте ұстаған жөн. Демек көпке жету үшін түсінікті болуының себебі, сыры – тіл шеберлігі.
Көркем әдебиеттің кез келген түрі – өнер. Тасқа басылған, қиын деп қолыңызға алған көркем текст – (мәтін деп жүр) өнерден – бар қызық осы текстен бастау алады. Ғалым айтпақшы Абайдың сөз өрнегін тіл білімі тұрғысынан тану – лингвистикалық стилистика аясынан бір-ақ шығады.
Шығарманың тілін лингвистикалық, яғни тілдік тұрғыдан талдау қазақ тіл білімінде бұрыннан қалыптасқан, өзіндік ғылыми ой-пікір түйген, біраздан бері бұл саладағы азды көпті ғылыми ізденістерге жол ашып, бағыт сілтеуге көтерілген ғылымның түрі. Тіл зерттеушілерінің де ғылымда айналысар, сала-саланы қамтитын зерттеу түрлері жеткілікті. Ал көркем шығарманың тексін зерттеу, оны тілдік тұрғыдан жіліктеп бөліп, микроскоппен қарағандай етіп, қан сөлін сөз ету үшін тілші ғалым дүниесін өзіне білуі көрек. Оқушының көзінен жасырын, бірақ көңілімен бағдарлайтын, емеурін тұспал ой дейтін (подтекст) дүниелер бар. Мұның бәрі әлгінде өнер деп аталған керкем текстің ішіндегі сөз құдіретінде жатыр. Сондықтан да көркем тілді зерттеушілер, әрі әдебиетші, әрі тілшінің рөлін қабат атқарғанда ғана діттеген межеге жетеді.
Кітаптың сөз басында лингвистикалық талдауды «ұлы суреткердің сөз өрнегін тіл білімі тұрғысынан тану, яғни ғылымның лингвистикалық стилистика деп аталатын саласы бойынша талдау деп білеміз» деп ескертеді. Бұл сипаттағы ізденістерді енді-енді басталып отыр. Осы кітап сол бастамалардың бірі болмақ деп орынды айтады. Шынында күні бүгінге дейін көркем проза немесе поэзия тілі тек көркемдік тәсілдер тұрғысынан және соған қатысты теориялық түсініктермен толықтырылып келген-ді.
Автор оқырман үшін зерттеу бағытында жаңа қолданыстар ретінде «өлең жасау» – өлең құрастыру, құрау деген мағынасына қарай осы тіркесті алады. Өлең жазу, өлең шығару деген бұрыннан қалыптасқан сөзден гөрі енді сол өлең тексін тереңірек толық зерттеу үшін «өлең жасау, өлең құрау» деген тіркестермен баяндайды. Осыдан барып текст жасау, текст түзу деген қолданыстар пайда болады.
Р. Сыздықова бұл монографиясында тек Абайтануға ғана емес, тіл білімі ғылымында қосылар көркем тілдің жалпы теориялық мәселелеріне қатысты, әсіресе, поэзияны поэтикалық бір жақты ғана (көркемдік тәсілдер) қарау емес, оны тұтас мазмұн тілдік көріністің тығыз бірлігінде тұтас алып, зерттеу құндылығын арттыра түседі. Осы тұста бір қажетті ой түйген: лингвистикалық поэтикаға қазақ тілі мамандары жиі ат ізін салмайтыны, аталған проблеманы әдебиетшілер ғана түгендеп бере алмайтыны. Шынында көркем дүниені таныр көз, сезінер жүрек, тебіренер түйсік, әдебиетшіде де, тілшілерде де болса, жұмыла көтерер жүк жеңілдеп, ғылымда жалғыз Абай емес, талай қазақ дарындарының алдында көп іс тындыра алар еді.
Көркем шығарманың үш тағаны жазушы – шығарма – оқушы деген аксиома бар. Көркем текст осы үшеуінің ортақ дүниесі.
Басқа да көркем шығармалардың бірі ретіңде оқушыға арналған поэтикалық текстің эстетикалық ықпалы әрі жылдам, әрі әсерлі. Поэтикалық текстің ерекшелігі онда қолданылатын жекелеген сөздер мен сөз тіркестері, кез келген түрлі тілдік құралдар (көркемдік тәсілдер, тұрақты сөз тіркестері) барлығы ең озық, биік дәрежеде суреткердің жан толғанысын бірден шағын текст арқылы танытады.
Поэтикалық текстке тілдік тұрғыдан талдау жасау – ондағы сөйлемдерді жан-жақты зерттеу емес, тілдік тұлғаларды (единицалардың) текст түзудегі жүйесі, бірлігі, текст категориясын айқындаудағы пәрменділігі.
Зерттеуші Абай сөз өрнегінің беташарын жалпы поэзия тілін танудың мақсатын айқындау ретіңде Абай тілін танудың қырларын сөз етеді. Поэтикалық текст әдетте сөзбен өріледі, автордың айтуынша өлең құрылысы жасалады. Еңдеше өлең сөздің арқауы ретінде сөз мағынасының қалай жұмсалатынына ден қояды. Өзге жанрларға қарағанда лирика суреткер толғанысын, жан дүниесін ең шарықтау шегімен бірден жайып салады. Ол қандай мүмкіншіліктер арқылы жузеге асырылды. Ақын ойы оқушысын бірден баурап алу үшін қандай ұтымды сөзбен ұшқыр ойын баяндайды, бұл туралы автор «Сөз таңдау» деген тарауында айтады. Мұнда поэтикалық текстегі ақын қолданатын жекелеген сөздер табиғатын сөз етеді. Мәселен «адамдық» сөзі 15 рет, «адамшылық» 17 рет жұмсалып, адамгершілік мағынасында 30-дан аса қолданған дейді. Демек ақын гуманист ретінде өз принциптеріне сай іріктеп қолданған. Сол сияқты жақсылық, жамандық, қызық, қайғы, ғылым т. б. сөздерінің ақын өлеңдерінде неліктен қолдану жиілігі жоғары болғандығын талдап айтады. Оқу (54 рет), ғылым (III), білім (31), өнер (46) сөздерінің өте актив қолдануының сыры Абайдың оқу, білім, өнер жайын соншалықты қабырғасы қайысып, өзекті тақырыптарының бірі етіп алғандығында.
Өлең құрылымын зерттеуде текст түзетін тілдік единицалар қызметін айтпай кетуге болмайды. Әр сөздің өз орны бар, тіліміздегі көркем тәсілдер болмаса, шаблоннан көз ашпай, өлеңнің жай сөзден айырмасы болмайды. Бұл жөнінде зерттеуші Абайдың сөз құбылту ерекшелігіне мықтап ден қойған. Текст түзу автор айтатындай қазақ филологиясында бұрын соңды қозғалмаған, жазылмаған тақырып.
Текст түзудегі образды сөздер табиғатын таңдап қолдану, бір тақырып төңірегіне топталатын тақырыптас сөздер сипатының ішкі куатын ашу ғалым еңбегінің тағы бір салиқалы ғылыми тұжырымы бар елеулі жақтарының бірі. Сөз – символ туралы алғаш рет және оның поэзиядағы орнын арнайы анықтап жазады. Оған дейін символ деген терминнің бұрынғы анықтамаларына тоқталса да, бұл арада ақынның суреткердің өзінің айтайын деген ойын тұспалдап әлдебір зат немесе құбылыстың нышанын білдіруі немесе астарлы образбен жеткізуі деп соны ой түйеді. Мысалы, Мағжан поэтикасында жел-дің ақын идеясына заттық нышан болуы, Кәкімбек Салықовтың жезкиігі сұлулықтың, құштарлықтың символы. Қасым Аманжоловтың Дариғасы – арманның символы (91 б.) деп біледі. Ал Абайдан символ іздесек ол – жүрек сөзі. Ақын жүрек сөзін адамның символы етіп тұспалдаған екен. Мысалы, Сорлы жүрек мұнша ауыр неге қатты соқтығар; Асау жүрек аяғын шалыс басқан т. б. Ал Абай тіл дегенді де ақындықтың, поэзияның символы етіп көрсеткен.
Зерттеушінің енді бір тұшына, сүйсіне жазған дүниесі Абай өлеңдеріндегі суретті сөз тіркестері – поэтикалық фразеологизмдер. «Абай тілінің фразеологиясын, оның ішінде образды тіркестерін арнайы сөз ету – біздің бұл зерттеуіміздің өзекті бөлігі (95 б.)» деуі тегін емес. Үлкен ғалымның жалпы фразеология саласында да елеулі іс тындырып жүргенін білеміз. Мұнда ақын өлеңдеріндегі тұтас лексика – фразеологиялық қазынаны сөз етуді мақсат еткен. Тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерін, фразеологизмдерді түсіну бір басқа да, оны шығармада талдау бір басқа. Әдетте тілімізде тұрақтанған тіркестерді даяр қалпында қолданып, сөз тіркестерінің ара жігін бұзбай жеткізу, әрі мағынаның тұтастығын сақтап сөйлеу – қолдану ол да өзінше үлкен өнер, өзінше шеберлік пен шешендік. Бұрыннан қалыптасқан суретті сөз өнерін Абай адамның ішкі жан дүниесін, іс әрекет қимылын бейнелеуде қалай құбылтты, нендей жаңалықтары мен ізденістері бар деп «суреткер тіліндегі фразеологизмдер әлемі оның поэтикалық тіл арқылы көрінетін дүниетанымын көрсетеді» (96 б.) дейді. Абай тіліндегі фразеологизмдер тіске басуға оңай көне қоятын белгілі әдіс-тәсілдер емес. Мәселе мұнда Абай өзіне дейінгі тұрақты тіркестерді қалай игерді, әрі қарай қалай өңдеді, соңында өзі қандай авторлық фразеологизмдерді дүниеге келтірді, бұл әрине, зерттеуші үшін ғана емес, бүкіл қазақ тілі үшін аса керек ұлағатты іс. Ғалым Р. Сыздықова бұл арада үлкен жүректілікпен қоса аса білімділік танытқан. Ақын творчествосындағы фразеологизмдерді тек көріктендіру тәсілі деп қана қарамай, оған белгілі бір стильдік жүк арқалатуының мәнін ашып, тиянақты тұжырым жасайды.
Мағыналық жағынан қоңсы қонбайтын, еш жуықтамайтын ұшқын шашқан сөздердің «соқтығысуынан» пайда болған «от образды» экспрессивтілігі үшін жаңа мағыналы сөздер шоғырын, әрине, Абайдан табасыз. Мысалы, көңілге әжім салмау, қайғының иыққа шығуы, айлаға шырақ жағу, ақылға сәуле қону т. б. Негізінде автор Абай тіліндегі фразеолргизмдерді түстеп-түгендеуден гөрі, Абай қаламынан туған жаңа фразеологизмдерге назар аударған. Фразеологиядағы Абай шеберлігін жеті салаға беліп қарастыруы арқылы ақынның тіл құдіретін танытудағы еңбегін ғалым, зерттеуші ретінде зерделеуі сөз құдіретін тап басып тани алатын жанның ғана қолынан келетін шаруа.
«Жүрекке жылы тиетін сөз» - белгілі бір үн мен ырғаққа, яғни өзара гармониялық ерекшелікке негізделеді. Бұл ретте Абай өлеңдерінің дыбыстар үйлесімділігі, эвфониялық қайталауларды талдай келе Р. Сыздықова қазақ өлең теориясында немесе лингвистикалық талдауда мүлдем сөз етілмеген тағы бір соны зерттеу – өлең сөздің үн сазына қатысты түбірлес сөздердің текст түзудегі орны. (Қазақ тіл білімінде эвфония әлі басы ашылмаған тақырып. Мол тілдік материалдар арасында әлі көңіл бөлінбей келеді). Қызық келсе, қызықпа оңғаққа ерме, сүйер: жансып сүйкімді бет берер деп дегендегі түбірлес сөздер қызық сүй сөздері арқылы үн сазын топтап тұрғандығы. Абай мұнда лингвист ретінде паронимдерге назар аударып отырған жоқ, ақын үні ұқсас сөздерді мағына жағынан жақындастырып, ұштастыруы дейді. Сөйтіп, түбірлес сөздерді қатар келтіріп текст түзу амалы өлеңге ерекше саз, үйлесімділік береді.
Ал тілдік тұрғыда Абайдың қара сөздерінің тілі – толық зерттелмеген, әлі ашылмаған «қара сандық». Тілшілер қаламынан қағыс қалып келген осы прозалық үлгілердің тіл шеберлігі де автор зерттеуінің объектісі болғандығына қуандық. Мұндағы Абай қара сөздері тілі мен стилі жағынан тарихи очерктердің-ұлттық тілдегі алғашқы үлгісі деп баға берілген. Шағын прозадағы микротекстердегі модальдық реңктер, интонация; логикалық ой екпіні туралы және сөйлемдердегі түрлі конструкцияларды талдауымен де автор Абай қара сөздеріне арналған лингвистикалық анализ үлгісін жаңаша көрсетеді.
«Абайдың сөз өрнегі» арқылы тапай көркем текске талдау жасаудың әліпбиін айқындап берген зерттеуші ғалымға ризашылық көңілден басқа тағы не айтар едік...
Тегінде ғылымның қиын жолы ғана бар. Оның қиындығы сонда іздеуші, ізденуші бір сәт ғалымдық қалпынан, (формасынан) шықпауы керек. Әлдеқалай әлгі формадан ажырап қалсаңыз, бар асылыңыздан, тіпті өмірлік тұғырыңыздан алыстайсыз. Ол үшін үнемі тынбай, жоғалтқан дүниені іздегендей, өзіңізге өзіңіз, сұрау сап, жан тыныштығынан безіну керек. Сірә ғалым Рәбиға апай осы жолда. Сондықтан болу керек сіз де рухани кемшілігіңізді «жоқтарыңызды» ғашық көзбен осындай адамдармен түгендейсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |