Абай сыйлығына –«Абай» энциклопедиясы1



бет22/32
Дата06.01.2022
өлшемі255,83 Kb.
#12521
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   32
Шалабай Бердібай

филол.ғ.д., профессор


Сөз құдіретін зерделеу үлгісі
Рәбиға Сыздық жазушы тілінің көркемдігі, шеберлігі туралы мәселені оның мәнері (стилі) деген ұғыммен байланысты алып қарайды. Ал, «жазушының тілі» дегенге келсек, ол – қаламгердің жалпыға ортақ тіл қазынасынан алып көпшілікке қолданған, көптеген жазушыға тән сөздік байлық пен грамматикалық тұлға-тәсілдер, орысша айтқанда, первоэлемент, яғни жазушы тілінің сүйегі».

Жазушы тілінің көркемдігі, жазушының сөз қолдануындағы шеберлігі, мәнері тұрғысынан зерттегенде, «оны классикалық грамматика схемасына салып бұтарлаудың, яғни барша категорияларды түгендеп шығудың кажеті жоқ».

Ғалым алғашқы еңбектерінде Абайдың шығармашылығын толық лексика-грамматикалық «сүзгіден» өткізіп, сол арқылы оны стилистикалық тұрғыдан талдаудын алғышарттарын жасайды. Оның себебін өзі былай түсіндіреді: «Зерттеу объектісі мен аспектісін бұлайша талдауымыздың себебі мынада: Абай – дайын тұрған әдеби тілді пайдаланған қатардағы қаламгер емес. Абай – сол әдеби тілдің дамуы жолындағы жаңа дәуірін бастаушы, сапалық жаңа типінің іргетасын қалаушы адам. Екінші, Абай лингвистикалық талдау үшін үлкен мәні бар екі салада – поэзия мен проза түрінде жазған адам, оның үстіне поэзиясында да, прозасында да бірнеше жанрлардың белгілері бар мұраның иесі. Осының барлығынан Абай тілі өз тұсындағы қазақ жазба әдеби тілін белгілі бір шамада толығырақ көрсететін дәрежеде танылады. Сондықтан Абайдың шеберлік лабораториясына үңілмес бұрын, оның сөздік құрамы мен грамматикасын таза лингвистикалық тұрғыдан тіркеп, жүйелеп талдап шығу қажеттігі сезіледі. Бұл талдаудың материалдары мен нәтижелері, бір жағынан, қазіргі жазба әдеби тіліміздің XIX ғасырдың 11 жартысындағы – өзінің басталар тұсындағы лексика-грамматикалық сипатын белгілі бір дәрежеде танып-білуге септігін тигізер болса, екінші жағынан, ұлы ақынның жазушылық шеберлігі мен өзіне тән стильдік тәсілдерін және оның қазақ әдеби тіл дамуындағы шоқтығы биік орнын танытуға арналатын «Абайдың тілі» деп аталуға тиісті әдеби-лингвистикалық зерттеу жұмысына дайындық болар деген мақсатты көзделік».

Соның өзінде Абай өлеңдерінің грамматикалық құрылысын талдай отырып, Рәбиға Сыздық ақынның образ жасаудағы көркемдік өлшеуіштеріне тоқтамай өте алмайды. Мысалы, ол былай дейді: «... Көп сәттерде Абайдың ұйқасқа алынған сөздері мен өлең (немесе оның жеке бөліктерінің) мазмұны (идеясы) сай түсіп жатады. Мысалы, «единица – жақсы, ерген елі бейне нөл, единица кеткенде не болады өңкей нөл» деген идеяны бір өлеңнің өзегі еткен Абай, алдымен, орыстың осы сөзін (ноль) образ-стилема етіп қазақ әдеби тіліне енгізледі, кұр енгізіп коймайды, оған негізгі ой екпінін түсіруді көздейді, сондықтан да оны екі рет тармақ соңына шығарып, 36 жолдық тұтас өлеңнің бастан-аяқ ұйқасын осы сөзге құрады. Сөйтіп, нөл сөзі ерекше таныла түседі, өлең идеясының өзегін таныта түседі»

Тағы да: «... Абайдың -ып жұрнақты көсемшемен берілген өлеңдерінде (оның ішінде бұл тұлғаның тиянақты түрде болып келген сәттерінде ғана екенін атап көрсету керек) белгілі бір эмоциялық бояу бар екендігі танылады. Мысалы, үздігіп табысқан, жүректері лүпілдеп, көңілдері шарқ ұрған екі ынтық жастың күйін суреттеген өлеңінде (әңгіме Абайдың «Қызарып, сұрланып» өлеңі туралы болып отыр) Абай баяндауыштарды тек көсемшемен береді... Мұндағы лүпілдеу, үздігу мотивін өлең текстімен қатар, өлшеміде, морфологиялық тұлғасы да қоса білдіреді.

Өткен шақ көсемшеде «асыға», үстемелете жете қабыл орындалған (немесе орындалатын) іс-әрекет, қимыл-қозғалыс семантикасы бар. Сондықтан асау теректің ағысын суреттесе де, ала қыстай бұйығып, қыстауға тығылып шыққан елдің көктемдегі аққан селдей көші-қонын суреттесе де, ақын көсемше тұлғасын әдейі алады да, оған ашық райдың қызметін артады...

Демек, қазақ әдеби тіліне ертеден таныс, бірақ таңдап-талғап сирек қолданылатын бұл тәсілді Абайдай сөз шебері нақ түсініп, орынды, яғни таза стильдік мақсатта және жиі пайдаланған»

Ғалымның пікірінше, ашық райдағы етістік тұлғалары эпикалық баяндау үлгісіндегі шығармаларға тән. Өйткені оларда «белгілі бір оқиға, іс-әрекет баяндалады, демек, баяндау стилі басым болады. Ал баяндау стилі үшін ең қолайлы және интонациясы мен синтаксисі жағынан баяндау мәнеріне сай келетін құрылыс баяндауыштың сөйлем соңында (демек, тармақ соңында) тұруы болады». «Ал баяндау емес, суреттеу, толғау (размышления, раздумья), нақыл-өсиет түріндегі шығармаларда ұйқасқа көбінесе өзге сөз таптары немесе етістіктің ашық райдан өзге тұлғалары алынған». Бұған Махамбеттің бірнеше өлеңдерін мысалға келтіреді де, зерттеуші мынадай түйін жасайды: «Біздің байқауымызша, жалпы Махамбет өлеңдерінде етістіктің ашық райлы тұлғасынан жасалған ұйқастар көп емес, оған басты себеп – Махамбет творчествосының тақырыбы мен стилінде. Ол – белгілі бір оқиғаны жырлаушы емес, сол оқиғаға өзінің көзқарасы мен қатынасын білдіруші, өзі бастап араласқан тарихи оқиғаны констатациялап, баяндаушы емес, сол күреске шақырушы, дем беруші. Сондықтан оған баяндау стилі тән емес».

Жалпы, көркем әдебиет тілін, жазушы стилін талдауда баяндау типтерін бұлайша жіктеп алып, олардың құрылысын, берілу жолдарын, даму тенденциясын зерттеу ең зор перспективалы жұмыстардың бірі болмақ. Ғалымның М. Әуезовтен кейін бұл мәселелерге ден қоюы назар аудартады.

Р. Сыздық Абайдың сөз өрнегін талдаған соңғы еңбегінде көркем әдебиет тілін өнер тілі тұрғысынан зерттеудің жалпы теориялық мәселелеріне де, нақты іс-тәжірибелік ізденістеріне де жаңа пікірлер қосады. Абай тілін танудың қырларын сөз ете отырып, көркем шығарма тілін талдаудың бірнеше бағыт-бағдарын ұсынады. Ол былай дейді: «... өлең тілін талдауда негізгі мақсат – ... ақынның сөз кестесін: көріктеу құралдары мен көркемдеу тәсілдерін танып-таныту болмақ, екінші сөзбен айтсақ, ақын поэзиясының мазмұны мен сол мазмұнның тілдік көрінісін-тілдік механизмін зерттеу болмақ... Жеке суреткердің идиостилін танытуда әдеби дәстүр, көркем сөз мектебінің ұласуы, әдеби тіл нормаларының көрінісі, ақынның тілдік-көркемдік әлеміндегі ізденістері, шеберлігі, қосқан үлесі дегендер де әңгіме өзегіне айналды».

Ақынның поэтикалық тілін зерттеуде, оның «өзіне тән көркемдік қолтаңбасы» тақырып өзегі болса, оны анықтау үшін «тіл элементтерін эстетикалық қызметте жұмсауының принциптерін, стильдік ерекшеліктері арқылы көрінетін «автор образын» ашып талдау қажет болады».

Міне, бұл – қазақ көркем әдебиеті стилистикасында енді ғана айтыла бастаған соны сөз, жаңа бағыт-бастама.

Көркем сөздің құдіретін танытатын еңбектерінің бірі – «Сөз құдіретінде» М. Әуезов, Ә. Кекілбаев, Ш. Мұрғаза, М. Мағауин, О. Бөкеев, С. Бердікұлов, А. Сүлейменов шығармаларының тілін талдау нәтижесінде ғалым, бір жағынан, олардың өзіндік көркем тілдік қолданыстарын, образ сомдау ерекшеліктерін, тіл жұмсау шеберліктерін ашып берсе, екінші жағынан, сол талдаудың негізінде аса құнды теориялық тұжырымдар жасап отырады.

«Функционалды стильдер мәселелерін сөз ететін ғылым саласы – стилистика ұлттық тіл мәдениетінің негізін қалайды».

Ғалымның бұл темірқазық тезис-тұжырымы тіл қолданысының негізгі теориялық базасын құрайды. Стилистика тұрғысынан тіл элементтерінің қызметін бағалау, тіл мәдениеті тұрғысынан олардың нормаға сай не сай емес қолданысын анықтау – бір мәселенің екі жағы, сондықтан «стилистика мен сөз мәдениеті мүдделері тоғысып жатады». Осыған байланысты зерттеушінің ұлттық көркем тіл нормаларын анықтауға ұмтылуы да түсінікті. Бұл мәселенің ғалым жалпы әдеби тіл нормасымен байланыста алып қарайды. Әрине, көркем әдебиет тілінің нормасы әдеби тілдің нормасына үнемі сай түсіп жатпайды. «Көркем әдебиет тілінде нормадан ауытқу көркемдік талабынан шығып тұрса, ол – көркем тілдегі нормалылық болғаны». Сондықтан бұл бағытта жүргізілетін ғылыми ізденістердің ішінде «қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормаларын айқындау, оның ерекшеліктерін таныту, әдеби нормадан ауытқу құбылыстарының сырын ашып, табиғатын көрсету» болашақта істелуге тиіс маңызды мәселелердің қатарына жатады. Зерттеуші көркем әдебиет тілін синхронды-нормативтік тұрғыдан тексеруді бүгінгі қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі етіп қояды, еңбекте бұл бағытта маңызды қадам жасалады.

Сөз соңында мына жайға көңіл бөлгім келеді. Р. Сыздық көркем әдебиет тілін осы уақытқа дейін әркім өзінің жеке бастамасымен, өз білім, тәжірибесінің шеңберінде зерттеп келгендігін ескертіп, енді олардың басын біріктіріп, бұл бағыттағы жұмыстарын жүйелеп, үйлестіріп отыратын ғылыми орталықтың болуын ұсыныс етіп қояды. Бұл ұсыныс шешімін тауып жатса құба-құп.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет