Бұл ән
Бұрынғы әннен өзгерек.
Бұған
Ұйқасты өлең, сөз керек
Өзіне орайлы.
Бұл шумақ тұтасымен тасымалдан тұрады: әрі қара сөзбен құрылған сөйлемге жақын келеді: Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, өйткені бұған өзіне орайлы ұйқасты өлең, сөз керек деген сөйлемнің бір тармақта келуге тиісті сөздері тармақтан тармаққа тасымалданып (көшіріліп) берілген [196 б.].
Тек Шәкәрімге тән ерекшелік туралы: «Шәкәрім қазақ поэзиясына ырғағы тіпті Абайда кездеспейтін өлең түрлерін енгізгенін атау керек. Оның 23 жасында жазған, өзі әнін шығарған, демек, осыған орай ырғағын, жаңа ритмикасын тапқан «Жиырма үш жасымда Бұл өлең жазылған» деп басталатын туындысы бұл пікірімізді дәлелдейді. Тармақ саны жағынан бұл өлеңнің құрылымы жаңа емес, ол – алты тармақты өлең, ал «алтыаяқтарды» Абайдың ұсынғаны мәлім. ІІІәкәрім өлеңінің сонылығы ырғағында, атап айтқанда, алғашқы төрт тармағы алты буынды аб-аб ұйқасымен келген де, соңғы екі тармағының алғашқысы 11 буынды, екіншісі 12 буынды вб ұйқасымен құрылған:
Бақытсыз жүрегім
Жалындап жанып тұр.
Үмітті тілегім
Орынсыз калып тұр
Ақыл, қайрат, сабырдың бәрі кетіп,
Адасқан асығың мұңлы әнге салып тұр.
Мұнда жаңа ырғақ жасап тұрған алдыңғы тармақтар емес, олар Абайдың: «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы» деп басталатын өлеңімен ырғақтас, ал соңғы екі тармағының бірін 11 буынды, екіншісін 12 буынды етіп ұсыну – мүлде тың құрылым, оның үстіне бұл жердегі 11 буынды тармақтың бунақтары 4 + 3 + 4, ал келесі тармақтың бунақтары 6 + 3+3 болып келгенінде. Бұл екі тармақ өзара ұйқаспайды (бұл ұйқаспаушылық осы екі тармақтың буын санын әртүрлі етіп ұсынуға мүмкіндік беріп тұр). Соңғы 6-тармақ 2, 4-тармақтармен ұйқас құрайды, яғни өлең шумақтарының ұйқас формуласы аб аб вб. Соңғы екі тармақ көбінесе құрмалас сөйлем болып келіп, прозалық ырғаққа жуықтайды: Жетіқарақшы айналып сені іздеп жүр, бәрі сені ойлап мас болып сандалып...
Қысқасы, бұл кітапта Шәкәрімнің өлең архитектоникасын толық талдап шығуды міндетімізге алған жоқпыз, бұл – арнайы терең зерттеудің объектісі демекпіз. Ал біздің бұл жердегі көздегеніміз – қазақ өлеңі құрылымына Шәкәрімнің де өзгеріс енгізгенін көрсету және бұл әрекеттің үлгісін Абайдан алғанын айту болды» [197 б.].
Абайға еріксіз еліктеу туралы: «Бұл үлгі-өнегені тек Шәкәрім емес, Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы жақсы қабылдағанын және құр еліктеу түрінде емес, Абайша мазмұн мен түрді, яғни поэтикалық идея мен оның тілдік көрінісін сәйкес келтіру мақсатында қолданғанын байқаймыз. Мысалы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты ақындар жан толғанысын поэзия тілімен айтуға келгенде, сегізаяққа жүгінеді. Абай «Сегізаяғында» өзінің философиялық, азаматтық, суреткерлік ой-толғамдарын білдірсе, Ахмет Байтұрсынұлы да үстіміздегі ғасырдың басында елдік, ұлттық тәуелсіздігінен айрылып, отар жұрттық күн кешіп отырған, ғылым-білімнен де құр қалған халқына:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның
Аш көзіңді оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?! –
деп, қазақ қоғамының ұлттық намысын оятпақ болады. Бұл идея Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл ақындық, ағартушылық қызметінің лейтмотиві болса, оны білдірудегі ең бір ұтымды деп тапқаны – осы ойын айтатын өлеңін сегізаяқтың үлгісімен жазу. Мұнда ақын ұстаз тұтқан Абайдың үлгісімен алғашқы екі жұпты алты тармақта айтылмақ идеяның тезисін (баяндауды) береді де, соңғы екі тармақта сол тезистен шығатын түйінді, яғни антитезисті ұсынады» [197-198 бб.].
Бұл үрдісті зерттеуші Сұлтанмахмұттан да тауып, теориялық талдау арқылы дәлелдеп берген: «Солардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ол да Абайды, оның ақындығын пір тұтқан жан. 1913 жылы «Айқап» журналында жариялаған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында сол кезеңде, үстіміздегі ғасырдың алғашқы 10-15 жылдығына, қазақ тілінде деп жарық көріп жатқан поэзия дүниесінің алдымен тақырыбы мен мазмұнын, сонан соң, идеясы («рухы») мен түрін («тілін») қатты сынап, «марқұм Абай өлеңдері басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады» дейді де, оның өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас... саудырсыз сары қамқа... сөзімде жаз бар шыбынсыз деген колданыстарын мысалға келтіреді.
Сұлтанмахмұттың бұл сияқты семантикасы жағынан бір-біріне жуыспайтын сөздерді Абай үлгісімен қиюластырып жасаған жаңа образдары тұрмыстың құрығы (Тұрмыстың ұзын құрығы Бұрды да түсіп мойынды), надандықты тебу (Тебем деп тірі болсам надандықты, Серт етіп өзіме өзім еткем егес), надандық теңізі (Надандық теңізі тартылар), шындықтың ауылы (Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға), үміттің көгі, тағдырдың тасқыны, тағдырдың кермесі (Тағдырдың кездестім ғой кермесіне)сияқты соны тіркестерімен келеді.
Перифраздарды Абайдай молынан келтірген ешбір ақын жоқ, бірақ сөз құдіретін тани білген Сұлтанмахмұт сияқты тума талант оны да сезіп, аз да болса Абай үлгісімен жаңа өспірім жас шілік (жас ұрпақ, замана жастары), Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары, (ұрпағы) сияқты тұспалды фразеологизмдерді (перифраздарды) ұсынады.
Сұлтанмахмұттың ақындық таланты поэзиядағы сөз-символ дегендерді де тапқызған. Ол жапырақ сөзін жеке адамның символы ретінде келтіреді: балғын жас адам (сірә, қыз) бұтақтары салбырап... көз тартарлық балбырап, лебіне де аз желдің ұялып бұққан қалтырап... тұратын гүлдеген, біткен жапырақ болса, одан кейінгі жас – жұмақты кіріп көргендей, сайран етіп жүргендей халге түсіретін жапырақ болып сыбдырлайды, сол жастардың (қыздардың) ішінде бақытсыздары бар екенін солған, сарғайған, дірілдеп жерге караған жапыраққа көзім түсті деп астарлайды. Қысқасы, «Жапырақтар» деп өзі атаған бұл өлеңі түгел символмен берілген. Сарыарқаның жаңбыры дегені де символ, ол – 1917 жылғы патшаны құлатып, бостандық әкелген Ақпан төңкерісі, бұл символды ақынның өзі-ақ ашып береді: Бұл мысалдың мәнісін ұға алсаң сен, Келген заман – бостандық жаңбырмен тең – дейді. Біздің байқауымызша, бұл фактілердің барлығы, бір жағынан, мұсылманша, орысша оқып, көзі ашылған, көп нәрседен, оның ішінде жалпы поэзия сырынан білген-түйгені бар ізденгіш суреткердін өз таланты болса, екінші жағынан, Абай өнегесі деп табамыз» [199-200-бб.].
Р.Сыздықованың келесі теориялық тұжырымдары әдебиет теориясына да қатысты болып табылады: «1) Поэтикалық көп (үлкен) ойды – «идеяны» аз сөзбен берудің үлгісін салды, ол үшін бұрынғы ақын-жыраулар тіліндегі көп сөзді шаблондардан, қызыл сөзді риторикадан, дидактикалық паралельдерден бас тартты. Құдайберген Жұбанов көрсеткендей, халық жырлары мен ақын-жырауларда елін сағынғандықтың идеясын айту үшін, арғымақтың үйірін, сұңқардың ұясын, қараша қаздың көлін қайсысы қалай сағынатынын айтып алып барып, «ниет қылдым еліме» деген өлең жолын келтіретін тәсілге Абай бармайды, айтпақ ойын дәл әрі жинақы етіп беру үшін әсерлі, тың сөз-образдарға иек артады, мұндай образдары молынан жасайды» [203-204 бб.].
Мазмұн мен түрдің – поэтикалық идея мен оны білдіретін тілдік механизмнің сай түсүіне күш салу Абай қолтаңбасының көзге түсер белгілерінің бірі. Бұл сәйкестікте көркем шығарма тілінің «текст түзу» деген шарты Абайда тұңғыш рет айқын көрінеді. Ақын текст түзу үшін әр алуан уәжбен сөз таңдайды...
Абай қаламына белгілі бір суретті оқырманның көз алдына бадырайтып көрсету тән. Мұны орысшалап айтқанда, кино өнеріндегі «крупным планом» деп аталатын тәсілмен салыстыруға болады. Бұл тәсілде кинода айырып көрсетілмек бір нәрсе (деталь, айталық, адамның бет-жүзі) экранды толық алып, барынша үлкейтіліп түсіріледі. Бұл амал поэзияда да орын алады. Орыс поэтикасында мұны тұнғыш енгізген А.С.Пушкин болса (Онегинге хат жазып отырған Татьянаның әсемдеп шиырып қойған шашын – локондарын суреттегені – кейіпкердің жан толқынын танытатын бет әлпетін үлкейтіп, «бадырайтып» көрсеткені), қазақ поэтикалық тілінде де сөз экранын толық алып жатқан суреттерді тұңғыш рет Абай ұсынды деуге әбден болады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіндегі бүркіттің аспанға қайқаң етіп ұшып шығуы, түлкіге түскен суреті, құсына мәз болып, насыбайын атып тұрған аңшынын бейнесі – бәрі де «үлкейтіліп» бүге-шігесімен көрсетілген» [204 б.].
Сөз – өлең тілінің арқауы. «Поэтикалық өрнек сөзден өріледі. Абайдың алдындағы Шөже ақын «қызыл тілден өрдім өрім» деп әдемілеп айтқан-ды. Бұл өрнекті салатын өткірдің жүзіндей, кестенің бізіндей қызыл тіл болса, оның сол жүзі мен бізі – сөз, сөз тіркесі, сөздердің бір-бірін сүйеуі, бір-бірімен «ұжымдасуы», бірін-бірі «итеруі» түрінде көрінеді...
Абайдың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі фразеология саласында болды. Мұнда да Абай қазақтын, көркем тіліне жаңа үлгілер ұсынды. Фразеологизмдер дегеніміз тұнып тұрған образ, ал өлең сөз – поэтикалық образдар әлемі. Сондықтан бұл қазына Абайға дейінгі қазақ көркем сөзінде де мол болатын» [205 б.].
Бұдан да үлкен «төңкерісті» Абай қазақ өлеңінің архитектоникасында (құрылымында) жасады: мүлде тың өлшемдер мен ырғақтар әкелді, бұрын жоқ шумақ түрлерін ұсынды, шумақ пен шоғырдың құрылымын құбылтты: атақты «Сегізаяқтан» бастап, алты тармақты шумақтан тұратын өлең – «алтыаяқтардың» неше түрін, жеті, тоғыз, он төрт «аяқты» өлең құрылымын дүниеге келтірді. Бұл құрылымдар қазақ өлеңінің синтаксисіне, интонациясына жаналықтар әкелді: қазақ өлеңі жазба поэзия статусына көтерілді; жазба поэзияға тән «өлең тасымалы», ауыз-екі сөйлеу интонациясы дегендерді көрсетті...
Пушкиннің поэзиясы туралы П.И.Чайковский: «Пушкиннің өлеңдеріне музыка жазып әуреленудің қажеті жоқ, оның өзі музыка» деген екен, сол сияқты Абай өлеңдері де тұнып тұрған үн гармониясы: ол қазақ өлеңінің үнін, дыбыстық әуенін (фоникасын) құбылтып, оның құлаққа жағымды музыкалылығын күшейтті, ол үшін бұрыннан бар ассонанс, аллитерация, анафора, эпифора сияқты дыбыстық үйлесімдермен бірге, түбірлес сөздерді қатар келтіру, ішкі ұйқастарды жиірек қолдану сияқты шеберліктің де үлгісін керсетті.
Қазақ тілінің поэтикасына Абай әкелген жаңалықтар мен ол жасаған өзгерістер жалғасын тапты. Абайдың тіл өрнегі бас-аяғы жоқ тұйықталған, қайталанбас феномендік құбылыс болып қалған жоқ, қазақтың мәдени көгінде тарихи бастама болып көрініп, әрі қарай ұласқан ұлттық мәнді табыс болып шықты. Оны Шәкәрімнен бастап, бүгінгі ең жас қазақ ақыннның поэтикалық дүниесі дәлелдейді» [206-б.].
Р.Сыздықованың бұл теориялық зерттеуі бүгінгі әдебиет теориясындағы стиль мәселесін айқындап беруімен құнды болып табылуда. Сөздің ырғағын, әуенін талдай білу тек әдебиет теориясының еншісінде екені осылай айғақтала түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |