Абай сыйлығына –«Абай» энциклопедиясы1



бет21/32
Дата06.01.2022
өлшемі255,83 Kb.
#12521
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   32
Момынова Б.
Академик Р. Ғ. Сыздық және қазақ әдеби тілі тарихының мәселелері
Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихи грамматикасы бойынша қол жеткен табыстардың негізінде, тілдік материалдарды басқаша тануды, өзгеше саралауды мақсат тұтқандықтан, қазақ әдеби тілі теориясының іргетасы қаланды. Әдеби тілді ғылыми негізде танып-білудің өзі тіл және сөйлеу фактілеріне мән бере қарауды, теориялық тұрғыдан терең меңгеруді қажетсінетінін ескерсек, бұл аса оңай шаруа емес, өйткені осы екеуінің жиынтығы, Ф. де Соссюрдің айтуынша, лингвистиканы құрайды. Әдеби тілді зерттеудің күрделілігіне академик В.В. Виноградовтың мына бір сөзі арқылы көз жеткізе түсеміз: «Изучение литературного языка, как бы его ни понимать, влечет за собой изучение таких явлений как диалекты, жаргоны, с одной стороны, разговорный язык, письменный язык, - с другой, языковой, речевой и литературный стиль - с третьей» (1, 288). Яғни, әдеби тілді зерттеуші маман ғана емес, нағыз адам болуы, тек адам ғана емес, ұлт тілінің табиғатын терең түсінетін, сөздің сырын жете меңгерген, сөз төркінін танитын, өзгелерге таныта алатын жан болуы тиіс. Ал тілдегі кез келген ұсақ детальдарға дейін көңіл бөліп, оларды мейлінше аялап, нәзік сезімталдықпен зерттеуді әдетке айналдырған Р. Сыздық бойынан бұл қасиеттердің бәрі де табылады.

Академик Р. Сыздық - тілдегі адам факторын барынша бағалай білген зерттеуші. Біздің бұлай деуімізге, оның мәтін танушы ретіндегі танымал еңбектерінің жекелеген жазушылардың индивидуальды шығармашылықтарын талдауға арналғанындығы, ең бастысы, ұлтымыздың символына айналған Абай тілін зерделегені себеп болып отыр. Ғалым жеке тұлғалар шығармаларының тілін зерттеу барысында ауызекі тіл мен диалектілердің көркем шығармалар арқылы әдебилене алатындығын, әдебиленуге әлеуеттілігі бар сөздердің мол екенін батыл айтқан алғашқы ғалымдарымыздың санатында.

Өз ізденістерінің ең жемісті жылдарын қазақ әдеби тілінің теориясына, әдеби тілдің түрлі бағыттары мен аспектілерін таратуға, талдауға арнаған Р. Сыздықтың зерттеулері тиянақтылығы, терең ойлылығы, фактологиялық тыңғылықтылығымен қайран қалдырып келеді. Бұған дәлел - Абай шығармаларының тілін зерттеген монографиясы, «Қазақ әдеби тілінің тарихы» монография-оқулығы, «Сөздер сөйлейді», Жами-ат тауарихтың тіліне арналған зерттеулері т.б.

Біз академик Р.Сыздықты әдеби тілдің тарихи аспектісін айқындаған, қазақтың ұлттық тұлғалары ұғымын әдебиетте дв, тілде де қалыптастырған, тұрақтандырған, ауызекі сөйлеу (халықтық) тілі мен әдеби тілдің айырмашылығын ашып-ажыратқан, қазақ әдеби тілінің, тарихи дамуының схемасын алғаш рет мейлінше дұрыс хронологиялық тәртіппен түзіп көрсеткен ғалым деп білеміз. Сондай-ақ даулы мәселелерден туындайтын пікірталастарда білімпаздығы мен көзқарасының тиянақтылығы арқасында өз ойын тайсалмай айта алатын қайсар адам ретінде танып жүрміз.

Әдеби тіл – заман тудырған феноменді құбылыс. Содан болар қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің қай-қайсысы болмасын қазақ әдеби тілінің теориясы төңірегіндегі өз ойларын, пікір-тұжырымдарын ортаға тартып отырған. Ал Рәбиға Ғалиқызы қазақ әдеби тіліне қатысты қандай байламдар жасады, өзгелерден ерек қалай тұлғаланады? Бірден басын ашып айтар болсақ, ол қазақ әдеби тілі тарихының көкжиегін сан ғасырға кеңіткен, тарих төріне сүйреген ғалым. Асан қайғы бас болып, соңы Махамбеттермен аяқталатын бес ғасыр өкілдерінің шығармашылығы әдеби мұра мәртебесін иемденді, шығармаларының тілі әдеби тілдің зерттеу нысанына ілікті. Сөйтіп, Р. Сыздық ауызша әдеби тіл ұғымы мен ауызша әдеби тіл терминін ғылыми ортаға енгізгеннен бастап, бұл ұғым әдеби тілдің белгілі постулатына айналды, әдеби тіл туралы ойлар кең арналанып, қазақ әдеби тілі біртұтас филологиялық пробламатика деңгейіне көтеріліп, іргелі ғылым саласы болып қалыптасты десек, көптін көкейіндегісін тап бастық деп ойлаймыз. Өйткені, өзі айтып жүргендей, көп уақытқа дейін қазақ тіл білімінде «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты бір анықтама берілмей келді. «Жалпы күні бүгінге дейін «қазақ әдеби тілі», «қазақ жазба әдеби тілі», «қазақ ауыз әдебиеті тілі»,«қазақтың жалпыхалықтық тілі» деген категориялар бір-бірінен ажыратылып, әркайсысы нақты анықтамаға ие болған жоқ» (2,6).

Сонымен бірге бүгінгі күннің талап-мүддесінен шығатындай әдеби тіл қазақ топырағында барлық дәуірлерде болды ма, әдеби тілге қойылатын талаптарға үнемі жауап бере алды ма деген сауалға әдеби тілдің тарихи, бірақ құбылмалы түсінік екенін, әдеби тілдің барлық белгілерінің түгел болуы барлық дәуірлер үшін міндетті еместігін айтып, біраз даулы мәселелердің басын ашып, батыл қадам жасаған. Сөйте отырып, әдебиетшілердің XIX ғасырдың II жартысына дейін өмір сүрген ақын-жыраулардың көлемді, көркем шығармашылығын әдебиет санатына қоспай келгендіктеріне наразылық білдіреді. Бұл дәуір мұраларының фольклордан айрықшаланатынын, әдебиеттік шығармалар екенін дәлелдейтіндей бірнеше пункттен тұратын кесімдерін келтіреді. Сонымен бірге, олардың ұқсастықтарын көрсетуден де қашқақтамайды, бірақ неге ұқсас, себебі бар ма дегенде, бәрінің де себептерін ашып көрсетеді. Сөйтіп барып, «Қысқасы, қазақта халық әдебиетінен өзге, бірақ оған едәуір ұқсас келетін профессионал әдебиет өмір сүріп келді, оның тілі әдеби тіл санатына кіреді деп табу керектігін» (2,14) баса айтып, оның тілін ауызша әдеби тіл терминімен атауды ұсынады.

Ал қазақ әдеби тілінің: белгілі бір нысаны бар, қарастыратын мәселелері көп аспектілі зерттеу объектісіне; әрқайсысы дербестенген әрі бір-бірімен сабақтасып жатқан бағыт-бағдарлары бар ғылым саласына; сондай-ақ әр қырын функционалдық тұрғыдан тану, танытумен өрістеткен іргелі ғылымға айналуына, сөйтіп барып жеке пән болып қалыптасуы жолында академик Р. Сыздықты сіңірген еңбегі шексіз. Жан-жақты ізденістің нәтижесі екендігі айқын байқалатын XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі және ХУІІІ-ХІХ ғасырларда, қазақ әдеби тілінің тарихын тірілткен зерттеулері мен әдеби тілдің статусын орнықтыру мақсатында жазған ғылыми мақалалары, сондай-ақ, әріптестері, бүгінгі таңдағы белгілі ғалымдар Е. Жанпейісов, М. Балақаевтармен бірлесе отырып дүниеге келтірген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968 ж) фундаментальды зерттеулер болып табылады.

Орыс тілінде аса білімпаз ғалымдарға қаратыла айтылатын «энциклопедичность» дейтін термин бар, қазақшалағанда дәл ұғымын беру үшін білім сөзін тіркемесе, мағынасы ашылыңқырамайды. Ондағы айтайық дегеніміз, академик Р. Сыздықтың энциклопедиялық білім иесі екендігі. Өйткені ол араласпаған, дәйекті тұжырымдарын айтпаған қазақ тіл білімінің саласы жоқтың қасы. Сондықтан еңбектері негізінде (монографиясының саны - 28) ғалым қалам тартқан қазақ тіл білімінің аспектілерін былайша топтастыруға болады: 1. Қазақ тілінің грамматикасы мәселелері;

2.Тіл тарихы: а) оның ішінде орта түркі жазба мұраларының тілі (Ясауи мұралары мен Қадырғали бидің Жами-ат тауарих шежіресі, т.б.); ә) қазақ әдеби тілінің теориялық аспектілері (ауызша әдеби тіл мен жазбаша әдеби тіл; функционалдық стильдік тармақтар, қазақ әдеби тілін дәуірлеу, т. б.); б).қазақ әдеби тілінің әлеуметтілігі мен кодификациялануы туралы; 3. тіл мәдениетінің проблемалары;

4.қазақ орфографиясы мен орфоэпиясының проблемалары;

5. мәтіннің лингвистикасы, т.б.

Р. Сыздық қазақ әдеби тілі теориясының: а) жалпыхалықтық тіл мен әдеби тіл турасында: ә)қазақ әдеби тілін дәуірлеудің уәждемесін жасауда; б) қазақ әдеби тілі мен оның құрамы, түрлері мен сипатты белгілерін айқындайтын принциптерін орнықтыруда; в) функционалды стильдер туралы түсінікті қалыптастыруда; оларды ажырататын композициялық тұтастықтар мен тілдік амалдарды белгілеуде; г) әр дәуірдің стильдік айырмашылықтары мен сөзжасамдық амалдарын саралауда; д) кітаби тіл мен ауызекі сөйлеу тілі сфераларының аясын тарихи мәслелелерді ескере отырып, анықтауда; ж) әдеби тілді дамытудағы индивидуальды-сөйленіс пен шығармашылық факторлардың орнын анықтауда; з) көне жазба мұралар тілінің әдеби тілді дамытудағы рөлін нақтылауда; и) әдеби тіл стратификациясының рөлі мен сипатын анықтауда; й) мемлекеттік тіл мәртебесі принциптерін дамытуда; к) қазақ әдеби тілінің репрессияланған кезеңіндегі тұлғалар еңбегін жарыққа шығаруда, т.б. көп еңбек сіңірді.

Рәбиға Ғалиқызының ғылыми шығармашылығы көпқырлы, жан-жақты, сан-салалы, бірақ, біздің ойымызша, ғылыми ізденістерінің түп қазығы, алтын діңгегі - қазақ әдеби тілінің тарихы жөніндегі зерттеулері

Қазіргі қазақ тіл білімінің көшбасыларының бірі ретінде ел бағалаған Рәбиға апайымызды мерейтойымен құттықтаймыз, ғылыми шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектеспіз!


1. Виноградов В.В. Избранные труды. История русского литературного языка. М., 1978.

2. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1993.







Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет