Нұрдәулетова Б.
Р.Сыздықова зерттеулерiндегi поэтика тiлi мәселесi
Поэтика сөз өнерiнiң ғана емес, жалпы өнер атаулының (искусство) көркемдiгiн зерттейтiн ғылымның өте ежелгi түрiнен саналады. В.В. Жирмунский «Поэтика – поэзияны өнер ретiнде зерттейтiн ғылым» деп атап көрсеткен едi /1.115/.
Поэтиканы көркем әдебиеттiң танымы мен тiлiне қатысты ғылым ретiнде қарастыру Батыста Европа романтизмiнiң өкiлдерi И. Гердер, Ф. Шиллинг, Ф.Ф. Шлегель есiмдерiмен байланысты болса, бұл мәселеде тың теориялық-лингвистикалық негiздемелер В. Гумбольд, Штейнталь еңбектерiнде көрiнiс тапты.
Тарихи поэтика мәселелерi Ресейде акад. А.Н.В еселовский еңбектерiнен бастау алды. (А.Н. Веселовский «Историческая поэтика») Поэтиканың теориялық мәселелерiн лингвистикалық тұрғыда сөз еткен А.А. Потебня болды. Өнердi түр мен маұмұнның (форма и содержание) бiрлiгiнен ғана тұрады деп есептейтiн дуализм iлiмiне қарсы А.А. Потебня «Сөз өнерi теориясы туралы жазбалар» атты еңбегiнде поэзияны «образдар жөнiндегi өнер түрi» деп сипаттайды. Ол ұсынған құрылым бойынша поэтикалық сөйлеудiң жүйесi мен басты белгiлер: көркем-әдеби шығармалардың құрылымдық ерекшелiктерiн айқындаумен тұтас қаралды.
А.А. Потебня тiлдiң сөйлеу қызметiн поэтикалық тiл, прозалық тiл деп екiге бөлiп қарастырады. Осы теорияны дамыта отырып Л.П. Якубинский «сөйлеушiнiң қандай тiл материалын таңдауына» байланысты сөйлеудiң екi түрiн атайды: өзiндiк бағалауыштық қасиетi жоқ, қатынас құралы дәрежесiндегi «практикалық тiл» және практикалық мақсаттан гөрi бағалауыштық әсерi басымырақ «поэтикалық тiл жүйесi». Тiлдiң екi жүйесi туралы идея кейiн В.М. Жирмунскийдiң еңбектерiнде дамытылады. Ол «ғылыми тiл» және «поэзия тiлi» түрiндегi екi тiл жүйесiн ажырата сипаттайды. Мәселен, ғылыми тiлде «барлық денелер құлайды» деген тұжырымды «кез-келген дене құлауға бейiм» немесе «құлау әрекетi барлық денелерге тән» деген сөйлемдермен бере аламыз. Сөйлем құрылымы өзгерсе де, оның негiзгi мазмұнына танылатын қағида өзгерiссiз қалады. Яғни ғылыми тiлде сөздiң сыртқы формасы рөл ойнамайды, мазмұн мен мағына ғана басты рөл атқарады. Кейде ғылымда мазмұн сөзбен емес, арнайы формулалар арқылы да берiледi. Бұған қарама-қарсы поэзия тiлi көркемдiк принципке құрылады, элементтерi эстетикалық жүйеге бағынып, көркемдiк мағына бередi, синтаксистiк құрылымы бунақтармен шектелген өлшемнен тұрады.
Поэтиканы әдебиет теориясының бiр саласы ретiнде қарстырған, белгiлi бiр дәуiр әдебиетiнiң көркемдiгiне немесе жеке автордың көркем сөз шеберлiгiне арналған немесе тарихи поэтика мәселелерiн қамтитын өзге еңбектердi былай қойғанда, поэтиканы шын мәнiнде лингвистикалық iлiм ретiнде негiздеген акад. В.В. Виноградов едi. Ғалым «Поэтикалық сөйлеу теориясы» деген еңбегiнде коммуникативтiк лингвистиканың құндағында қаралатын поэтикалық сөйлеу теориясы поэтикалық шығарманы негiзгi тiлдiк материал ретiнде ала отырып, оның құрылымдық табиғатын, поэтикалық мән беретiн құрал түрлерiн зерттеп, поэтикалық шығарманың iшкi эстетикалық құндылығын ашуға күш салатынын тарата көрсетедi.
Поэтиканы онымен тамырлас өзге ғылым түрлерiнен ажырата зерттеуде В.В. Виноградовтың «Поэтика және оның лингвистика мен әдебиет теориясына қатысы» атты еңбегiнiң мәнi зор.
Ол «Поэтикалың сөйлеу теориясына» арналған еңбегiнде поэтикалық сөйлеудi көркемдiк ойлаудың құралы ретiнде алып, оны ғылыми ойлау тiлiмен салыстырады. Жаратылыстың түрлi заңдылықтары мен байланыстарын, олардың дамуын, заттар қарым-қатынасы құбылыстарды түсiндiрiп, адам санасына жеткiзудiң құралы болып табылатын ғылым тiлi нақтылықты ықшамдылықты қажет етедi. Онда адами сезiмдер /эмоция/ көрiнбейдi. Немесе ғылым тiлiнде сөздердiң жеке мәнi, құрылымы рөл ойнамайды. Ал сөз өнерiнiң тiлi басты құралы етiп жан-жақты шығармашылықпен жымдастырылған, жекелiк болмысының әсерлiлiгiмен адам қабiлетiнiң рухани бiтiмiне ықпал ете алатындай сөйлеу тiлiн таңдайды.
Тiлдiң екi түрлi сипаты жайындағы бұндай көзқарастар тiлдiң информативтiк, коммуникативтiк қызметтерiнен де өзге оның коммулятивтiк, экспрессивтiлiк, эстетикалық қасиетiнiң бар екендiгi туралы тұжырымдарға алғашқы негiздемелер болғаны сөзсiз.
Қазiргi таңда лингвистиканың iргелi саласына айналған когнитивтi лингвистиканың бастамасы деп бағалауға болады.
Жалпы поэтикалық тiлдi зерттеу орыс тiл бiлiмiнде, соның iзiмен қазақ тiл бiлiмiнде, негiзiнен шығарманың көркемдiк құндылығын зерттеумен байланысты әдебиеттану аясында қарастырылып келдi. Қазақ батырлық жырларының поэтикасын зерттеген профессор Ш. Ыбыраев: «Қазiргi кезде «поэтика» терминiнiң өзi нақтылы зерттеулерге келгенде екi түрде қолданылып жүр: Бiрiн – поэтиканы сөз өнерiндегi түрлi көркем формалардың өзара байланысқа түскен жиынтығы (сюжет, мотив, композиция, стиль, өлең құрылымы, көркемдiк бейнелеу құралдары мен тәсiлдерi т.б.) деп түсiнемiз де, екiншiсiн – осы аталған компоненттермен қоса шығарманың тегi жанры, шындықты бейнелеу жолдары мен тәсiлдерi деп түсiнемiз» (3.69) деп көрсетсе, тарихи жырлардың поэтикасын зерттеушi Б. Рақымов поэтика терминiн «Көркемдiк шығармадағы құндылықты бар болмысымен айқындар жүйе туралы әдебиеттанудың ең көне ғылым саласы:» (4.54) деп түсiндiредi,
Орыс тiл бiлiмiнде «Поэтикалық тiлдi» тек лингвистикалық поэтикада қарастыруды ұсынған В.П. Григорьевтiң пiкiрлерiн сынай келiп, РА. Будагов; «Поэтика филологиялық бiлiм жүйесiндегi тұтас пән. Онымен көркем сөз тағдырына немқұрайды қарай алмайтын филолог айналасуы керек. Олай болмаған жағдайда, әдебиетшiлер – өз тiл бiлiмiн, тiлтанушылар өз поэтикасын (лингвистикалық поэтикаға жуымайтын) жасауға тура келедi» (5674) – деп кесiп айтқан болатын.
Қазақ тiл бiлiмiнде лингвистикалық поэтиканың ғылыми-теориялық негiздемелерiн жүйеге салуда Р. Сыздықтың зерттеу еңбектерiнiң орны ерекше. Шығарманың поэтикалық тiлi туралы ғалым: «Сөйтiп, сөз патшасы – өлеңнiң көркемдiгiн оның поэтикалық тiлi көрсетедi. Көркемдiк дегенiмiз – өлең тiлiнiң сыртқы жылтырақтыры емес. Көркемдiк, ең алдымен, мазмұн мен қалыптың сәйкестiгi, яғни ой мен тiлдiң гармониясы; ақын идеясын бiлдiрген сөздердiң оқырман сезiмiне әсер ететiн экспрессиялылығы мен эмоциялылығы. Демек, поэтикалық тiл дегенiмiз, бiр жағынан, сөзбен түскен әсем кестелер болса, екiншi жағынан, сол кестелердi төгетiн амалдардың көрiнiсi», деп көрсете келiп: «Поэтикалық тiл әрдайым метафора, эпитет, теңеу сияқты көрiктеу құралдарының санымен, тiптi сапасымен танылмайды, суреткердiң өз мiңдетiне алған эстетикалық талаптарына сәйкес болмысты тiл арқылы әсерлi де бейнелi түрде көрсете бiлуiнен танылады» – деп анықтай түседi.
Шығарманың поэтикалық тiлiн зерттеу контекстегi көрiктегiш құралдарды тiзбелеп берумен шектелмейтiнi Р. Сыздықтың осы саладағы бүкiл зерттеулерiнiң өн бойынан байқалады.
Зерттеушi поэтикалық тiлдi зерттеуде басты нысана етiп, алдымен автордың жеке қолтаңбасын көрсететiн «сөз қоданысына» назар аудару, сөздердiң образдылығы , жалпы текстiң фоникалық әсерлiлiгi, сондай-ақ сөз мағынасының түрлi қырынан көрiнiс табуын атап көрсетедi.
В.М. Жирмунский де «Поэтика мiндеттерi» атты еңбегiнде: «Өлеңнiң материалы сөз болғандықтан, поэтиканың жүйелiк негiздемесi тiлдiк фактiлердi талдаудан құралуы тиiс», – деп атап көрсеткен едi.
Р. Сыздық поэтикалық тiлдiң түрлi қыры мен сырын танытуда сөздiң экспрессивтiк мағыналық бояуларын танытуға, сөздердiң тiркесу барысындағы, оның iшiндегi контекстiк, кейде окказионалдық ұғымдарын, синтаксистiк iс құрылымдағы жарыспалы қатарларын (3,11) ашуға барынша күш салады. Көркем шығармадағы поэтикалық образ мәселесi сөздiң автологиялық, тавтологиялық мағыналары, образдың эстетикалық зонасы туралы ұғым, автордың сөз таңдау, текст түзу, сондай-ақ синонимдiк қатарларды таңдап қолдану ерекшелiгiн сөз мағынасын құбылыста қолданудағы символ мен фразеологизмдердiң, шығарма контексiндегi дыбыстар үйлесiмдiлiгiнiң көркемдiктi сақтаудағы рөлi поэтикалық тiлдi зерттеудiң басты амалдары ретiнде көрiнiс табады.
«Стиль» мәселесi поэтиканың зерттелу тарихында бiрде өнертану аясында, бiрде тiл өнерi, көркем әдебиет стилистикасы деңгейiнде, кейде тiлтанымы мен тiл бiлiмiнiң жалпы теориясы деңгейiнде қолданылып келсе (В.В. Виноградов), Р. Сыздық сөз семантикасының стильдiк қызметiн поэтикалық зерттеудiң бiр белшегi ретiнде қарастырады.
Суреткердiң өзiне тән сөз қолдану ерекшелiгiн, яғни идио стилiн айқындау оның жалпы әдеби тiл дәстүрiн дамытуға қосқан үлесiн, орнын көрсетумен байлаиысты лингвистикалық поэтиканың зерттеу нысанасы екендiгiн баса көрсетедi.
Жалпы Р. Сыздық зерттеулерi арқылы қазақ тiл бiлiмiнде поэтикалық тiлдiң жан-жақты ашыла қарастырылып, жүйеленуi терминдерiнiң айқындалып, басты нысаны, мiндет-мақсатының көрсетiлуi мүмкiн болды, Тiлдiң поэтикалық табиғаты белгiлi бiр дауiрдегi тұтас әдеби мектептiң тiлдiк дәстүрi ауқымында (жыраулар поззиясы), әдеби тiлдiң белгiлi бiр қезеңiнiң болмысын бейнелейтiн жеке автордың тiлiн талдауда, поэзиядан өзгеше прозалық шығармалардың бiтiмiн көрсетуде өзiнiң жүйе-жүйесiмен көрiнiс тауып, қазақ лингвистикасындағы ұлтттық поэтиканың тұтас тұлғасын құрай алды.
Әдебиеттер:
1. Жирмунский В.М, Теория литературы. Поэтика. Стилистика. – Ленинград: «Наука», 1977, – 376 стр.
2. Виноградов В.В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. – Москва.1963.
3. Ыбыраев Ш., Қазақ батырлық жырларының поэтикасы// Докторлық диссертация. – Алматы, 1993.
4. Рақышов Б, Тарихи жырлардың поэтикасы// Докторлық диссертация.– Алматы, 2004. –298-б.
5. Будагов Р.А. Писатели о языке и язык писателей, – Москва: МГУ, 1984 – 280 стр.
6. Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегi. – Алматы: «Санат», 1995. – 208-б.
Достарыңызбен бөлісу: |