Әбдіқалық Күнімжан
ҚазмемқызПУ доценті
Сөз өнерінің сардары
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, көрнекті тілші ғалым Рәбиға Сыздықтың 90 жасқа толу мерейтойы қарсаңында бұдан 50 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде (1964 жыл 27 март) жарық көрген еңбегінің өміршеңдігі туралы арнайы сөз етпекпіз. «Текстология мәселелері» атты мақаласына жарты ғасыр өтсе де, ондағы ой-тұжырымдардың әдебиеттану ғылымы үшін әлі де болса өз қажеттілігін өтейтіндей өзектілігіне толық көз жеткізуге болады.
Рәбиға Сыздық текстология мәселелерін батыл айтуға, әрине, бірден емес, оған үлкен дайындықпен келген тәрізді. Олай деуіміздің бір себебі, академиктің«Ғылымда жүрген қазақ әйелінің жүгі өте ауыр» деген кейінгі, яғни, «сексеннің сеңгіріне» келген шағында берген сұхбатында мынадай 1959 жылғы оқиғаны еске алады: «...Қатты бір толқыған кезім болған. Ол 1959 жылы, мен ол кезде әлі кандидаттық қорғамағанмын, жаз айында «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты конференция болды. Конференцияны Мұхтар Әуезов жүргізіп отырды. Мен әдебиетші емеспін, бірақ әдебиетті жақсы көремін. Сондықтан кітаптарымның көбі әдебиетпен байланысып жатыр.
Академияның бай кітапханасы бар, сол жерде отырып әдебиеттің талай қызықты дүниелерін оқитынмын. Соны оқып отырып, батырлар жырынан бастап, аты белгілі ақындардың шығармаларын өзгертіп жіберетініне көз жеткіздім. «Еменге қарсы бұтақ бітсейші, найзаға сап қыларға» дегенді «найзаға сап қылуға» деген сияқты өзгерістерге ұшырайды екен. Махамбеттің өзінің сөздік қорында бар сөздер ғой бұлар. Осындай сөздерді қазіргі грамматикалық нормаға түсіріп жібереді екен. Конференцияда соны теріп, мысалдар келтіріп, кішкене сөз сөйледім. Әдеби мұра дейтін болсақ, мұраны мұра күйінде сақтауымыз керек дедім. Содан конференцияны қорытқан кезде Мұхтар Әуезов сөз сөйледі. Қорытынды сөзінде: «Мына сөз сөйлегендердің ішінде екі адамды ерекше атағым келеді. Бірі – Ісмет Кеңесбаев, екіншісі – кандидаттық диссертациясын енді қорғағалы жүрген Рәбиға Сыздықова»,– деді. Сондай әдемі сөздер айтты соңынан. ...Біріншіден, ондай сөз естимін деп ойламағанмын. Қаншама білікті әдебиетшілер мықты пікірлер айтты, солардың ішінен мені атағанда қатты толқыдым...». Мінекей, осы естелік сөздерінің өзінен ғалымның ерте кезінен-ақ текстология ғылымына жанашырлықпен қарайтынын анық аңғаруға болады.
Рәбиға Сыздық «Текстология мәселелері» /1964/ атты мақаласында текстология ғылымына қатысты бірнеше мәселені қамтиды. Алдымен текстологияның ғылымдағы орны, оның қызметі, негізгі ұстанымы мен міндеттерін саралап алады. «Көркем әдебиеттің текстологиясы – филологиялық ғылым. Ол әдебиеттану ғылымымен біте қайнасып, соған қызмет етеді. Тіпті, дәлелдей түссек, текстология – әдебиеттану ғылымының негізі. Өйткені, белгілі бір шығарманың дәл тексін айқындап алмай тұрып, оның идеялық мазмұны мен әдеби көркемдігін сөз ету қиын болмақ» деген пікірі текстологияның («Тіл білімі сөздігінде» /1998/ мәтінтану деп берілген) ғылымдағы орнын алғаш айқындап береді. Осыдан 50 жыл бұрын «әдебиеттану ғылымының негізі» болып табылған текстологияның бүгінде сол әдебиеттану ғылымының негізгі үш саласынан (әдебиет тарихы, теориясы, сыны) кейінгі төртінші жанама тарауы ретінде жалпылама айтылып, яғни, әдебиет теориясында қысқаша шолу анықтамасы берілгені болмаса, жеке ғылым саласы ретінде қалыптаспағаны, әрине, қынжылтатын жәйт. Осы саланың теориялық негізі бойынша арнайы еңбек жазылмағандығын ескерсек, ғалымның «Текстология ғылымының ұстанған негізгі принципі – автордың творчестволық қалауын бұзбау болса, міндеті – белгілі бір шығарманың туу тарихын зерттеу, сын көзімен қарап, жан-жақты тексеру арқылы оның ең негізгі текстін таңдап алып, оны тұрақты текст ету, жазылу мерзімін айқындау, комментарийлер беру, шығарманың басылу типін (яғни кімге арналып басылатынын) белгілеу» деген ой-тұжырымдары да қазақ филологиясындағы теориялық текстологияның ең бастапқы қаланған іргетасы болмақ.
Текстология ғылымының зерттелу деңгейіне тоқталғанда ғалым алдымен Одақ көлемінде танылған еңбектерге назар аударады. «Соңғы төрт-бес жыл ішінде Одақ көлемінде текстология жұмыстары жандана түсті. 1957 жыл және 1961 жылдары «Текстология мәселелері» атты екі жинақ жарық көрді, 1962 жылы «Текстология негіздері» атты құнды еңбек қолымызға тиді. Ғылыми журналдарда, жинақтарда текстология мәселесіне арналған үлкенді-кішілі мақалалар жиі жарияланып келеді. Осылардың барлығы Одақ көлемінде бүгінгі күннің талабына сай текстология жайына айрықша мән беріліп отырғанын көрсетеді. 1964 жылғы Лениндік сыйлыққа филология саласынан ұсынылып отырған еңбектің екеуі де (академиктер В.В.Виноградов пен Д.С.Лихачев) текстологияға арналған жұмыстар екені де дәл осы проблеманың бүгінгі мәдени өміріміздің көкейкесті әңгімесінің бірі екенін көрсетеді» деу арқылы текстологияның теориялық негізі белгілі орыс ғалымдарының еңбектері арқылы қалыптасқанын да ескертеді. Сонда текстологияның жеке ғылым ретінде ірге тасының қалануы оның теориялық негізінің қалыптасуымен ұштастыратын болсақ, ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталып отыр. Негізінен текстология ғылымы алғаш Батыс Европада, оның ішінде Италия, Англия, Франция сияқты елдерде дүниеге келіп, қайта өрлеу дәуірінде ерекше қалыптасып дамығанымен, орыс филологиясында текстологияның термин ретінде қалыптасуының өзі ХХ ғасырдың басынан саналатыны және мұны алғаш ғылымда А.С. Пушкин шығармаларының мәтінін зерттеу барысында қолданған ғалымдардың бірі Б.Б.Томашевский екені де белгілі. Жалпы, орыс филологиясында ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқан осы текстология ғылымы теориялық және практикалық болып үлкен екі саланы қамтиды. Расында да мәтіннің өзгеруінің сырын ашатын, оның жазылу тарихын айқындайтын мәтін тарихын зерттеу мәселесі бір бөлек те, мәтінді баспаға әзірлеу мәселесі бір бөлек. Қазақ әдебиеттану ғылымында бүгінге дейін текстологияның осы екінші саласы, яғни практикалық текстология ғана кеңінен қолданыс тапқан. Текстологияның қыр-сырын терең зерттеген ғалым Д.С. Лихачев «Текстология. Краткий очерк» деген еңбегінде шығарманың мәтін тарихын алдымен зерттеп алмай тұрып, мәтінді жарыққа шығаруға болмайтындығын қатаң ескертеді. Ал осы мәселе Р. Сыздықты да қатты толғандырады. Ол текстологиялық жұмыстың Қазақстандағы ахуалы қандай деген сауалды қоя отырып, өз пікірін ортаға салады.
Халық ауыз әдебиеті үлгілері мен қазақ әдебиеті тарихының әрбір кезеңдері бойынша ақын-жазушылар шығармаларының мәтінін ғылыми түрде зерттеу мен жариялау ісінің жолға қойылып жатқанынан хабардар еткенде алдымен Абай шығармаларының 1957 жылғы басылуын, «Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институты дайындап бастырған қазақ эпостарының («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қамбар», «Қыз Жібек») соңғы басылулары» мен Тарих институтының бастырып шығарған Шоқан Уәлихановтың томдарын зор ілтипатпен атап өтеді. Содан соң «осы шет-пұшпақтап көрінген табыстарымыз біздегі текстологиялық жұмыстардың төрт аяғынан тік тұрғанын білдірмейді» деп жарияланып жатқан әдеби мұраларға көңілі толмайтынын ескертіп қана қоймай, «Сәл әріректегі (ХVІІІ-ХІХ ғ.) мұраларды ұсынуда болсын, тіпті бертіндегі (ХХ ғасырдың басындағы) әдеби нұсқаларды жариялауда болсын, олардың жеке сөздерін, сөйлемдерін, орналасу тәртібін, туу мерзімдерін әр басылуында әр түрлі беру фактісі бар екенін байқаймыз» деп текстологиялық жұмыстардың олқылықтарын сынға алады. Оған текстологиялық салыстырулар жүргізіп, Бұқар жырау мұрасынан мысал келтіреді. «Ашуланба, Абылай» деп басталатын өлеңнің 7-8 жолын әр жерде әр түрлі етіп оқыдық» дей келіп, 1962 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасынан шыққан «ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының шығармаларында» 8 жолмен, осы жинақтың кіріспесін жазған Ы.Дүйсенбаевтың келтірген үзіндісінде 7 жолмен және Х.Жұмалиевтің «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» атты еңбегінде 7 жолмен берілген мәтіндердің үшеуін де қатар келтіріп әрі «үзінділердегі қарамен терілген сөздердің түрліше берілгеніне көңіл» аудартады. Жарты ғасыр өтсе де осы текстологиялық дәлдікті реттеу мәселесіне, яғни, Бұқар жыраудың «Үш ғасыр жырлайды» /1965/, «Ертедегі әдебиет нұсқалары» /1967/, «Алдаспан» /1971/, «Бес ғасыр жырлайды» /1989/, «Ай, заман-ай, заман-ай» /1991/, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» /1993/, «Жеті ғасыр жырлайды»/2004/, «Он ғасыр жылайды» /2006/, т.б. жинақтарда жарияланған мұраларының дұрыстығына көз жеткізу қиын. Мәселен, жыраудың «Тілек», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Он екі айда жаз келер» деген толғауларындағы кейбір сөздердің өзгеріске ұшырап, екі жинақта екі түрлі оқылатынын қалай түсінеміз? Бәлкім бұл да Р. Сыздықтың «Текстологиялық жұмыс жүргізуімізге тікелей көмектесетін басшы материал бар. Олар тәжірибесі мол орыс текстологияларының талдаулары мен ізденулері» деп тығырықтан шығатын жолды нұсқағандығын елемей, яғни, теориялық текстологияға немқұрайлы қарағандығымыздан болар.
Ғалым «қазақ халқының тарихы мен мәдени-рухани мұрасының өзіне тән ерекшеліктеріне орай, ол мұралардың текстерін дайындауда да өзіне тән ерекшеліктер мен қиыншылықтар бар екенін» ескерте отырып, оның ең басты екі түріне тоқталады. «Өткен ғасырларда, тіпті ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қазақ қаламгерлерінің көпшілігінің дерлік қолжазбалары (архивтері) сақталмаған, көздері тірісінде шығармалары баспа бетін көрмеген, көре қалса да, оның басылу процесіне өздері қатыспаған. Қазақ ақындарының басым көпшілігінің мұрасы бізге не ауызша түрде сақталып жетті, не басқалардың жазып алуы (ішінара жариялауы) арқылы жетті. Ауызша тарағандарын әр жерде әр жырлаушы ірілі-уақты өзгертумен жеткізгені тағы мәлім. Солардың қайсысын негізгі етіп алу керек?» деп қазақ текстологиясының алдындағы қиындықтың бір түрі осы десе, екінші түріне Қазан төңкерісіне дейін баспа бетін көрген әдеби мұраларымызда «қазақ тіліне жат жазу өлшемдері бар» екенін жатқызады. Араб-парсы сөздерінен мысалдар келтіріп, «Бұларды қайтуіміз керек? Түзетіп қазақшалау керек пе, жоқ, сол татарша-шағатайша түрінде қалдыру керек пе? ... Міне, осы тәрізді сан қилы мәселелер мен сұрақтар қазақ текстологиясының алдына көлденең тартылады да, кешіктірмей шешілуін талап етеді» деген өткір ұсынысын білдіре отырып, осы мәселерді шешудің оңтайлы жолдарын да көрсетіп береді.
Р. Сыздық «Ең алдымен, текстологияны жеке дилетанттар мен әуесқойлардың ісі деп қарауды қойып, бұған бүкіл әдебиет зерттеушілерінің, баспа орындарының, жазушы-ақындардың назарларын аударатын кезең келгенін баса айтамыз» дей келе, Қазақстанда «текстология мәселесіне үлкен мән беріп, жүйелі түрде бір орталықтан істелініп жатқан жұмыс» жоқтығын еске салады. «Рас, Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанында қазір «Текстология мен қолжазба» бөлімі бар. Оның өзі 1963 жылдың апрелінен бастап қана іске кірісті...» деп, әрі қарай осы бөлімнің жұмыс барысын айта келіп, оның құрамы мен болашақтағы жұмысы жөнінде өзінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салады. Әсіресе, шығарманың мәтінін оқи алатындай, яғни, «арабша жазуды (әсіресе оның көне түрін), латынша графиканы (30 жылдардағы мұралардың текстін зерттеуде) және араб-парсы тілдерін жақсы меңгеретін» мамандарды тарту қажеттілігіне баса назар аудартады.
Текстологиялық мәселелерді шешуідегі екінші пікірін айтқанда ғалым «текстология мәселесіне тек әдебиет зерттеушілері емес, ең алдымен тіл мамандары да қатысуы шарт. Өйткені әдеби тіл мен көркем әдебиет тілін зерттеу ісі тексті зерттеу және авторды табу проблемаларымен қабысып жатқанын көреміз...» деп, мәтінде кездесетін араб-парсы сөздерінен бөлек, көне түркі сөздерін, басқа туысқан түркі тілдерінен ауысқан сөздер мен моңғол сөздерін көпшіліктің түсіне бермейтіндігін тілге тиек етеді. Сөйтіп, «Біздің ұсынысымыз – күрделі, маңызды мұралардың ғылыми, немесе ғылыми-көпшілік қолды баспаларын дайындауды тек әдебиет институты ғана емес, тіл білімі институты да жоспарлауы қажет» дегенді айтады.
Одан әрі текстологтың /Қазірде «текстолог» сөзінің атауын әркім әр түрлі, яғни, «мәтінші», «мәтінгер», т.б. аударып жүр. Қазақша атауы нақты қалыптаспағандықтан осылайша бастапқы атауымен алып отырмыз/ қандай болу керектігі туралы мәселге де көңіл аударады. «Осы күнгі шын мәніндегі текстолог жай әдебиетші емес, бір жағынан әдебиет тарихшысы, екіншіден, әлеуметтік тарихты жақсы меңгерген, үшіншіден, тіл білімінен хабары бар маман болуы шарт» дей отырып, текстологты қалай дайындаудың жолдары жайында да өзінің біршама ақыл кеңесін ортаға салады.
Р. Сыздық мақаласының соңында текстология ғылымына қатысты материалдарды қайда жариялауымыз керек деген мәселені де көтереді. «Тағы бір айта кететін жай – «Русская литература» журналы өзінің шыға бастаған күнінен бері «Текстология мен атрибуция» деген бөлім ашып, осы мәселеге арналған материалдарды үзбей жариялап келеді» дей келе, қазақ текстологиясына қатысты мақалаларды жариялайтын арнаулы әдеби-ғылыми журналдың жоқтығына қынжылады. «Жұлдыз» сияқты көпшілік-әдеби журналымыз азын-аулақ көпшілік-ғылыми сипатта болуы аса қажет» деп тапқан ғалым оның себебін «текстология сияқты мәселелер тар көлемдегі бір ғана ғылымға қатысты емес, бірнеше саладағы мамандарға, қала берді, жалпы жұртшылыққа қатысты» деп түсіндіреді. Расымен де орыс журналдарының шығарманың белгілі бір авторға тиесілі екенін дәлелдейтін текстологияның бір саласы атрибуцияны да жеке қарастырып, оған да ерекше мән беріп отырғаны мынау. Ал осы атрибуция мәселесінің де қазақ текстологиясында үлкен орны бар. Мәселен, барлық басылымдарда ХҮІІІ ғасырдың өкілі Шал Құлекеұлына таңылып жүрген, яғни, «Қазаққа пайда мынау: малын бақсын» деген өлеңнің авторы ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпеев екендігі туралы дәлелдеулерім шығарма мәтінінің тарихын зерттеуде қолданылатын атрибуциялық жолмен шешілген еді. Сонымен, осы жайттарды ескерсек, Р. Сыздықтың «Жұлдыздың» көлемін бір-екі баспа табаққа ұлғайтып, оның бетінде «Русская литература» сияқты, текстологиялық материалдарды жүйелі түрде жариялауды қажет» деп тапқан пікірі қазіргі шығып жатқан әдеби-ғылыми журналдарды да ойландыратындай өзекті екені сөзсіз.
Түйіп айтқанда, текстология мәселелерін дұрыс жолға қоюдың бағытында үлкен еңбек сіңірген академик, көрнекті тілші ғалым Рәбиға Сыздықты осы ғылымының алғашқы жанашыры деп білемін.
Достарыңызбен бөлісу: |