Р. Сыздықова – қазақ тiл бiлiмiнiң лингвостилистика
саласын қалыптастырушы
«Сөз патшасы, сөз сарасы салтанат құрған өнерде толғауы тоқсан қызыл тiлдiң» тегеуiрiндi құдiретiн таныту – оны қолданушы қаламгерден де, зерттеушi ғалымнан да үлкен бiлiктiлiктi, парасат-пайым мен зерделiктi талап етерi сөзсiз.
Тiлдiң көркемдiк күш-қуатын ақын-жазушы қандай шеберлiкпен таныта алса, қаламгер тiлiнiң сол көркемдiгiн өз дәрежесiнде саралай бiлу – зерттеушiден одан да асқан өнерпаздықты (ұсталықты) қажетсiнерi белгiлi. Бұндайда, әрине, салмақ зерттеушiге түсерi аян. Ол үшiн зерттеушi-ғалым жай ғана бағалаушы, сипаттаушы емес, сөз құдiретiн де, қаламгер қабiлетiн де түйсiне алар аса сезiмтал, пайым-парасаты толысқан, салиқалы ой иесi болуы керек. Осындай үлкен мiндеттi белгiлi лингвист-ғалым Р. Сыздықова әр зерттеуiнде өзiне жүк етiп арқалап алады.
Бiлмекке құмар оқырман мен ғылымға бет қойғандар ғалым еңбегiнен тапқан байлығын «құтысына көңiлiнiң құйып алады» және «төгiп алмай дәлдеп құяды» (Дулат ақын) деп есептеймiз.
Ғалым өзiнiң ғылыми бағытын және бүгiнгi тiл бiлiмi алдында, нақты айтқанда, қазақ лингвостилистикасы алдында тұрған маңызды мiндеттердi «Сөз құдіретi» атты мәнi терең еңбегiнде саралап, жүйелеп берген. «Сөз құдiретi» – танымдық-теориялық құндылықтан тұратын зерттеу кешенi (егер солай айтуға болса). Кiтаптың сыр-сипаты кәдiмгi зерттеу-талдаудан өзгеше. Оның астарына үңiлсек, талдаудан гөрi стилистиканың мiндетi, болашақ зерттеу нысандарын айқындау екендiгiне көз жеткiзесiң. Сол зерттеулер қандай болу керек, ол қалай шешiледi дегенге жол салып, жоспар құрып бередi. Нақтылай түсер болсақ, бiрiншiден, ол – маңызы зор оқу құралы; екiншiден, ғылыми бағдарламалық нұсқаулық (жаңа зерттеу тақырыптары); үшiншiден, тiлдiк-лингвостилистикалық талдау.
Кiтап «Жазушы тiлi және оның көркемдiк әлемi», «Функционалдық стильдер. Көркем әдебиет стилi» деген екi бөлiмнен тұрады да, iштей бiрнеше тарауларға бөлiнедi. Бұл еңбекпен танысу барысында байқағанымыз – автордың алға қойған мақсаты қаламгердiң сөздердi қалай «сөйлетiп», «оған жан бiтiргенiн» танытумен ғана шектелмейтiнi. Ең бастысы, ұлттық әдебиеттiң бейнелеу жүйесi – оның көркем ойлауы мен таным тереңдiгiн қоса танытатынына да баса назар аударту. Зерттеудiң өн бойында осы идея желiсi үзiлмей тартылып отырады. Ойы орамды, бояуы қанық, эстетикалық әсерi мол сөз суреттерi ғана сырлы дүниеге, рухани игiлiкке айналары белгiлi. Олай болса, биiк талап төрiнен табылар туындылар қазақ әдебиетiнде молынан кездесетiнiн талғамы терең оқырман жақсы бiледi.
Кiтаптың бiрiншi бөлiмiне барлау жасағанда байқалғаны: көркем әдебиеттiң биiк талғам дәрежесiне сай қызмет ете бiлген қаламгерлер: Ә. Кекiлбаев, Ш. Мұртаза, О. Бөкеев, А. Сүлейменов, М. Мағауин, С. Бердiқұлов шығармашылығының шынайы, көркем табиғатын танытуды тiлшi-ғалым Р. Сыздықова мақсат етiп қойған. Дәлiрек айтқанда, тiл құралдарының сыры мен сынын түсiнуде осы қаламгерлердiң кейбiр туындыларын үлгi-нұсқа ретiнде алған. Ал сөз басы М. Әуезов тiлiн танудан («Мұхтар Әуезов – көркем сөздiң пiрi», I бөлiм) басталу себебiне, Р. Сыздықованың өз сөзi дәлел болатындай.
«...Суреткерлiк еңбегiн ұлттық тiлдiң тарихына байланыстыра сөз ететiн қалам иелерi болады... Тiлдi «анық, зор өрiске» шығарушылардың топ басында М. Әуезовтiң өзi тұрады. Сол себептен М.Әуезов тiлiнiң көркемдiк сипатын танумен қатар, оның қазақ әдеби тiлiне сiңiрген еңбегi, даму барысындағы орны, салған жолдары мен көрсеткен үлгiлерi деген мәселелердiң сөз болуы әбден қисынды» [1,9]. Осы мәселелер, әрине, терең де кең зерттеуге айналуы керек. Ғалымның көздегенi де – сол!
Одан әрi ғалым-зерттеушi Әуезов әлемiнiң әсемдiгiн жалаң әспеттеп, жалпы тұжырыммен шектемейдi. Ұлы суреткер көркем дүниенi жасауда қандай амал-тәсiлге барды, олар қалайша көркем? – дегенге байлаулы пiкiр, тiлдiк талдаумен жауап берген. Талдаудың негiзгi арқауы – М. Әуезовтiң 20-30 жылдардағы әңгiме-повестерiнiң тiлi,жазушының сөз таңдауы, сөз қолданысы, сөз әрлеуi немесе шығарманың композициясын құрайтын кейiпкер сөзi мен автор сөзi деген және т.б. мәселелер (Бұл мәселелер әрi қарайғы зерттеудiң өзегi болуын нұсқайды).
Бұларды стильдiк категория ретiнде талдап-танудың мәнi – Әуезовтей сөз зергерiнiң тiлiн тану арқылы айқындала түсерi анық. Сондай-ақ, автордың көрсетуiнше, осы мәселелер сөз зергерiнiң тiлдiк-стильдiк феноменiне байланысты ойлар мен ұсыныстардың бiр парасы ғана. Болашақта «Әуезов тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi», «Фразеологиялық сөздiгi» т.б. ұланғайыр зерттеу нысаналары күтуде. Әуезовтану ғылымы жалғаса беруi қажет деген ой-тамызық тасталады.
Әрбiр қаламгердi халық өкiлi десек, ол өз шығармалары арқылы халқының тiл байлығын ғана көрсетпейдi, сонымен бiрге халықтың елдiк дәрежесiн, ой-таным көкжиегiн де қоса танытатынын ғалым Р. Сыздықова қажеттi тұстарда, талдау барысында, егiз өрiм етiп, қанаттастырып отырады. Шығармалары сөз болған авторлардың бәрi – сөзiнiң сымбаты үшiн ғана емес, танымының тереңдiгi, бiлiм-бiлiгiнiң кемелдiгi тұрғысынан да ғалым назарына iлiгiп отыр. Әдебиетiмiздiң бүгiнгi биiк талғам-таразысына Ә. Кекiлбаев, Ш. Мұртаза, О. Бөкеев шығармашылығы сай келiп жатса, оны осы сапалары айғақтап берерi аян. (Жаңа зерттеумен толығу керек).
Көркем шығармаға тiлдiк талдау жасаған зерттеушiлер жазушы шеберлiгiн көбiнесе оның тiлiнен iздейтiнi белгiлi. Ал тiлшi-ғалым Р. Сыздықованың кең масштабты (кең тынысты) зерттеулерiне тән ерекшелiк: ғалым шеберлiктi тек тiлге ғана тiремейдi. Көркем шығарманың негiзгi үш тiнiн бiрлiкте алып қарастырады: яғни ой-идея, тiл және образдың (кейiпкер) бiрiге кiрiккен тұтастығынан, осы үшеуiнiң одағынан шеберлiк iздеу – Р. Сыздықова межесiнiң биiктiгiн танытса керек [1, 83-84; 11-112; 135].
Бұл – когнитивтi лингвистика деген жаңа арнаға бұру деген сөз. 80-жылдың ортасында Европада Дж. Лакофф, Ф. Унгеред және Х.И. Шмидт атты ғалымдар бастаған жаңа сала орыс ғалымдары Н.Д. Арутюнова, Ю.С. Степанов, В.А. Маслова еңбектерiмен жалғасуда. Қазақ лингвистикасы өз табиғатына сай бұл арнаны кеңейтерi сөзсiз.
Еңбектiң 2-бөлiмi тiл бiлiмiнiң аса күрделi саласы – стилистика мәселелерiне арналған. Қай тiлде болмасын, оның iшiнде қазақ тiл бiлiмiнде де, шешiмiн күткен немесе кең де терең талдауды қажет еткен мәселелер ұшан-теңiз. Осы тарауда автор функционалдық стиль мәселесiне тоқталып, оның айырым белгiлерi мен анықтамасын қазақ тiл бiлiмi тұрғысынан сипаттайды, сонымен қатар қазақ стилистикасы аясында шешуiн күтiп тұрған мәселелердi жүйелеп бередi. Бiздiң тiл бiлiмiнде стиль мәселесiнiң бiрiзге түспеген терминдерiнен бастап, мүлде сөз етiлмеген тың зерттеу объектiлерi молынан бары белгiлi.
Автор функционалдық стильдердi жiктеуде тiлдiң әлеуметтiк қызмет түрiн ескерудiң мәнi барын да назарға алады [1,163].
Еңбектiң назар аударар тағы бiр тұсы қазiргi көптеген әдеби тiлдердiң функционалдық стильдер жүйесiнде ұқсастықтар болуымен бiрге, әрбiр ұлттық әдеби тiлдiң белгiлi бiр стиль жүйесiнде экстралингвистикалық факторларға қарай өзiндiк ерекшелiгi де болуы мүмкiндiгiн ескертедi. (Бұл көп жағдайда зерттеудi орыс тiл бiлiмiнiң қалыбына салып жiберуден сақтандыратыны хақ. Яғни әр тiлдiң типологиялық, ұлттық т.б. ерекшелiгiн назарда ұстау – дұрыс ғылыми пайымға жетелерi дау туғызбасы анық).
Еңбек – қазақ көркем әдебиетi функционалдық стилiне арналып, оның байырғы көздерi, қалыптасу кезеңдерi, өзге стильдермен қарым-қатынасы тiлге тиек етiледi: «Көркем әдебиет стилистикасы – негiзiнен сөз қолданыс шеберлiгiн, сөз эстетикасын, сөздердiң контекстегi «қылығын» зерттейтiн ғылым саласы» – деген қысқа да нақты тұжырым жасайды [1,175]. Одан әрi, күн тәртiбiнде тұрған арнайы зерттеу мәселелерiне де назар аудартады. Олар: 1) көркем әдебиет тiлiнiң өзге функционалдық стильдермен өзара байланысы; 2) тiл құралдарын эстетикалық қызметте жұмсау принциптерiн айқындау; 3) жеке қаламгердiң ұлттық әдеби тiл тарихындағы рөлi сияқты мәселелер. «Сөз құдiретiнiң» ең бiр маңыздылығы – болашақ зерттеу нысанасын белгiлеп, зерттеушiнi таным объектiсiне жетелеуiнде.
Бiрнеше ондаған сұрақтардың iшiнде жалпы тiл бiлiмiнде зерттелiп жүрген, бiрақ бiзде терең сөз етiле қоймағаны да, тек қазақ тiлi табиғатына тән мәселелер де қозғалады. Мәселен, (қазақ менталитетiне тән) шешендiк сөздер мен ата-тегiн тарату үлгiлерiн функционалдық стиль дәрежесiнде сөз ету қажеттiлiгi [1,145]; Шежiренi өз алдына стиль жүйесiнде қарастыру [1,169] тәрiздi тiкелей қазақ табиғатына тән мәселелер немесе өзге тiлдерде бiрнеше зерттеудiң өзегiне айналғанымен, қазақ тiлiнде лингвостилистиканың қарастырыла қоймаған фраза құру, автор образы, ұлттық көркем сөз нормалары сияқты зерттеу нысандарының барына, маңызының зорына нұсқайды. Тек нұсқап қана қоймайды, әрi мәселенi iштей саралап, әр саласын жiктеп, даралап көрсетiп отырады. Мысалы: қазақ көркем әдебиетi тiлiн зерттеудi өз iшiнен 1) көркем поэзия; 2) көркем проза; 3) драматургия; 4) көркем публицистика деп бөлу керектiгiн ескертедi және олардың пайда болу, әрi қарайғы дамуының тарихи кезеңдерiн де қарастыру қажеттiлiгiн атап көрсетедi [1,176]. Тағы бiр мысал: стилизация мәселелерiн сөз ету керек болса, оның өз iшiнде интеллектуализация, интимизация, фольклоризация сипаты бар шығармаларын iздестiру керектiгiн айтады [1,186].
Еңбектiң әр бетiнен дерлiк шешiлуге тиiстi түйiндер ұшы көрсетiлiп отырады. Сүбелi зерттеулерге айналуы тиiс қадау-қадау мәселелер тайға таңба басқандай айқын да нақты берiлген: мәселен, парцелляция құбылысы [1,45]; синтаксистiк қайталамалар [1,49]; дiни-теологиялық стиль [1,166]; әрбiр стильдi жеке-жеке арнайы зерттеу [1,1171]; қала, ауыл тiлi, ұлттық көркем сөз нормалары [1,181]; 50-60 жылдармен 70-80 жылдар кейiпкерлерi тiлiнiң арасындағы айырмашылық [1,181] т.б. зерттеу объектiлерi.
Егер ғалым Р. Сыздықова нұсқаған мәселелер нақты зерттеу нысанасына iлiгер болса, қазақ лингвистикасы одан әрi белеске көтерiлiп, қазақ тiл бiлiмiнiң лингвостилистика саласы әрi қарай шешiмiн тауып, толық ғылыми кемерiне келер едi. Бүтiндей бiр зерттеу бөлiмi атқаруға тиiстi үлкен iстi «Сөз құдiретi» кiтабының авторы ғылыми тұрғыда жүйелеп, ғылыми зерттеу тақырыптарының атын атап, түсiн түстеп дайын «рецепт» (нұсқау), бағдарлама-жоспар ұсынып отыр. (Қазақ тiлi ендi ғана мемлекет назарына iлiге бергенде, қаржы тапшылығынан ғылым да қыспаққа түсiп қалды, дей тұрсақ та, талап пен талант болған жерде тiлге тағзым тұсалмасы ақиқат. Қазiргi уақытта көптеген iрi жоғары оқу орындарында аспирантура мен диссертация қорғайтын арнайы, ғылыми кеңестер ашылып жатқанда, жас зерттеушiлер өз ғылыми бағытын осы мәселелер төңiрегiнде орайластырса ше!).
Қаламгердiң «жiбек жiп-сөзбен жыр кестесiн» қалай төгiлдiргенiн (Дулат ақын) көрсету үшiн немесе көркем сөзге деген шеберлiгiне ғылыми топшылау жасау үшiн зерттеушi-ғалымға асқан бiлiм биiгi де қажет. Олай болса, ғалым Р. Сыздықованың тiл қуаты, шеберлiк шеңберi сол сөз өнерiн машық еткендермен теңесiп жатқанына көз жеткiзуге болады. Сонымен қатар, шығармада сөз болып отырған iрiлi-ұсақты қоғамдық-әлеуметтiк мәселелер жөнiнде таным-түсiнiгi де терең.
Қазақ халқының бастан кешкен тарихи оқиғаларын сөз еткен «Аласапыран», «Үркер», «Елең-алаң» шығармалары ма, әлде спорт тақырыбы мен рухани әлем «құпиясы» сөз болатын «Үшiншi подъезд», «Қайдасың қасқа, құлыным», «Мұзтау» шығармалары ма – бәрi-бәрiнде жанрына орай стильдiк-тiлдiк ерекшелiгiн талдай бiлу ғана емес, суреттелген оқиғаларды терең бiлетiн тарихи пайымы, жалпы таным көкжиегi қоса аңғарылып отырады. Сөйтiп, тiл, оқиға, «ғалым-зерттеушi образы» дегендер диалектикалық бiрлiкте сабақтасып, аса бiр әдемi үндестiк тапқан шығарма – «Сөз құдiретi».
«Сөз құдыретi» еңбегiнiң өз баяндау тiлi қандай дегенге тоқталсақ, оның авторы – стилист-ғалым Р. Сыздықованың тiл шеберлiгi туралы сөз қозғау оңай шаруа емес. Талай шығарма тiлiн аса жоғары деңгейде саралап жүрген стилист-ғалымның тiлiн сөз етудi, ой-пiкiрiмiздi бiлдiрудi мақсат еттiк.
Оқырманның бәрiнiң филологиялық даярлығы болмауы мүмкiн екенiн ескерген автор бастан-аяқ ғылыми стилизацияға бой ұрмайды. Қалың оқырманның түрлi аудиториясын ескере отырып, түсiнiксiз терминдер мағынасын бiрде ұғыныңқы тiлмен қарапайым мәндес сөздер арқылы бередi, ал бiрде орыс тiлiндегi балама нұсқасын қоса көрсетедi.
Өзiнiң ой-пiкiрiн қайтсе мойындатуды емес, өзгенiң ойына ой қосу, пiкiрiн ұштауға бағыттап отырады.
Үнемi дәлелге жүгiнедi де, дәйексiз дәлел, айғақсыз айқындама берудi мақсат тұтпайды.
Ғылым академиясының академигi, филология ғылымының докторы, белгiлi лингвист-ғалым Рәбиға Сәтiғалиқызы Сыздықованың «Сөз құдiретi» атты еңбегiнде мына мәселелерге көңiл бөлiнген және бiрнеше мiндеттер қоса шешiлген: бiрiншiден, әдебиетiмiзде биiк дәрежелi шығармалар қатарының аз еместiгi, әрi олардың тiлiн зерттей түсу қажеттiгi; екiншiден, жан-жақты лингвистикалық-ғылыми зерттеу жасау үшiн қажеттi, бiрақ әзiрге олқы жатқан теориялық тұстарды терең де тиянақты зерттеуге айналдыру. Бұл ойлардың орайласар тұсы мына мiндеттер төңiрегiнен табылады деуге негiз бар. Шығарма тiлiн талдау: әуелi, әдеби тiл өресiн танытады; одан кейiн тiл байлығына тамсантады; сонан соң тiл тазалығы мен сұлулығына сұқтандырады; ең бастысы, тiлдi – ұрпаққа сыры мен сынын (келбетiн) бұзбай жеткiзе бiлуге үндейдi.
Еңбектiң тағылымы қандай дейтiн болсақ, бұл тәрiздi тiлдiк-стильдiк талдаулар шығарманы түсiнiп оқудың жоғары мәдениетiн қалыптастырады (әсiресе, филологтар назарға алуы керек). Екiншiден, оқырманның жалпы тiлдiк мәдениетiн көтередi. Үшiншiден, шығарманы ой көзiмен, көкiрек көзiмен қабылдай бiлуге, сөйтiп, өнер туындысы деп бағалауға жетелейдi.
Олай болса, «Сөз құдiретi» – қазақ сөзiн қастерлей бiлетiн барша қауымға қажеттi құрал, болашақ филолог-ғалымға – қару.
«Әркiмге бiрдей нәрсе бермес базар, әркiмнiң өзi iздеген нәрсесi бар» (Абай) дегендей, тiл теңiзiне бет қойған болсаңыз, өз қажетiңiздi табуға, «маржан дүние сүзуге» сәулесi бар ой иесiн шақырады, ойландырады.
ҚР ҰҒА-ның академигi, филология ғылымының докторы Р.С. Сыздық – қазақ тiл бiлiмi саласына салмақты ойы, салиқалы пiкiрi бар сүбелi еңбектерiмен өз үлесiн қосып келе жатқан зерттеушi-ғалым. Ұлттың рухани өмiрiнде өзiне лайық орнын мол дүниелерiмен ойып алған Р.С. Сыздық ғылыми кадрлар даярлауда да, ғылыми жаңа мәселелердi шешуде де үлкен iс атқарып келе жатқаны мәлiм. Зерттеу нысанына жаңа қырынан келу, уақыт талабына сай өзгерiстердi қабылдай бiлу, әлемдiк тiл ғылымындағы «жаңалықтардан» қалмау сияқты мiндет-мақсаттар әр еңбектiң бойынан табылуы керек деген талап қояды. Солай еткенде ғана, қазiргi қазақ тiл бiлiмi әлемдегi өзге тiлдермен тең дәрежеде дами алады. Ғалымныңкөздегенi – осы биiк.
Достарыңызбен бөлісу: |