Сапарбекова Әлия
Өнер алды – қызыл тіл
Белгілі ғалым, Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Рәбиға Сыздықованың творчестволық портреті
Осыдан нақ 25 жыл бұрын маусым айының 15-19-дары аралығында астанада, Ғылым академиясында қазақ әдебиетінің өзекті проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп жатты.
Республиканың әдебиетші-тілші ғалымдары, қала берді, туыстас әдебиетшілер бас қосқан аталмыш форумның қорытынды мәжілісінде кемеңгер жазушы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов әріптестерінің ғылыми ой-тұжырымдарына баға бере келіп, былай деп еді; «Әдебиет – тілмен әдебиет. Сол тіл, стиль түрінде әдебиет жүйесі мен тарихы көлемінде тексерілсе, осымен қатар тілдің бар заңы бойынша тіл ғылымының оқымыстылары зерттейтін дүние екені және мәлім.
Біздегі тіл ғалымдарымыз қазақ әдебиетінің арғы-бергі мұраларын, үлгілерін, ұдайы зерлеп, зерттеумен өз ғылымдарының өрісін ұлғайта дамытып келеді. Сол еңбектерінен олар біздің егіз - қатар серігіміз дейміз. Әрдайым нық сүйесе, тізе қоса өсетін еңбектес сыңарымыз. Осы құрметті достарымыз– тілшілер қатарынан конференция үстінде екі адамның атын арнайы атап өтейін.
Бұның бірі – барлық Қазақстандағы тіл ғалымдарының ағасы, үлкен ұстазы I. Кеңесбасв, екіншісі – Абай «Қара сөздерінің» тіл ерекшелігін зерттеп, кандидаттың диссертация қорғағалы жүрген Р. Сыздықова жолдас.
Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша ырза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты». Сол кандидаттық диссертация қорғауға талпынып жүрген жас зерттеуші – бүгін әдебиетші-тілші қауымға есімі мәлім Қазақ ССР Ғылым академиясының (қазақ филолог-әйелдері арасындағы тұңғыш) мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, Қазақ ССР-і ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет белгісі» орденінің кавалері, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі ииститутының бөлім меңгерушісі Рәбиға Ғалиқызы (Сәтіғалиқызы) Сыздықова.
Адам тағдыры күрделі, қайталанбастығымен, кездейсоқтық пен қажеттіліктің диалектикалық байланысынан өрілетіндігімен қызық. Табиғаттың тел перзенті болғандығынан, бәлкім адам ғұмыры да табиғат құбылыстарыпа тән жаз, күз, қыс пен көктем тәрізді айларынан тұратын тәрізді.
Алдыңғы толқын аға буын еншісіне тиген, еліміздегі ғасырларға бергісіз саяси, әлеуметтік, мәдени төңкерістерге толы от-жалын жылдарда дүниеге келген ол Октябрьден соңғы еліміздің бел-белестері, отқа оранған ұлы майдан жылдары, кейінгі «Қайта өрлеу»кезеңдерімен бірге есейді.
Көп арманды қыршынынан қиған соғыс өрті тұтанған жылы 16-дағы қаршадай жас қызмектептеұстаздықетеді.
Жаратылысынан алғыр, зерделі жас 1945 жылы астанаға келіп, КазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінің 3-курсына қабылданады. Институтты қызыл дипломмен тәмамдап, аспирантураға қалдырылған тынымсыз Рәбиға туған тіл мен әдебиетінің сан алуан көкейкесті мәселелеріне жүрексінбей араласады.
Сөз басында келтіріп өткен Мұқаңның жылы бағасы кездейсоқ туған байлам емес-ті. Аспирантурада оқи жүріп, жаһан мәдениетінің жауһар туындысын жаратқан жазушы, енді бір қырымен – тұңғиық ойды маржан сөзбен түйген, ғұлама, шешен Әуезовтің университеттегі дәрістерін Рәбиға арнайы іздеп барып тыңдар еді.
Кейінгі буын Әуезов дәрісін тыңдап, Әуезов тағлымын алған жандарға ұлы суреткер, рухының бір сынығы, шарапаты дарығандай қызыға, қызғана қарайтынымыз шындық.
Әдебиет пен тіл болашағын сеніп тапсырар азаматтар жайлы толғана жүрер жіті көзді ұстаз шәкірт бойында тіл мен әдебиетке тел бір ұшқын барын тамыршыдай тап басып тани білсе керек. Үміт күттірер жастың кейінгі қадамдарына да зер сала жүрсе керек.
Сол жылдарға тағы бір шегініс жасай кетейік.
1953 жыл. Әрбір бітімі өзге, кесек туындының оқырман қауымды бір сілкінте келері аян. «Абай жолы» эпопеясы жайында қилы пікірлер айтылып, қызу талқыланып жатқан шақ. Осындай жиындардың бірінде мәжіліске төрағасылық етіп отырған, сол кездегі Жазушылар одағының председателі, философ Ә. Жаймурзинге залдағы Мұхаңнан тілдей қағаз келіп түседі: «Абдрахим! Егер Құтқожина деген әйел бала сөз сұраса, берсең жақсы болар еді. Ол бір өте ақылды және мәдениетті жас. Мұхтар» (Рәбиға апайдың тұрмыс құрғанға дейінгі өз фамилиясы Құтқожина болатын).
Жас талап филологтың белгілі сыншыларға теңдес пікір айта аларына ұлы Мұхаң сенімі бекер тумағанын кейін өмір көрсетті.
Арада 25 жыл өткен соң, 1978 жылы 24 декабрьде КазГУ-дегі дәстүрлі Әуезов күнінде Ә, Жаймурзин Мұхаң жайлы естелігін айта келе, жоғарыдағы жайтты да әңгімелеп, осы кешке шақырылған филология ғылымдарының докторы, ғалым Р. Сыздықоваға Мұхаң қолтаңбасын табыс еткен.
Қазақ тілі мен әдебиет зерттеу саласындағы алғашқы аяқ алысымен-ақ жас Рәбиға ғылымға осындай өзіндік сергектікпен, даралықпен келген.
Өнер мен ғылым – егіз стихия. В. Г. Белинский айтқандай, «Ғылым – қоғамның ақылы да, поэзия– жүрегі» емес пе? Өзі тілші-ғалым бола тұра Рәбиға апай көркем әдебиет жайларынан бір сәтке қол үзген емес. Әдебиетке деген қалтқысыз құштарлығы апайдың ғылыми еңбектерінің мазмұнынан да аңғарылады. Негізгі зерттеу объектілері – тіл тарихы болсын, жазба әдебиет тілі болсын – қай-қайсысында даәдебиетке бойұра сөйлейді.
Бүкілодақтық «Советская тюркология» журналы бетінде жоғары баға алған «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1970) атты монографиялары мен тілші-әдебиетші, студент, оқытушы қауым пышақ үстінен үлесіп әкеткен «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы»деген кітаптары және жуырда жарық көрмек «XVIII– XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті тілінің тарихы сияқты зерттеуінде де поэзия тілі, фольклор мұрасы тілінің талдануы– сол іңкәрлік айғағы.
Рәбиға апайдың сөз өнеріне деген бейілінің тағы бір мысалы – жазушылар тілі, көркем шығарма тілі жайында жиі қалам тартуы.
Айта кететін жайт, ғалымның өзі басшылық ететін «Тіл мәдениеті» бөлімінің жұмысы көлемінде жалпы тіл мәдениетін көтеру жөніндеүлкеністертындырылуда.
***
Ғылым мен өнерді егіз деп балайтын Рәбиға апайдың ақын-жазушылар, өнер адамдарымен достығы өз алдына әңгіме. Қасым, Мұқағали, Жұбан, Кәкімбек, Қадыр, Фариза жырларын сүйіп оқиды, ақын-жазушылардың көбімен өз әсер-ойлары жайлы пікір алысып та жүреді.
Тегінде апайдың семьясының өзін ғылым мем өнердің, ғылым мен музаның ұштасқан ұясы дерсің, Рәбиға апайдың жолдасы Шахан аға – Шахан Мусин халқымызға белгілі өнер тарландарының бірі, ҚазақССР халық артисі,қазақ театрындағы тұлғалардың бірі. Кезінде қазақ сахнасында көптеген кесек бейнелерді сомдап шыққан, ақындық та дарыны бар Шахаң Рәбиға апайдың өнер жайлы сұхбаттарда басты «оппоненті» десек артық емес.
Парасат нұры ұялаған тартымды жүзімен, ерекше бір тектілік, ізгілік ұшқындаған сырлы жан-дүниесімен, дәйім нысанаға дөп тиіп жатар ойлы сөзімен Рәбиға апай айналасындағы адамдарды өзіне баурап алатын жан. Біраз жылдардан бері әрі ұстаз, әрі ақылшы дос апа деп танып жүрген жайымызда, бұл кісінің бірегей болмысына қызыға, сүйсіне қарауымыз ортайған емес.
Үйінде дидарлассаң, ақ жарқын, қазақ пейіліндей дарқан, қонақжай, он саусағынан бал тамған шебер үй иесі: қызметте ұшырассаң, айтулы ғалым азаматтардың өзі әрбір сөзіне ден қоятын, аса бір терең әдеп-ілтипатпен құрмет тұтар ғылым қайраткері.
Қазақ айтатын «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу Рәбиға апай жайлы ойлағанда еріксізескетүседі.
Кезінде жыр дүлдүлі Қасым аға балғын Рәбиғаға:
– Тіліңіз тәті,ойыңыз қандай!
Тыңдадым,ұқтым жан күйіңізді.
Болар ем күнде бір жасағандай,
Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!
Ойыңыз жарқын,тойыңыз жақын!
Қуаныш,бақыт – бір өзіңізде...
Жүрегіңізге тимесін салқын,
Ұрынба, жаным, ертелей күзге,–
деп тебірене арнаған жыр жолдары да ойымызға куә іспетті.
Әрбір тармағы сыр мен жырға толы шағын арнау ешбір түсіндірмені керек етпейді.
Рәбиға Ғалиқызы бойындағы және бір қасиеті– жастарға жақындық, жанашырлық.
Әртүлі сенбіліктерге жастармен қатар келіп, келіп қана қоймай, әдетінше тындырымды жұмыс жасауымен кей енжарымызға жалаң үгітсіз, ісімен өрнек болуы да аға ғалым білігіне тән жай. Тіпті, биік талғам мен киіне білу мәдениеті, әртүрлі ортада өзін-өзі алып жүру мәнері, сөз саптасына дейін Рәбиға апай баршаға үлгі боларлықтай. Өзі ғылыми жетекшілік жасайтын жас ізденушілерден бастап, өзге де көп жас ғылым айналасында үйіріле жүреді. Әрқайсысының ортақтасар ойы, айтар сыры бар.
Ғылыми совет мәжілісінде болсын, ГЭК-терде председательдік етсін, ииституттағы «Лингвистикалық жұманы» жүргізсін – баршасында диссертация, диплом қорғаушы жас, алғашқы ғылыми хабарламасын жасаушы талапкер алдымен Рәбиға апай тарапынан қолдау табады, жылылық сезінеді. «Тұсау кесерлерде» жоғары талап қоя отырып, апай жігер жасытпайтын жеңіл әзілмен көркейте отырады.
Алпыстың асуынан асар шағына – мол арналы, көп салалы ғылыми еңбектерімен, ғылымда қанаттандырған, үлкен жүрегінің бір жылуын ойында ала жүрер шәкірттерімен, көрегенді ұл-қызымен көпке қадірлі болып жетіп отырған Рәбиға апайға сүйсінбеске болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |