Абай сыйлығына –«Абай» энциклопедиясы1



бет2/32
Дата06.01.2022
өлшемі255,83 Kb.
#12521
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Нұршайықов Ә.

Халық жазушысы
«Абай» энциклопедиясы туралы сөз
Бұл кітаптың мұқабасының сыртында Абайдың алтынмен апталған суреті бар. Сурет көкжиектен арқан бойы көтерілген күннің қызыл шеңбері сияқты алтын сызықпен қоршалған. Оның астындағы «Абай Энциклопедия» деген екі сөз және алтынмен жазылған. Ұлттық өрнекпен әшекейленген қазақтың көк шапанындай (тіпті Абайдың өз шапанындай десе де болады) мол сыртқы тысын шешіп, мұқабасына көз салғанда-ақ, бірден оны «Алтын кітап» деп атауға болар еді. Ал оның 720 бетін асықпай ақтарып, әр мақаланы ойлана оқып шыққан адамның бұл томды «Мәңгілік мұра» деп атамасқа амалы және жоқ.

Энциклопедия жайында сөз қозғағанда аузымызға алдымен француздың атақты ағартушы-философы және жазушы Дени Дидро (1713-1784) мен француз математигі әрі ағартушы-философ Жан Лерон Д. Аламбер (1717-1783) түсері сөзсіз. Өйткені бұл екеуі дүние жүзіндегі ең алғашқы жүйелі энциклопедияны жасаған кісілер ғой. Ол алғашқы энциклопедия 1751-80 жылдар аралығында дүниеге келді. Осы отыз жылдай уақыт ішінде оның 35 томы жарияланды.

Дүние жүзіндегі бұл тұңғыш энциклопедияны шығарысуға Вольтер, Кандильяк, Гольбах, Монтескье, Руссо сияқты францияның ең ұлы ғалым, даналары тегіс атсалысқан.

Қазақстанда энциклопедияның іргетасы 1968 жылы қаланды. Осы жылы Ғылым академиясының қасынан энциклопедияның Бас редакциясы құрылды. Оған Қазақстанның ең таңдаулы ғалымдары, журналистері мен жазушылары қызметке шақырылды. Ұлт топырағында туған алғашқы энциклопедияшыларымыздың жетекшілері академиктер М. Қ. Қаратаев пен М. Қ. Қозыбаев және академияның корреспондент мүшесі Р. Н. Нұрғалиев болды.

Сөйтіп, қазақтың 12 томдық түңғыш энциклопедиясы жасалды.

Іле-шала соның негізінде бірнеше салалық энциклопедиялар басылды. Сексенінші жылдардың аяқ кезінде төрт томдық қысқаша энциклопедия қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.

Солардың соңын ала, міне, «Абай энциклопедиясы» дүниеге келді. Бұл энциклопедия қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналды.

Тағы бір қуанышты әрі мақтанарлық жай: бұл – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азия мемлекеттерінің мәдени тарихында алғаш рет жарық көріп отырған әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлеріне арналған бірінші басылым. Шығыс Еуропадан украин ақыны Тарас Щевченко, белорусь ақыны Янка Купала, ал атақты орыс әдебиетінен тек М. Ю. Лермонтов туралы ғана энциклопедиялар жарық көргенін ескерсек, солардың арасынан суырылып шығып, Абай жайында энциклопедия жасау қазақ халқының әдеби, рухани мол байлыққа кенелгенін көрсетпей ме? Бұған қалай мақтанбассың!

Қазақ халқының мәңгілік мақтанышы боларлық бұл кітапты дүниеге келтіру үшін Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының, сол сияқты А. Баитұрсынов атындағы Тіл білімі институтының және «Атамұра» баспасынын ұжымдары ұшан-теңіз жұмыс істеді.

Бұл энциклопедия Абай жайында көп мәлімет береді. Оның шығармаларының қайсысы қалай жазылғанын, кейіпкерлері кім екенін айтады. Шығыс, Батыс әдебиеттерінен алған нәрін, орыс әдебиетінен үйренген сабағын түсіндіреді. Оның дүние танымы мен дүниеге көзқарасының қандай екенін ұқтырады. Өнерге қосқан үлесін талдап, өскен ортасы, шығармаларындағы жер-су аттары, кітаптарының қашан, қайда щыққаны жайында мәліметтерге қанығасың. Қысқасы, Абайға қатысты қандай дерек қажет болса, соның бәрін тек қана осы кітаптан табасың.

Сонымен бірге бұл айтылғандардан басқа Абайдан бұрын және кейін өткен белгілі мемлекет қайраткерлері, ақын, жырау, шешен, шежірелер, билер мен батырлар жайында да және ақын шығармаларын халық қазынасына айналдыру жолында кеше еңбек еткен, бүгін де қызмет жасап келе жатқан ғалым-академиктер жөнінде де керегіңді осы кітаптан табасың. (Энциклопедияға кірген осы мәселелердің бәрін қамтитын 2 мыңға жуық атау бар.

Бұл энциклопедияны жасауға жоғарыда аталған екі институттан басқа Ұлттық Ғылым академиясының барлық институттары, Абайдың Семейдегі әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Қазақстан Республикасының Орталық музейі, Қазақстан Республикасының өнер музейі, кітап музейі, көркем сурет дирекциясы, республиканың ұлттық кітапханасы, мемлекеттік кітап палатасының ғылыми қызметкерлері атсалысқан.

Осынша қауымның атсалысуымен дүниеге келген бұл энциклопедия авторларының бәрі «энциклопедиялық» құрғақ баяндаудан бас тартып, тіпті қысқа мақалалардың өзіне дейін қызықты, тағылымды етіп беруге тырысқан. Соның нәтижесінде Абай энциклопедиясын оқыған адам ұлы ақын және оның заманы жайында мол мағұлматтарға кенеледі. «Абай энциклопедиясы» туралы бұл жалпы шолудан кейін, ондағы кейбір жеке мақалаларға және тоқтала кеткеніміз жөн. Бұл арада энциклопедияның ең алғашқы беті М. О. Әуезовтің «Қазақ халқының ұлы ақыны» деген мақаласымен ашылатынын айту абзал. Осы мақала ұлы романның прологы немесе үлкен операның прелюдиясы десе де болғандай. Абайдың өзі айтқандай «Алыстан сермеп, жүректен тербеген» асыл сөз әсем әндей болып, «шымырлап бойға жайылады». Осы мақаладан басталатын Абайға деген ыстық сезім энциклопедияның аяғыңа дейін оқырманды тебіренте тербейді де отырады.

Алғашқы беттегі әке бастаған сөзді ары қарай оның баласы жалғастырады. Ләйла Мұхтарқызы Әуезова Абайдың дәуірі, Абай заманы, оның елі, жері туралы шежірелі сыр шертеді. Автор келтірген дәлелді деректер энциклопедияға арналған анықтамалар жинағы ғана емес. Сонымен бірге ол анықтамалар оқырманның ойын оятады, оқиғаны өзінше талдап, баға беруге, тиісті қорытынды шығаруға жетелейді.

Сөйтіп, Абай өмір сүріп, дүние құбылыстарын өз шығармаларына арқау ете бастаған кезең қазақ қауымының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өміріне түбегейлі өзгерістер кіре бастаған кезі еді. Атап айтқанда, Ресей патшасы қазақ даласын өзінің түпкілікті отарына айналдырудың барлық саясатын табанды түрде жүргізіп жатқан шақ болатын. Ең алдымен, қазақтардың мемлекеттік құралымын жойып, хандық үкіметті құлатты. Жаңа әкімшілік құрылыстың басшысы, Батыс - Сібір губернаторы Сперанский Сібір қазақтары үшін 1822 жылы әзірлеген «Сібір қазақтары туралы жарғы» жүзеге асырылды. Бұл «жарғыға» сәйкес қазақ жері округтерге, болыстар мен ауылдарға бөлінді. Округтерді сайланып қойылған аға сұлтандар басқаратын болды. Бұрынғы ел қорғаны болған батырлардың бағасы төмендеп, билер институты мемлекеттік сот жүйесімен алмастырыла бастады. Әрине, бұл ыдырау аз күннің ішінде орындала салған жоқ. Қоғамдық құрылыс өзгеріп, халық ескіден арыла алмай, жаңаға көндіге алмай жатқан аласапыран шақта Абай дүниеге келді.

1868 жылы «Орынбор жене Батыс-Сібір генерал-губернаторлықтарының дала аймақтарын басқарудың уақытша ережесі» қабылданды. Енді қазақ даласы үш генерал-губернаторлыққа (Түркістан, Орынбор және Батыс-Сібір) бөлшектеліп, барлық әскери, азаматтық билік орыс заңы негізінде жүргізілетін болды. Өйткені жоғарыда аталған екі заң негізінде қазақ жеріне орыс шаруалары қаптап келіп, жапырлай жайғасып алған, жанталаса орнығып жатқан болатын. Осыған орай жергілікті халықты олардың бәріне ортақ орыс заңына бағындыру саясаты жүргізілді. Ал генерал-губернаторлықтар бірнеше облысқа, облыстар үйездерге, үйездер облыстар мен ауылдарға бөлінді. Мысалы, Батыс-Сібір губернаторлығына қарайтын, Абай туып, азамат болып өсіп келе жатқан Семей облысы Семей, Көкпекті, Зайсан, Баянауыл, Қарқаралы және Өскемен үйездеріне бөлшектелді. Осы бөлік, басқару принциптеріне байланысты (жер дауы, жесір дауы, болыс сайлауы...) жергілікті адамдарда жаңа психология қалыптаса бастайды. Қазақ елін келімсектер билеген саяси-экономикалық, психологиялық бұл өтпелі кезеңде Абай жасы жиырмадан асып, отызға қарай аяқ басқан азамат екен. Кейін, жасы қырықтан асқанда ол өзінің өлмес өлеңдеріне сол заманның жақсылы-жаманды осы оқиғаларын өзек етеді.

Осыдан кейін елін, жерін, бір жағынан, орыс өкімдері тонап, екінші жағынан, жергілікті щонжарлар қанаған «қалың елі, қазағы, қайран жұртының» ортасында Абай қалай өмір сүрді екен деген сұрақ туса, оған академик Зейнолла Қабдоловтың «Абай жолы» деген мақаласы жеткілікті жауап береді.

Бұл мақала қазақ халқының ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған атақты «Абай жолы» роман-эпопеясына арналған. Соның қысқаша мазмұнын айтады, қадір-қасиетін баяндайды. Оқыған адамның жанын жадыратып, ардақты Абайға, ол туралы жазылған осы атақты кітапқа деген сүйіспеншілігін одан сайын арттыра түседі.

«Абай жолы» эпопеясын әлі күнге дейін оқыған аз, оқымаған көп деп ойлаймын. Әсіресе, қазақ оқырмандарының шетінен оқи алмағаны аян. Оның бір себебі, орысшасының тиражы өте көп болғанымен, қазақша таралымы шектеулі болды: анда-санда бір шығарылды, аз тиражбен таратылды. Екінші себебін қазекеңнің бойкүйездігінен көремін.

Бұл мақаласында автор негізінен эпопеядағы ең басты екі кейіпкерге толығырақ тоқтайды. Желінің қос қазығындай ол қос кейіпкер Абай мен оның әкесі Құнанбай. Осы екеуінің іс-әрекеті арқылы роман-эпопеяның бүкіл мазмұны ашылады. Одан кейін, ол екеуіне халық бұқарасы өкілдерінің бірегей бейнелері Дәркембай мен Базаралы жалғасады. Үшінші сала сөздің арқауы романдағы жас-кәрі жүзге тарта әйелдердің іс-әрекеті. Олардың ең бастылары Зере, Ұлжан, Тоғжан, Әйгерім болса, осылардың әр қайсысының жеке-жеке тұлға-түрінің шығармада суреттелуі сөз болады.

Мақала авторының төртінші толғап айтатыны – бүкіл әлемді «жаулап алған» қазақ романының ғажайып тілі туралы.

«Абай жолы» қазақ қауымының жарты ғасырлық жанды тарихы: дала жыры, халық мұңы, дананың сыры ғой, шіркін! Әрине, сіз оны оқыған боларсыз бұрын. Бәлкім, екінші рет бастауыңыз да мүмкін.

Бірақ неше рет оқып, қанша тамсансақ та, сол тамаша тілдің Абай тілімен төркіндес екенін аңғардық па, сірә? Сөйтсек ол екеуі де (ақын да, жазушы да) Шығыстың көркем сөз өнерінде кеңінен тараған илтизом, таносуб, иштиқоқ тәсілдерімен жазылған екен-ау. Осының ерқайсысының айқын мысалдарын атақты ғалым Е. Жанпейісовтың осы эпопеяның («Абай жолының») тілі туралы жазған мақаласынан (43-45 беттер) аңғарасыз. Аңғарасыз да, өзіңіз елде бір жаңалық ашқандай шаттанасыз. Абай мен Әуезовтің орыс сөздерін төл тілге кіріктіру құбылыстарын да осы мақаладан табасыз. Табасыз да, осы күнгі орыс сөзінен жаппай үркудің орынсыз екенін аңғарасыз. Өйткені сіз бұл тіл маманының 1976 жылы шыққан «М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі» деген құнды кітабын бұрын оқыған боларсыз. Осыдан кейін ол кітапты оқуға және ықыластанасыз.

Абай өлеңдерінің тіліне тәнті болып, оның әрбір сөзіне сүйсінгеніңізбен, сол тамаша тілді зерттеп, зерделі баға бергендердің кімдер екенін білеміз бе? Сөйтсек, Абай поэзиясының тілі жөнінде алғаш пікір айтқан ардагер ғалымдарымыз Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екен. Қашан, қайда айтқан десеңіз: 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақтың бас ақыны» деген екеуі бірлесіп жазған көлемді мақалада айтыпты. Олардан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров Абай өлеңдеріне және өте жоғары баға беріпті. Олардан кейін Ы. Мұстамбаев, М. Әуезов, Қ. Жұбанов, I. Жансүгіров, Е. Ысмаиылов, 3. Шашкин ұлы ақынның тіліне деген өз көзқарастарын білдіріпті. Ал Қажым Жұмалиев Абайға және Абай поэзиясының тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, артынан оны көлемді кітап етіп жариялаған.

Бұлардан басқа жиырма шақты жазушы, ғалымдар Абай тілі тақырыбына ат салысқан. Соның бәрінің қорытындысындай болып, 1968 жылы «Абай тілі сөздігі» шыққан.

Міне, бұл жайларды 56-57-беттердегі атақты тіл ғалымы Рәбиға Сыздықова жазған «Абай тілінің зерттелуі» деген мақаладан аңғарасыз. Рәбиға Сыздықова 1959 жылы «Абай прозасы тілінің морфологиялық ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» деген монографиялар жариялады. «Абай тілі сөздігінің» жарыққа шығуына белсене атсалысты.

Ғалым былай дейді: «Қазақтың ауызша әдеби тілін Абай жақсы білді, барын алып, жоғын толықтырды, жаңа кезеңге көтерді, дамудың жаңа бағытын бастады, оны қазақ халқының жаңа жазба әдеби тіліне ұластырды. Бұл тіл қазіргі ұлттық, мемлекеттік тіліміздің бастамасы, арқауы, іргетасы болды» (108-6.).

Абай даналығын таныту жолына бар ғұмырын сарп ете қызмет еткен мұндай ғалымдардың есімдерін осы энциклопедиядан тауып, олар туралы да тиісті дерек, мәліметтер алу да ғанибет екен. Сондай ғалымдар қатарынан Зәки Ахметов, Қайым Мұқаметханов, Мекемтас Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағүлов, тағы басқалардың есімдеріне де ерекше ілтипатпен қарайсыз. Осы энциклопедияның жасалу барысында көп қызмет еткен 3. Ахметов екені айқын аңғарылады. Абайдың көп өлендеріне білікті академик саналуан зерделі түсініктер айтқан.

Мақаламыздың жоғарғы жағындағы кіріспе тарауда француз энциклопедияшылары жайында сөзеттік.Оның ұйымдастырушылары болған Дидромен Д.Аламбер есімдерін атадық. Авторларының кімдер болғанынан түсінік бердік. Бірақ Дидроның франуз халқының ойын оятып, санасын сәулелендіру үшін ғылымныңсан қилы саласынан нақты мәлімет беруге арналған ұстаздық кітапты – энциклопедияны шығару жолында көрмеген қорлығы, таппаған бейнеті болмағанын айтқанымыз жоқ. Осы жолда, ол түрмеге де отырды. Энциклопедияның бір ғана 8 томын жарыққа шығара алмай, сегіз жыл сандалды. Сонда да ол энциклопедия шығару ниетінен қайтпады. Дін басшыларының және үкіметтің қудалауына шыдамай, көптеген достары Дидроның қасынан қашып кетті. Сенімді серігі Д. Аламбер де сөйтті. Энциклопедия басшысы ретінде, философ, әрі драматург санатында көптеген қуғындарға ұшыраған Дидро кездескен қиындықтардың бәрін жеңіп, ақыры ол энциклопедияның кезекті томдарын тегіс жарыққа шығарды.

Абайды зерттеу жолында көп қиындықтарға, қудалауға ұшырағандардың бірі ғалым Қайым Мұқаметханов болды. Ол сонау жас шағынан бастап, Абайды зерттеуге кірісті. «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазды. Оған Әуезов жетекшілік етті. Бірақ Абай мен Әуезовтің дұшпандары ол диссертацияны қорғатпады. Қорғату орнына Мұқаметхановты сол еңбегі үшін «халық жауы» атандырып, түрмеге айдатты. Бірақ қайсар ғалым түрмеден шыққаннан кейін «Абай заманының ақындары» деген тақырыпта баяғы «құлаған» диссертациясын қайта қорғады. Өзінің ұзақ жылдар сарыла зерттеуінің нәтижесінде «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» деген ғылыми еңбегін кітап етіп (1959) жарыққа шығарды. Абай мұрасын терең зерттеген білгір ғалым ақын шығармалары, басылымдарындағы текстологиялық өзгерістерге, кемшіліктер мен қателіктерге ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдау жасады. Абайдың 150 жылдығы қарсаңында өзінің өмір бойы зерттеп келе жатқан тақырыбы «Абайдың ақын шәкірттері» деген үш томдық кітабын жариялады. Сөйтіп, Абай шәкірттері Ақылбай Құнанбаевтың, Мағауия Құнанбаевтың, Тұрағұл Құнанбаевтың, Кекітай Ысқақұлы Құнанбай немересінің, Көкбай Жанатайұлының, Уәйіс Шондыбайұлының, Әріп Тәңірбергенұлының, Мұқа Әділхановтың өлеңдері мен өмірбаяндарын жариялап, қазақ әдебиетінің Абай дәуірінің көкжиегін кеңейте түсті.

Энциклопедияны «Мәңгі өлмейтін өте зор еңбек» деп бағалаған француздың атақты ағартушысы, философ, тарихшы әрі жазушы Вольтер Дидро энциклопедиясында қызмет істеуге тілек білдіріп: «Өмірімнің қалған бөлігін Сіздерде шәкірт-энциклопедист боп өткізсем арманым болмас еді» деп жазған екен. Бұл кезде Вольтер 59 жаста болса керек.

Сол атақты Вольтердің тағдырын ардақты Қайым аға қайталапты. Абай энциклопедиясының редакциясы құрылғанда соған қызметке сонау Семейден Мұқаметханов шақырылды. Қарттығына қарамастан Қәкең астанаға қуана келіп, қызметке құлшына кірісті.

Аталған апа, ағаларымен ілесе жас ғалым Таңатқан Рсаевтың да Абай энциклопедиясына көп еңбек сіңіргенін аңғарасыз. Р. Нұрғалиевтың Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов туралы жазған көлемді мақалалары да, Т. Қожакеевтің Абайдың сатиралық шығармаларына жасаған талдаулары да ерекше көзге түседі. Солармен бірге Ғ. Есімовтің Абайдың қара сөздеріне арналған сериялық мақалаларының бітімі бөлек екені және аңғарылады.

Энциклопедияның әр бетін ақтарған сайын Абайдың даналығының сан салалы нәріне сусындап, оның өнерінің әр қырын түсінгендей боласың. Бір беттен бір бетке көшіп, Абай әлеміне тереңдеп бойлай түсесіз. Оның даналық университетінен дәріс тыңдағандай әсерленесіз.

Сондай тұшынып, тамсанып оқитын мақалаларынның бір тобы Абай әндері жайындағы, Абай өлеңдеріне ән шығарған композиторлар туралы, Абай әндерін орындаушы күміс көмей әншілерге арналған мақалалар болары даусыз.

Мінеки, атақты «Айттым сәлем, Қаламқас» туралы мақала. Бұл өлеңнің әнін де 1889 жылы Абай шығарған. Содан бері бұл ән-өлең қазақ халқының аузында бір ғасырдан аса уақыт бойы үздіксіз шырқалып келеді.

Абайдың «Алыстан сермеп» деп басталатын атақты ән-өлеңі «Сегіз аяқ» туралы мақала ұлы Әуезовтің қаламынан туған. Жалпы көлемі 8 тармақты 25 шумақтан тұратын бұл өлеңнің мазмұны қысқа түрде тамаша айтылған. Қазақ музыка өнеріндегі бітімі бөлек, мүлде жаңа бұл ән ең алғаш 1920 жылы нотаға түсіріліпті. Ал атақты А. В. Затаевичтың «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына кірген Абайдың төрт әнінің бірі де осы «Сегіз аяқ» екен. «Сегіз аяқты» сазына келтіріп көп әншілер шырқаған. Олардың алғашқылары Абай аулындағы сонау Әлмағамбет, Мұқалар болса, олардан кейін Мұстафа Нұрбаев, Құстай Мырзабеков, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Мәкен Мұхаметжанова (Абайдың шөбересі) екен. Солардың ішінде «Сегіз аяқтың» бағын ерекше жандырған екі әнші кеше көбіміз көздерін көрген Жүсіпбек Елебеков пен Жәнібек Кәрменов екені аян.

Сол сияқты Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» өлеңіне ән шығарған атақты композитор Сыдық Мұхамеджанов өнеріне қалай сүйсінбессің. Осы ғажайып әннен басқа Абайдың жиырмадан астам өлеңіне ән, романс, кантата шығарған бұл қадірлі композиторға қалай разы болмассың!

Абай энциклопедиясына термин боп кіру де, оған арнап мақала жазу да – абырой. Сондықтан бұл мәңгілік мұраға аттары кірген де, кірмеген де – арманда.

«Кірмеген де – арманда» дейтінім – Абай негізін салған жазба жаңа әдебиетті өркендетуге өмір бойы аянбай атсалысып келе жатқан, жастары сексен-тоқсанға келген кейбір ақсақалдардың қазақтың бұл жалғыз әдебиет энциклопедиясына кірмей қалуы. Абайға, әдебиетке қатысы жоқ бірсыпыра академиктерге орын тигенде, әдебиет академиктері есептелетін ат төбеліндей аз ғана халық жазушыларының тегіс кірмегеніне қалай өкінбессің. Олар: Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілев, Тұрсынхан Әбдірахманова, Әбу Серсенбаев, Мәриям Хакімжанова екен. Жалғыз Халық қаһарманы жазушымыз Қайсенов Қасым да жоқ. Осылар – Абайға арнап ең кемі бір-бір өлең жазған адамдар. Сол сияқты Әлихан Бөкейхановтың Абай қайтыс болғаннан кейін оның өмірбаянын орыс тілінде жазып, 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіне бастырған қазанама-мақаласын архивтен алып, «Простор» журналына жариялатқан Әди Шәріпов еді. Қазақстан Жазушылар одағы мен М. О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтын ұзақ жылдар басқарған ол марқұмның аты да бір жерде аталмапты.

Мінеки, энциклопедияның ең соңғы беттеріне де жеттік. Ондағы энциклопедияға жалғанған қосымшаларға қарап, Абайдың ана тілін байыту үшін басқа тілдерден кіргізген сөздерінің де едәуір екенін біліп, таңқаласыз. Жеті жүзге жуық (дұрысы 661) сөз енгізіпті. Олар: араб, латын, шағатай, парсы, татар, орыс, ноғай тілдерінен алынған абыз, адвокат, апат, әдеби, әз, әм, әуез, бикүнә, бихабар, бөтелке, губернатор, ғақлия, ғалам, ғанибет, ғибрат, дауа, доктор, жамарат, жиһан, иман, кәмелет, лағнет, ләззат, ләзім, майор,мұқым, мінәжат, намаз, нәфсі, нөл, нөмір, ояз, партш, перзент, пияншік, поднос, прошение, рюмке, самородный, стақан, старшын, сүхбат, уәзір, уәкіл, хакім, хикмет, шәрбат, ынтызар, тағы басқа сөздер екен. Абай кіргізгенбұл сөздердің де тілімізді көркейтіп, сөз қорымызды көбейтуге ойдағыдай көмектесіп тұрғанына дау бар ма?!

Осыдан кейін ұйқас сөздігі беріліпті. Өзінің өлмес өлеңдерінде Абай ұйқастырған сөздерге зер салудың өзі қандай ғанибет. Әсіресе, жас шәкірттер мен болашақта ақын болудан үміті барлар үшін таптырмас тамаша тарту деп білген жөн бұл қосымшаны.

Одан әрі жалғасатын «Тіл жиілік сөздігінің» өзі бір қазына. Бұл лингвистикалық статистикадан ақын қолданған сөздер мен сөз формаларын және олардың қайталану жиілігін көреміз. Оның ішінде сөз таптары, сөздердің грамматикалық тұлғалары туралы тілдік деректер сайрап тұр.

Энциклопедияның ең соңында есім көрсеткіштері жарияланыпты. Қай жазушы, қай ақын, қай ғалымды немесе қай композитор, әншіні, сол сияқты Абайдың суретін салған қай суретшінің өмірбаяндарынан деректер білгіңіз келсе, онда көрсеткішке үңіліп, оның қай бетте екенін табасыз. Табасыз да, тілеген адамыңызбен «тілдесесіз». Мысалы, Абай өлең арнаған Күлембай деген кім екен десеңіз, оны 295-беттен білесіз. Назар немесе Разақ кім екен десеңіз, есім көрсеткіші сізді 423-бетке сілтейді, содан табасыз.

Ең ақырында, бас суретші М. Қисамиденовтың, кітапты безендіруші И. Исабаев пен Л. Тетенконың, сол сияқты энциклопедияға түрлі-түсті суреттер әзірлеген бір топ суретшілер мен фотографтар еңбегін, бұл кітапты басыпшығарған «Атамұра» баспасының Бас директоры Мұхтар Құлмұхаммед пен баспаның басқа қызметкерлерінің қажыр-қайратын сүйіспеншілікпен атап өту абзал. Энциклопедияда Абайдың әр алуан суретшілер салған портреттері мен Абай ұрпақтарының суреттері берілуі, Абай әндері мен күйлерінің ноталары қоса жариялануы, Абай атына қатысты тарихи орындардың тамаша түрлі-түсті суреттерінің орын алуы асыл кітаптың ажарын арттыра түскен. Жан тебірентер жақсы суреттер де оқырман көңілін қуанышқа бөлейді.

Энциклопедияның ең соңғы бетін жауып, орнына қоюға асықпай, шексіз ризалық, ықыласпен оның сыртын сипайсыз. Сипай бастағанда әлдебір әсем әуендердің толассыз толқыны құлағымызға келіп, құйылып тұрғандай болады. Жүрегіңізді тербеп, жаныңызды желектей желбіретеді ол әуен. Бәлкім ол арғы абыз бабалар Асанқайғы мен Қорқыттың, Бұқар жырау мен дүлдүл Дулаттың сарындары шығар. Немесе бергі Ақан мен Біржанның, Әміре мен Манарбектің, Қанабек пен Құрманбектің, ағайынды Абдуллиндердің әуезді әуендері болар. Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Дина Нұрпейісова мен Төлеген Момбековтің күмбірлеген күйлері, Сәкен мен Шәкеннің, Сәбит пен Ғабиттің, Мұхтар мен Қаныштың, Қалыбек пен Серкенің, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің саңғырлаған сөздері, Сара мен Шараның, Күләш пен Сабираның, Бибігүл мен Шолпанның және өнерпаз Розалардың сахнада сыңғырлаған күміс күлкілері болар. Әрине, ол – бүкіл қазақ ғаламының үні. Ол – Абай әлемінің әуезі.

– Абайды оқы! – деп бар қазаққа жар салғың келеді содан соң.
Қазақ әдебиеті. 19996. 12 қараша



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет