Домбаев Есенжол
жазушы
Қосылған қос өзен секілденіп
Осы очеркті жазу үстінде мен бір әңгіме жазғаннан кем толғанғаным жоқ. Бірақ қанша ойлансам да, осы очеркке атақты ақын ағамыздың осы бір әйгілі өлең жолдарынан артық ат таба алмадым. Арқандаулы аттай осы бір тіркеске келе берем,келе берем.
...Қосылған қос өзен секілденіп...
Қандай дәл айтылған!
...Өмірде не сарқылмайды. Ой сарқылмайды. Ал менің қадірлейтін осы екі адамым – ой еңбегінің адамдары...
...Өмірде не сарқылмайды? Басын асқар таудан алып жатқан қайнарбұлақ сарқылмайды.
Ал мен әңгіме еткелі отырған бұл екі адам да, сол қайнар бұлақ тәрізді, өз бастауларын халық деген алып таудан алып жатыр. Өйткені бұл кісілер де сол бәлен бұлақтан тұратын арналы өзен тәрізді дара көрінетін дарындылықтарымен, халық деген таусылмас қазынадан өмір бойы жинаған ілім-білімнен бүкіл елді сусындатып келеді.
Тіпті мен әңгіме еткелі отырған бұл жандармен өздеріңіз де кітаптардан, газет-журналдардан, өздерінің шығармаларынан талай рет жүздестіңіздер. Болмаса, экрандар мен театр сахналарынан көрдіңіздер.
Өйткені, оның бірі – әйгілі халық әртісі, әрі ақын Шахан Мусин де, екіншісі – атақты ғалым Рәбиға Сыздықова.
Шахаң – сахнагер болғанда, еңбегі бағаланған, Қазақстанның халық әртісі. Алайда, бұл – оның еңбегінің бір ғана қыры.
Ал, екінші қыры – ақындық. Иә, иә, кәдімгі өлең жазатын шайыр. Және оқушы қауым мойындаған ақын. Ең сұмдығы – сол үшін жаза тартқан ақын. Қолыма атты, жыл он екі айдың тоғызында қыс болатын, жер тамұғында артық-кемі жоқ он сегіз жыл отырып келген адам. Не үшін айдалды дейсіз ғой. Ақиқатты айтқаны үшін айдалды. Сол ақиқатты өлең сөзбен өрнектегені үшін. Өйткені шындықтың маңдайы қасқа болады. Ал, Шахан Мусин, өнерін көрсетуге сахнаға шықсын, өмірде жай, қарапайым адам есебінде жүрсін, сол шындықтан бірадым кейін аттаған жан емес. Біреу түсінген болар, біреу түсінбеген болар, онда оның шаруасы болған емес. Өнерін көріп, сүйсінгендер мақтап жатты. Жазықты жандай сыналған кездері де болды. Сондай сыншылардың бірі – осы жолдарды жазып отырған менің өзім.
Бірақ сол сынаулардан Шахаң әрқашанда биік тұра білді. Күйіп- піспеді. Күйінгеннен, кейбір дарындыларымызт әрізді, ішіп те кетпеді. Ұнжырғасы түсіп те кетпеді. Өз биігінде қала білді.Бір жолы сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Қапан Сатыбалдиннің маған: «Ай,балалар-ай!Ішіп алған мас шопыр тәріздісіңдер. Орбар, құзбар демейсіңдер. Тартасыңдар да кетесіңдер! Мен де аңдамай қалыппын. Кеше, сенің мақалаң жарияланғасын,о сында ШаханМусин келді. Қолтығында жұп-жуан папкасы бар екен. «Қапеке, мен өнерімді сахнада көрсеткеннен басқа не жаздым? Өнер болғасын, бірде ойдағыдай шығады, бірде ойдағыдай шықпайды. Сол үшін мен айыптымын ба? Сіз осы жерде мүмкіндігінше тізгінді тең ұстау үшін отырған жоқсыз ба? – деді. Не дерімді білмедім,дегені әлікүнге есімде». Ол кезде өнер адамының жаны нәзік болатынын, сәл-пәл қиянатқа қатты қиналатынын, ал оның бәрі жүрекке ұратынын біз білсек ше? Кейін Шахан аға ойнаған бейнелерді талай мақтадық та ғой. Әсіресе әлі күнге көз алдымнан кетпейтін, үні әлі күнге құлағымда жүрген Зейнолла Қабдоловтың «Жалын» драмасындағы профессор бейнесін қалай ұмытуға болады.
Соны жабыла мақтадық. Бірақ ол сонау нақақ сынның жарасын жаза алды ма екен?... Әй, қайдам... Онан кейін де Шахаң қазақтың қара шаңырақ театрында талай-талай ұмытылмас бейнелер жасады, қиын-қиын күрделі рольдерде ойнады. Соның бәрінде ол сахнагерлікті ақындықпен қатар ұстанып келеді.
Шахаңның талай өлеңдері жарық көрді де. Оны қалың оқырман қауым жылы қабылдады да.
Бірақ соның бірде-біріне Шахаң көкірек қаққан емес.
Шахаң 1913 жылы желтоқсанның 27-ісінде сонау Керекудің Май ауданында Ақжар деген ауылда өмірге келді. Рулары найман екен. Оның ішінде Тортуылы көрінеді. Әкесі Әлмұқан мен анасы Биғайшаның отбасына қосылған ұлды бүкіл ауыл болып тойлайды. Көршісі анасына қой сойып қалжа береді, балаға ұзақ өмір тілейді. Әрине, сексен жас шек емес, Бірақ сексен жасқа келген де бар,келмеген де бар. Осы тұрғыдан қарағанда қалжаға сойылған сол қойдың еті мен өз міндетін атқарған тәрізді. Бертін келе ақын жанды бала өлең де жазған. Өлеңі газетке бірден басылған. Сол түскір бірден жетекке алып Алматыға келген. «Қазақстан пионері» газетінің бірінші санын шығарысқан. Бұл тұрғыдан ол қазір көзІ тірі жалғыз адам. Бірден-бір куә.
Адал пионер бала ақ жүреккомсомол болған. Оны жырына да қосқан.
...Содан бастап, сол сағаттан,сол күнмен,
Қызығы мол, сыйлығы мол, комсомол!
Сол бір күнгі жолдамадан, зор үннен,
Ұшар ұямөзің болдың комсомол... – деп шалқыған жас кейін сонысына бармағын шайнап, Колыма атты тамұқта:
Қанына ыза тым сіңген,
Тініткен құздың қойнында.
Күндіз-түні тімсінген,
Кездестім тағы құзғынға –
деп те күйінген. Өлең сөз ауызға солай түскен, жыр солай жазылған. Бірақ ол «Мен – ақынмын, сыбағам қайда?» – деп, ешкімге міндет артқан емес. Сахнада, өлең сөзде сыршыл болса, өмірде сырбаз. Сондықтан да қазаққа мақал болып кеткен «сексенге келіп селкілдейтін кезде» бала-шағасының ардақтап, мақтан тұтып жүрген әкесі, отағасы.
...Әңгіменің бірте-бірте Рәбиға апайға да ауысар кезі келді. Қазақ тілі ғылымының бір діңгегі Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың, өмірі мен творчествосына жастайынан ғашық апайымыз оны ауыр жолдағы шамшырақ, қиын кездегі компосы ретінде ұстанып келеді екен. Сол шамшырақты жел үрлегенде, шырылдап қорғаған да кезі болыпты, бүкіл ел дүр сілкініп көкке көтергенде, масаттанып, масайраған да кезі болыпты.
Менің: Ахаң творчествосын зерттеуіңізге не себеп?» – деген сұрағыма ол кісі:
– Бұған 1977 жылы осы үйге көшіп келгесін «құтты қоныс болсын!» айта келген ақын Хамит Ерғалиев ағамыз себеп болды – деді. – Ол кісі сөзінің бір иінінде: «Ахаңды жарыққа шығармай, біреуіңді тіл маманы деп мойындамаймын!» – деп салды. Заман қытымырлау болса да 37-жыл емес еді ғой. Сол сөз қамшы болды да, содан басталған ізденулер мен іздеулер әлі күнге созылып келеді... Созыла беретін де шығар...
«Ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Рас сөз ғой. Ғалым апайымыз сонау 1966 жылы қапыда кеткен есіл ер, ғалым ағамыз Құдайберген Жұбанов туралы «Ғалым-азамат» атты кітап шығарыпты. Содан бері шамамен жылына бір кітаптан жазып тұрған. Мен көрген, он екі кітаптың әрқайсысы сарылып отырып жазған ұйқысыз түндер, айтыс-тартыстар, үлкенді-кішілі пікір қақтығыстары...
Сонда, осы бір кәдімгі қарапайым тірлікте таңқаларлық бір сыр бар. Кәдімгі барлық әйел затына тән үй, тіршілік тауқыметі, бала тәрбиесі, немере бағу, үй ұстау, сан-сапалақ жиналыстар, ғылыми дәреже алуға қорғалатын диссертация таластары, сол таластар алға тартатын пікір қақтығыстары, тағысын тағылар... Соның бәріне бұл кісі уақытты қалай жеткізген. Өз басымызда таң атса, күн батады. «Бүгін біраз шаруа бітірермін» деп кірісесің-ақ. Түнде жатарда ойлайсың – түк бітірмеген болып шығасың. Бұл сұрағымызға Рәбиға апай күледі.
– Бұл сұрақты акедемиктерден бастап аспиранттарыма дейін қояды, – дейді Рекең. – Оны өзім де білмеймін. Әйтеуір, құдайым әйел
етіп жаратқан соң,бір қолыңда ожауың, бір қолыңда қаламың, бір
қолыңда жуылатын көйлек-көншегің, бір қолыңда тамақ таситын
тор-себетің,бір қолыңда...неше уболып кетті өзі...
Бұл сөзге мен күлем. Шахан аға жымияды...
– Айналайын, – дейді апай маған, осының бәрінде дәтке қуат бір нәрсем бар: жазған кітаптарым кітап сөресінде жатпайды. Нансаң: дүкенге жақында түсті, алам ғой деп жүргенде, өтіп кетеді де, өз кітабымды өзім іздеп жүргенім...
Қызық, әрине. Автордың жазуға уақыты бар, дүкендегі кітабын сатып алып келуге уақыты жоқ... Бірақ бұл – айдай ақиқат нәрсе... Ал осы жайттың бәрі сонау 1945 жылы Алматыға Ақтөбеден республикалық мұғалімдер жиналысына делегат болып келген қаршадай ауыл қызының бір батыл әрекетінен басталған ғой. Қызыл дипломды қыз өткір болған. Жиналыста қарсыласының кім екенін білместен, пікір таластырып та қалған. Сол жиналыста бір дуалы ауыздан: «Жанып тұрған бала екен» – деген сөз шығып кеткен. Бірақ бұл сөзді маған апай айтқан жоқ, бұдан біраз жыл бұрын жазушылар арасындағы бір сөз иінінде үлкен бір жазушы ағамыз айтқан. Ол кісінің аты-жөні – Қазақстан халық жазушысы Әбу Сәрсенбаов. Мен Рәбиға апайдың әкесінің де 1937 жылы сталиндік зұлмат құрбаны болғанын осы жолы білдім.
– Шахаң екеуміздің отандасуымыздың, да бас себебінің өзі осы, – деп күледі ғалым апамыз. Атақты Дездемонаның Отеллоға айтатын: «Я его за муки полюбила!» деген сөзінің тап осы арада алдымнан шығатынын мен қайдан білейін... Тек осы сөз есіме түскеннен кейін ғана осы очерктің аты да тіліме өзінен өзі орала берді...
Достарыңызбен бөлісу: |