«Абай» энциклопедиясы – ұлттық мақтаныш
«Ердің атын елі шығарады, елдің атын ері шығарады» деген дана халқымыз. Осы сөздің растығын ұлы Абайдың тағдырынан көріп отырмыз. Қазақ халқының ойшыл ақыны Абай ХІХ ғасырдың екіншгі жартысында өмір сүріп, артына өлмес өлеңдерін қалдырды. Заманынан озық туған дана Абай түрлі себепттермен кезінде өзіне лайықты бағасын ала алмады...
«Алтынды тот баспайды». XX ғасырдағы қазақ ұрпағы Абайдай асылын ардақтап, әлемдік әдебиеттің алыптарының қатарына қосты. Туғанына жүз елу жыл толуын дүниежүзілік көлемде атап өтіп, ат шаптырып, ұлан-асыр той өткізді. Ұлы Абайдың шығармалары халқымыздың рухани қайнар бұлағына айналды; шет тілдерге аударылып, әлем халықтарының рухани игілігіне қосылды. Сыңғырлаған сұлу сөздерінен жарқ-жұрқ еткен даналық ойларын шашып тұрған ақын поэзиясы жайлы мыңдаған зерттеулер жарияланып, Абайдың ұлылығын әлемге паш етуде. Өткен жылы «Қазақ энциклопедиясы» (бас редакторы Р. Нұрғалиев) дайындап, «Атамұра» баспасы (бас директоры М. Құл-Мұхаммед) басып шығарған «Абай» энциклопедиясы Абайды тану жолындағы жүз жылға жуық ізденістердің заңды қорытындысы іспеттес, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының өміріндегі үлкен оқиға болды.
Абай артына өлеңдері мен өлмес ескерткіш қалдырса, бүгінгі зиялы ұрпақ оны одан әрі биіктетіп, «Абай» энциклопедиясын мәңгілік мұра етіп ұсынды.Ескерткіштің түрі көп. Бірақ осылардын қай-қайсысы болса да уақыт деген ұлы сыншының алдыңда төтеп бере алмай, өзгеріп жатады. Ал тасқа басылған жазба ескерткіш мәңгілікке кетеді; ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жетіп, руханият көзіне айналып, қызмет етеді. Біздіңше, «Абай»энциклопедиясы да осындай айтулы ескерткіштердің қатарында.
«Соқтықпалы, соқпақты жерде өскен» Абайды таныту жолдары да талай тайғақты жерлерден өтті. Абайдың жарық көрген алғашқы өлені «Жаздыгүн шілде болғанда», «Дала уалаяты газетінің» 1889 жылғы 7-санында «Семей оязы Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай аулының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырып түсініктемемен басылған екен. Алғашқы өлең кітабы 1909 жылы шықты. Ал Абай туралы алғашқы мақаланы ақын қайтыс болған соң бір жылдан кейін Ә.Бөкейхан жазады; орыс тіліндегі ақынның өмірбаяны Семейде шығып тұрған «Семипалатинский листок» атты газетте 1905 жылы жарық көреді. Абайтанудың іргесін қалаушы Алаш азаматтары К.Ысқақұлы, А. Байтұрсынов, Н. Дәулетов, М. Әуезовтердің есімдері ыстық ілтипатпен аталады. Кеңес өкіметі жылдарында солақай саясаттың дүлей дауылдары соққаңда қара бұлт алдымен Абайдың мұраларын тұмшалауға тырысты. Абайды арашалап қалу бүкіл қазақтың ұлттық рухани қазынасын сақтап қалумен бірдей еді. Міне, осындай қиын-қыстау тұстарда С. Торайғыров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ө. Сағди, Ә. Мәметова, Б. Кенжебаев, Ы. Мұстамбаев, Қ. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Қ. Мұхаметханов сияқты ұлтжаңды зиялылар ұлы ақынға араша түсті; соңынан осы әрекеттері үшін қуғынға да ұшырады. Қанша көлегейлегенмен де, күн шықпай қоймайды. Заман өзгерді, заманмен бірге адамдардың сана-сезімінде ілгерілеулер, жаңарулар жүріп өтті. Абайдың аты қайта жарқырады. Қазақ ғалымдарының зерделі зерттеулерінің нәтижесінде абайтану ілімі қапыптасып, кемелдік күйге жетті; соның нәтижесіндей «Абай» энциклопедиясы өмірге келді.
Абайтану жүріп өткен жолдарды шолып, өткеннін өкінішті өмірлерінде айтыңқырап жатқанымыздың себебі – «Абай» энциклопедиясының өмірге оңай келмегенін, небір қиын-қыстау кездері, тар жол, тайғақ кешу жолдардан өтіп барып, жүзеге асқандығына және жекелеген мақалалардан бастаған Абай туралы ілімнің бұл күндері энциклопедиялық дәрежеге жеткендігіне, қазақтану ғылымының үлкен бір саласына айналғандығына тағы да назар аудара түсу. Сонымен, көлемі 120 баспа табақтай 720 беттік 2 мыңдай мақаланы қамтыған, түрлі-түсті суреттермен көмкеріліп, жақсы мұқабамен қапталып шыққан «Абай» энциклопедиясының жарық көруі халқымыздың саяси-мәдени, ғылыми дамуындағы мән-маңызы зор айтулы оқиғалардың бірі. Мұндай энциклопедиялардың әлемдік тәжірибеде өте аздығын, Т.Г. Шевченко (1977), М. Ю. Лермонтов (1981), Я. Купала (1986) өмірлеріне арналғандары сияқты саусақпен санарлықтай екендігін ескерген жөн. Осындай азды-көпті жеке адамдарға арналған энциклопедиялық тәжірибелерді пайдаланып, жетілдіре отырып жасалған жеке тұлғаға арналған «Абай» энциклопедиясы қазіргі заманның жоғарғы талаптарына толық жауап бере алатын ғылыми-көпшілік еңбекке, ұлттық ғылым-біліміміздің қоғамдық, ілімдер сапасының жетістіктерінің биік өресін байқататын білім қазынасына айналды.
«Абай» энциклопедияның өзіндік ерекшеліктерімен, жазылу, құрылу принциптерімен таныстыратын осы басылымның бас редакторы Р. Нурғалиевтің алғысөзімен ашылған. Абайды танытуда қазақтың екінші бір азаматы Мұхтар Әуезовтың еңбегі ерекше. Мұқаңның «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты көлемді мақаласы алдымен беріліп, энциклопедияға кіріспе, Абайдың творчестволық портреті қызметтерін атқарып тұр. Содан кейін берілген қоғамдық ғылымдардың түрлі салаларының айтулы өкілдерінің мақалаларында Абай тұлғасының азаматтық, ақындық, ғүламалық, әлеуметтік, отбасылық қырлары жайындағы мақалалар алфавиттік жүйемен берілген. Тақырыптық жағынан келгенде Абайдың шығармалары, оның басылымдары, олардың кейіпкерлері, Абайды зерттеушілер, ақынның өскен ортасы, Абай және қазақ тілі, Абай және Шығыс, Батыс, шет ел әдебиеттері, ақынның дүниетанымы, Абай және өнер, Абай шығармаларындағы географиялық атаулар, Абай сыйлығының иегерлері, Абай атындағы елді мекендер - қысқасы Абай есіміне қатыстылардың барлығы дерлік қамтылған. Абай поэзиясының поэтикасы, Абайдың өмірлік, діни көзқарастары, философиялық, эстетикалық, этикалық, психологиялық, педагогикалық, экономикалық ой-пікірлері жайлы энциклопедияда мол мағлұматтар, тың деректер бар.
Энциклопедияны жазысуға қазақтың маңдай алды ғалымдары түгелге жуық қатысқан. Олардың қатарыңда М. Әуезовтен бастап Ә. Марғулан, Т. Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ө. Жиреншин, Қ. Өмірәлиев, 3. Қабдолов, 3. Ахметов, Р. Бердібаев, Т. Кәкішев, X. Сүйіншәлиев, Ш. Сәтпаева, Қ. Мұхаметханов, М. Мырзахметов, Р. Нұрғалиев, Ө. Дербісәлиев.Ж. Ысмағұлов, Ш. Елеукенов сияқты әдебиетші-ғалымдармен бірге С.Зиманов., Ж.Әбділдин, М.Қозыбаев, Р.Сыздықова, Л.Әуезова, Қ.Нұрпейісов, Г.Ерзакович,X.Арғынбаев, Қ.Жарықбаев, М.Бурабаев, М.Серғалиев, Ғ.Есімов, т. б. түрлі қоғамдық ғылымдардың өкілдерін де көреміз. Бір сөзбен айтқанда, «Абай» энциклопедиясы бүгінгі қазақ ғалымдары бірлесіп жазған ұжымдық монографиялық еңбек. Абай алдымен, ақын болғандықтан да энциклопедияны жазуда негізгі ауыртпалық филолог ғалымдарға түскен. Б.Кенжебаевтың «Өлең құрылысы», Қ.Жұмалиевтің «Абайдың аудармалары», 3.Қабдоловтың «Абай жолы», 3.Ахметовтың «Өлең өрнектері», «Дәстүр және жаңашылдық», М. Мырзахметовтың «Әуезов Мұхтар», Р. Сыздықованың «Абай тілінің зерттелуі», «Поэзия тілі»,сондай-ақ, Мұхаметхановтың, Е. Жанпейісовтың, Ж. Ысмағұловтың, т. б. мақалаларында Абайдың ақыңдық, шығармашылығы барынша жарқырап ашыла түскен.
Қазіргі абайтанушылардың ішіңде «Абай және Лермонтов»дегентақырыпта диссертация қорғап, кітап шығарған, сондай-ақ Абайдың өлең құрылысы, орыс, Батыс әдебиеттерімен байланыстары жайлы ондаған зерттеулердің авторы академик З.Ахметовтың, «Абай прозасы», «Абайдың ақыңдық әлемі» атты монографиялық, тілінің морфологиялық ерекшеліктері, «Абай шығармаларының тілі» деген тақырыптарда кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаған, «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлендерінің синтаксистік құрылысы», «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиялардың авторы Р. Сыздықованың «Абай энциклопедиясын шығарудағы еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Энциклопедия сияқты аса күрделі еңбектің жасалуына тікелей басшылық жасап, күндіз-түні басы-қасында жүрген редакция меңгерушісі І. Рсаевтың, ұжым мүшелерінің сіңірген қыруар еңбегін айтып өтуде орынды. Сондай-ақ осы энциклопедияны шығарысуға атсалысқан бүкіл авторлар ұжымының жемісті жұмыстары аталып өтуге лайықты деп білеміз.
Дайындау жұмыстары 1989 жылы бастапған «Абай» энциклопедиясы ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Р. Нұрғалиев басқаратын «Қазақ энциклопедиясында» 7 жыл бойы әзірленді. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көруі тиіс энциклопедияны бастырып шығаруға келгенде нарық қыспағына ұшыраған баспалар дәрменсіздік танытқанда, ұлтжанды азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед басқаратын «Атамұра» баспасы аз уақыт ішінде кітап етіп бастырып, ұлт алдында абыройлы іс атқарғандығын бүгінгі күні айрықша атаған жөн.
«Абай» энциклопедиясы ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған негізгі мақалалардан соң қосымшалармен жабдықталған. Мұнда пайдаланған басқа тілдердің, ұйқас, тіл жиілігі сөздіктері, есім көрсеткіші берілген. Мұндай мәліметтердің берілуі, бір жағынан, ақын поэзиясы жайлы білімімізді тереңдете түссе, екінші жағынан келгенде, құрылымы күрделі энциклопедияны пайдалануды жеңілдете түсуге көмектеседі.
Жалпы, энциклопедиялар шығару әрбір ұлттың, халықтың өскендігінің, кемелдікке келгендігінің, өркениеттілігінің бір көрсеткіші болып табылады. Елімізде он екі томдық, төрт томдық «Қазақ энциклопедиясы», «Алматы» энциклопедиялары жарық көрді. Бұлар кеңестік кезеңде шықты да, Мәскеудің отаршылдық, таптық саясатының ықпалынан шыға алмады. Ал «Абай» энциклопедиясы Қазақстанның егеменді ел болып, әлемге таныла бастаған тұста ұлттық сипатта жазылған тұңғыш осы типтес күрделі еңбек. «Абайды оқы, таңырқа» – деп осы ғасырдың басында қазақтың тағы бір ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, ендігі қазақ ұрпақтарының «Абай» энциклопедиясын оқып, ойшыл ақыннын, Абайдай ұл өсірген қазақ халқының ұлылығы алдында бас иетіндігіне күмән жоқ. Біз Абайдай ұлыларымызды ту етіп барып,әлемдік өркениеттен өзімізге лайықты орнымызды ала аламыз.
Сөз соңында айтарымыз, Абайдай ұлы ақынымыздың ойшыл тұлғасын бар болмысымен ғылыми дәлдікпен жарқырата танытып берген, терең мазмұнды, сан-сипатты, теориялық-практикалық маңызы зор «Абай» энциклопедиясы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайықты. «Абайдың» мұндай атаққа ие болуы ұлттық ғылымымыздың, мәдениетіміздің, идеологиямыздың, жеткен жетістіктерін ресми түрде мойындап, оның одан әрі дами түсуінде де кең жол ашқандық болып табылар еді.
Ана тілі. 1996. 21 қараша
Достарыңызбен бөлісу: |