Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
Алсын деп керектісін өзі теріп, –
деп, өзінің алдына ұстазынан өзіне керектіні алу мақсатын қойғанын білдіреді. Сөз өнеріндегі керегін теріп алады. Алады да, жаратқандарын ұстазынша халқына ұсынады...
Ал Шәкәрімнің көркемдік өрнегін, яғни поэтикалық тілін Абайдың сөз кестесімен ұштастырмай әңгімелеу мүмкін емес, өйткені Шәкәрім – Абайдың поэтикалық мектебінің өкілі, жалғастырушысы. Демек, Шәкәрім тілін сөз етпес бұрын Абайдың тілдік поэтикасын жан-жақты талдап, танып алу қажет болды. Ұлы ақынның поэтикалық өресін лингвостилистикалық тұрғыдан жүйелі түрде арнайы зерттеген монографиялық еңбектер болмай келді. Әрине, Абайдың тілі деген тақырып мүлде сөз болмады деуге болмайды, бірақ бұл тақырыптағы ізденістер Абайдың қазақ әдеби тілінің даму барысында алған орны, атқарған қызметі, ақын өлеңдеріндегі көріктеу құралдарының көрінісі, бұл орайда оның қосқан жаңалықтары мен өзгерістері деген сияқты мәселелерге арналды. Осы қазына мен жаңалықтардың тілдік негізін (механизмін) танытуды кешеуілдетіп келе жатқан жайымыз болды. Лингвистикалық стилистика (тілдік стилистика, лингвостилистика) дегеніміз әртүрлі эмоционалдық, экспрессивтік қосымша мағыналарды білдірудегі тілдік құбылыстарды зерттейтін ғылым саласы болса, осы сала бойынша Абай тілі кеңінен әңгіме өзегіне айналмай келгені мәлім. Көрсетілген талапты көздейтін жұмыс енді жазылып отырғандықтан, белгілі бір шамада Шәкәрім тілін де сөз етуге мүмкіндік алдық.
Әрине, бұл ізденістеріміз Шәкәрімдей зор суреткердің тілін тұтастай алып, жан-жақты талдау емес, өйткені әрі ақын, әрі прозаик жазушы, әрі публицист, әрі тарихшы, философ ғалым Шәкәрім мұрасының стильдік-жанрлық өрісінің кең екендігі, оның тілдік-көркемдік тәсілдерді саналы түрде қолданып, өзіндік ізденістерге барғандығы, қаламына тән ерекшеліктердің молдығы мен әр алуандығы – осылардың баршасы бұл тақырыпты өз алдына бөлек арнайы зерттеуді қажет етеді.
Біз бұл жерде Абай мен Шәкәрім поэзиясының көркем тіліндегі іліктестіктің бірнеше сәттерін ғана талдамақпыз. Шәкәрім де, ұлы ұстазы сияқты, ең алдымен, қазақтың күшті дамыған байырғы поэтикалық мектебінен, поэтикалық тілінен нәр алған, сол тілдің бай мұрасын: образдар дүниесін, сол образдарды беретін сөздер мен фразеологизмдерді орынды әрі молынан пайдаланған. Ұстазы Абай:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Сөздері бары жамау, көбі құрау» –
деп сынаса да, шәкірті Шәкәрім:
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетай мен Марабай
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап
Жел жетпейтін құландар, –
деп, оларды қазақ поэзиясының ең ірі өкілдері ретінде таниды. Бұл жерде шәкірті ұстазымен сыпайы түрде пікір сайысына барып тұр-ау дейміз. Абай Бұқар, Дулат, Шортанбайларды сынағанда, сірә, олардың шығармашылығынан біркелкі тұтастықты, төменнен жоғары көтерілетін жүйелілікті көре алмай, «сөздері жамау, құрау» десе, шәкірті бұл «кедір-бұдырдың» сырын өзінше дәлелдейді:
Ескі жырдың ұйқасы
Бірі қысқа, бірі ұзын.
Буындары бұзық деп,
Біз баспаймыз ол ізін.
Неге бұлай айтты деп,
Сынамаймыз негізін.
Ойлай келсең ескі жыр
Салады тұлпар жүрісін,
Міне, байқа мұнысын.
Кейде жорға, кейде жел,
Бұлдыр қағып, асар бел.
Кейде арындап, кейде шап,
Адымын алыс құлаштап,
Алады кейде тынысты,
Солғындатып жүрісті,
Осындай жырды ұнаңдар! –
дей келіп, бұрынғы ақын-жыраулардың өлең-жырларына:
Сырына баға берсеңіз,
Таңғаларлық ісі бар,
Көңілді тартар күші бар,
Асықпай тыңдап шыдаңдар, –
дейді. Осы арқылы өзіне дейінгі қазақ поэзиясының көркемдік әлемін мойындайды. Мойындайды да қабылдайды. Шәкәрім тіліндегі қасықтай қар, тобықтай тоң, көз тойып, көңіл толу, мінсіз бақ, сансыз дәулет, жүзі бар айдай, мінезі майдай, дариядай мол ақыл, сұр жыландай сусылдау, ноқталы басқа бір өлім, көз алартып, күресін адырайту сияқты образдар мен оларды беріп тұрған сөз кестелері қазақтың көркем тіліне бұрыннан кәнігі дүниелер. Бұлар Шәкәрімнің айтпақ ойларының, поэтикалық идеясының тірегі, негізі. Мысалы, ақынның «Өлімнің хақ екенін көрсең де» – деп басталатын шағын өлеңіндегі сөз өрнегі түгелімен бұрыннан қалыптасқан образдар дүниесімен келген:
Достарыңызбен бөлісу: |