103. С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы. С.Торайғыров (1893-1920) ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі.
“Қамар сұлу” романы – С.Торайғыров шығармашылығының жаңа сапаға өткелі тұрғанын, көркемдік-идеялық ізденістерін анық көрсететін шығарма. Онда қаламгердің қазақ қоғамы алдындағы кеселдерді әшкерелеумен қатар, оны жан-жақты бейнелеуге күш салғаны аңғарылады. Осы үшін ол жаңа формаға, күрделі жанрға барады.
“Қамар сұлу” С.Торайғыров шығармашылығындағы алғашқы көлемді шығармалардың бірі. Оның поэмалары кейін жазылған. Сондықтан да күрделі жаңа жанрдағы бұл романның қаламгер шығармашылығындағы алатын орны да ерекше. Романнан С.Торайғыровтың таланты, дүниетанымы, саяси-әлеуметтік идеялары айқын көрінеді.
Бұл роман да өмірде болған уақиғалар негізінде жазылған. Шығарма фабуласын Алтай елінде болған кездерінде ел аузынан алған.
С.Торайғыров қазақ қоғамы ілгері дамуына кесел болып отырған кемшіліктердің ірісі ретінде тамақ үшін бәріне көніп, сұмдыққа көз жұмып отырған надан, көнбіс көпшілікті көрсетеді.
“Бай деп, кісі деп Нұрымды айт. Кәріліктің алды, жігіттіктің соңы” деп, шіркін ерледі ғой. Қамар секілді қосағаның тұс келуі сонысына қарай ғой. Ой, өркенің өссін! Алғаныңмен қоса ағар!” дегендегі Нұрым олардың сөзіндегідей қатарынан артық артық туған жан емес, ел ортасында “халқыңды қан жылаттың Жорға Нұрым” атанған ақсақ Нұрым. Сұлтанмахмұт осы психологияны астарлай да, тура да баяндайды. Романда сатиралық өрнектер мен ирония, публицистикалық әуендер қабат келеді. Жазушы өзінің ашу-ызасын туғызған қазақы тірлік келеңсіздіктерін ашына жазады, жымысқы психологиясын сынға алады. Әшкерелейді, ашынады.
Романда полилогтардың алатын орны өте зор. Әрі полилогтар пайдалану С.Торайғыров шығармаларында көркемдік-идеялық мәні бар үлкен тәсіл. Полилог арқылы қаламгер барша жолсыздықтарға жол беріп, көнбеске көніп, тамақ аңдыған надан топтың жиынтық бейнесін береді, әшкерелей жазады. Адамдық құқытарын, ар-намыстарын аяқ-асты етіп отырған әлеуметтік топтар жолсыздығына селт етпеген жандарға, бәрін біліп, қорлық пен мазаққа төзген, көнбіс халыққа бұл әдет пен халінің сұмдық сиқын көрсетеді. Сондықтан да ол дүние қызығын малға сатып аламын, мақсатқа да мал арқылы жетемін дегендерді де, оларға жол беріп отырған тамақ аңдушыларды да сынға алады. Осы топ портретін, психологиясын шеберлікпен жазады.
Романда Жорға Нұрым бейнесі талантты жазылған. “Бір олай, бір былай аунақшып, жарыла жаздап, булығып, анда-санда үйелеген өгіз секілді ыңырана түсуден басқаға шамасы келмей, ардақты күйеуіміз – Нұрым отырды”. “Ойбай!... не сұрайсың. Қайырлы болсын айта Нұрымға қарай ағылған лек-лек кісі! Бара салысымен “Ой, сабазың! Жарайсың! Сол керек еді... Қоса ағар” деп, қайырлы болсынды тұс-тұс жақтан жаудырысып-ақ жатыр, Нұрым да “омин-омин” деп, аузын толтырып, жалаң бас, есі жоқ, түсі жоқ, терлеп-тепшіп, екі езуі құлағында, алақандай шегір көзі ақайып, жирен сақалы қаудиып кеткен, әншейін-ақ күр-күр етеді”.
Романның бас қаһарманы – қалыптасқан характерлер. Алайда уақиға өрбуіне, тағдыр тартысына қатысты олардың ой-сезімдері, әрекеттері өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, Қамарға жазған соңғы хаты (қоштасу хаты) қолға түсіп, басы дауға қалған Ахмет ат-шапан айыбын төлеп, енді Қамарға жоламасқа уәде беріп, алысқа қашса да роман соңында қорлық пен зорлықтан азап шеккен Қамарды көріп, оны қорлаушыларға қару жұмсайды.
Ахмет екеуінің арасы елге белгілі болғанда Қамар қатты күйінеді. Біржола күйрейтіндей күйге түседі. Мақтаулы қыздың ел аузындағы жеңіл әңгімеге қалуы – қазақ қызының психологиясы үшін сұмдық. Алайда, уақиғаға Жорға Нұрым араласқаннан бастап Қамар адамдық хұқы үшін ашық күреске шығады. Жорға Нұрымды мазақтап өлең шығарады, некесін қиюға келген молдамен айтысқа шығып оны жеңеді, бақсы-балгерлермен тартысқа түсіп, айтқанына қайтпай осы жолда қаза болады. Осы айтыстарында қазақ қоғамы мен қазақ қызы, надандық, дін туралы пікірлер жан-жақты қозғалады. Бұл эпизодтардың жасандылығы, ағартушы-дидактикалық мақсат, идеялар бірден байқалады. Оны көркем мазмұн мен форма, бейнелеу құралдары арқылы жететін әуенге көшірейін деген автор талпынысы аңғарылмайды. Соған қарағанда, қаламгер оқушысына кейбір ойларын тура жеткізуді мақсат қылған.
“Қамар сұлу” романының идеясы махаббат тарихы трагедиясынан ғана туындамайды. Жазушы әйелдер тағдырын адамдық правосын ескермеген қоғамдығы түрлі әлеуметтік күштердің осы проблемаға қарым-қатынасын да бейнелеп көрсетеді. Түйінді мәселелерді болашақ өркениет проблемаларымен көтереді. Романдағы салт-сана дегенді де шартты түрде ұққан жөн.
Роман қаһарманы – қалыңы төленген біреудің жесірі, болмаса жоқ-жітік кедейдің қызы емес, оқыған, текті атаның тұқымы. Әкесі Омар, Хасен – көзі ашық, оқыған, ойлы, дәулетті жандар. Роман басындағы Қамар портреті ретінде берілген өлең соңындағы қыстырма шумақта Омардың Қамарды бетін қақпай тәрбиелегені айтылса, теңіме бармаймын деген ой Қамардың басында мүлде жоқ. Ендеше, осы жарасты тірлікті астан-кестен қылатын қандай әрекет, оның өзегінде қандай мотив бар. Мотив – қадімгі қазақы күндестік. Балаларын оқытып жатқан Омар тірлігіне ағалары Оспан би мен Қалтан қажы, надан көпшілік қарсы. Қамарды бұлаңдатып өсіргеніне, ел мақтауына ілінгеніне қарсы. Оқыған баласы Ахмет арқасында “жаман Жәукенің” халық қатарына қосылғанына қарсы, Ахметтің өнерлігіне, сауаттылығына қарсы. Өздерін көзге ілмеген Қамардың Ахметті таңдағанына қарсы. Қолдарына әлдеқалай хат түскенде “өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып, шуылдасып қалатыны” сондықтан. Романда осы уақиғаға қатысы бар әр әлеуметтік топ өкілінің мүддесі көрінеді.
Қолы жетпеген замандастары Қамардың сорлағанына қуанса, себебі-күндестік. Оспан биге Нұрымның атақ, абырой, билігі керек, Қалтан қажыға орысшыл інісін тоқтау қажет, басқа атқамінерлерге Оспан мен Қалтан қажының, Жорға Нұрымның ықыласы, құрметі, дастарқаны, көпшілікке-тамақ, той кәделері, әңгіме т.б. қызық.
С.Торайғыров шығармашылығында астарлап сөйлеудің, символдық сипаты, семиотекикалық мазмұны бар образдың, типтердің орны өте мол. Мысалы, “Адасқан өмір”, “Кедей” т.б. шығармаларда қаламгер өмірдегі нақты уақиғаларды бейнелеуден, солар арқылы ой-дидактикаға барудан алыс. Ол шығармалардың көркем жүйесі астарында үлкен әлеуметтік проблемалар ғана емес, философиялық та мәні бар мәселелер көрінеді. Қаламгер нақты өмір уақиғаларына сүйенетін тәрізді образдар арқылы үлкен жинақтауларға, реалистік шарттылықтарға барады. “Қамар сұлу” романында да, кейінгі шығармаларында да нақты әдіске айналатын осы бағыттағы бейнелеу байқалады.
Замана бағытын ұққан Омар мен оқыған ұлы Қасенде, Ахмсетте бұл әлеуметтік күштерге қарсы тұрарлық қайрат аз. Қазақ аулындағы дәстүрлі қарым-қатынастар мықты, жаңа күштер әлсіз. Роман соңындағы бақсыны өлтіріп, Жорға Нұрымды жаралаған Ахмет әрекеті шарасы қалмаған, не істерін білмеген адам тірлігі.
“Қамар сұлу” романының көркем мазмұнында бадырайып көрініп тұрған дидактика, тәрбиелік мән жоқ. Сюжетті пайдалану тәсілдерінде де ерекшелік мол. Суреттеуге, әңгімеге, суретті диалогтерге барып отырғанмен мақсат фабуланы жеткізуде. Уақиға мен уақытты да мейлінше тығыздай баяндайды. Суреттеуден гөрі уақиға желісін, оның себеп салдарын көрсету басым.
С.Торайғыров өз романдарының арқауы ретінде ақылды, сезімтал жандардың трагедиялық тағдырын алады. Оның бас қаһармандары тұлғалық деңгейге дейін даралана көрсетіледі. Ертеңін ойлаудан гөрі өткенді сақтауды тәуір көрген әлеуметтік топтардың бүр жара бастаған жаңалықтарымен қарым-қатынасы, қақтығысы, күрес жан-жақты суреттеледі. Мақсат мүдделері, ой, сезімдері көрсетіледі. Бірде жаңалықтарды жеңіп, жастарды трагедияға душар қылса, екіншісінде, өздерінің қаусаған сипаттарын сезеді, рухани жеңіліс табады.
Әлеуметтік тұрмыс пен қоғамдық өмірге, салт-санаға ене бастаған жаңалық, күрес идеяларын талдау – С.Торайғыров үшін басты мақсат. Оның ұлттық ерекшеліктері де осы күрес үстінде ашылады. Мысалы, сүймеген адамына ұзатылып, зар жылаған қыздың тойындағы сый-сияпат пен ет аңдыған адамдар бейнесі – қаламгер шығармашылығында өзіндік бояуға ие. Олар үшін нақты жағдайда адам қайғысынан гөрі той сияпаты, қызығы қажеттірек. Жылау мен адам трагедиясы – олар үшін күнделікті уақиға. Оны көп көрген, тойған, көнеген. Солай болған, бола бекрмек деп ойлайды. Оны өзгерту керек-ау деп ойланып жатқан да олар жоқ, жолсыздық, заңсыздық-өмір заңы. С.Торайғыров осы пәлсапаға қарсы қадала жазады. Трагедияның содан екенін айтады, енжарлық пен көнбістіктің, надандықтың сұрықсыз сипатын бейнелейді.
Қыз бала малды, дәулетті шалға тиюге, байға баруға тиісті. Ол жылайды да көнеді. Ата-бабамыз сөйткен. Одан өзге жол жоқ. Көпшілік психологиясы, пікірі осы. “Қамар сұлу” романында ата баба жолына көнбей күреске көтерілген қыз характері, тағдыры бейнелейді. Қамар көптің бірі, надан, кедей қызы емес. Текті атаның бетінен қақпай өсірген ерке қызы, есті, әдепті қыз. Ата-ана алдына шығып, елдің салтын бұзсам деген ойында да жоқ. Осы жолда сүйгені Ахметке де тоқтау айтады. Қосылуға мүмкіндік болмаса - әуре болу, сөзге қалу, түсу мүлде қажет емес дейді.
Алайда, тағдырына Жорға Нұрымның араласуы есті қыз жан дүниесіне, санасына төңкеріс әкеледі. Қамар өзінің хұқының жоқтығын көреді. Салт-сана, әдеп туралы сенімі шайқалады. Ашынады, қарсылық білдіреді, күреске шығады. Бұл күрес бірте-бірте ұлғайып, өз басынан асып қазақ қыздары проблемасын қозғайды. Қаламгер осы көркем мазмұнға әкелетін сюжет, фабула таңдайды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы қайшылықтарын дөп басу, танып білу, тереңдей талдау, жан-жақты көркем бейнелеу оңай шаруа емес. Бұл тез өсіп, қанаттанып келе жатқан талантты тұлға С.Торайғыров үшін ғана емес, қазақ әдебиеті үшін де жаңа әдеби үлгі, икемді форманың қажеттігін көрсетеді. Қаламгер романдарына, әсіресе “Кім жазықтыда”, оның қаншалықты романдық ойлау деңгейінде көтеріле алғаны айқын көрінеді. Оның таланттылығы прозамен жазылған романнан кейін, өлеңмен жазылған романға тәуекел етуінде, күрделі жанрдың түрлі үлгілерін де байқап көруінде.