Бірінші бөлім
Үржардағы сары үрпек
Əкем жарық дүниеден өтісімен, біз Үржарға көштік. Алматыдағы үйімізден
алғанымыз – бар болғаны екі-үш шамадан киім-кешек екен. Соны
автобусқа артып алып, шешемнің төркініне тартыппыз. Əкемізден үшеу
қалған ек. Үлкеніміз Маржан, ағам Данышпан жəне мен.
Бұрыңғы Семей облысына қарасты Үржар, өзіне аттас ауданның орталығы.
Қысы қақаған аязды, көктемі сұлу, жазы күннің мейірімді нұрына, күзі
жеміс-жідекке бай, табиғаты тамаша Үржар, қалың найман мен керейдің
байырғы құтты мекені. Тұрғындары ақкөңіл-сауықшыл, емешегі үзілердей
мейірбан, əзілқой жəне өнер мен білімге құштар Құдай сүйген пенделер.
Шығысында Тарбағатайдың тəккаппар шыңдары осы бір сұлу өлкеге,
ерекше бір асқақтық беріп тұратын. Үржарда адам баласына көңілді өмір
сүруіне Тəңірім барлық жағдай жасап қойған.
Біз осында тұратын болдық.
Мен ес білгелі нағашыларымның қабақ түйгенін, бір-біріне ауыр сөз айтып,
шекісіп жатқанын көрген емеспін. Нағашыларым шетінен өнерлі, оқыған,
мəдениетті кісілер. Бірі домбырамен күй шертсе, бірі гармоньмен əн
айтады, бірі өлең жазса, бірі аймақтағы барлық автокөліктердің хирургы -
əйгілі моторист, бірі Құдай жолына түскен діндар болса, бірі таланты
фотограф.
Төрт жасымда мен осындай адамдардың арасына түстім.
Мені білетін Үржардағы көрші-қолаң, туыс-жекжат «біртүрлі бала» - деп
атайтын. Оның өзіндік себебі бар. Үлкендердің айтуына қарағанда мен
маңайдағы тəмам жұртты жинап алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып
оқиғалардан сыр шертетін көрінем. Мысалы үшін, басқа планеталарға
шеккен сапарларым жайлы таңды таңға ұрып, елді еш шаршатпай
əңгімелеп береді екем. Немесе, сол кездегі КСРО-ның таңбамаңдай
басшысы Михаил Горбачевпен өткен неше дүркін кездесулерімнің
нəтижелері жайлы таратып айтамын. Ол ол ма, менің əңгімемді қызықтаған
қауымға үйдің қасындағы тоғайдан Гитлер мен Борманды кездестіріп,
үшеуіміздің екінші дүниежүзілік соғыстың салдарын сараптағанымызды
паш етемін! Жұрт ду күлісіп, «айт, айта түс» - дегендей менің
«естеліктерімді» тындау үшін үйінен арнайы ала шыққан кəмпит пен
пірəндікті жейдемнің етегіне уыстап төгеді. Əлгілерді ауызымды
бұлтыңдатып жеп алған соң (мен де адаммын ғой), шөлдей бастаймын.
Əңгімемді ертең жалғаймын деп міндетси тамағымды кенеп ишара
білдіруім мұң, жақын маңайдағы дүкендерден лимонад əкелінеді. Бұл кезде
пақырыңыздың қиялына жарықтың өзі жете алмай аласұратын! «Тархун»
əкелінсе (сол кезде ол лимонадтан қымбаттырақ тұратын), мен жаңа, тың
естеліктерге сөзсіз көшем. Бұл «мінезімді» біліп алған ағайын күн ара
менің əңгімелеремді тындауға əжептəуір дайындалып келетін. Мен де
олардың көңілдерін қалдырмауға тырысам. Ол үшін, менің бала миым
ұдайы жұмыс істеп тұратын. Жаңа қырық өтірікті ойлап табу оңай
деймісіз? Ол бір бес минутта айта салуға келмейтін күрделі жəне машақаты
көп жұмыс. Елді мезі етпеу үшін айтылған əңгіме қайталанбауы тиіс. Оның
үстіне айтып отырған оқиғаларда логикалық сабақтастық міндетті түрде
болу керек. Бір жерден сондай дүниелерді оқып алып, соған өз жанынан
бірдеңелерді қосып, ұра беретіндей, мен бес-алты жасымда əлі хат тани
қойғам жоқ. Сондықтан мен тəтті-мəтті мен дəмді сусындарды маңдай тер,
адал еңбегімен алатынмын. Жұрттан түскен «гонорардың» тең жартысын
міндетті түрде ауру ағама əкеліп берем. Ол өз кезегінде маған салған
суреттерін сыйлайтын.
Ағам екеуміз дос едік.
Менен екі жас үлкендігі бар ағам, нағашыларымның айтуына қарағанда
үлкен кісілердің əңгімесін айтады екен. Туғанынан мүгедек боп қалған
ағам, тапжылмай отырып сурет салатын. Мен оның салған суреттеріне
сүйсінуші едім. Бірде ол маған дəптердің бетіне салынған гүлдің суретін
сыйлады. Шетіне «Бауырыма ағасы Даныштан» - деп жазып қойыпты. Оны
мен кейін хат танығаннан кейін оқыдым. Мектеп түгілі, балабақшаның
табалдырығынан аттамаған ағам сол кезде өздігімен əліппені танып, оқуды
үйреніп алған. Əлгі суреттегі гүл құдды тірі сияқты еді. Əлі есімде,
жататын керуетімнің басына іліп қоятынмын. Таңертең тұрған кезде ағама
«Дəкай, қарашы сен салған гүл жел соққандай билеп тұр» - деп
таңқалатынмын. Ол соған мəз болушы еді, жарықтық...
Сол сұрқайы күзді есіме алсам, денемді мұз қариды. Қазанның ең бір
сүйкімсіз күндерінің бірі еді. Семей жаққа күз ерте келіп, артынан қыс көп
ұзамай қылышын сүйретіп, сау ете қалатын. Сондай бір жауынды-
шашынды, ызғарлы күндердің бірінде мен аяулы ағамнан айырылып
қалдым.
Біз ағам екеуміз қуыстай бөлмедегі жиналмалы тар төсекте жататынбыз.
Бір күні кешке қарай мазасы болмай тұрған ағам менен су сұрады. Ойын
баласымын, шаршап, сілікпем шығып келіп жатқан мен оның көңілін
қимай ожаумен су əкеп бердім. Ол оны ішпей, мынауың жылы екен,
суығын əкел деп қайта жұмсайды. Тағы əкелем. Ол құдықтан тартып əкел
деп тағы жібереді. Мен баруға ерініп, өзің тұр да, ал деп жатып кеп
қырсықтанам. Сөйтіп, салғыласып жатып ұйықтап қаппын. Кейін ойлап
отырсам, кететінін біліп, өлгенімді көрмесін деп далаға шығара берген екен
ғой...
Түн ішінде біреу мені көтеріп ап, басқа бөлмеге ауыстырып жатқызып
жатқаны есімде. Таңертең оянсам, сыртта жұрт жиналып қалған, у да шу,
біреу еңіреп жылап жатыр, біреу басу айтып жатыр. Түсінбеймін. Басқа
бөлмеде жатқаным да түсініксіз.
Біз Данышпан екеуіміз үйдің қасындағы өзенге нағашы апамыздың қазын
бағатынбыз. Күнделікті əдет бойынша, атып тұрып, Данышпан жатқан
бөлмеге беттедім. Біздің төсек жиналып, бөлмеге басқа төсек кіргізіліпті.
Соның үстінде бетіне ақ мата жабылған біреу жатыр. Ашып қалсам, ағам.
Енді мен оны оятам деп жұлқылайын кеп. «Тұр, тұр, Дəкай! Қазды шығару
керек, апам ұрсады ғой» - деп қоям. Ағам қозғалмайды. Көздерін тарс
жұмып алған. Бала санам оның жайдары жанары жарық дүниені енді
ешқашан көре алмайтынын түсінбеді. Далаға атып шығып, жылап отырған
шешеме келіп: «Анау тұрмайды, мен жалғыз қазға бармаймын!» - деп
қиғылық салып тұрмын. Бір жағынан жиналған жұрттың жылауы маған бір
сұмдықты сездіргендей шошытып, дауысым бəсең шығып, дірілдей
бастағанын да сезіп тұрмын.
Шешем:
- Дəкай қатты ұйықтап қалды. Ол енді оянбайды... – деді. Мен əлі де елең-
алаң қалпымда тұрмын. Бір кезде санамның түкпіріне «ағам қайтыс болды»
деген суық ақпарат жетті. Осылайша мен алғаш рет ажал деген сұмның бар
екендігін білдім. Қазалы жұрттың бір шетінде, «енді маған кім сурет салып
береді?» - деп бақырып жылап тұрғаным əлі есімде. Сол кездегі ащы
өкініш сезімі əлі күнге дейін кеудемде жаңғырып тұр.
Шешем əкем қайтыс болғасын, екі жылдан кейін күйеуге шығатын болды.
Бұл мен үшін ең жағымсыз, мүлде күтпеген жайсыз хабар болғанын
жасыра алмаймын. Марқұм нағашы апам: «Мамаңды бір жақсы аға үйіне
əкетеді, сол сенің папаң болады» - деп жатқаны жадымда.
Əке орнын баспай қалғыр əлгі жақсы ағамыз, елу жасына дейін жылқы
бағып, дала кезіп, адамдармен араласпағасын түз тағысына айналған,
қарабайыр һəм қатал адам екен. Елу жасына дейін əйел мен бала дегенді
білмеген əлгіге менің шешемді зорлап қосқандай. Шешемнің қалың малы
ретінде нағашы апамның үйіне бір қара жылқы əкелінді. Сол жылқыны
сұмдық жек көретінмін. Ешкім жоқта қорада тұрған байғұс жылқыға
алыстан тас атамын. Менің шешеме айырбасталған жануардан өш алғым
келгені ғой.
Шынымен бір күні шешем ақыры үйден кетіп тынды. Ол кезде Даныш ағам
тірітұғын. Екеуміз қосылып шешемізді жоқтадық. Күйеуге ерте шығып
кеткен апайымыз Маржан, анамыздың тойына келген екен, екеуімізді
жұбатып жүр. Маржан: Мамамыз барған үй үлкен екен, əлгі болашақ
папамыз бай екен, бəрімізді жарылқап тастайды екен деген сөздерді айтып,
өзі де егіліп қояды.
Той болатын күні біз үйге қамалдық. Түннің бір уағы. Ешкім жоқ. Мен
негізі табиғатымнан шыдамсызбын. Жылауды мен бастадым. Ағам маған
басу айтқанмен, өзі де танауын қорс-қорс еткізіп тартып, кемсеңдеп
еңкілдей бастады. Шешемізді қимай жылап отырмыз. Қалай ұйықтап
қалғанымыз есімде қалмапты.
Ағам сол жылы, сегіз жасында қайтыс болды. Мен нағашыларымның
үйінде жүре бердім. Шешем анда-санда келіп тұратын. Кейін онысы сирей
бастады. Соған қарағанда қара қайыстай күйеуі жібермейтін болуы керек
деп топшыладым.
Мен қазір алтыдамын. Күнде бір ермек тауып алып, ағам мен анамды
ұмытуға тырысып бағып жүрмін. Түк етпейді деп қоям, өскесін мамамды
анабір сорайған сұмырайдан құтқарып алам деп өз-өзіммен серттесемін.
Сол ұлы жорыққа аттану үшін, ағаштан қылыш жасап, садақ иемін. Күнде
кешке қарай қысқа көшенің ана басынан мына басына дейін жүгіріп
жаттығамын. Мен бір күні шешемді құтқарамын!
Шешем кеткеннен кейін, бұрыңғы менің əңгімемді асыға күтіп жүрген
тындармандарым енді еңбексіз кəмпит-сəмпиттерін беретінді шығарды.
Біреу қолыма құрт немесе пішінə бере қалса, бір əңгіме бастай қалсам,
рахмет, айтпай-қой деп, басымнан сипап, күрсіне-мүрсіне кете баратын.
Мен оған не боп қалды-ей деп, артынан қуып берем. Жетіп алғасын, бір
əңгіме айтып берейінші деп жалынам. Ол жоқ, кəмпитті былай – ақ ала қой
дейді. Мен түсінбей далмын. Олардың мені аяп жүргендерін қайдан ғана
білейін? Осындай екі-үш жағдайдан кейін, жыным ұстап, тегін келетін
тəттіден бас тарттым. Содан бері тəттіге жаным қас, мүлде жемеймін, осы
күнге дейін.
Қалаң
Бір күні жеңгемнен күштілеп тұрып шапалақ жедім. Содан ойбайға басып,
нағашы апамның қойынына тығылдым. Сөйтсем, сөредегі тұрған алманы
сұраусыз алған екем. Ол алма ағамның балаларына арналған екен. Алма
дейтін аулада шашылып жатады. Соны өз қолымен теріп алмай, неге
дайынға жүгіреді деген əлгі шапалақ – жеңгемнің уəжі екен. Апамның
айқайға басқанын көрсеңіз сол күні! Маған емес, əрине.
Апам мені керемет жақсы көретін. Менің əкем жайлы қызықты əңгімелерді
де сол кісі айтатын. Тұңғыш күйеу баласын өз ұлындай көрген екен. Есімде
қалғаны, нан зауытында жұмыс істеп жүріп, оң қолындағы саусақтарынан
тегіс айырылған апам, күнұзаққа картоп аршып отыратын. Ырғағы əдемі
бір əнді ыңылдап отырушы еді.
Мен шапалақ жеген күні үйдің іші салқын тартты. Ертесінде шешем келді.
Апам оған: балаңды өзің алып, тəрбиеле, менің енді шамам жоқ, оның
үстінде мына жақта жүріп, жеңгелеріне жексұрын болғанша, жейтін таяқты
өзіңнен жесін деп, мені шешеме қосақтап шығарып салды. Сол күн – менің
балалық шағымның тəтті дəурені таусылған күн еді.
Біз силикат кірпіштен салынған, ақ қаңылтырмен төбесін жапқан, ауласы ат
шаптырымдай үйдің алдына кеп тоқтадық. Анам осы үйде тұратынын
айтпай – ақ түсіндім. Əлгінің үйі шынымен үлкен екен, өзі бақуатты
тұратын кісі екені анадайдан көрініп тұр.
Аулаға имене кірген мен ең алдымен сиыр сауып келе жатқан бір апаны
көрдім. Апа жүрген жердің бəрі мейірімге толы болады деп ойлайтынмын.
Оным бекер болып шықты. Қора жақтан шапшаң жүріп жеткен əлгі
апамыз, сүйкімсіз бір қап – қара кемпір екен. Мені көре салған кемпірдің
көзі бағжаң ете қалды. Сол жағына қарай шырт түкірді де, əлгі мыстан
кемпіріміз сүтін қоюға клетке кіріп кетті. Мен бүрісе түсіп, шешемнің
бауырына тығылдым. Біздің жарылқаушы əкеміз малда жүрген болып
шықты. Онымен таныстығым жоқ əзірге. Сыртынан бір көргенім болмаса.
Кешке жақын əлгі машинасын гүрілдетіп үйге жетті. Бойы биік, мойыны
жуан. Білектерінде бұлшық еттері ойнақшып, тамырлары білеуленіп
тұрады екен өзінің. Құстұмсық. Өне-бойынан қара күштің қорқынышты
ызғары есіледі. Қабағы үнемі түксиіңкі жүреді екен. Екі сөзінің бірі
«əкеңнің ауызын бəлен қылайын...». Шашы бурыл тартқан. Атжақты,
дөңқабақ. Көзі үлкен, көкшіл. Бірдеңе ұнамай қалса, тісін шықырлатып
қояды екен. Қысқасы, мендей нəзік балаға мұндай қуатты, қарадойыр адам
ұнаған жоқ. Қатыгез екенін байғұс жүрегім бірден сезді. Барар жер,
басатын тау жоқ, осы бір табиғаттың үлкен қателігімен бірге өмір сүретін
болдық.
Мені шешем оған таныстырып жатыр. Осында тұрады. Апасы осында
жіберді. Қасымда болсыншы деп жатыр. Анау маған ызбарлана қарап, «ой,
əкеңнің ауызын...» - деп мені бір сыбап өтті. Көшедегі балалар осы бір
сұмпайы боқтық сөйлемді маған қаратып айта қалса, жағаласа кетуші едім.
Қазір оның іске асуы өте қиын екенін түсініп тұрмын. Əзірге əліптің артын
бағайын деп өзімді өзім сабырға иландырдым. Кейін оның осы сөзіне етім
үйреніп кетті. Əуелі ішімнен «өз əкеңнің тағы ауызын ұрайын» - деп
күлімсіреп тұратынды шығардым.
Кенет əлгі «əкетайым»: «Шалбарыңды шеш!» - демесі бар ма?! Онысы несі
деп шешеме жалтақ-жалтақ қараймын. Шешем оны естімегенсіп, клетке
сүйеулі тұрған сыпыртқыны ала салып, жанұшыра ауланы сыпыра бастады.
Мен кірерге жер таппай тұрмын. Шалбарды шешкені несі?
- Əй, мақау! Кереңсің бе не, шалбарыңды шеш дедім ғой? – деген
күркіреген дауыстан селк ете қалдым.
- Неге, папа?
- Қайдағы папа? Мен саған папа емеспін! Мені аға деп атайтын боласың,
ұқтың ба?
- Жарайды, қалауыңыз білсін.
- Шалбарды шеш, кəні!
- Шешпеймін! Ұялам!
- Уахахаха! Ұялатындай қыз емес шығарсың, а?!
- Ұлмын мен!
- Дəлелдеші, кəне, ұл болсаң!
- Мəңіз ендеше!
- Өй, Томаш, мына балаң кəпір ғой!
Бұл үйге мен сияқты кəпірлерге кіруге болмайды екен. Ертесінде
мəшинесіне мінгізіп алып, өгей əкем Ғабит деген бір хирурга апарып,
шырылдатып сүндетке отырғызды. Қара жер хабар жеткізбесін,
Қалиасқармен таныстығым осылай басталғанды. Оны былайғы жұрт Қалаң
деп атайды екен.
Екі аптадай нағашы ағамның менімен жасты қызының көйлегін киіп ап,
етегін желпілдетіп ауланы сыпырып, су тасып жүріп мені мұсылман қылған
Қалиасқарды зерттеумен болдым. Кез келген адам қандай жағдайға тап
болмасын, бірінші кезекте қауіпсіздігін ойлайды екен. Мен де сол ойдың
жетегінде жүрдім. Қауіпсіздігімді қамтамасыз ету үшін келесідей
нəрселерді істемеуге өзіме-өзім уəде бердім:
Бірінші: Көп сөйлемеу. Екінші: Салғыласпау. Үшінші: Айтқанын
бұлжытпай істеу. Осы үш ұстаным мені əлгінің қарабұжыр жұдырығынан
аман қалдыратын секілді боп көрінді. Бірақ бұл ұстанымдарымды дана
уақыт түкке тұрғысыз етті. Оңаша жерде желкеден түйіп қалудан басталған
Қалаңның маған тиісуі күн өткен сайын үдеп-дамып, түрленіп, мың
құбылып, жаңа формаларға ие болып, өгей əкемді тың ізденістерге
жетеледі. Қалекең баланы ұруды өнер деңгейіне көтерген адам. Мысалы,
былай.
«Əй, иттің ғана күшігі бері кел!» – деп айқалайды. Үшінші ұстанымымды
іске асыру үшін, алдына жетіп келем. «Сені кім шақырды – ей» деп əлгі
мені күректей алақанымен иектің астынан періп қалады да, мұрттай
ұшырады. Артынан қарқылдап, мақұлықтарша күледі Мен безе жөнелем.
Келесі жолы тағы шақырады. Тағы ұратын шығар, бармай-ақ қояйын деп,
қора тазалап немесе малға шөп салып жүре берсем, тағы да пəлеге қалам.
«Шақырғанда неге келмейсің, сілімтік?» – деп енді қолдың қырымен
дəлдеп тұрып, желкеден ұрады. Тоңқалаң асасын. Жылауға тағы болмайды.
«Шешеңе айтсаң, өлтірем» дейді. Жыласам, көзім ісіп кететінін екеуміз де
білеміз. Сондықтан мен жыламауға үйрендім. Бұл маған көше
төбелестеріне қатысу үшін зор тəжірибе болды. Күйреп жатқан жерлерден
де жеңістің бір ұшын көріп, пайдалы бір дүние алып шығуға мен содан бері
машықтанып алдым.
Көше төбелесі демекші, əлгіндей соққылардан кейін, мен бала-шағаның
жұдырығын маса шаққан құрлы көрмейтінмін. Ал, өзім Қалаңның маған
қолданатын əдіс-тəсілдерін қарсы келген жүгірмектерге мейілінше
пайдаланатын едім. Жарты жылдан кейін, біз тұрған көшедегі балалар мені
екінші атаман етіп сайлап алды. Мен тек қана Тлеукештен ғана именем. Ол
шындығында шымыр жəне өте əлді бала болатын. Кейін екеуміз адам
айыра алмайтын дос болып кеттік. Екеуіміздің басымыздан кешіргеніміз
жайлы төмен жақта əңгімелейтін боламыз.
|