Қазақ поэзиясының бұл кезеңдегі аса ірі тұлғалары Шалкиіз (15 ғ.), Доспамбет (16 ғ.), Жиембет, Ақтамберді (17 ғ.). Қазақтың батырлар жыры тарихи оқиғаларға құрылған. Мысалы: Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыс, Ер Сайын, Қамбар батыр дастандары. Ислам діні толық тарады. Араб әліпбиі қолданылды. [5]
Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едәуір жылжытты. Қазан мен Астраханьды басып алғаннан кейін Еділ өзенінің барлық аңғары Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт және Сібір хандықтары Ресей құрамына енгеннен кейін, ноғайлар Қазақ хандығының солтүстік-шығысына ығыса бастады. Олар Еділден Ертіске дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрді. Башқұрттар мен Сібір татарлары да қазақ жерлеріне енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына қарақалпақтар келе бастады.
Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай одағы ыдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Оған қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлегі Қазақ хандығына келіп қосылды. Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші жүзі – алшын одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды. Тарихи деректерде Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Сөйтіп, ХҮІ ғасырдың 60-жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-батыс және солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің Қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлегінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ хандығына жақындата түсті.
1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай күрделі жағдайларда Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауераннахрдағы шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп, шайбанилық Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығайа түсті.
Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған».
Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жәдік сұлтанның баласы Жәнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан болды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. Ол Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды. 1582 жылы Бұхара ханы Абдолла қазақ ханы Шығай және оның баласы Тәуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Баба сұлтан жеңіліп, Дешті-Қыпшақ даласына қашты, өзбек, қазақ әскерлері Баба сұлтанды Сарысуға, Ұлытауға дейін қуды. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. Түркістанға қайтып келе жатқан Баба сұлтанды Тәуекел сұлтан өлтіріп, басын Абдоллаға әкеледі. Қас жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Тәуекелге Самарқан өлкесіндегі Африкент уәлаятын тарту етті.[6]
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды.
Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады.[7]
Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды.[8]
Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады.
1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан жүз мың әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтар- дың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады.
Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. [8]
Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел әскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының және қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мәуераннахрда Шайбани әулетін қазақ хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мәуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент және оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды. Шайбанилер әулетінің орнына келген Аштархани әулеті XVII ғасырдың алғашқы онжылдығында Түркістан, Ташкент, Ферғана қалаларын қайтару үшін жорықтар жасады. Олар тек Ферғана қаласын қайтара алды. Ташкент, Түркістан, яғни Сырдария орта ағысының екі жағасындағы отырықшы-егіншілік аудандардың Қазақ хандығының құрамына енуі, Қазақ хандығының экономикасына, қоғамдық және саяси құрылысына күшті ықтал етті, Орта Азия мен Қазақстан арасындағы мәдени-сауда байланысы дамыды. Тәуекел ханның орнына 1598 жылы хан болған Есімнің Аштарханилер өкілдерімен жасасқан келісімі бойынша Қазақ хандығының құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, Ташкент қаласы атырабымен, біраз уақытқа Ферғана кірді. Осы кезде болған тағы бір тарихи оқиға – Көшім хан билеген Сібір хандығының жойылуы еді. Тарихи әдебиетте Сібір халқы – Сібір татарлары деп аталған.[9]
Ресейден Сібірге жорыққа аттанған атаман Ермактың жасағы 1582 жылы қазан айында Сібір ханы Көшімнің әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оны жеңіліске ұшыратты. Көшім өз әскерлерімен оңтүстікке шегініп, 1598 жылға дейін орыс әскерлеріне табанды қарсылық көрсетті. Бірақ Көшім көмексіз қалған еді, бұл кезде Көшімнің Орта Азиядағы одақтасы Шайбани әулеті құлап (1598), оның орнын Аштархан әулеті (1599-1735) басқан еді. Ақырында біржолата жеңілген Көшім Орта Азияға қашып кетті де, 1598 жылы Сібір хандығы жойылды. Бұрын Сібір хандығының қол астына қараған қазақ тайпалары Қазақ хандығына бірікті. Есім хан (1598-1628 жж.) қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауераннахрға жасаған жорықта ерлігімен ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім – Шығай ханның баласы. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдар жинағын құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар Қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты. Ташкент қаласы Қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді. Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады, тіпті өз атынан ақша соқтырып, алым-салықтар жинады. Сонымен, Қазақ хандығы екіге бөлініп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Екі хан арасындағы күрес шиеленісіп, 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Қазақ хандығын біріктіру жолындағы Есім ханның күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған.
XVII ғасырдың басында қазақ билеушілері мен Аштарханилер арасындағы өзара қатынастар тұрақсыз болды, олардың арасындағы қақтығыстар уақытша одақпен алмасып отырды. Мысалы, Аштарханилер әулетінің өкілі, Бұхар ханы Иманқұл Ташкентті тартып алуға тырысты, сол мақсатпен 1611 және 1613 жылдардың басында жорық жасады. Алғашқы жорығында Иманқұл хан Самарқандқа дейін жетіп, Ташкент пен оның аймағына өзінің құқығын мойындатты. Екінші жорығы да Ташкентке бағытталып, қазақтарды ойсырата жеңіп шығады. Осы жеңістен кейін ол өзінің ұлы Ескендір сұлтанды Ташкенттің билеушісі етіп тағайындайды. Ескендір сұлтанды ташкенттіктер өлтіргеннен кейінгі Иманқұл ханның кек алу жорығы қазақтар үшін ауыр болды. Өзінің Ташкентті алуға ұмтылуында ол қазақтың екі ханының өзара жауластығын пайдаланды. Сөйтсе де кейінгі жылдары қазақтардан жеңіліп, Иманқұл қазақ хандығымен бейбіт келісім жасады. Есім хан 1628 жылы қайтыс болып, Түркістан қаласындағы Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген. Есім ханның мұрагері Жәңгірдің өмірі ат үстінде Қазақ хандығы жауларымен күресте өтті. Халық оны ел үшін еңіреп туған ерлігіне бола «Салқам Жәңгір» деп атаған. Жәңгір хан (1628-1652 жж.) билік құрған жылдары да Сыр бойындағы қалалар үшін Аштарханидтермен және Жетісудағы жайылымдар үшін қалмақтармен қақтығыстар тиылмады.
Қазақ хандығына қалмақтар жақтан төнген қауіп зор болды. «Қалмақ» сөзі батыс монғолдардың түрікше аты. Олар өздерін ойраттар деп атаған. Қалмақтар бұл жылдары шығысында Хангай таулары, батысында Моғолстан, оңтүстігінде Гоби шөлі, солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстары арасында көшіп-қонып жүрді. 1635 жылы бұл территориядағы тайпалардың басын біріктіріп, Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетінің негізін қалады. Осыған байланысты жоңғарлар күшейіп, қазақ жерлеріне жиі-жиі шапқыншылықтар жасай бастайды. Жәңгір хан тұсында қазақтар мен жоңғарлар арасында үш ірі шайқас орын алады. Алғашқы 1635 жылғы шайқаста Жәңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ көп ұзамай қашып шығады. Тұтқыннан босағаннан кейін, Жәңгір хан қалмақтарға қарсы күрес басшылығын өз қолына алады. 1643 жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жеріне 50 мың әскермен басып кіреді. 1644 жылы Жоңғарияға барған орыс елшісі Г.Ильин жоңғарлардың 50 мың қолына Жәңгір хан бастаған 600 жауынгердің қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін, бұл 600 адам ататын қарумен жабдықталған Жәңгір хан әскерінің алдыңғы шебі болуы мүмкін. Жәңгір өз тобының бір бөлегіне жоңғарлар тар асудан асып келгенше екі таудың арасындағы тар жырада ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі екінші бөлегімен таудың екінші бетіне жасырынады. Жоңғарлар ор қазып, бекініп жатқан қазақ жасақтарына қарсы шабуыл жасайды. Осы кезде Жәңгір өз тобымен жаудың ту сыртынан лап береді. Қазақтар осы жерде бірінші рет оқ ататын қару пайдаланады. Шайқас барысында Батур қонтайшы 10 мың әскерінен айырылады. Шайқастың шешуші кезеңінде Жәңгір ханға Самарқан билеушісі Жалаңтөс батыр бастаған 20 мың әскер көмекке келеді. Батур қонтайшы кейін шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп, 1643 жылы жер жағдайын және соғыс тәсілін шебер пайдаланған Жәңгір хан Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың әскери көмегі арқасында зор жеңіске жетті. Бұл тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен белгілі. Бұл жеңістің Қазақ хандығы үшін зор маңызы болды.
Бірақ жоңғар билеушілері қазақ жерлеріне басып кіру үшін жаңа жорықтарға дайындала бастады. Батур қонтайшы бытыраған әскерлерін қайта құрап, Сібірдегі орыс қамалдарынан қару-жарақ сатып алды. Өзіне тәуелді қырғыздардан ат-көлік жинастырды. Осындай әскери дайындықтан кейін Батур қонтайшы 1652 жылы қазақтарға қарсы аттанды. Бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді. Жәңгір хан осы 1652 жылғы шайқаста жоңғарлардың қолынан қаза тапты. Жәңгір хан да Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген.
Жәңгір ханнан кейін Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы нашарлады. Феодал шонжарлардың арасында алауыздықтар мен бақталастықтар өршіді. Қазақ сұлтандары ұлыстарды жеке-дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Қазақ жүздерінің арасындағы байланыс нашарлап, олар бір-бірінен оқшаулана бастады. [8]
2. Ел басындағы әлеуметтік-экономиялық жағдайлардың халыққа әсері
Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды тамақ, киім-кешек, тұрғын үй материалдары, сонымен бірге көлік қызметімен қамтамасыз етіп отырды. Мал және мал өнімдері көрші халықтармен айырбас жасайтын қаражат көзі де болды. Қазақтардың мал шаруашылығына байланысты Ш.Уалиханов былай дейді: «Дала көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін өз тыныштығынан малының аман болғаны қымбат. Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда: «Мал-жаның аман ба?» деген сөздермен бастайды. Отбасының мал жайын алдын ала сұрастыруы көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді». Қазақ жерінің табиғи-жағрапиялық ерекшеліктеріне байланысты қазақтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Көшіп-қону бағыттары жыл маусымына байланысты өзгеріп отырды. Маусымдық жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты. Әрбір ру белгілі бір аймақ шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Жайылымдық қоныстардың ара қашықтығы жүздеген шақырымға созылды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді болды. Жем-шөп дайындау болмады, қыста мал тебіндеп жайылды. Қыс қатты болған жылдары жұт болып, малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбі отырықшылыққа ауысатын. Дегенмен мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. Қазақтар жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Соның ішінде жылқыға үлкен мән берді. Жылқының түр-түрі болған: жүк таситын, салт мінетін және жүйрік-арғымақтар. Көшпелі мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында қой жетекші орын алды. [9]
Қыпшақ даласы көшпенділерінің басты байлығы қой болған. Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам болды, терісі мен түбітінен киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ жасалынды. Қазақ шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар негізінен қос өркешті, жүнді түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген. Бірақ ешкі мен сиыр қазақ шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті білдірсе, сиыр жұтпен теңеседі. Сондықтан қазақтар бұл жануарлардың етін тек жұт жылдары ғана жеген. Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болды. Ал жайылымды қоғам мүшелері қауымдасып пайдаланған. Әр рудың өзіндік жері болды және бұл жерге меншік ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды. Қазақтар егіншілікпен де айналысты. Қазақ хандығының түрлі аумақтарында егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы- егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар көбіне тары дақылын екті. Сыр бойындағы қалаларда ирригациялық жүйе барынша дамыған. Қалалардың маңында суландыратын арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді. Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған: құс салған, тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған. [10]
Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған.Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне және иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. Күзеу мен қыстауда ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды. Қазақтар егіншілікпен де айналысты. Қазақ хандығының түрлі аумақтарында егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы- егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар көбіне тары дақылын екті. Сыр бойындағы қалаларда ирригациялық жүйе барынша дамыған. Қалалардың маңында суландыратын арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді. Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған: құс салған, тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған. Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған. Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне және иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. Күзеу мен қыстауда ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды.[11]
XVI ғасырдың соңына қарай Ресей мемлекеті Қазақ хандығы және Орта Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын жандандырды. Сырдария қалалары арқылы халықаралық сауда және көшпенділермен дәстүрлі сауда дамыды. Түркістан қалалары мен елді мекендері арқылы Индияға, Қытай мен Еуропаға керуен жолдары өтті. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда бұл қалалар саяси орталықтарға айналып, онда қазақ хандары мен сұлтандары қоныстанды. Көшпенділермен негізінен айырбас сауда жүргізілді. Сыр бойындағы қалаларда дүкендер, базарлар, ақша сарайлары жұмыс істеді. Қазақстанның көшпенділері оңтүстіктегі қалалармен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. Көшпелілердің астыққа - бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау шаруашылығының басқа өнімдеріне деген және әсіресе, маталарға деген сұранымы барынша тұрақты болды. Далалық аудандар халқының көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары және қала шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды.[11]
Қазақ хандығы тұсында қазақ қоғамы негізгі екі әлеуметтік топтан тұрды: ақсүйек және қарасүйек. Ақсүйектер әлеуметтік тобына Шыңғыс ханның ұрпақтары – сұлтандар, төрелер және Мұхаммед пайғамбардың үрім-бұтақтары – қожалар жатты. Бұл топ үш жүз қазақтарының генеалогиялық құрылымынан бөлек тұрды. Шыңғыс ханның ұрпақтары туылысымен сұлтан атағын иеленіп, бұл әлеуметтік топқа тиіселі барлық ерекше құқықтармен қамтамасыз етілді. Шыңғыс ханның ұрпақтарының әрқайсы хандық билікке үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік топ руға бөлінбеді. Әрбір сұлтанның өзіндік үлесі болды. Қалған әлеуметтік топтардың бәрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде тайпаға, руға бөлінді. Қарасүйек әлеуметтік тобынан ерекше құқықтар иеленген тек билер болды. Атап айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге мемлекеттік мәселелер шешілетін жылдық жиналысқа – құрылтайға қатысты. Небір беделді билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды. Танытқан ерлігі немесе соғыс қимылдарын шебер басқарғаны үшін хан немесе сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болған. «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен бірге кәсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына Шыңғыс әулетіне тән билік берілмеген. Батырлардың ерліктерін жыршы-ақындар дәріптеп отырған. Қазақ қоғамындағы ешқандай құқығы жоқ мүшелері – құлдар болды. Бұл әлеуметтік топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тәуелді болды. Қоғам мүшелері дәулет-мүлкінің мөлшеріне сай «бай» және «кедей» болып бөлінді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамы әлеуметтік топтардың иерархиялық ұйымдасқан құрылымынан тұрды. Бұл әлеуметтік топтар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Әр әлеуметтік топтың өзіндік құқықтары болды. Қоғамның дамуына байланысты басқару жүйесі күрделене түсті. Ұлттың қалыптасу барысында ұлттық басқару жүйесінің қажеттілігі туындады. Қазақ хандығының басқару жүйесі 7 тармақтан тұрды. Ауылдық басқару, ата-аймақ, рулық басқару, ұлыстық билік, жүздік билік, хандық билік, құрылтай немесе мәслихат. Ауылдық басқару туыстас жақын адамдардың бірнеше отбасынан құралды. Ауылды ауылнай немесе ауылбасы басқарған. Ата-аймақ бір атадан тараған, жеті атаға дейінгі бірнеше ауылдан құралды. Бұл ұйымды ақсақал басқарған. Ру он немесе он бес аймақтан құралған. Ру басшысын ру биі немесе рубасы деп атаған. Ұлыс бірнеше рудан құралды. Әр ұлыс өз жерінен жаугершілік жағдайда он мыңдық жасақ шығара алды. Ұлыстың бас билігі ұлыс сұлтанының немесе ханның қолында болды. Жүз бірнеше ұлыстардан құралды. Жүздің басшысы, қызметі би атағының ең биік деңгейі болып есептеледі. Жүздің биі ордаби деп аталған. Хандық үш жүзден құралды. Ұлы жүз аумағы – Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан. Орта жүз аумағы – Орталық жəне Солтүстік-Шығыс Қазақстан. Кіші жүз аумағы – Батыс Қазақстан. Қазақ хандығының билігі Ұлы ханның қолында болды. Бүкіл қазақ ұлтының бас қосқан кеңесі – Құрылтай (Мəслихат). Ел басына ауыр күн туғанда күрделі мәселені талқылауға үш жүздің азаматтары құрылтайға түгел қатысады. Хан тағына малы көп шонжар-сұлтандар сайланды. Сонымен бірге хан болып сайлану үшін Шыңғыстың ұрпағы болу басты талап болды. 16-17 ғасырларда қазақ халқының құрамы негізгі екі топтан тұрды. Олар ақсүйектер мен қарасүйектер. Қазақ қоғамында бас бостандығы жоқ құлдар мен күңдер де болған. Оларда ешбір құқық болмаған.[12]
Елдің әлеуметтік-саяси өмірі
16 ғасырдың соңында ойраттар(қалмақтар) төрт тайпалық бірлестіктен тұрды. Олар Тарбағатайдан Шығысқа қарайғы өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғары ағысында қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының маңындағы хошауыттар, Іле өзенінің жоғары жағындағы шоростар еді.Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылым жер үшін күрес 15 ғасырда-ақ басталды. 16 ғ. соңында ойраттардың шағын бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Хонтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Қазақ-жоңғар қатынастары Батур хонтайшы (1634-1654) билік құрған кезде шиеленісе түсті. Онан кейінгі жоңғар хандары (Сенге, халдан) Оңтүстік қазақстанды, маңызды сауда жолдары өтетін қалаларды өздеріне қаратуға тырысты.
Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болып, орнына Болат хан болды. Оның кезінде қалмақтардың қазақ жеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың табысты болуына шведтің артиилерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың әсері күшті болды. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалды, осында Ертістің бойында Бухгольцтің экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болды. Ол қалмақтарға зеңбірек құюды, баспахана жасап, әріп құюды үйретеді. Жан-жақты әскери дайындығы бар жоңғарлар 1710-1711 жж. қазақ жеріне басып кіріп соғыс жүргізді. Олар 1717 жылы жазда Аякөз өзені жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандады. Келесі жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өзендері бойында тағы да қырады.[12]
Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама
1723 жылы ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да соғысуға келді. Шуна Дабо деген қалмақ басқарған бұл шайқас екі бағытта жүруі тиіс еді. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт қазақтарға соққы беріп, Шыршық өзеніне жету болатын. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзені бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағынадғы Кетпен тауы баурайына орналасты. Бейғам отырған қазақтар аямай қырылды. Жоңғарлар Жетісуды, Ұлы жүзді қырып-жойып, Ұлы жүз, Кіші жүз жеріне де жетті. Халық басы ауған жаққа шұбырды. Ұлы Жүз бен Орта Жүздің қазақтары Самарқан пен ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. «Елім-ай» деген ән туды. Халық ең соңында бірігудің қажеттігін түсінді. 1728 жылы Әбілхайыр бастапан Кіші жүз жасақтары, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастапан әскерлер Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға қарсы соққы берді. 1730 жылы көктемде Балқаш көлі маңында тағы соғыс басталды. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, сияқты батырлар бастапан қазақ жасақтары жоңғарларға аяусыз соққы берді. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кетті. Шуно Дабо бастапан қалмақтар Іле өзені бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Қазақ жерін азат ету жолындағы соғысты жеңіспен аяқтау үшін Үш жүздің әскерлері Шымкентке таяу Ордабасы деген жерге жиналды. Қолбасшы болып Әбілхайыр мен Бөгенбай сайланды. Осы тұста Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болды. Таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта Жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан үміткер болды. Сондай-ақ қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан Кіші жүз ханы Әбілхайырда тақтан дәмеленді. Алайда аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерін алып кетті. Жоңғарларға қарсы майдан әлсірей бастады. Ұлы Жүздің ханы Жолбарыс жоңғарлармен мәмлеге баруға мәжбүр болды. Осы тұста әрбір жүздің ішінде феодалдың бытыраңқылық күшейді. Кіші жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбілхайырдың баласы) өз алдына ел биледі. Сол сияқты Орта жүзде Күшік пен барақ сұлтандардың да өз иеліктері болды. Қазақ хандығының Бұхара, хиуамен қатынасы да нашар болды. Еділ өзені бойында қалмақтар мен башқұрттар Кіші Жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп туғызды. 16 ғасырда қазақ хандығы солтүстікте құрылған Сібір хандығымен (орталығы Түмен) шектесті. [13]
1563 жылы Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті. Сібір хандығының халқы түркі тілдес қырық рудан құрылған және угар тайпаларының жиынтығынан тұрды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес «Сібір татарлары» деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды. 1552 ж. Ресей Қазан қаласын жаулап алғаннан кейін, ол Сібір хандығымен көрші болып шықты. 1581 ж. Ермактың сібірге жорығы басталды. Көшім хан жеңілгенмен, Ермак жеңісті баянды ете алмады, ол 1584 ж,. қаза тапты. Бірақ Сібір хандығы да көтерілмеді. Сөйтіп ол 1598 жылы Ресей құрамына енді. 17 ғ. 2 ж. Қазақ хандығының жағдайы нашар болды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып осы аймақта көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұқара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастапан кезде, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұқар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652 ж. қаза тапты. 17 ғ. 90-ж-да жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл кезде қазақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті жүрді.[13]
Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік