Хлорофилдің физикалық, химиялық қасиеттері. Қатты күйдегі хлорофилл көгілдір – қара түсті аморфты зат. Хлорофилдер негізінен органикалық еріткіштерде – этил эфирінде, бензолда, хлороформда, ацетонда, этил спиртінде жақсы еріп, петролейн эфирінде нашар, ал суда ерімейді.[9]
Этил эфиріндегі хлорофилл а ерітіндісі көкжасыл, в хлорофилл ерітіндісі – сарғыш – жасыл түсті болады. Хлорофилдердің жарықты сіңіру спектрлерінің ең жоғары деңгейі қызыл және көк сәулелер аймағына тура келеді. Хлорофилдер қызғылт – сары және сары сәулелерді нашар сіңіреді де, жасыл және инфрақызыл сәулелерді тіпті сіңірмейді. Хлорофилл а мен в –ның көк және қызыл аймақтардағы сіңіру деңгейлерінің біркелкі болмауы олардың молекулалық құрылысындағы аздаған ерекшеліктеріне байланысты. Спектрдің көк – күлгін бөлігін сіңіру порфирин ядросындағы ортақтасқан жалпы және қос байланыстарға байланысты. Пигменттердің сәулелерді сіңіру деңгейіне еріткіштің қасиеті молекулаларының өзара және басқа пигменттермен, липидтермен, белоктармен әрекеттестіктері үлкен әсер етеді. Хлорофилдердің негізгі қасиеттерінің біріне олардың флуоресценция құбылысына қабілеттілігі жатады. Ол, әсіресе полярлы еріткіштегі ерітінділерде айқынырақ байқалады да, пластидтердегі хлорофилде нашар байқалады. Өсімдіктегі пигменттердің мөлшеріне сыртқы жағдайлардың әсері. Өсімдіктегі пигменттердің мөлшері онтогенез кезеңдерінде, сыртқы жағдайлардың әсеріне байланысты өзгерістерге ұшырайды. Бұндай өзгерістерді алдымен қараңғыда өсірілген өсімдікті жарыққа шығарғанда анық байқауға болады. Қараңғыда түссізденген жабық тұқымды өсімдіктерде жарықтың әсерінен хлорофилдің пайда болуы үш кезеңге бөлінеді деген қағида қалыптасқан. Бірінші кезең клеткадағы протохлорофиллид а – ның хлорофил а – ға айналуы. Бұдан соң салыстырмалы ұзақ лаг – кезең басталады. Бұл уақытта хлорофилл мөлшерінің өсуі онша қарқынды болмайды. Оның себебі протохлорофиллид а – ның баяу пайда болатындығымен байланысты. Одан жарықта пайда болатын хлорофиллид а фитольденіп өте тез, тіпті қараңғыда да хлорофилл а – ға айналады.
Лаг – кезеңінің ұзақтығы біраз жағдайларға, соның ішінде жапырақтардың қоректену ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, жапыраққа қант ерітіндісін енгізгенде лаг – кезең қысқарады. Қараңғыда өскен өсімдікті жарыққа шығарғанда ең алдымен хлорофилл а, ал хлорофилл в тек 3 – 4 сағаттан кейін ғана пайда бола бастайды деген пікі көпке дейін сақталып келеді. Бірақ, хлорофилл в лаг – кезең аяқталмай – ақ, жарық түсе бастағаннан – ақ пайда болатындығын А.А. Шлык дәлелдеді. Жапырақтың жасылдану процесі аяқталған соң хлорофилдің мөлшері гүлдену басталғанша жоғарылайды да, одан соң төмендейді. Бидай жапырағындағы хлорофилдің нақты және салыстырмалы мөлшері масақтану кезеңінен бастап біртіндеп азаяды да жапырақ қынабында, сабақта және масақта көбейеді. Көптеген зерттеушілер мыс, бор, мырыш сияқты микроэлементтер хлорофилдің мөлшеріне пайдалы әсер ететіндігін байқады. Пигменттердің синтезделуіне жылылық және жарық жағдайлары да елеулі ықпалын тигізеді. Осыған байланысты зерттеулердің нәтижелері көрсетілген факторлардың ең төменгі және жоғары шектерінің өте алшақ болатындығын көрсетті. Өсімдік органдарындағы хлорофилдің мөлшері оның пайда болуы мен ыдырау жылдамдығына байланысты. Күз айларында ағаш тектес өсімдіктер жапырақтарының сарғаюы хлорофилдердің қарқынды ыдырауының белгісі болып есептеледі. Хлорофилл мөлшерінің өте төмендеуі өсімдіктерді ұзақ уақыт қараңғылықта сақтағанда байқалады. Жасыл пигменттер сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына – қуаңшылық, ыстық, салқындыққа байланысты ыдырайды.