АЛАШОРДА: МЕМЛЕКЕТТІЛІК ЖӘНЕ ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ
Абубек Айерке Абубекқызы
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, тарих факультетінің 3 курс студенті.
Ғылыми жетекшісі: Мухамеджанова Нургуль Ахметжановна,Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ,т.ғ.к доцент м.а.
Тәу етер қастерлі Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл! Тәңірдің өзі тарту еткен еркіндік әрқайсымызға қымбат. ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген еңбегінде: «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт»[1,1б.] - деп атаған. Олай болса, осыдан 104 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы құрылып, сол автономияны басқаратын Алашорда үкіметі жарияланған болатын. Қазақ мүддесі үшін Алаш қайраткерлерінің тағдыр шешті қадамдарға барып, саяси ахуал ушығып тұрған тұрақсыздық кезеңде елге пана болар мемлекеттік құрылымды қалпына келтіруі әр қазақтың ұмытуына болмайтын тарихи тағылым.
Қазақ қоғамының сол кездегі саяси ойының бірден-бір жарқын көрінісіндей, халқымыздың төл тарихында терең із қалдырған «Алаш» сияқты партияның саяси сахнаға шығуы патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатының терең дағдарысын көрсететін, сондай-ақ, қазақ қоғамын жаңа саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және рухани негізде қайта құрудың қажеттігін танытатын факторлар болатын. Оның бағдарламасының жобасы 1917 жылдың қараша айының 21-де «Қазақ» газетінде жарияланды. Ұлттық даму мен ұлттық теңдік үшін күрес идеясына суарылған, өзінің мазмұны мен саяси мәні жағынан бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған бұл бағдарлама жобасы кейін Алашорда автономиясы мемлекеттігінің басты құжатына айналды. Дүниежүзінің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибелерін тиімді пайдалана отырып, бағдарлама авторлары тәуелсіздік жолын, демократиялық дамуды таңдайтындықтарын ашық айтты. Осыларды негіздейтін мемлекеттік-құқықтық идеяларды ұсынды. Бұл мәселелердің бәрін жаңа партия кеңестік қан-төгіс, таптық күрес жолымен емес, ұлттық бірлік негізінде, күрделі саяси реформа арқылы жүзеге асырмақ болды.
10 баптан тұратын қысқа ғана бағдарламада қазақ даласының өзекті мәселелері: сөз бен баспасөз бостандығы, жиналыс еркіндігі, тең құқықтық негізде білім беру, оқу орындарында ана тілінде оқыту, дін ісінің мемлекет ісінен бөлектігі, билік пен сот, ел қорғау, салық, жерді сатпау және т.б. идея-лардың санаты болды. Алаштықтардың басты қағидалары қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Ал, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың мемлекет дегенде қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай және сана-сезімін оята отырып, ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен алып шығатын Батыстық буржуазиялық қатынас жолын таңдағаны белгілі. «Алаш» партиясының бағдарламасында ұлттық мемлекет туралы тікелей сөздер жоқ. Алайда, онда ұлттық мемлекетті басқарудың құрылымы мен сипатына байланысты бірнеше принципті қағидалар бар. Оны «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық» және «Билік һәм сот» деп аталатын бірінші, екінші және бесінші тараулардан байқауға болады. Бағдарламаның «Мемлекет қалпы» атты алғашқы тарауында болашақ мемлекеттің құрылымы арнайы сөз болады. Ресей демократиялық, федеративтік республика болуы керек деген сөздерден басталып, одан ары демократияның мағынасы мемлекетті жұрттың билеуі, федерацияның мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі, әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болып, әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді деген сипатта түсініктеме беріледі. Осындағы тең, іргесі бөлек және өз тізгіні өзінде дегенде бағдарлама авторлары тәуелсіз мемлекетті атайды. Сонымен қатар, бағдарламаның «Жергілікті бостандық» деген тараудағы өз тізгіндері өзінде болып біріккен қазақ облыстарының Ресей республикасы федерациясының бір бөлігі болуы, реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе отырып, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы сияқты ұсыныстар да көп нәрсені аңғартады. Осындағы «қазақ автономиясы» деген тағы да дербестікті, тәуелсіздікті танытып тұр. «Алаш» партиясының негізін салушылар би, болыс, ауылнайлардың жұртқа пайдалы, жұрт үшін қызмет етуге ықыласты болуларына ерекше көңіл бөлген. Бұл сонау антикалық заманның кемеңгері Аристотельдің мемлекеттің дұрыс түріне әкімдер халық, ел пайдасын ойлаған, билік қоғамға қызмет істеген мемлекеттерді жатқызған идеяларымен ұласып жатыр. Сондай-ақ, бағдарламада жергілікті органдардың «таза қызметшілерін» халықтың қалауымен, яғни, сайланып қойылуы және олардың жергілікті халықтың тілін білуі, олардың құзіретіне кім болса да мойынұсынуы сияқты принципті мәселелер қарастырылғандығын бүгінгі заман биігінен қарағанның өзінде-ақ айқын аңғарылады.
Алаш көсемдерінің қазақтың егеменді, тәуелсіз, «іргесі бөлек» ұлттық мемлекетін құру турасындағы негізгі идеясы 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен Бірінші Бүкілқазақтардың съезінде жүзеге асты. Тоғыз күнге созылған съезд Автономия құру туралы шешімге келді. Оның атын «Алашорда» болсын деген қаулы қабылданды. Алаш автономиялық мемлекетінің уақытша Халықтық кеңесі құрылып, Ә.Бөкейханов соның төрағасы болып сайланды. Алайда, жаңа замандағы ұлттық мемлекеттің үлгісіндей болған «Алашорда» автономиясы бар-жоғы екі-үш жылдай ғана өмір сүрді. Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ халқының азаттықты аңсаған идеяларының жемісіндей болған Алашорда мекемелерін таратып тынды. Қазақ әлеміне шоқ жұлдыздай жарқырай шыққан Алаш жетекшілерінің талайының ғұмырын қиған асқақ арман, биік мақсат жүзеге аспай, 70 жыл бойы Қазақстан көп жағдайда патшалық Ресейдің жалғасы болған кеңестік Ресейдің құрамында болды. Сөйтіп, бергені аз емес, бірақ алғаны әлдеқайда көп болған кеңестік заманда Қазақстан Мәскеуге бағынған, өз тізгіні өзінде емес, өзін-өзі билей алмаған, принципті мәселелерін тек орталық шешетін тәуелді республикалардың біріне айналды. Ең негізгісі – қазақ қауымы адамзат қоғамының толыққанды мүшесі ретінде саяси һәм рухани еркіндікте болмады. Сондықтан, Қазақстан мемлекет ретінде де, қазақ халқы ұлт есебінде де толыққанды қалыптас а алмады. Соның зардаптары қазіргі күнге дейін өз жалғасын табуда.
1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-інің, бүгінгі тәуелсіз Қазақстаннның тарихи негізі саналатын Алаш автономиясы ұлттық мемлекеттік құрылым болғаны белгілі. Алаш қайраткерлерінің идеялары мен құндылықтары бүгінгі күннің өзінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. 1963 жылы құрылған қазақ жастарының «Жас тұлпар» қозғалысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 1991 жылы желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы – Алаш қозғалысы мен тәуелсіз Қазақстан арасындағы тарихи сабақтастық, мемлекеттілік мәселесі болса керек. Бұл жолдар ешқандай елдің даму үлгісін тікелей қайталаудың емес, эволюциялық тұрғыда ілгерілеуді көздейтін іс – әрекеттердің көрінісі еді. Қазақ мемлекеттігінің тарихы қай кезден бастау алады деген мәселе де бүгінгі таңда – өте өзекті де күрделі, ғылыми сипаттағы сұрақ.
ХХ ғасырдың 70-90 жылдарындағы экономикалық, саяси, рухани дағдарыс көпұлтты халықтардан құрылған империя құрамындағы республикаларда нақтылы жеке мемлекет тұрғысынан тарихи шешім қабылдауға әкелді. Сындарлы тәуелсіздігіміз де осы заңдылықтардың дәлелі. Әрине, тәуелсіздігін қайта жаңғыртқан қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы тарихи бастаулары мен тарихи сабақтастықтарының тамырын тереңнен іздеу қажеттілігі бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Алаш қозғалысының, оның саяси партиясының ұлттық мемлекет турасындағы идеясын оқып білуіміз, оны тәуелсіз еліміздің мемлекеттілік ілімімен ұштастыра алуымыз қазіргі жаңа әлемде құрып жатқан жаңа Қазақстанымызды кемел келешекке жетелейтіні даусыз. Тарихи деректер негізіне сүйенсек, ұлан-байтақ Орталық Азия өңірін мекендеген түркі тілдес ру-тайпалардың ортақ аумақта өмір сүріп, бірте-бірте бірігуі мен дамуы арқылы өз алдына қазақ халқы болып қалыптасу процесінің алғышарттары қалыптасты. Ежелгі заманның тарихи деректері бүгінгі қазақ ұлтының арғы тегі сақ, үйсін, ғұн және қаңлы тайпалары екенін көрсетеді. Жүргізілген ғылыми зерттеулер Қазақстандағы номадизм тарихы біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдан бастау алатынын дәлелдейді, осы кезеңде алғашқы этномәдени қауымдастықтар қалыптасып, олардың күн көрісі шаруашылық жүргізудің жаңа тәсілі – көшпелі мал шаруашылығымен байланысты болды [2,70 б.]. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық» – деуі орынды [3,55-57бб.].
Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің территориясы Қазақ хандығының аумағынан тұратындықтан, біз үшін хандық кезеңдегі шекараны анықтау аса маңызды. Алайда, хандық дәуірдегі шекара белдеулері туралы қолымызда нақты карта сызбасы болмағандықтан, шекара сызығын тарихи деректер негізінде ғана болжауға болады. Әсіресе, Қытай, Ресей, Өзбекстанмен арадағы шекара сызығын анықтауда тарихи деректер басты өлшем бола алады. Алаш орда үкіметінің негізін қалаушы мемлекет қайраткері Райымжан Мәрсеков: «Халық болған соң, халықтың мекен қылып, жайлап жүретін жері, суы болады. Жері, суы бар болса, өзінің билігі, өз тізгіні өзінде болған, әмір иелері өзінде болған халық, сол мемлекет болып табылады»- дейді [4,9б.]. Демек, халық және оның өмір сүретін территориясы, сондай-ақ, сол халықтың тәуелсіз билігі орнаған болса, ол халықтың мемлекеттілігі бар деген сөз. Олай болса, қазақ қашан халық болды, қай уақыттан бастап иен даланы мекендеді, қашаннан бері тәуелсіз ел болды деген мәселенің басын ашып алсақ. Алаш қайраткерлерінің түпқазығы болған – қазақ мемлекеті үшін ата-баба қанын төгіп қорғаған, сақтап қалған, мыңдаған жылдар бойы ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жатжұртқа таптатпау, сатпау, жерден айрылғаның барлық байлықтан, дәулетіңнен, құт-берекеңнен айрылу, өлу, өшу деген сөз; мемлекеттік басқару дәстүрлерді сақтай отырып, алдыңғы қатарлы Еуропа, Америка, Жапония үлгісіндегі қағидаттарға негізделген демократиялық сайлаушылар арқылы жасалған жүйелермен жүру керек; бұл ретте ешкімнің нәсіліне, жынысына, дәулетіне байланысты шектеу жоқ; шикізат емес, ұқсатып жасаған, пайда әкелетін өнім шығару мемлекет әрекетінің ең бірінші шарты; қазақ тілін дамыту, оқулықтар, сөздіктер жасау, мектептер, университеттер ашу; өз ақшасын шығару, әскер құрып, елді – мемлекетті қорғау керек деп мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің қазіргі әлеуметтік жаңғырту бағытымен үндес келетінін айтып жеткізу абзал.
Еліміз тәуелсіздік алған тұста Елбасымыз Н.Назарбаев «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім не деп таниды» - деген болатын. Бүгінгі таңда әкімшілдік-әміршілдік кеңес жүйесінің көбесі сөгілді. Кезінде тарихшыларымыз бір ауыз сөз айтуға бармайтын бүкіл кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, тарихтағы ақтаңдақтардың орны толтырылуда. Дегенмен де, әлі де болса тарихи бағасы беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап ететін бүгінгі күннің өзекті де, күрделі мәселелері жеткілікті. Әсіресе, қазақ халқының өмір сүрген кеңістігі - мемлекеттігіміздің айшықты көрінісін атауға болады. Себебі, мемлекеттіліктің міндетті бес белгісінің бірі - оның территориясы екені көпшілікке мәлім [5,15-16 бб.]. Дей тұрсақ та, әлі де тың деректер негізінде жан-жақты ғылыми тұрғыда дәлелдейтін басты мәселеміз мемлекеттілігіміз қашан қалыптасты деген мәселенің төңірегінде болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Тоқаев Қ-Ж. //Егемен Қазақстан. 2021 жыл. 5 желтоқсан.
2. Маргулан А., Акишев К., Кадырбаев М., Оразбаев А. Древняя культура Центрального Казахстана. Алма-Ата, 1966. 288 с.
3. Назарбаев Н.А. Бауырларымызға құшағымыз ашық (Дүние жүзі қазақтары құрылтайының 1992 ж. 1 қазандағы салтанатты мәжілісіндегі сөзі) // Тәуелсіздігіміздің бес жылы. -Алматы: Қазақстан, 1996. -179б.
4. Райымжан Мәрсеков. Патшалық. «Қазақ». 1913, 31 желтоқсан. № 44.
5. Өзбекұлы C., Қопабаев Ө. Мемлекет және құқық теориясы. «Жеті жарғы. Алматы 2006. -247б.
Достарыңызбен бөлісу: |