1
Өзінің қайғылы естеліктерінен Құдайдың ерекше рақымына дейін жол жүріп өткен
адамның басынан кешкендері.
ТАБАНДЫ
2
Джош Макдауэллдің Кристобал Крузенмен бірлесіп жазған
туындысы.
Undaunted
Josh McDowell
With Cristobal Krusen
Аннотация
Бұл кітапта Джош Макдауэлл өзінің өмірі жайында ашық әңгімелеп береді. Ол жас
кезінде Мәсіхтің Құдайлық болмысы туралы ілімді – ойдан шығарылған қиял екенін
дәлелдеуге кіріседі. Осы мақсатпен ол сол замандағы оқиғалар туралы айтылған тарихи
құжаттардың түпнұсқасын зерттеп, осы тақырыпты жақсы білетін адамдармен сұхбаттасады.
Сөйтіп жүріп ол, ақыр соңында Мәсіхтің адал ізбасарына айналады.
ТАБАНДЫ
Джош Макдауэллдің Кристобал Крузенмен бірлесіп жазған
туындысы.
Undaunted
Josh McDowell
With Cristobal Krusen
3
Өзінің қайғылы естеліктерінен Құдайдың ерекше рақымына дейін жол жүріп өткен
адамның басынан кешкендері.
Туындыгерден
Менің балалық шағым мен бозбала кезімнің естеліктері жайында адамдармен өте көп
рет бөлісуіме тура келді. Елдің алдына шығып Құдайдың Сөзімен бөліскен кезде, мен өзімнің
өмірім туралы көптеген адамдарға әңгімелеп бердім. Алайда, тек енді ғана шымылдықты
ашып, жалпы халыққа өмірімнің бүкіл көрінісін көрсететін мүмкіндік пайда болды.
Бірнеше жылдар бойы туындыгерлер мен кинокомпаниялар, менің жастық шағым мен
куәлігім жайында фильм түсіруге ұсыныстарын жасап жүрді. Алайда, менің мұндай
ұсыныстарды қабылдауға батылым жетпеді. Осыдан бес жыл бұрын, фильмдері көптеген
марапаттарға лайықты болған әйгілі режиссер Кристобал Крузенмен таныстым. Менің
әңгімемді бейнелеп көрсетуді, яғни
қарапайым емес міндетті мен сол кісіге сеніп тапсырдым.
Негізінде бұл кітап менің өмір жолымның басында орын алған, өрлеулер мен
құлдырауларды барынша толығырақ көрсету үшін кең көлемде бейнелеп жазылған, менің
басымнан өткен оқиғалар. Осы кітап – менің өмірімде маған кезіккен әр түрлі адамдар
туралы естеліктерден құралып, жинақталған болса да - өмірде орын алған шынайы
оқиғалар жайында әңгімелейді. Менің есте
сақтау қабілетімнің шамасына қарай, адамдармен
болған сұхбаттарды сол қалпында есіме түсіруге тырыстым. Кітаптың атын — «Табанды» —
деп атағаныма қатысты айтатын болсам, бәлкім, тіпті өзім түсінбесем де, мен өзімнің қандай
болғанымды бір сөзбен қорытындылау үшін, осылай атауды жөн көрген шығармын. Балалық
шағымда мен көптеген қиын сынақтардан өттім, осыған орай менің сақтану әрекетімнің ісі –
соңына дейін күресіп, қалайда аман қалуға ұмтылу болды. «Мені өлтірмеген нәрселердің
бәрі, мені күшті етеді» деген Ницшенің сөздері дәл маған қатысты сияқты болып көрінетін
(айтпақшы, мен сол кездері бұл кісінің кім екенін тіпті де білмейтінмін). Қиындықтар
шынында да мені күшті және табанды етті. Алайда бұл үстіртін күш — қорғаныс тетік
ретінде жан дүниемнің қараңғы қапастарын жасырып тұратын перде еді. Шын мәнінде, мен
қандай адам болсам да, ешнәрсеге қарамастан мені сол күйімде қабылдайтын адаммен
шынайы түрде тығыз қарым-қатынаста болуға және сүйіспеншілікке ұмтылатынмын (біз
бәріміз де осыған ұмтыламыз).
4
Менің жасым он бірге толған кезде, мен өзімді Құдайдың да, адамдардың да менімен
жұмысы жоқ, жер бетіндегі жалғыз адаммын деп санайтынмын. Сіз осы кітапты оқыған кезде
білетін болатын себептер мені; отбасы – тұрақтылықты, ал әке — қорғанды білдіреді,
адамдарға сенім артуға болады және сенім арту қажет деген ойларды қабылдамауға мәжбүр
етті. Мен Құдайға теріс қарадым, ашуланған кезде Оған айтатын жаман сөздер де табылып,
аузымнан шығып жататын. Мен өзімнің қателіктерімді немесе әлсіздіктерімді мойындауды
ойлаған да жоқпын. Өкінішке орай, шындықты қабылдамау өзім үшін қаншалықты қауіпті
екені тіпті, менің ойыма да кіріп шықпады.
Менің өмірімдегі болып өткен жағдайлардан туындаған жүрегімдегі қорқыныштар мен
өзіме деген сенімсіздігім әрі қарай да бәріне құпия болып қала беруі үшін, мен бар күшімді
салдым. Мен тамаша оқи да, жаза да аламын деп, өзінің қулығымен маңайындағылардың
бәрін сендіретін сауатсыз, айлакер адам сияқты болдым.
Бәлкім, менің оқиғамның қандай да бір бүге-шүгесі немесе қыр-сыры, сізге өзіңіздің
оқиғаңызды еске түсіруге көмектесетін шығар, сонымен қатар екінші біреулер (бақытқа орай)
менің тәубеге келуімнің бір бөлігі болып қалатын шығар. Қалай болғанда да менің басымнан
өткізуіме тура келген ауыртпалықтарға қарамастан, миллиондаған адамдардың басына менің
балалық шағыммен салыстырғанда, одан да қатал және қиын балалық шақ түскенін жоққа
шығармаймын.
Киелі жазбадағы Әйүп пайғамбардың кітабында, «От ұшқындарының жоғары қарай лап
ететініндей, адам баласы да ауыртпалық шегу үшін дүниеге келеді», (5:7) деп айтылған.
Менің өмірімде де от ұшқындары аз болған жоқ, солардың ішінде менің өмірімді өзгерткен
және өзімен бірге сөнбес үміт алып келген от ұшқыны да болды. Сізге осы кітапты оқуға
кеңес бере отырып, сіздің де мәңгі тірі Құдайдың көмегімен осы өмірде нық сеніммен қадам
басып жүре алатындай жағдайға қол жеткізе алатыныңыз туралы ойлануды ұсынамын.
Джош Макдауэлл
2012 жыл, сәуір
5
Бірінші тарау
Жер бетінде бәрі тамаша
Осындай ерте көктем үшін, күн тым ыстық еді. Чикагоның батыс жағында елу шақырым
жерде орналасқан, Иллинойс штатының, Уитон деген шағын қаласында жол жүріп келе
жатқан мен, аздап самал желдің есуін сезіну үшін, көлігімнің терезесін толық ашып қойған
едім. Мен Уитон колледжінің бірінші курсында оқитынмын, ал күннің екінші жартысында
жергілікті орта мектептерге қызмет үшін арналған қағаздарды апарып тастап, қосымша ақша
табатынмын. Алайда, бұл мен үшін тек қосымша ақша табу ғана емес, сонымен қатар
колледждегі қанықты оқу бағдарламасынан туындайтын, үздіксіз қарбалас өмірден аз да
болса дамыл табатын уақыт болатын.
Мен Чейз-стриттегі темір жол өткеліне Чикагодан келетін қала маңындағы жүрдек
пойыздан бұрын өте шығамын деп үміттенген едім, алайда менің өткелге жақындай бергенім
сол-ақ екен, шлагбаум төмен түсірілді де, ескерту дабылының дауысы естіле бастады. Мен
көлікті тоқтатып, қол тежегішінің иінтірегін тартып қойдым да, сәл есімді жинап тыныстап
алу үшін, орындықтың арқалығына шалқая кеттім. Осы кезде менің көлігімдегі
радиоқабылдағыштан айтылып жатқан әнді, темір доңғалақтардың салдырлаған дауысы
басып тастады: бұл ән «Сен мені ертең де сүйесің бе?» деп аталатын сол кездегі нөмірі
бірінші хит ән болатын.
Мен арт жақты көрсететін көліктің айнасына қарадым: айнадан арт жағымдағы төбеде
орналасқан, Уитон колледжінің студенттер қалашығы алақанға салғандай көрініп тұрды, ал
оның ең төбесінде мәртебелі Бланшар-Холл сондай әдемі болып көрініп тұр. Орасан зор
ғимарат Матай жазған Ізгі хабардағы Исаның: «Төбе басына салынған қала жасырынып қала
алмайды» (5:14) деп айтқан сөздерін еске салады.
Академия әлемінде Уитонның беделі мен абырой-атағы әлдеқашан жоғарғы дәрежеге
жеткен болатын. Оны бітіріп шыққан түлектер: Билли Грэм мен Рут Бэлл Грэм, жазушылар
Маргарет Лэндон мен Элизабет Эллиот, астроном Гарольд Олден, сонымен қатар Ізгі хабар
үшін азап шеккен – Джим Эллиот пен Нейт Сеннің және Эл Маккаллидің есімдерінің өзі
қаншалықты қымбат десеңші. Уитонның болашақ бітірушісі мен де, осы дүниеде елеулі із
қалдыра алар ма екенмін? Қалдырған күннің өзінде ол қандай із болмақ?
6
Мен сенімге жақында ғана келген едім, менің рухани өмірім әлі «қалыптасу кезеңінде»
болатын. Сәтсіз отбасында өскен мен, Мичиган штатының Юнион-ситиде өткен балалық
шағымнан бастап, Құдайдың бар екенін мойындамауға және өзімнің тағдырымының иесі —
мен өзіммін деп өзімді сендіруге тырысатынмын. Содан, он тоғыз жасымда Құдай туралы
ойдан біржолата азат ететін сияқты болып көрінген істі шешуге кірістім. Сол сәтте-ақ
таңқаларлық жағдай орын алды. Мен Құдайдың бар екенін теріске шығаратын дәлелдерді
жинап жүрген кезде, Ол маған Өзінің Кім екенін ашып көрсетті де, Ол менің өмірімнің
ажырамас бөлігіне айналды. Менің өмірімнің түбегейлі өзгеруі үшін, бар болғаны бірнеше
айлар ғана қажет болды. Сонда мен Бэттл-Крик деп аталатын өзімнің қалашығымдағы
Келлог муниципалдық колледжінің екінші курсын аяқтап Уитонға ауыстым.
Мен қайтадан жүрдек пойызға көз тастадым, ол менің көз алдымда рельстің үстімен
зымырап өтіп жатты. Өтіп бара жатқан пойыздың даусынан қаншалықты жұбаныш табуға
болады десеңші! Осы сәтте менің балалық шағым есіме түсіп кетті, түнде төсегімде жатып
біздің фермамыздан үш шақырымдай жерден ағылып өтіп жататын жүк пойыздарының
алыстан естілетін гуіліне құлақ салатынмын. Олардың доңғалақтарының тарсылы
Мичиганның өңделген егістік жерінің үстімен өтіп келіп, маған емін-еркін естіліп жататын.
Шапшаң паровоздар өзінің гуілімен қараңғы түннің тыныштығын жарып өтіп, ал оның
артынан ілескен вагондарының доңғалақтары біркелкі ырғақпен тарсылдайтын, бұл әуен мені
кез келген бесік жырынан жақсы әлдилейтін еді.
Көңілімді толқытқан естеліктерден мен тіпті күрсініп те алдым. Неге екенін өзім де
білмеймін, бірақ Роберт Браунингтің танымал поэмасының: «Құдай көкте, жер бетінде бәрі
тамаша» - деген шумақтары, есіме түсіп кетті.
Өмірімдегі естеліктерге беріліп кеткен мен, радиоқабылдағыштан айтылып жатқан әнді
ақырын ғана қосылып айтып отырдым.
Арт жақты көретін айнадан кенеттен, тура маған қарай зымырап келе жатқан жүк
көлігін байқап қалдым. Ол тежегішті басып тоқтатудың орнына, бір жақтан екінші жаққа
қарай бұлғақтап, жылдамдықты асырғаны айдан-анық көрініп тұрды. Бұл менің көзіме
елестеген шығар деп — мен бар күшіммен көзімді ашып-жұмдым. Алайда, жүк көлігінің
тоқтайтын ниеті де жоқ, — тежегішті басатын уақыт та қалмаған.
Жүрдек пойыз әлі де менің
алдымнан кесе-көлденең өтіп жатты, мен артқа қарай жүру үшін, жылдамдық иінтірегін
тартып қалдым. Алайда жалтарып кетуге тым кеш еді. Жүк көлігі маған қарай ұшып түсті,
7
мен қозғалтқыш иінтірегін түсіріп, бар күшіммен тежегіш тетігін бастым да, соққыны
қабылдау үшін бүрісіп отырып алдым.
Менің артта қалған бүкіл өмірім бір секундтың ішінде от ұшқыны сияқты көз алдымнан
өте шықты — бұл менің әрқашан ұмытқым келетін өмірім еді.
Екінші тарау
Әуел баста
Балалық шақты - өмірдің ең керемет кезеңі деп айтады. Бәлкім, солай болуы керек
шығар. Алайда, бұл сөздер мен үшін шындықтан өте алыс еді. Балалық шағым туралы айту
мен үшін жанға батарлықтай ауыр, әкем менің дүниеге келуімді, фермамызда тағы да бір
жұмысшы қолының пайда болуы үшін ғана күткен сияқты. Бала кезімде оның бұл туралы
айтқанын бірнеше рет естуіме де тура келген. Дәл солай болды да — менің балалық шағым
(жиі жалаңаяқ, жалаң бас) Мичиганда Юнион-сити қалашығындағы біздің фермамызда еңбек
етумен өтті, мен осы өмірдегі қандай да бір тіректі, таяныш пен тұрақтылықты анамнан,
үйдегі жұмыстардан және мектептен (дәл осындай ретпен) таптым. Алайда, менің әкеммен
қарым-қатынасым әрдайым қиын болып қала берді. Сонымен қатар саған туған ұлына емес,
жалшыға қараған сияқты қарайтын адамның сүйіспеншілігі мен құрметіне қалай лайықты
болуға болады?
Менің әкем Уилмот Макдауэлл 1898 жылы Индианада дүниеге келіп, отбасындағы он
баланың біреуі болған. Өмірінің бір кезеңінде ол Айдаходағы Фримонт өңіріне көшіп келіп,
сол жерде ол 1919 жылы менің болашақ анам Эдит Джослинды кездестіріп, оған үйленеді. Екі
жылдан кейін олардың тұңғыш ұлы, кішкентай Уилмот дүниеге келеді.
Менің әкем тәндік (физикалық) күшпен ерекшеленбеген болса да, бірбеткей қыңырлық
пен жауынгерлік рух оның мінезіне тән ерекшелік болған. Ол Монтана тауындағы қиын
асулардан мыс және күміс кен орындарының құрылысына, орман ағаштары мен азық-түлік
таситын жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген кезінде, осы мінезі оған көп
көмектескен. Бұл шалғайда жатқан, елсіз жолдарда кез келген жағдай орын алуы мүмкін ғой.
Әкем әр түрлі қиын жағдайлармен кезіккен. Сондықтан да әкем жас кезінде кез келген әдіс-
тәсілдермен әр түрлі қиын жағдайлардан шығуды үйренген.
8
Анам, керісінше, нәзік жанды сүйкімді тұлға болды. Ол Нью-Джерсиде дүниеге келіп,
сол жерде өскен. Оның ата-бабалары Англиядан шыққан келімсектер. Ол өзін мәдениетті
және білімді ханым санап, өзінің шығу тегін мақтаныш тұтатын және қолынан келгенше
біздің үйде талапқа сай тәртіптерді сақтауға тырысатын. Оның әкеме тұрмысқа шығатындай,
ол әкемнің бойынан не тапты екен? Олар әкем әлі маскүнем болмай тұрып, бір-бірін сүйіп
үйленген болар деп ойлаймын.
1920-шы жылы Айдахода жұмыс табу барған сайын қиындай түскен. Менің әпкем
Шерли дүниеге келген соң, отбасымыз шығысқа қарай жылжып, Детройтке қоныстанған.
Алайда, көп уақыт өтпей жатып ішкілікке қатысты мәселе қайтадан пайда болады. Әкемнің
араққа салынуы, оның «Атлантик және Пасифик» деп аталатын үлкен бөлшек сауда
дүкеніндегі басқарушы лауазымынан айырылуына себеп болады да, отбасымыздың қайтадан
жылы орнынан жылжуына тура келеді. Бұл жолғы біздің отбасымыздың қоныстанған жері,
батысқа қарай жүздеген шақырымдай жерде орналасқан Бэттл-Крик қалашығы болыпты. Тап
осы жерде төбеден жәй түскендей «Ұлы тоқырау» басталады. Барлық американдықтар үшін
қиын болған осы кезеңде, ата-анамның бір ауқатты танысы Лиз деген апай, әкем мен анама
Юнион-сити төңірегіндегі ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер телімін сыйға беріпті,
бұл туралы олар маған кейінірек айтып берді. Ол мұны ата-анама бәрін қайтадан басынан,
жаңадан бастауына мүмкіндік беру мақсатымен істеген екен. Алайда, олардың өмірінде 1930
жылы менің екінші әпкем Джунның дүниеге келгенінен басқа ешқандай жаңалық болмапты.
*
Ұлы тоқырау (ағылш. Great Depression) — 1929 жылы басталып, 1939 жылға дейін жалғасқан дүние
жүзілік экономикалық дағдарыс. Ұлы тоқырау АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия және Францияны қатты
ойсыратты, сонымен қатар басқа мемлекеттерде де сезілді. Көбірек өнеркәсіптік қалалар зардап шекті, бірқатар
елдерде құрылыс мүлдем тоқтап қалды. Ақша тапшылығының салдарынан, ауыл шаруашылық өнімдерінің
бағасы 40–60 % төмендеп кетті. (Орыс тілінде «Ұлы тоқырау» деген термин жиі АҚШ-тағы экономикалық
дағдарысқа қатысты қолданылады. —Ред.ескертуі).
Әкем өзінің маскүнемдігінің кесірінен жұмысынан айрылып қалғанға дейін, біршама
уақыт жергілікті дүкенде басқарушы болып жұмыс істеген. Сондықтан оған өзінің бар күшін
сүт фермасына салудан басқа амалы қалмады. Расын айтсам, мұнда да ауыз толтырып,
мақтанатындай ештеңе жоқ. Алайда, біздің бүкіл отбасымыздың бақытына орай, кішкентай
Уилмоттың (немесе Кішкентай, біз оны өз арамызда осылай атайтынбыз) бойында бала
кезінен бастап фермерлік іске икемділігі байқалып, әкем жұмыссыз қала салысымен-ақ, ол
9
өзін осы істің шебері екенін көрсетіп үлгерген. Кішкентай АБФ-ның («Американың болашақ
фермерлері») мүшесі болып, жасөспірім кезінің өзінде-ақ ол фермаға өзі «ғылыми әдіс» деп
атаған жаңалықтарын енгізе бастаған. Өзінің туа біткен жүрек ауруына қарамастан, ол нағыз
еңбеккер болған. Кішкентай өте қабілетті және жан-жақты, мектепте де алдыңғы қатардағы
оқушылардың бірі болыпты. Бұған қоса, анам есеп-қысап жүргізуге кірісіп, ферма қандай да
бір уақытқа дейін әбден табысты кәсіпорынға айналыпты.
Дегенмен, әкемнің күніне үш бөтелке шарап ішетін әдеті мен «оқымыстыны оқытпа»
деген ұстанымының арқасында бұл істің де қирауына көп уақыт қажет болмағанға ұқсайды.
Кішкентай мен әкемнің арасындағы ашулы ұрыс-керістер дағдылы әдетке айналып, әкемнің
ферманы басқару ісіне үнемі араласа беруі Кішкентайдың жүйкесін тоздыратын және сол
ұрыс-керістерге қарамастан, әкем басқа балаларына қарағанда Кішкентайды ерекше жақсы
көретін. Тіпті Кішкентаймен де әкем тіл табыса алмаған болса, онда біздің, қалған
балалардың мұндай әкемен қалай өмір сүргенімізді көз алдыңызға елестетіп көріңіз.
Мен дүниеге келген кезде, Кішкентайдың жасы он сегізде, Шерли әпкем он жетіде, ал
екінші әпкем Джун он жаста болатын. Сондықтан біздің арамыздағы жас айырмасы кейде
мені, осы мен не үшін туылдым екен деп ойлануға мәжбүр ететін.
1939 жылдың тамыз айының жайма-шуақ күндерінің бірінде біздің үйімізге жергілікті
қауым бағушысының келгені туралы айтып бергендері бар. Біздің отбасымыз қауымға
тұрақты түрде баратындардың қатарынан емес екен. Уағыздаушы өзінің қызметіне жақында
ғана кіріскен, құлшынып тұрған жас жігіт болған. Бәлкім, оның құлағына біздің отбасымыз
туралы жағымсыз қауесеттер жеткен шығар, сондықтан да ол біздің отбасымызды бағушысыз
күні қараң болатын, адасып кеткен қойлар сияқты деп ойлаған болар.
Бір сөзбен айтқанда, анам оны қонақ бөлмеге кіргізіп, дастарқан жайып шәй берген,
бірақ ол анамның жүктіліктің тоғызыншы айында екенін байқамапты да. Бір қызығы:
анамның бойы бір метр алпыс сантиметр болғанына қарамастан, салмағы жүз елу
килограммдай болған екен (бұл қалқанша безінің кесірінен солай болыпты). Мені қалжыңдап
отыр деп ойламаңыздар, бұл шындық: ол есіктен қысылып-қымтырылып әрең дегенде, әуелі
бір қырымен, кейін екінші қырымен өтіп жүрген. Осындай кең белдің арқасында менің бөтен
адамдардан сенімді түрде жасырынып қалатынымды көз алдыңызға елестетіп көруіңізге
болады.
Ал бір-екі аптадан кейін мен дүниеге келдім, Макдауэллдың отбасына тағы бір сәбидің
қосылғанын естіп, қауым бағушысы таң қалыпты! Анам мені қауымға суға шомылдыру
10
рәсімінен өткізу үшін алып келгенде, ол одан да бетер абыржып сасқалақтап қалған шығар
деп ойлаймын. Анамның қыз кезіндегі тегі — Джослин — менің бірінші атым болды, алайда,
мені кішкентай кезімнен Джош деп атайтын болған. Егер мен анамды қатты ренжітсем,
анамның: «Қанеки, бері келіңізші, Джослин Дэвид Макдауэлл!» – деп айтқанын естуіме тура
келетін. Мен дүниеге келгеннен кейін екі апта өткен соң нацистік Германия Польшаға басып
кірген, ал Франция мен Англия Гитлерге соғыс жариялаған. Екі жыл өткен соң Пёрл-
Харборды бомбалады. Менің әпкем Шерли өз еркімен әскерге, медбике болып кетеді. Ол
біздің бақытсыз отбасымыздан сытылып шыққан, менің ағам мен әпкелерімнің ішіндегі ең
алғашқысы болды.
Менің балалық шағымның естеліктері Шерлимен байланысты болса керек деп
ойлаймын. Ол үйге демалысқа келгенде, маған әр түрлі сыйлықтар әкелетін: біресе қалайыдан
жасалған сарбаздарды, енді бірде кішкентай ойыншық танкілердің армиясын. Менің көзіме
ол әскери киімде сондай сымбатты және көрікті болып көрінетін — ол сондай сұлу болатын!
Мен төрт немесе бес жасар кезімде, Шерли үйге ұзын бойлы Стэн деген десантшымен
бірге келді. Ол мені шеткері шығарып алып, құпия келісім жасап жатқан адамдай құлағыма
сыбырлап: «Мен Стэнге күйеуге шыққалы жатырмын және сенің бұл жерден қашып кетуіңе
көмектесемін, Джош! Ал содан кейін — кім біледі? Мүмкін, бір күні сен бізге көшіп келіп,
бәріміз бірге өмір сүретін шығармыз», – деді.
Ақыры, қоштасатын күн де келіп жетті. Мен еңіреп жылап, Шерлиге жармасып алдым,
оны жібергім келмеді. Біздің жергілікті клубта фильм басталардың алдында көрсететін
кинохабардан мен соғыстың қандай болатынын көрген едім, сондықтан оның соғыс болып
жатқан жерге кетіп бара жатқанын... сол жерде оны тіпті өлтіруі де мүмкін екенін білетінмін.
Алайда, Шерли мен Стэннің қол ұтасып кетіп бара жатқанына қарап, оларды Флоридаға ма
немесе Калифорнияға ма бейғам демалысқа кетіп бара жатыр деп ойлауға болатын еді.
Тіпті оның келісімшарт бойынша қызмет ету мерзімі аяқталып, қызметтен босап үйге
қайта оралуына мүмкіндік пайда болған кезде де, ол Еуропада қалып, алдыңғы шепте болуды
дұрысырақ көрді. Бір күні анамның жатын бөлмеде жылап отырғанын көріп қалып, одан не
болып қалғанын сұрағаным әлі есімде. Маған әкем тағы да бір нәрсені бүлдіріп қойған
сияқты болып көрінді. Алайда, бұл жерде әкемнің ешқандай кінәсі жоқ екен. Шерлиден:
соғыс біткенше Еуропада қаламын, – деп жазған хат келіпті.
Бақытымызға орай, Шерли соғыстан аман-есен оралды. Алайда, бұл жолы ол біздің үйге
қайтып келмеді. Олар Стэн екеуі үйленіп, Чикагоға қоныстанды. Мен олардың қолына көшіп
11
бара алмадым, қандай себеппен бара алмағанымды қазір тіпті есіме де түсіре алмаймын.
Дегенмен, мен бірнеше рет олардың үйінде қонақта болдым.
Алайда, менің балалық шағымның естеліктері екінші әпкем, Джунмен байланысты
болды. Біздің үйдің қасындағы кір жууға арналған үлкен бетон кеспектің ішінде оның мені
шомылдырғаны әлі есімде. Өзінің дене бітіміне байланысты анама мені шомылдыру қиынға
соғатын, сондықтан маған қарауды Джун жиі өз мойнына алатын. Менің төрт-бес жасар
кезімде әпкеммен бірге қалаға шыққанымыз есімде. Джун өзінің жасынан ересектеу
көрінетін, сондықтан адамдар мені оның ұлы деп ойлайтын.
Осындай саяхаттардың бірінде бір егде жастағы әйелдің Джунға: «Балаңыз қандай
керемет, қарасаң көз тоймайды!» — деп айткан сөздері әлі есімде. Бэттл-Крикте жаяужолда
әлгі әйел бізді тоқтатып, менің бетімді аздап шымшылады, содан соң: «Мына, сотқар көк
көздерге қараңызшы! — деп бетімнен сүйді де, — Мұндай сотқар еркетайлар аз болса керек,
солай ма?» – деді.
Джун бейтаныс әйелге қалжыңмен күлімдеп: «Жоқ, ол мүлдем еркетай емес. Не айтсам
да, ол әрқашан айтқанымды екі етпейді, – деп жауап берді де, маған қарап: – Сен тіл алғыш
баласың ғой, Джош, солай емес пе?» – деді. Мен шамам келгенше, басымды изеп: «Мен
анамның айтқан тілін алған кезде, ол әрқашан маған балмұздақ сатып әпереді!» – дедім.
Бейтаныс әйел таңдайын тақылдатып таңырқаған кейіппен, әмиянынан ақша алды да,
маған ұсынып: «Міне, мен де саған балмұздақ әперемін, жас жігіт!» — деп күлімдеді. Бізден
алыстап кеткеннен кейін де, өзіне-өзі: — Ақылдысын қарашы, шіркіннің! – деп күбірлеп
сөйлеп бара жатты. Біз әпкеміз екеуміз сол маңайдағы «Салливана» деген балмұздақ-
кафесіне бардық, ол маған ванильді балмұздақтың екеуін алып берді.
Мен Джунды қатты жақсы көретінмін. Ол болмысынан сезімтал, қамқор, тіпті әртістік
шеберлігі де бар жан еді, күйсандықта да тамаша ойнайтын. Джунды – біздің отбасымыздың
берекесі десе де болады. «Біздің заманымызда мұндай адамдар жоқ, ол бір тума адам» деген
мәтел менің әпкем Джун туралы айтылған сияқты. Егер де оның күйеуі Мерл Лоури менің
әкем сияқты маскүнем болмағанда, оның өмірі басқаша болар ма еді деп жиі ойлайтынмын.
Шындығын айту керек, некелік өмірінде Мерл әпкемді ұрып-соқпайтын, бірақ бәрібір,
ол түкке жарамсыз маскүнем еді. Ол тоңазытқыш жөндеу бойынша жаман шебер емес
болатын, сонымен қатар ол не болса соны жөндей беретін, алайда үздіксіз ішкілікке салынып
жүруі оның аяғына нық тұрып кетуіне мүмкіндік бермейтін. Мен оны өзін-өзі қолға алуға
қабілетті емес адам деген ойға қалатынмын. Менің ойымша, Джун Шерлиге ұқсап фермадан
12
тезірек кету үшін, Мерлге тұрмысқа шыққан сияқты. Асығыс қабылданған шешімнің
салдарынан, көп кешікпей оның бір өзіне бес баланы асырау керек болды, Мерлді қосқанда
алты бала.
Бірде Милад күнінде (Исаның дүниеге келген күні) біз сыйлықтарды ашып көру үшін
бәріміз шыршаның айналасына жиналдық, сол сәтте әкемнің мас күйінде бөлмеге кіргені
есімде. Ол өзінің креслосына гүрс етіп құлады да, қорылға басты, ал біз оның соңынан
Мерлдің келуін күтіп отырдық. Бірақ ол келмеді. Кейінірек білсек, ол аяғында тұра алмай
тайғақ жолда омбы қарға құлап, сол жерде қалып қойыпты, оның мас болғаны соншалықты
басқа біреудің көмегінсіз ол жерден шыға алмаған. Мерл тек кеш батқанда ғана келді, онда да
әкеммен қосылып тағы да ішу үшін келген еді.
Соғыс аяқталған соң көп кешікпей, Кішкентай жергілікті Карла деген қызды ұнатып
қалды, ол сол кездері жасөспірім қыз болатын. Біздің отбасымызда оны ешкім шындап
қабылдамады — солардың қатарында мен де бармын. Анам Карланың үстінен үнемі
шағымданатын.
Карла мен Кішкентай біздің үйдің ауласындағы қосалқы үйге жайғасты. Мен Карланың
ағамның титығына тиіп, бірде ананы, бірде мынаны айтып жатқанын жиі еститінмін — оның
ащы дауысы алыстан естіліп жататын. Бір күні Кішкентай шөп орып жатып, байқаусызда
үйдің алдындағы Карланың өсірген гүлзарына шалғысымен тиіп кетті. Ол ағама жұдырығын
ала жүгіріп, оған аузына келген балағат сөздерді айтып жатты. Сырттай қарап тұрып, үшінші
дүние жүзілік соғыс басталды деп ойлауға болатын еді.
Карла мен Кішкентай үлкен үйге келген кезде, ол мені де түп-түзу жүргізуге тырысатын.
Радио тыңдағанда Карла екеуміздің таласып, төбелесуге шақ қалғанымыз әлі есімде: мен
«Жасыл есек араны» тыңдағым келді, ал ол «Бернс пен Алленнің шоуын» тыңдаймын деп
талап етті. Ол радиотолқынды бір ауыстырды, екі ауыстырды, содан кейін менің орнымнан
қозғалмай отыруым үшін маған шаңқылдай бастады. Ал, мен жауап ретінде әкемнің анама
бірнеше рет айтқан сөздерінің бірімен оны мазақтадым, содан соң «қап бәлем, қолыма түссең,
сазайыңды тартқызамын» деп уәде еткен Карладан әрең дегенде қашып құтылдым. Біздің
үйге жақын жерде өсіп тұрған, биік ағашқа шығып алудан басқа амалым қалмады — сол ағаш
осындай жағдайларда менің сенімді бас сауғалайтын орным болатын. Егер Карла шындап
менің сазайымды беремін деп ұйғарса, мен осы ағашқа шығып алып, оны айырсадақпен атуға
дайындалып отыратынмын.
13
Әлдеқашан кереуетте жатудың орнына мен, кейде осы ағаштың үстінен қас қарайғанда
ғана түскен кездерім де болған және үйге жатын бөлменің терезесінен түсетінмін. Ертеңгі
күні де таяқ жегізу үшін жаңа сылтау ойлап табатынын біліп, мен оған бүгін ұрынып
қалмауды қалайтынмын. Айтатын несі бар, әдетте солай болатын.
Енді отбасыма қатысты әңгімемнің аяғы – екі үлкен дөңгелек, яғни анам мен әкем
жайында болмақ. Менің балалық шағымда есімде қалғаны — олардың бір шаңырақтың
астында тұрып, үнемі ұрысып жүретіндері. Олардың бір-біріне жылы сезімдерін білдіргенін
бір рет те көрген емеспін. Олардың бір-біріне сүйсіне қарап күлімдегендері, құшақтасып бір-
бірінің қолын ұстағандары есімде жоқ, ал бір-бірінің бетінен сүйгендері туралы тіпті айтпай-
ақ қойсам да болады. Әкем арақ-шарап ішуден басқа ешнәрсені білмейтін, ал анам — әкемнің
отбасына және шаруашылыққа деген немқұрайды қарым-қатынасы үшін миын жегенін
қоймайтын. Ал егер анам қалап жатса, сөз тапқанға қолқа жоқ демекші, сөйлейтін сөзін
табатын. Тіпті, егер олар танысқанға дейін әкем ішкілікке құмар болмаған болса да, анам
өзінің өктем қылықтарымен оны нағыз маскүнем етіп шығарған болар еді. Кейде әкем
аяғында тұра алмайтындай қатты мас болған кезінде, анам өзінің сәтсіз болған өмірі үшін
бүкіл күйінішін шығарып, одан өшін алып жатқанын көретінмін. Жоқ, анам оны ұрып-
соқпайтын — екі қолымен арқасынан қатты итеріп үйге кіргізетін немесе креслоға күшпен
итеріп жіберіп отырғызатын.
Әрине, әкемнің анама көрсеткен қорлықтарымен салыстырғанда, анамның бұл
қылықтары түкке де тұрмайды. Кейде ол мас кезінде құтырып кететін, әсіресе оның әр
нәрсені бүлдіру үшін, есін білетін және іс-қимылдарын басқара алатын аралықтағы кезеңі
бәрінен де қауіпті болатын. Мастығы басына шапқан кезде, анам оның дағдылы нысанасына
айналатын. Кейде мен әкем туралы, ол анамды ұра беріп, ұра беріп өлтіріп қоятын шығар деп
ойлайтынмын.
Қалай болғанда да, анамның қанша кемшілігі болса да, бала кезімде ол менің жалғыз
сенімді сүйенішім болды. Қарапайым сөзбен айтқанда, оның мені жақсы көретінін білетінмін.
Мен де оны жақсы көретінмін. Біздің арамызда көп нәрселер болып, анам екеуміздің бір-
бірімізге деген сүйіспеншілігіміз көптеген сынақтарға ұшырады, алайда, нәтижесінде біздің
бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз нығая түсті.
Мен онымен бірге тізбедегі суреттерді парақтап, оның тізесінде отырған сол күзгі
жайма-шуақ күнді ешқашан ұмытпаймын. Сол кездері мен бес немесе алты жаста
болатынмын. Ол маған Милад күніне (Исаның дүниеге келген күні) қалаған сыйлығымды
14
менің өзіме таңдап алуыма ұсыныс жасады, сонда мен саусағымды шошайтып ойыншық
темір жолды көрсеттім. Милад күнінде шыршаның астында, толық жиынтықтағы өзімнің
темір жол ойыншығымды көргенде, мен қандай таң-тамаша қалдым десеңізші. Міне, бұл күн
мен үшін нағыз Милад күні болды! Мен мұны ешқашан ұмытпаймын.
Сонымен қатар, анам біздің отбасымызды тәртіпке салып отыратын басқарушы
болатын. Менің сотқарлығым мен еркелігім шектен шығып кеткенде, ол маған ағаштың
шыбығын сындырып алып, оған тез қайтып келуімді бұйыратын. Содан соң ол менің
құйрығымнан бір-екі рет ыстық шыбықпен сабап алуы үшін, менен шалбарымды шешіп,
орындыққа асылып тұруымды талап ететін. Әдетте, анамның «жазалау алақанына» қатысты
(біздің жағдайымызда, шыбықпен ұру) құқығына қарсы шықпайтынмын, алайда, бұл өз
кезегінде, менің бойымда стратегиялық қарсы шараларды қалыптастыруыма кедергі
болмайтын.
Бірде жексенбі күні анам түскі асқа келетін қонақтарға дастарқан дайындап жатқан
болатын. Мен «жыланның басын қайтарайын» деп — біресе бір табақтан, біресе екінші
табақтан тартқылап тағамдардың дәмін татып жүрдім. Ол менің бұлай істемеуім керектігін
айтып бірнеше рет ескертті, бірақ мен тағамдардың дәмін татуды жалғастыра бердім. Ақыр
соңында оның шыдамы таусылды да, маған ағаштан шыбық сындырып алып келуімді
бұйырып, мені есіктен шығарып жіберді. Мен шыбықтың ең жіңішкесін әрең дегенде тауып
алып, үйге қайта оралдым.
Мен үйге кірген кезде, ол менің көйлегімді шешіп, үстелді айналып жүруге мәжбүр етті,
мен оның қасынан өткен сайын мені арқамнан осу үшін, бұрышқа тұрып алып, шыбықты
қолына ұстап дайындалып тұрды. Әуелі мен ақырын жүрдім, бірнеше рет айналғаннан кейін,
ол мені ұру үшін қолын сермеген кезде қаттырақ жүгіре бастадым. Нәтижесінде, анам маған
қолын сермегенде шыбықты не тигізе алмай қалады немесе болар-болмас тигізеді. Алайда, ол
менің қулық жасап жатқанымды байқаса да, маған білдірмеуге тырысты. Мен үстелді алты
немесе жеті рет айналып, екі-үш шыбықты жеген соң, ол мені жіберді. Анам өзінің тәрбиелік
жұмысына риза болған сияқты.
Жаны жай тапқандай дауыспен: — Бұл саған сабақ болады, — деді де, әдеттегідей бір
жағынан екінші жағына аударылып-төңкеріліп асханаға қарай бет алды.
Әкемнің тәрбиесі туралы айтпай-ақ қойсам да болады. Менің сөздерімнің жанға
батарлық ауыр естілгенін қаламаймын, алайда оның аузы арақ-шараптан құрғамайтын. Мен
оның мас болмаған кезін өте аз көретінмін, әдетте ол басы қатты ауырғанда мас болмайтын,
15
сондай кезде ол өзін өте тыныш ұстап, әңгімелесуге де зауқы болмайтын. Оның қатты
салынып ішетін күндері басталғанда, біз бәріміз оның көзіне түспеуге тырысатынбыз,
Алайда, тек ол анама қол көтермегенше ғана. Менің әлім жетпесе де, мен алты немесе
жеті жасымнан бастап анама болысуды бастадым. Қолымнан келетіні – қысқа уақытқа болса
да, әкемнің назарын анамнан өзіме аударамын. Алайда, жыл өткен сайын мен әкем мен
анамның арасына жиі түсетін болдым. Әкем аласа бойлы, дене бітімі жүдеу болатын, ал егер
арақты көп ішіп қоятын болса, онда оның менімен алысуға шамасы да келмейтін.
Тіпті сүйікті адамыңды қорғау үшін де туған әкеңді сабап-төмпештегің келетін сәттің
қаншалықты жиіркенішті болып, шынымен де жүректі айнытатын сезім екенін айтып жеткізе
алмаймын. Менің мектептегі көптеген достарыма таныс болған, әкенің жылы құшағы мен
оның өз ұлымен арасындағы достық қарым-қатынасынан туындайтын өзара жақындықтың
қуанышы маған таныс емес еді. Мен әкеммен бірге фермада жұмыс істеген кезде және әкем
мен анамның арасына араша түскен кезде, біз бір-бірімізбен «жақын» болатынбыз.
Бір күні әкем қалаға қарай жолға шыққанда, мен оған білдірмей біздің «Шевроле-
пикаптың» брезентінің астына кіріп алдым. Ол өзінің сүйікті сыра ішетін «Даффи» деп
аталатын сыраханасына қарай бет алды. Әкем ол жерде өзін қандай тосын сыйдың күтіп
тұрғанын тіпті білген де жоқ. Мен кездейсоқта, Мичиган штатының бір заңы туралы біліп
қалдым, осы заң бойынша маскүнемнің әйелі, ішімдік сататын орынның иесіне өзінің
күйеуіне ішімдік сатуға тыйым салуына құқықты екен. Расын айтқанда, бұл заңға ешкім мән
бермеген десе де болады, ал менің заңмен жұмысым да болмаған.
Әкем сыра ішетін орынға енді ғана жайғасып отыра бергенде, мен осындай жағдай үшін
арнайы сақтап қойған жуан таяқты қолыма алдым да, брезенттің астынан шығып барға
кірдім. «Менің әкеме ішімдік сатуға сіздің қақыңыз жоқ!» — деп барменге қарап айқайладым,
сөйттім де көзіме түскен нәрсенің бәрін таяқпен ұрып қирата бастадым. Айна, бөтелкелер мен
стақандар — бәрі де күл-талқан болды. Мен тіпті терезені де сындырдым. Барда нағыз қызыл
шеке төбелес басталды, бір айырмашылығы менен басқаның бәрі өздерін тыныш ұстады.
Менің сотқарлығым, расын айтсам, ұзаққа созылмады — барда отырған ер кісілер
орындарынан атып тұрды, сөйтіп біреуі менің арт жағымнан келіп құшақтап ұстап алды да,
қолымдағы таяқты жұлып алды. Әкем осы уақыт аралығында өзінің отырған бұрышынан
қозғалмай отыра берді, тіпті маған басын да көтеріп қарамады. Оны достарының көз алдында
аузыма түскен сөздермен балағаттап, үйге қайттым.
16
Анам болған жағдай туралы білген кезде, маған қатаң ескерту жасады, сөйтіп ағаштың
шыбығын әкелуге жіберді. Ол тіпті менің оны қорғағым келгенін де түсінгісі келмеді! Ол тек:
«Менің ұлымның мұндай заңсыздық жасауына жол бермеймін», — деп айта берді.
— Әкеме ішімдік сатып, олар да заңды бұзып отыр ғой! — деп мен де айтқанымнан
қайтпадым.
Осымен әңгіме бітті дегендей, анам маған: — Ақымақпен ақымақ болу – жақсылық
әкелмейді, Джош! — деп жауап берді.
Бірақ мен бәрібір өзімнің пікірімде қалдым.
Осы күні мен түні бойы ұйықтай алмадым, төсекте жатып бір бүйірімнен екінші
бүйіріме аударылып, «Даффи» сыраханасында болған оқиғаға ойша қайта оралдым. Иә,
қандай да бір аз уақыттың ішінде сырахананың топалаңын шығардым, алайда бұл тек қана —
менің әкеме қатысты болған еді. Бұл ісімнен түк те шықпады.
Шынын айтсам, мен өзім де момын адам емес едім. Менің жасым он бірге толғанда, мен
көлік жүргізуді үйренетін уақыт жетті деп ұйғардым. Маған біреу келіп, көлік жүргізуді
үйрету үшін уақытын бөліп, көмектеседі деп күтіп отырудың қажеті жоқ деп шештім де,
өзімнің жоспарымды іске асыруға кірістім. Әкемнің пикапты қалай жүргізгенін талай рет
көргендіктен, менің көлік жүргізуді әбден түсініп үлгіргеніме ешбір күмәнім болған жоқ. Бір
күні әкем қалаға кеткенде, мен ескі «Шевиді» жүргізу бойынша сынақ өткізетін уақыт келді
деп шештім. Біздің колли Пипси деген күшігіміз маған серік болып, алдыңғы орындыққа
жайғасып отырып алды.
Алғашында бәрі жақсы жүріп жатты. Алғашқы он бес минутта жеткізу қорабы жүз
әзәзілдің жындары сияқты, тісін шықырлатып тұрды, бірақ мен біртіндеп жылдамдық
тұтқышын жатық ауыстыруды үйрендім. Ал, содан кейін, мен біздің мал қора мен ауылға
келетін жолдың арасындағы көк шалғынның үстімен айналып, көлікті айтарлықтай
ептілікпен жүргіздім.
Дәл сол сәтте қайдан пайда болғаны белгісіз, дөңгелектің астынан қоян шыға келді. Ал,
Пипси осыны күтіп отырғандай — алдыңғы терезеден шығып, қоянның соңынан қуатындай,
менің көз алдымда әрі-бері жұлқынып шәуілдеп, әбігерге түсті.
Ол менің тіземе отырып алып, үріп секіре бастады, сол уақытта мен қайда жүріп бара
жатқанымды түсінбей қалдым. Мен көк шалғыннан төмен қарай құлдилап бара жатып,
көліктің қанатымен үлкен шыршаны соғып кеттім — бұл қозғалысты сәл-сәл баяулатты, бірақ
17
айтарлықтай емес. Бұталарды шамалап тілгілеп барып, біздің мал қораның артында тұрған
бұрыштағы бағанаға барып соғылдым. Бұл кезде қоянның өзі түгіл ізі де қалмаған еді.
Көліктен әрең дегенде шығып, оның бүлінген жерлерін қарап шықтым: радиатордың
торлары ішінара жұлынып қалыпты, капот тесілген, қанаты шайналып қалған сияқты,
шамдары сынған, бұған қоса қорап ұзына бойы терең тілгіленіп қалған, сол жерін мен
қарағайдың діңгегіне соғып алған едім. Мен Пипсиге қарадым, ал ол өзін айыпты
сезінгендей, маған төменнен жоғары қарап, жауап ретінде тек қыңсылап қоя берді. « Бұл
жерде сенің кінәң жоқ!», — деп күрсініп, әрі қарай не істеу керектігін ойлана бастадым.
Мен жерде құлап жатқан бағанаға жақын барып, оны қайтадан орнына қадап қоюға
тырыстым алайда, мен оны түзу етіп қоюға қанша тырыссам да, бағана кеменің сынып қалған
діңгегі сияқты, бәрібір бір жаққа қарай қисайып тұрды. Басымды қасып, енді не істесем екен
деп ойланып қалдым. Көлікті өзің жөндеуге тырысып көрші, қанеки. Әрине, бұдан түк те
шықпайтынын білсем де, оны түзулеу үшін болмаса да, ар-ұжданымды тазалау үшін,
майысып, қисайған темірді теуіп, үстінен бастым, содан соң тозығы жеткен көлікті мал қораға
кіргіздім. Оны бастырманың астына қойып, өзім үйге келдім де, жылдам көрпенің астына сып
бердім. Сағат күндізгі үш болатын.
Бір-екі сағат өткен соң үйдің алдында әкемнің қадамдарының даусы естілді, содан кейін
сықырлап кіре берістегі есік ашылды. Оның менің бөлмеме қарай кіріп келе жатқаны естілді,
біресе бір қабырғаға, кейін екінші қабырғаға соқтығысып келе жатқанынан, оның мас екені
белгілі еді. «Ал, енді бекем бол, қазір басталады»,— деп ойладым мен.
— Джош, сен қайдасың? — деп айқай салды ол.
Мен төсегіме одан бетер тығылып, көзімді жұмдым. Менің бөлмемнің есігі ашылды,
тіпті көрпені басыма жауып алсам да, әкемнің есіктің екі босағасына екі қолын тіреп менің
бөлмемде тұрғанын сезіндім:
— Джош! — деп шақырды ол қайтадан, бірақ онша қатты айқайламады. Менің
жауабымды күтпей: (мен онсызда оған жауап берейін деп жатқан жоқ едім) — Мен сенен
сұрап тұрмын, бұзауларға кім жем-шөп салады? – деп сөзін жалғастырды.
Мен көзімді аштым.
— Ал қане, орныңнан тұр, жетер енді! Жұмыс сені күтіп тұрмайды! — деді ол.
Өз құлағыма өзім сенбей, мен абайлап көрпенің астынан қарадым. Менің тығылып
жатқан жерімді оның тауып алғанына емес, қайта оның көлік туралы бірде-бір сөз
айтпағанына таң қалдым. Ол әлі ешнәрсені көрмеген бе, сонда? Көрпені лақтырып тастап,
18
мен екі аяғымды қолыма алып, бұзауларға жем-шөп беру үшін мал қора жаққа қарай құйғыта
жүгіріп ала жөнелдім.
Біраз уақыт өткен соң, мен бастырманың астынан темірдің салдырлап жатқанын естідім,
содан кейін анамның наразы болған дауысы естіліп жатты. Мен білдірмей не болып жатқанын
көру үшін, абайлап қораның сынық терезесінен тығылып тұрып қарадым. Анам ашуын тежей
алмай, әкеме бұрқылдап жатыр, әкем болса қолына ағаш балғасын ұстап, ештеңені түсінбей
көліктің ұрылған алдыңғы жағына аң-таң болып қарап тұр.
— Миыңның бәрін ішіп қойғансың! Сенің маскүнемдігіңнің немен аяқталғанын көріп
тұрсың ба? Бәрінің быт-шытын шығардың! Енді балғамен ұрғаныңнан не пайда? Бәрібір өзің
ешнәрсе істей алмайсың. Шеберханаға барып, көлікті жөндету үшін, олармен келісіп қайт! –
деп анам әкеме ұрысып жатыр.
Әкем балғаны тастай салды. Оның шынымен де ештеңені түсінбей тұрғаны бет-
әлпетінен көрініп тұр еді. Оның еріндері дірілдеп:
— Өлтірсең де, есімде жоқ, … бірақ ешқайда соқтығыспаған сияқтымын, — деді.
— Есімде жоқ дейді ғой! Есіңде жоқ болатындай, соншалықты мас болдың ба?
— Иә, солай болғанға ұқсайды…
Мен ақырын ғана мал қорадағы ісіме кірістім, бірақ болған жағдай туралы ешкімге тіс
жарып, ауыз ашпадым.
Достарыңызбен бөлісу: |