Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі



бет4/107
Дата21.12.2023
өлшемі1,26 Mb.
#142185
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107
Сәрсенбі Дәуітұлы
Филология ғылымының докторы,
Д.А.Қонаев атындағы университеттің
профессоры, Жазушылар одағының мүшесі.


Ғибрат - ғұмыр
Адамзаттың асыл тәжі, екі дүниe пайғамбары-Аллаh Тағаланың сүйікті елшісі Хазіреті Мұхаммед (сaллaллahy aләйhи ya cәллaм) екендігі даусыз.
Ол өзіне дейінгі бүкіл пайғамбарлардың жоғары қасиеттері мен ұлы жолын жалғастырушы, толықтырушы әрі тәмамдаушы ретінде келді.
Ол келмес бұрын дүниенің халі мүшкіл, адамзат өмірі түнекте болатын.
Оның нұры күллі ғаламға сәуле боп төгілді. Хазіреті Мұхаммедтің келуімен көңілдерді перделеген қараңғылық серпіліп, саналарды тұмшалаған тұман сейілді. Иман кәусарына қаныққандар жаратылыстың мәнін ұға бастады.
Небары жиырма үш жыл ішінде Ол екі дүниeдe өшпейтін, өлмейтін киелі мұра қалдырды. Арадан он төрт ғасыр өтсе де, Оның мирасын жүрек түкпірінде сақтаған түрі мен тілі басқа бір жарым миллиардтан астам үмметінің қатары күннен күнге көбейе түсуі – осының айғағы. Оның үмметі күн сайын есімін атап, Оған салауат айтып қана қоймай, өмір жолын, мінез-құлқын өнеге етіп келеді.
Әрбір адам өз бойынан табылуын қалайтын сабыр, ұстамдылық, қанағат, дархандық, кішіпейілділік, батылдық сияқты көркем мінез-құлықтар бар. Бұл — адамды нағыз адам ететін асыл қасиеттер. Ардақты қасиеттердің, әсем мінез-құлықтың барлығы бойынан табылатын өнегелі тұлға екі дүние пайғамбары Мұхаммед (с.а.у.) екендігіне шүбә келтірмейтініміз ақиқат. Оның жоғары керемет көркем мінез-құлық иесі екендігі Аллаh Тағаланың қасиетті кітабы Құранда былайша сипатталады. “Сен үшін түгесілмейтін қазына бар. (Өйткені) Сен керемет көркем мізез-құлыққа иесің.” (Қалам сүресі,4-аят)
Құран “Аллаh Расулының бойында сендерге үлгі боларлық керемет қасиеттер бар” (Ахзаб сүресі, 4-аят) деу арқылы барша мұсылмандарды Одан өнеге алуға үндейді. Иә, шындығында да оның парасат-пайымы, өмір жолы, сөзі мен әрбір әрекеті біз-мұсылмандар үшін таптырмас үлгі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) өзі де “Мен тек жоғары көркем мінез-құлықтың үлгісін көрсету үшін жіберілдім” деп бұл дүниеге келу мақсатын нақтылай түседі.
Оның мінез-құлқын Аллаh Тағала мадақтаған. Өзіне дейінгі діндерді тәмамдап толықтырушы исламның негіздері жазылған Құранды түсірген кезде ондағы айтылғандарды іс жүзінде адамзатқа паш ету үшін Аллаh Мұхаммед пайғамбарды таңдаған. Құранда баяндалған ғажайыптардың бәрін пайғамбарымыздың өмірі дәлелдей түседі. Пайғамбардың айнымас серіктері-сахабалар Хазіреті Айша анамыздан Мұхаммедтің (с.а.у.) мінезі жайлы айтып беруін өтінгенде ол: “Сендер Құранды оқыған ба едіңдер? Оның мінез-құлқының өлшемі – Құран ғой” деп жауап берген екен.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірі барша әлеуметтік және қоғамдық топтың өкілдері үшін өнегеге толы. Айталық, әрбір дәулетті адам хижретінен1 бірнеше жылдан кейін бүкіл Арабстанға әкім болып, молшылыққа кенелген, алайда бар дүниесін кедей-кепшікке үлестіріп берген пайғамбарымызды өнеге тұтуы керек.
Жанашыр ешкімі жоқ, халі мүшкіл, бауыр-туысы тастап кеткен жарымжан кісілер, Меккеде адам айтқысыз азаптарға душар болып, өз ағайындарынан жәбір көрген пайғамбарымызды есіне алып, қиыншылыққа мойымауы тиіс.
Тәрбиеші, ұстаздар мешітінің ауыз бөлмесінде бүкіл жауапкершілігін өз мойнына алған шәкірттеріне дәріс беріп, тәрбиелеген шапағатты пайғамбарымызды әрдайым жолбастаушы деп білгені дұрыс.
Ал әрбір шәкірт Аллаhтан түскен Құранды Жебірейіл періштенің құзырында отырып оқып-үйреніп, іске асырған Аллаh Расулынан өнеге алуы керек.
Әрбір жеңімпаз әскербасы, саны аз әскерімен ұлы жеңістерге қол жеткізген, Меккені алған тұста кішіпейілдігінен басын барынша иген пайғамбарды үлгі етуі қажет.
Әрбір саудагер жұбайы Хазіреті Хадишаның саудасына көмектесіп, сауда-саттықта қара қылды қақ жарған әділ пайғамбарымыздан сабақ алғаны дұрыс.
Жетімдіктің зардабын тартқан әрбір адам ана құрсағында әкесінен, алты жасында аяулы анасынан айырылып тұл жетім қалған Расулаллаhтың2 өмірін өнеге тұтуы керек.
Әрбір жасөспірім намыс пен әдептің үлгісі, шыншыл да турашыл Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) өмір жолын үлгі деп білсін.
Халыққа уағыз айтып, адалдыққа насихаттайтын әрбір адам мешітте сахабаларына шешен де көркем тілімен ақиқатты ұғындырған, тура жолға бағыт сілтеген, дүйім жұртты ұйытқан Аллаhтың сүйікті құлы-Мұхаммедтен (с.а.у.) өнеге алғаны дұрыс.
Біз – бақытты ұрпақ екі дүние пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.у.) үмметі болуды нәсіп еткен Аллаhқа мың да бір шүкірімізді айтып, пайғамбар жолынан адаспауды, оның шапағатына бөленуді тілейміз. Өйткені, адамзат Оны тануға мәжбүр.
Оны танып – білмей, өмірлік принциптерінен үлгі алмаған жағдайда рухтар семіп, өмірден түңілу пайда болады.
Айналамыздағы қаптаған проблемалардан арылудың, тынығудың бірден бір жолы – рухқа иман нәрін егу.
Осынау ұлы тұлғаның өмірі жайлы қалам тарту – бақытты міндет. Қазақ деген ғажап халықтың руханиятын асқақтатуға, ұзақ жылдар бойы ұмыттырылмақ болған ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға тамшыдай да болса үлес қосу-қасиетті борыш.
Имандылық бастауы – дін десек, мәдениет – діннің бір тармағы. Дін мен ділді нығайту мақсатымен дайындалып, оқырман қолына тиіп отырған кітаптың рухани кем-кетікті толтыруға пайдасы тиіп жатса еңбектің ақталғаны.
Осы туындының жарыққа шығуына септігі тиген баршаға алғысымды білдіріп:
Уа, құдіреті күшті Жаратқан Аллаh !
Жер жүзіне тыныштық, адамзат баласына иман байлығын нәсіп ет. Елімізді шарапатыңмен есірке. Екі дүниеде халқымыздың жүзін жарқын етіп, Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) шапағатшы қыл. Әмин” – деп аяқтағым келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет