Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі



бет7/107
Дата21.12.2023
өлшемі1,26 Mb.
#142185
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   107
АРАБСТАННЫҢ ЖАҒДАЙЫ
Дүние жүзі картасынан саяси, географиялық және сауда-саттық жөнінен маңызды орын алған Арабстанның да өзге елдерден айырмашылығы қалмаған еді. Мұнда да тіл мен әдебиеттен басқа салалардың бәрінде кері кетушілік, жамандық үстемдік жүргізе бастаған.
Діни ахуал
Наным-сенім мәселесінде анархия белең алып, адамның ақылына сыймайтын небір сенімдер пайда болған.
Халықтың бір бөлігі ештеңеге сенбейтін, тек осы өмірдің қызығын тамашалап қалуды көксейтін. “Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, екінші рет тірілу мүмкін емес. Ақыры өлеміз, сондықтан мына дүниеде тояттап қалуға тиіспіз” дейтін олар, ойларына келгенін істейтін.
Ардақты Пайғамбарымызға Аллаhтан уахи түсе бастағанда осындай адамдар жайында Құран Кәрімде мынадай аяттар жолданады :
Ей, Расулым!
Оларға былай деп айт: Аллаһ сендерге өмір сыйлады. Кейін ол сендерді өлтіреді, сосын шүбәсіз болатын қиямет күнінде бәріңді жинайды. Бірақ адамдардың көбісі бұл ақиқаттан мүлде бейхабар” (Жасия сүресі, 26-аят).
Сондай-ақ арабтардың бір бөлігі Аллаhқа, бір Жаратушының барлығына сенетін, бірақ адамдар арасынан пайғамбар шығатынына иланбайтын.
Пайғамбардың адамдар арасынан шыққанына сенбей, бұл ақиқатты ақылдарына сыйғыза алмай, пайғамбар періштелерден ғана шығуы мүмкін деген бұл топтағылардың қисынсыз пікірлеріне Құранның төмендегі аяты жауап береді:
Ей, Расулым!:
Егер жер жүзін (адамдар емес,) періштелер мекендейтін болса, біз сонда ғана олар үшін (жер бетіне) пайғамбарды періштелерден таңдаған болар едік”-де (Исра сүресі, 95- аят).
Арабтардың арасында Аллаhқа сенгенмен ақырет күнінің болатынына, өлгеннен кейін тірілуге, жәннат пен жәһаннамның бар екеніне сенбейтін бір топ бар еді. Құран Кәрімнің оларға жауабы мынадай:
Олар (кәпірлер) өздерінің (бір тамшы судан) қалай жаратылғанын ұмытып, бізге “Шіріген сүйектерді кім тірілте алады?” деп мысал келтірмек болды. (Ей, Расулым!) Оларға былай де: “Оны әу баста кім жаратқан болса, қайтадан сол тірілтеді. Бар нәрсенің жаратылысын жалғыз Сол ғана (Жаратушы) біледі” (Ясин сүресі, 78-79 аят).
Енді біреулері пұтқа табынатын. Халықтың ең көп бөлігін құрайтындар да осылар. Тастан, тақтайдан, кейде кәдімгі халуадан өз қолдарымен жасаған пұттарына табынып, онысымен де қоймай былай дейтін:
Бізді Аллаhқа жақындата түссін деп осыларға табынамыз” (Зумәр сүресі, 3-аят).
Иә, арабтардың көпшілігі қолдарында бар материалдарынан пұт жасап алып, жансыз заттардан медет тілейтіндей бейшаралыққа дейін барды. Жер бетіндегі тәухидтің тұңғыш тұрағы – Бәйтуллаһты (Қағбаны) осы нанымдарының көрінісі ретінде сансыз пұттармен толтырған-ды.
Исламның кәусарымен сусындап, мұсылман болу бақыты бұйырғаннан соң күллі әлемге қара қылды қақ жарған әділдігімен әйгілі болған Хазіреті Омар жәһилия кезеңінде пұттарға табыну турасында басынан өткен оқиғаларды былайша баяндайды:
“Жәһилия кезеңіндегі екі ісіміз есіме түссе, біреуіне қайғырып жылаймын, екіншісіне – ішек-сілем қатқанша күлем. Жылайтыным – сол кезде ақымақтығымыз сондай, әйелдеріміз қыз туса тыжырынып, қыз баладан құтылғанша асығып, бейкүнә, мейірімге мұқтаж шараналарды тірідей көметіндігіміз. Осы қылығымыз есіме түссе, жүрегім қан жылайды.
Күлетінім – пұтқа табынатын едік. Әрқайсысымыздың үйіміздің төрінде қолдан жасаған пұттарымыз тұратын. Соларға табынып, құрметтейтінбіз. Сапарға шыға қалсақ, пұттарымыздың бейнесін ұннан немесе халуадан жасап, өзімізбен бірге алып шығатынбыз. Жол ұзап, қарнымыз ашса, табынып, алдында құрдай жорғалаған жансыз халуа-пұттардан кесіп алып жейтінбіз. Осыдан асқан күлкілі оқиға бар ма енді?”.
Осынша жағдайларға қарамастан, Арабстанда бір кездері Хазіреті Ибраһим (а.с.) үндеген тәухид дініне – Аллаhтың бірлігіне сенетіндер де бар еді. Қараңғылық, ауа жайылушылыққа мойын бұрмастан, арадан ұзақ уақыт өткеніне қарамастан, тәухидті ұстанғандарға Хазіреті Ибраһим (а.с.) жолымен жүргендер мағынасында ханифтер делінетін. Құран Кәрімде “ханиф”5 сөзі Хазіреті Ибраһим (а.с.) үшін қолданылған:
Ибраһим яһуди де емес, христиан да емес, ол ханиф мұсылман еді” (Али Имран сүресі, 67-аят).
Ханифтер пұттардан жиренетін, Аллаhтың бар екендігіне, бірлігіне сенетін. Олардың қатарында Уарақа ибн Нәуфал, Убайдуллаһ ибн Жахш, Осман ибн Хуайрис, Зәйд ибн Амрды атауға болады. Бұлар пұттардың құрметіне ұйымдастырылған салтанатты жиын-жәрмеңкеде халықтың алдына шығып, пайдасы да, зияны да жоқ, жансыз, тілсіз, меңіреу пұттарға сәждеге жығылып, құрмет көрсетудің ақымақтық екендігін айтып жар салған -ды.
Ақылға салып, ойланып, пұттарға табынудың жөн-жосықсыз екенін кейіннен ұғынып, бұл нанымға қарсылық білдіргендер де болған. Солардың бірі тайф руының басшысы Умаййа ибн Әби Салт. Ол жәһилия кезеңінде киелі кітаптарды көп оқып, пұтқа табынушылықты тәрк етіп, Хазіреті Ибраһимнің (а.с.) дінін қабылдаған.
“Бисмикә Аллаһумә”6 тіркесін алғаш қолданған да сол. Кейін бұл сөз арабтарға ұнап, Аллаhқа сенбесе де, кітаптарының, сондай-ақ кез келген жазбаның басына осылай жазып қоюды жаппай әдетке айналдырған.
Умаййа ибн Әби Салт өлеңдерінде адамдарды дұрыс жолға үндейтін жетекшінің, яғни пайғамбардың қажеттігіне назар аударған. Арабтардың арасынан пайғамбар шығуға тиіс екендігін қасиетті кітаптардан оқып-үйренгендіктен, сол құрметті атаққа өзі ие болғысы келетін. Сондықтан Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық берілгенде қызғаныштан оны мойындамаған. Тіпті ерегіс пен қызғанышынан Бәдір7 соғысында өлтірілген мүшріктерге арнап жоқтау айтқан.
Хижреттің екінші жылы иман келтірместен өліп кеткен Умаййа туралы Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) бірнеше хадисі бар.
Мұхаммед (с.а.у.) бір күні Шәрид ибн Суәйдпен бірге келе жатып, сахабадан:
“Сен Умаййаның өлеңдерін оқығансың ба?”,-деп сұрайды.
“Иә, білемін” деп Шәрид Умаййаның өлеңдерінен бірнеше бәйіт оқып береді. Өлең жолдары Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) қатты ұнайды. Тағы да оқуын өтінеді. Қасида аяқталғанда Расул Әкрам :
“Умаййа мұсылман болуға сәл-ақ қалған екен”, – дейді.
Тағы бір мәліметте:
“Умаййаның өлеңдері иман келтіргенмен, өзі азғындықтан шыға алмапты”,-дегені айтылады.
Пұттар
Меккеге ең алғаш пұтты әкелген Амр ибн Лухай есімді араб.
Амр Шамға барған бір сапарында Ма’аб деген мекенге жолай соғады. Осы жерде Нұх пайғамбардың ұрпағы саналатын бір тайпаның пұттарға табынғанын көреді. Қызығушылық жеңіп, сұрастыра келе жергілікті халықтан: “Біз осы пұттардан көмек сұраймыз, сұрағанымызға ие боламыз. Жаңбыр тілесек, жауынға қарық боламыз” деген жауап алады.
Мұнан соң Амр пенделігі ұстап, Меккеге алып кетуге пұт сұрайды. Ма’абтықтар оның сөзін жерге тастамай, Хубәл атты пұтты сыйлайды.
Амр Хубәлді Меккеге алып келіп, орнатады. Надан халық бұрын-соңды болмаған әдетті қызық көріп, соған иланып (тілеуіңді орындайды десе илана кететін қара халықтың әдеті емес пе?), пұтқа табына бастайды.
Осыдан бастап пұтқа табынушылық Меккеде кеңінен тарайды. Әр тайпаның өзіне тән пұты болатын.
Құрайыштың ең үлкен пұты — Узза деп аталады.
Әус пен хазраж руларының Мәнат атты пұты Мекке мен Мәдина арасында Мүшәллал деген жерде тұратын. Кейінірек олар Узза мен Латқа да сыйынған. Кәлб тайпасының пұты -Уәд аталатын, Думәтул Жәндал деген жерге орналасқан еді.
Хузәйіл тайпасы Сууа пұтына табынатын.
Хәмдан алқабындағы Иаук атты пұт хәмдан руының тәңірісі еді.
Тайи және мәзхиж тайпаларынікі Иағус, химйелилердікі Нәср аталған.
Бәкір ұлдары мен кинаналар Сад атты қолдан жасалған Құдайға құлдық ұратын.
Әр тайпа өз пұтына табынып, жәрдем тілеп, солардың алдында құрдай жорғалайтын. Жансыз, рухсыз, тастан, ағаштан, ұннан, т. б. жасалған бейнелерді қараңғы халық құдіретті санап, соқыр сенімге бой алдырған-тын.
Аллаh Расулы осындай нанымы надандықпен ұштасқан адамдардың санасын сәулелендіру мақсатымен келуге тиіс еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет