Ә) Барлық жерде адамдар таптар мен топтарға бөлінді Иләһи өлшемдерден мақұрым адамзат бай – кедей, күшті-әлсіз, қожайын-құл, ақсүйектер мен қаралар болып көптеген топтарға бөлінді. Бай мен кедейдің, билеуші мен бағыныштының арасындағы айырмашылық жер мен көктей еді. Билік басындағылар мен қарапайым халық арасындағы алауыздық шегіне жеткен. Үстем топтағылар қарапайымдарды жансыз заттан төмен көретін.
Б) Бұл елдердің қай-қайсысында да құлдыққа алып-сату қағидалары бар еді. Адам – құрметті, қадірлі тіршілік иесі. Мұның астарына үңілу тек ақиқат иман арқылы жүзеге асады.
Имандылықтан ада, көңілдерін кір шалған сол кезеңнің адамдары адамзаттың жер бетіндегі ең тұғырлы тұлға екенін аңдамақ былай тұрсын, оны алып-сататын мүлікке есептеп, жабайы күйге ене бастаған.
Құлдың айуаннан төмен саналатыны да аз емес. Қожайын құл мен күңіне ойына келгенін жасауға құқылы болған.
Осынша азғындықтан алып шығар тұлғаға адамзат әлемі зәру еді. Бұл қажеттілік күн сайын біліне түсті.
В) Діндер, мәзхабтар арасындағы алауыздық Христиан дінін ұстанатын елдерде христиандықтың Иса пайғамбар арқылы келген түпнұсқасы, яғни бір жаратушыға сенім жойылып, үштік (үшқұдайшылық – тәслис сенімі) жайлай бастаған-ды.
Дін басылары Хазіреті Исаның дініне ойдан небір толықтырулар енгізіп жан-жаққа тартып бақты.
Әсіресе, Шығыс Рим империясында дін атын жамылып, зұлымдық пен азапты арттырғандар көбейе түсті.
Иранда сол кездегі үстем дін — маздеизмнен бас тартқандар не діни ғұрыпқа мойынсұнбағандар аяусыз жазаланатын. Көз ою, асу, таспен шөкелеу, ас-сусыз аштан өлтіру дағдыға айналған.
Г) Ол дәуірде адамгершілікті ауызға алудың өзі – ерсі Имандылық жоқ жерде адамгершілік туралы сөз қозғаудың өзі ерсі. Ар-намыс аяққа тапталып, нәпсіқұмарлық адамдардың басты машығына айналған. Ұрлық, жезөкшелік, адам өлтіру жайлаған қоғамда адамзат атты ұлы есім жойылғандай. Мысалы, Византия императорының өз қарындасымен үйленуі – азғындық емей не?!
Иә, адамзат – жетім, дүние – мұңлы. Жер жүзі азалы алып алаң іспетті. Адамдар бір-біріне дұшпан, мәнсіз тірліктен жеріп жансыз мақұлық кейпіне енген.
Жолбастаушысы жоқ тұлдыр қоғам ащы өксікке булыққан. Барша әлемді шірктің4, надандық пен күпірдің қара қошқыл бұлты басқан. Дүние осы бұлтты ысырып, сәулеге кенелтетін Нұрлы тұлғаға зәру. Сол бақыт нұры түскенде ғана адамзаттың назырқанған көңілі шалқып, кемерінен тасары, жылаңқылықтың орнын жайдарылық басары сөзсіз еді.
Адамзат та жаратылысының, жалған дүниедегі жолаушылығының мәнін ұғып, Аллаhты танып, иман келтіріп, ғибадат етудің қажеттілігін түсініп, баянды бақытқа қол жеткізіп, тірліктің тұтқасын ұстар еді.