Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі


ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ХAЗІPETІ



бет33/107
Дата21.12.2023
өлшемі1,26 Mb.
#142185
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   107
Байланысты:
Adamzatty 1187 asyl t 1241 zhi 1

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ХAЗІPETІ
ХАДИШАМЕН ҮЙЛЕНУІ
Хазіреті Хадиша пайғамбарымызды бала күнінен танитын. Сауда керуеніне қосып, мал-мүлкін табыстаған күннен бастап жақыннан танып, біле бастады. Жесір Хадиша құрайыштың қыздары ішінде көргенді жердің қызы ретінде де, иба-ізетімен қатар мал-дәулетінің молдығымен де жоғары тұратын. Кез келген бойжеткенге арман болғанмен, нәсіп болмаған хас сұлулықтың иесі де еді.
Сол уақытқа дейін маңайындағы оны танитындар да, аты мен затына сырттай қанық болып сөз сала келгендер де аз болмаған, бірақ Хадиша бірде-біреуін қабылдамаған-ды. Ешқашан үйленбейтін, үйлену жайын ойламайтын сияқты көрінетін.
Құдайдың дегені құлды жеңеді демекші, адалдығы мен пәктігі, адамгершілігі мен ақ көңілділігі жөнінен теңдесі жоқ жанды кездестіргенде Хадишаның ойы өзгеріп сала берді. Иләһи тағдыр әу баста-ақ екі көңілді жұптастыруды жазған-ды.
Үйлену жайын алғашқы болып қозғаған Хадиша болды… Иә, намыстылығымен танылып, жәһилия кезеңінің өзінде арлы әйел мағынасындағы “Тахира” лақабына ие болған Хадиша…
– Хадишаның ұсынысын жан досы Муниа қызы Нәфиса Хазіреті Мұхаммедке жеткізді:
– Бас екеу болмай, мал екеу болмайды деген, үйлену жайын ойланбадың ба?
– Үйленіп, үй болатындай малым жоқ.
– Егер дүниең жетіп, өз теңің ұсыныс айтса, қайтер едің?
– Кімді айтасың?
– Хуайлидтің қызы Хадишаны айтам.
– Қалайша?
– Сен қарсы болмасаң, қалған жағын үйлестіру — менің міндетім.
– Онда мұндай ұсынысқа қарсы болмас ем.
Нәфиса қуанған күйі Хазіреті Мұхаммедпен арадағы әңгімені Хадишаға айтып келді. Көңілі алып-ұшқан Хадиша Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) қайтадан хабар жолдады, оның жүрекжарды тілегін сөзбе-сөз ұластырған тағы да Нәфиса.
“Уа, Мұхаммед (с.а.у.), сені ағайын ретінде танып, руластарым арасында адал, сенімді әрі шыншыл болғаның үшін ұнаттым. ”
Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) бұл жаңалықты көкесі Әбу Тәліпке білдіреді. Көкесі Хадишаның өз аузынан естіген соң қуана құптайды.
Үйлену тойында
Тойдың уақытын Хазіреті Хадишаның өзі белгіледі. Той өтетін орын да – соның үйі. Алдын ала хабарланған уақытта Хазіреті Мұхаммед ең жақын туыстарымен бірге Хадишаның үйіне келді. Той қажеттіліктерін, ас-су қамын Хазіреті Хадишаның өзі мойнына алған-тын.
Мал сойылып, қазан асылған. Той басталып та кетті. Қалыптасқан үрдіс бойынша алдымен үлкендер сөз сөйлеуге тиіс. Хазіреті Хадишаның әкесі бірнеше жыл бұрын ішкі ру аралық қақтығыстардың бірінде қаза болғандықтан, бас құдалыққа әкесінің інісі Амр ибн Әсет келген.
Мұнан соң Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) әке орнына әке болған Әбу Тәліп орнынан тұрды:
Жаратқанға мың қайтара шүкіршілік етемін” деп бастады ол сөзін, “Бізді Хазіреті Ибраһим (а.с.) пайғамбардың шежіресінен, Хазіреті Ысмайылдың (а.с.) ұрпағы етіп, Маадтың шөпшегі, Мұдардың шөбересі етіп жаратты.
Енді негізгі мәселеге келер болсам, менің бауырым Абдуллаһтың ұлы Мұхаммедті (с.а.у.) бұл төңіректе танымайтын адам кем де кем. Оның адамгершілігі, ақыл-парасатымен тайталасар жігіт құрайышта жоқ болар. “Жомарттың қолын жоқтық байлайды” демекші, тек мал байлығы кем демесеңіз, мінез байлығы жөнінен оған тең келер пенде жоқ. Дәулет деген не тәйірі, қолдың кірі тәрізді, бүгін бар да ертең жоқ.
Алдағы уақытта осы бауырымның үлкен құрметке бөленіп, қауымның қадірлісі боларына еш шүбә келтірмеймін.
Бүгін ол сіздердің қыздарыңыз Хадишаны айттыра келіп отыр. Мәхир17 ретінде де жиырма атан түйе бермекші. Біз осылардың тілекшісіміз, Тәңірі екі жастың тілеуін бергей”, – деп сөзін бітірді.
Әбу Тәліптен соң Хадишаның немере ағасы Уарақа ибн Нәуфал сөз сөйледі:
“Біз де алдымен бір Тәңірге шүкірлік қылуды борыш санаймыз. Бізге де биік мәртебелілік, мол ырзық, дүние берді. Өзге жерлестерімізден үстем етіп жаратты. Сізге артар кінәміз жоқ. Үйлену, отау құру оңай шаруа емес. Біз де бірауыздан ағайын-туыс ақылдасып сіздермен құда болуды мақұл көріп отырмыз.
“Уа, жиналған қауым! Куә болыңыздар, Хуайлидтің қызы Хадишаны жиырма атан түйелік мәхирімен Абдуллаһтың ұлы Мұхаммедке әйелдікке бердім. ”
Уарақа ибн Нәуфал сөзін аяқтаған соң Әбу Тәліп Хадишаның ағасы Амр ибн Әсеттің келісімін сұрады. Ол да көпшілікке естірте:
“Хуайлидтің қызы Хадишаны Абдуллаһ ұлы Мұхаммедке некелеуге разымын”, – деді.
Осылайша екі дүниенің сұлтаны – пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедтің құрайыш әйелдерінің ішінде ең сұлуы, жоғары мәртебелісі Хуайлид қызы Хадишамен некелері қиылып, ерлі-зайыпты деп жарияланды.
Сүйікті де ардақты Пайғамбарымыз ол кезде жиырма бес, ал Хадиша анамыз қырық жаста болатын.
Бұл оқиға милади 595 жылы, яғни Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық келместен он бес жыл бұрын болған.
Тойдан соң Мұхаммед (с.а.у.) аяулы жарымен бірге Әбу Тәліптің үйіне келді. Халықпен қайталанбас қуаныштарын бөлісіп, бірнеше түйе сойып сый-сияпат жасады. Меккеліктер тайлы-тұяғы қалмай келіп, той дастарқанынан дәм татты. Жас шаңырақ иелеріне ақ тілектерін айтып, баталарын жаудырды. “Тең-теңімен деген, бір-біріне қай жағынан да лайық, жұптарың жазылмасын, тойларың тойға ұлассын” десіп тарқасты шақырылғандар.
Бірнеше күн осында болған соң ерлі-зайыптылар Хадишаның отауына қайтты. Осы шаңырақ астында Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) ғұмырының ең бақытты сәттерін өткереді…
Халық арасында Тахира атанған Хадишаны пайғамбарымыз Хадиша Кубра, яғни үлкен, ұлы Хадиша деп атаған. Ибалы да әдепті, қылықты да шырайлы зайыбымен өте тату ғұмыр кешкен.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әкесінен мирас қалған ештеңесі жоқ еді. Әкелік қамқорлығын көрсеткен Әбу Тәліп болса, сіңірі шыққан кедей. Сондықтан Хадишаға үйленгенге дейін жоқшылық зарбадын әбден тартқан.
Хадишамен үйленгеннен соң әйелінің байлығын сауда айналымына салып, тірлік жасап тарығудан құтылды. Бірақ сонша дәулеттің иесі бола тұрып, ол ешқашан ысырап жасамаған, бекер мал шашу оған тіпті жат. Жаратылысындағы қарапайымдылығынан танбаған. Өйткені, ол үшін дүниенің байлығы түк те емес, көңіл байлығы, рухтың толыққандылығы маңызды. . .
Хазіреті Хадишадан алты бала туады: Қасым, Зейнеп, Руқия, Үммүгүлсім, Фатима, Абдуллаһ.
Шаттыққа толы шаңырақта Хазіреті Мұхаммед пен Хадиша ең сәтті, тәтті күндерін өткізіп жатты. Құрмет пен махаббатқа негізделген отбасылық өмірлеріне көңіл сүйсініп, көз тамсанатын… Пайғамбардың отбасы күллі адамзат баласына үлгі боларлық сыйластық пен сүйіспеншіліктің ошағы еді.
Хадиша анамыз жұбайынан он бес жас үлкендігіне қарамастан, отағасын әрдайым ерекше құрметтеп, отбасының пірі санаған. Мұхаммед те (с.а.у.) отбасының тірегі, балаларының анасы болған аяулы жанды айрықша сыйлап, қолдап-қорғаған. Хазіреті Хадишаның өлімінен кейін де өзі о дүниелік болғанға дейін оған деген сүйіспеншілігі әсте суыған емес.
Сүйікті Пайғамбарымыз Хазіреті Хадишаның жомарттығын, көркем мінез-құлығын, өзіне жасаған жақсылығы үшін мәңгілік қарыздар екендігін ұдайы еске алатын. Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) кейінгі әйелдерінің бірі Хазіреті Айша анамыздың “Мұхаммедті (с.а.у.) Хадишадан басқа ханымдарынан қызғанған емеспін” деуі – соның куәсі. Бұлай болуы заңды да!
Әрине, Расулаллаһтың көңіл төрінде әрбір әйелінің өзіне тән орны бар екені даусыз. Дегенмен өз кіндігінен тараған жеті баласының алтауының анасы Хазіреті Хадишаның орны бір бөлек екені түсінікті. Айналасындағы бүкіл қауымы оған дұшпан көзімен қарағанда дос қолын созған, оны шын ниетімен қолдаған да осы Хазіреті Хадиша еді. Қиын-қыстау күндерде рухына дем беріп, көңіліне медеу болған да – Хадижатул-кубра (ұлы Хадиша). Сөйткен жанды ұмытуға бола ма?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет