Есіктердің жіктелуі, оларға қойылатын талаптар Есіктер ғимаратқа кіруге, бөлмеден бөлмеге қатынауға, ерт немесе апат болғанда адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға арналған. Олардың орналасуы, саны және өлшемдері бөлмелердегі адам санына, ғимарат түріне және арналуына байланысты болады. Есіктер қораптан, жармалардан тұрады.
Есіктердің жіктелуі:
1. Материалы бойынша:
а) ағаштан; б) жаңқалы тақталардан; в) металдан; г) полимер материалдарынан.
2. Жармасының саны бойынша:
а) бір жармалы; б) бір жарым жармалы; в) екі жармалы.
3. Ашылу әдісі бойынша:
а) айқара ашылатын; б) ысырмалы; в) көтермелі; г) айналмалы; д) бүктемелі.
4. Арналуы бойынша:
а) сыртқы (ғимаратқа кіретін және балкон есігі); б) ішкі; в) шкаф есіктері.
5. Биіктігіне байланысты:
Н = 1800 мм (ұста есігі);
Н = 2000 мм;
Н = 2300 мм.
6. Есік жармасыньің құрылымы бойынша:
а) қалқанды; б) жиектемелі; в) ағаш ұстасы есігі.
7. Қоршау сипатына байланысты:
а) біртұтас; б) әйнектелген; в) жартылай әйнектелген.
Пәтер ішіндегі есіктердің ені бөлмелердің арналуына байланысты қабылданады. Есік қораптары қалыңдығы 47,57 және 77 мм келетін білеушелерден жасалады. Олар екі жақтаудан, жоғарғы білеушеден және табалдырықтан тұрады. Есік жармасын орналастыру үшін аталған бөлшектер бір жағынан кертіліп жасалған. Есік үстіне фрамуганы жасағанда қораптарда қосымша жарма мен фрамуганы бөліп тұратын білеуше орнатылады. Балкон есіктері терезе блоктары сияқты етіп жасалады. Есіктерді бекіту терезелерді бекіту сияқты орныдалады. Есік қорабының тасаға жанасқан жерін жақтау тақтайларымен жабады.
Жиектемелі есіктер қалыңдығы 44 және ені 94 мм байлама білеушелерден және ортаңғы жіңішке тік жөне жазық білеушелерден тұрады. Білеуше кертпелеріне тақтайдан, ағаш талшықты тақталардан, шереден (фанер) жиектемелер орнатылады.
Қалқанды есіктер жиектемелілерге қарағанда жеңіл, үнемді және тазалығы жоғары. Оларды қалқан түрінде немесе білеушелерден жасалған тор түрінде жасайды да, екі бетін ағаш талшықты тақталармен, шеремен, пластикпен немесе ағаш шпонымен желімдейді.
Ағаш ұста есігі планкамен бекітілген тақтайлардан тұрады және олар жертөледе, уақытша ғимараттарда, қосымша бөлмелерде және сарайларда қолданылады.
Балкон есіктерін минералды мақтамен, киізбен немесе басқа да жылу ұстамды материалдармен қаптайды. Конденсаттан қорғау үшін арасына қарақағаз салынады.
Есік құралдарына топсалар (терезелердікіне қарағанда үлкендеу), тұтқалар, ойылып орнатылған құлыптар, ысырма жапқыштар, сұқратиектер (шпингалет), аспалы шынжырлар, көзкөргіштер жатады. Кейбір қоғамдық ғимараттарда қалың шыңдалған әйнектерден (10-15 мм) көмкермесіз жасалған есіктер әлдеқайда тиімді, бірақ адамдар шығып-кірер мезгілде қауіпсіздік талаптарға сай болуы тиіс.