Балкондар, олардың пішіндері мен өлшемдері Балкон - бір жағы қабырғаға жанасқан, ал басқа жақтары биіктігі 1 метрден кем емес қоршаулармен тұйықталған ашық алаң.
Балкондар арқалық жабын деңгейі шамасында сыртқы қабырғаның жазықтығынан шығып тұрады. Балкондар көбіне тұрғын үйлерде орнатылады. Олар тұрғындарға ыңғайлы жағдайлар жасаумен қатар ғимараттың көркемдік, сәулеттілік келбетін жасауға үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан олардың пішіні, орналасу пропорциясы мен ырғақтығы сәулетшілермен ыңғайлы түрде қарастырылып шешілуі тиіс.
Балкон көтергіш темірбетонды тақтадан, еденнен және қоршаудан тұрады. Кей кездері балкон тақтасын ұстап түру үшін қосымша бөліктер - аспа, тіреуіштер, қабырғалар немесе аспалы арқалықтармен бекітіледі. Тақта бетонының класы В15-тен, көлденең қимасы біртұтас, ал қалыңдығы 100 мм-ден кем болмауы тиіс.
Балкон тақталарын сенімді түрде тек үлкен массивті қабырғаларда орнатуға болады, ал жұқа панель қабырғаларында қосымша көтеріп немесе тіреп тұратын арнаулы бөлшектер орнатылады. Балкон тақтасы үстінде ылғал оқшаулағыш жасалады да, оның үстінде еден қызметін атқаратын цементті-құм ерітіндісінен тегістегіш қабаты жасалады.
Кірпіш қабырғаларда балкон тақталары темірбетонды маңдайшалардан арнайы шығарылған анкерлерге бекітіледі.
Балкон тақтасын аспалы немесе сыртқы қабырға құрылымына және құрылымдық сұлбасына байланысты әр түрлі асылып орналасатын арқалықты етіп жобалайды.
Балкон тақталарының сүйену сұлбасы
Эркерлер, олардың пішіндері мен өлшемдері Эркер - ғимарат көрініс қабырғасының жазықтығынан шығып тұрған бөлме бөлігі. Эркер жан-жағынан бір немесе бірнеше терезелермен жабдықталады.
Эркерлерді өз іргетастарына бірінші қабаттан бастап орнатады. Мұндай шешім консольдіге қарағанда әлдеқайда сенімді және үнемді. Эркер бөлме ауданын ұлғайтуға және оның интерьерін байытуға, бөлменің жарықтануы мен желдетілуін жақсартуға үлкен үлесін қосады. Эркерлерді үш бұрышты, трапеция тәріздес, жарты шеңбер түрінде (жоспарда) жобалайды.
Кейде эркерлерді балкондар және лоджиялармен біріктіре жобалайды.
Эркер құрылымын ғимараттың көлемді-жоспарлық және құрылымдық шешімдеріне сәйкестендіріп жасайды. Эркерлер екінші немесе үшінші қабаттан да басталуы мүмкін. Мұндай эркерлер сыртқы қабырғаға бекітілген консольді тақтаға немесе арқалықтарға сүйенуі мүмкін.
Аспалы эркерде астыңғы жабын сыртқы қоршау болып есептелінеді, сондықтан жылу оқшаулағыш орнатуды керек етеді.
Бөлме және эркер едендерінің деңгейі бірдей болатындықтан, жылу оқшаулағыштың қалыңдығы жұқа болуы керек, бірақ материалының тиімділігі әлдеқайда биік болуы қажет.
Эркер жабыны құрылымында да жылу оқшаулағыш салынуы жобаланады.
Кейде жылу оқшаулағышты эркер жабын тақтасының астына салады.