Бытыранықтар дүниесі. Бұған микроскоп арқылы ғана көрінетін, жасушасында ядросы жоқ барлық бактериялар жатады. Бытыранық – «бытыра» + «нық» сөздерінен құралған сөз. (Орысша – «дробянка», латынша – «михи» – күрделі бөліне алмайтын түйіртпек мағынасында қолданылады.)
Вирустар дүниесі. Вирус латынша «у» деген сөз. Бұл – жасушасы жоқ, тіршілік формасындағы ағзалық зат. Бұлардың көпшілігін тек электрондық микроскоппен ғана көруге болады. Вирустар тек тірі жасушаға орнықса ғана көбейе алады. Жасушаға түсе алмаған жағдайда вирустарда тіршілік нышаны байқалмайды. Вирустар тірі жасушадан тыс қалса, кәдімгі ағзалық зат тәрізді күйде болады.
Саңырауқұлақтар дүниесі. Ботаниктер саңырауқұлақтарды төменгі сатылы өсімдіктерге жатқызып келді. Алайда олардың екі түрлі қасиеті бар. Бірінші қасиеті өсімдіктерге тән. Саңырауқұлақтар орнынан қозғалып жүрмейді. Жасушасы тығыз қабықшамен (жасунықпен) қапталады. Витаминдер синтездей алады. Екінші қасиеті жануарларға тән. Даяр ағзалық заттармен қоректенеді. Жасушасы хитин қабықшамен қапталады. Ағзалық заттарды қорға жинайды. Сондықтан бұлар өз алдына жеке дүниеге жіктеледі.
Өсімдіктер дүниесі. Бұған балдырлар, мүк, плаун (қылшабуын), қырықбуын, қырықжапырақтектестер, ашық тұқымды және жабық тұқымды өсімдіктер жатады.
Жануарлар дүниесі. Бұлар біржасушалы және көпжасушалы жануарлардан құралады. Біржасушалы жануарлардың барлығы және көпжасушалы жануарлардың кейбір түрлері жәндіктердеп аталады. Демек амебадан бастап, қандауыршаға дейінгі омыртқа жотасы жоқ жануарлар жәндіктер болып саналады. Ал балықтар, қосмекенділер, жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілерге жататын өкілдердің барлығы – жануарлар. Өйткені бұлардың арқасында бойлай созылған желісі немесе омыртқа жотасы болады.
Тірі ағзаның негізгі қасиеттері: зат алмасу; қоректену; тынысалу; қажетсіз заттарды бөлу (зәршығару); тітіркенгіштік; қозғалып жүре алу; көбею; өсу; даму және тіршілігін жою. Жануарлар дүниесіне жататын ағзаларда осы қасиеттердің барлығы байқалады.
Тірі ағзалардың барлығына тән қасиет – жасушадан құралады. Жасушада ядроның болуы да, болмауы да мүмкін. Мысалы, вируста жасуша да, ядро да жоқ. Бытыранықта (бактерияда) жасуша бар, бірақ ядросы жоқ. Бұлардың тіршілік әрекеті өсімдікке де, жануарға да ұқсас емес. Сондықтан ғалымдар саңырауқұлақтар дүниесі тәрізді, бытыранықтар мен вирустарды өз алдына жеке дүние етіп топтастырды.
Жануарлардың көпшілігі еркін қозғала алады, ал өсімдіктерде бұл құбылыс сирек байқалады. Біржасушалы балдырлар және бактериялардың да қозғалатыны мәлім. Сондай-ақ желдің әсерінен кейбір өсімдіктер мен өсімдік тұқымдары алыс аумақтарға таралады. Қалай болғанмен де бұлардың қозғалып жүретін арнаулы мүшесі – аяғы жоқ. Дегенмен өсімдіктер мен жануарлар – өзара ұқсастықтары және айырмашылықтары бар тірі ағзаның екі тобы. Олар – табиғаттың біртұтас құрамдас бөлігі.
Қозғалып жүретін мүшелері жоқ жәндіктер де, жануарлар да бар. Оған құрттарды, жыландарды мысал етуге болады. Ал теңіз түбінде мекендейтін көпаяқты маржан бекінген орнынан қозғалып жүрмей-ақ өмір сүреді. Актиниялар теңіз түбінде «табанын» бүгіп-жазып, баяу қозғалады. Медузалар мен каракатицалар реактивті қозғалыс жасап, аяқсыз-ақ шапшаң жүреді.
Жануарлар кез келген жерден табылады. Суға үңілсек те, топырақты қазсақта, аспанға назар аударсақта, айналаға көз салсақта жануарлар кездеседі. Тіпті кез келген тірі ағзалардада паразит жәндіктердің өмір суретіні мәлім. Қазір ғаламшарымызда 1,5 миллионнан астам жануардың түрі бар деп есептеледі. Қаншама жануарлар түрі жер бетінен жойылып бітті. Біз қарастырғалы отырған омыртқасыз жәндіктердің саны бір миллионнан асады. Ғаламшарымызда жануарлардың түрлері өсімдіктерге қарағанда әлдеқайда көп. Олар сан алуандығымен ерекшеленеді. Соншама жануарларды бірінен-бірін ажырату қиын, сондықтан оларды топқа бөліп, жіктеп, бір жүйеге келтіру қажет.
Жүйелеу дегеніміз - ғаламшарда жойылып біткен және қазіргі кезде кездесетін барлық жануарды белгілі тәртіпке сәйкестендіріп, ретке келтіру. Жүйелеу тобындағы реттелуді ескеріп, бүкіл жануарларды ерекшеліктеріне сәйкес топтастыру жіктеу деп аталады. Жіктеу кезінде жануарларды бірінен-бірін ажырату да олардың құрылысы, тіршілік етуі, мекен орны негізге алынады. Бұрынғы геологиялық кезеңдерде жойылып кеткен және жер ғаламшарында қазіргі кезде мекендейтін жануардың барлығы бір топқа - жануарлар дүниесіне біріктіріледі.
Жануарлар дүниесінің екі тармағы бар: біржасушалы жануарлар және көпжасушалы жануарлар. Біржасушалы жануарлардың денесі негізінен бір ғана жасушадан тұрады. Сондықтан олар қарапайым жәндіктер деп аталады. Көпжасушалы жануарлар ағзасында жасушалар көп болады. Олар әр түрлі қызметтер атқарады. Жасушалардың бір тобы ішкі және сыртқы орталан тітіркендіргіш әрекетін қабылдап, сезімталдық білдіреді. Енді бір тобы дыбыс тербелісін қабылдап, талдау арқылы есту жүйесінің негізін құрайды. Кейбір жасушалар тобы қорғаныш қызметін атқарады. Қорегін іздел табуға жәрдемдесіп, оны қорытуға қатысатын да жасушалар бар. Бірақ бірде-бір жасуша өз ағзасынан тыс өмір сүре алмайды.
Жануарлар дене құрылысының ортақ белгісі бойынша омыртқасыздар және омыртқалылар болып бөлінеді. Халқымыз омыртқасыз жануарды жәндіктер дейді. Жәндіктердің денесінде ішкі қаңқа және омыртқа жотасы болмайды. Олардың біржасушалы да, көпжасушалы да түрлері болуы мүмкін. Ішкі қаңқасы және омыртқа жотасы болатын түрлер омыртқалы жануарларға жатқызылады. Бұлар жануарлар деп аталады. Жануарлардың ұрығы дами бастаған белгілі сатысында ішкі қаңқа нышаны байқалады. Бұл түзіліс бас пен құйрық аралығында домбыра ішегі желісіне ұқсас керіліп жатады. Сондықтан жануарлардың бұл тобы желілілер (хордалылар) типіне біріктіріледі. Балықтар, қосмекенділер, жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер - жоғары сатыдағы омыртқалы жануарлар.
Бұларда желі (хорда) тек ұрықтық сатыла ғана сақталады. Одан әрі даму барысында жеке омыртқалардан құралатын омыртқа жотасына айналады. Ал төменгі сатыдағы жануарларда (қандауырша, қабықтылар, т. б.) желі өмір бойы сақталады.