12
А.Байтұрсынұлы жасаған әліпби - ХХ ғасыр басында
араб жазуын қазақ тілінің
дыбыстық жүйесіне лайықталып жасалған қазақ әліпбиі. Оны «Төте жазу» деп те атайды. Араб
жазуын не үшін реформалағанын Ахмет Байтұрсынұлының өзі былайша түсіндіреді: «Әр
жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай
басқалық болады. Әр жұрт баласын әуелі өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін
білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды».
Яғни бала түркі халқына ортақ жазу жүйесімен емес, өзінің ұлттық тіліне сай жазып, оқуы
керек деген ұстанымды жүзеге асыру үшін әліпбиді өзгерту керек екеніне тоқталды.
А.Байтұрсынұлы ежелеусіз төте оқуды қалыптастырғандықтан «төте жазу» деп аталды [1,
44 б.]. Бұл жазуды Ахметтің өзі «қазақ жазуы» деп атаса, Е.Д.Поливанов, Н.Яковлев сияқты
ғалымдар «Байтұрсынов жазуы» деп атаған.
Ғалым 1910 жылдардан бастап араб әліпбиіне өзгерістер енгізу жөнінде ойлана
бастаған. Себеп қолданыстағы араб әліпбиі балаларды сауатты оқу мен жазуға үйретуде
кемшін тұстары көп екенін айқын аңғаруында еді.
Қазақ әліпбиін жасап, қазақ жазуын
қалыптастыруда Ахмет Байтұрсынов әліпбидің қажеттілігі, құндылығы туралы 1926 жылы
Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологиялық съезде, 1927 жылы Ташкентте өткен әліпби
айтысында ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеп, бірнеше мақала жазды.
Ғалым араб жазуын қазақ дыбыс жүйесіне икемдеуде мынадай өзгерістерді ұсынды:
1) араб әліпбиіндегі жуан дауыссыздардың қазақ тілі үшін қажетсіз таңбаларын алмау;
2)
қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, у дыбыстарының әрқайсысына таңба белгілеу;
3) к, г дыбысынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін білдіру
үшін сөздің алдынан да дәйекші таңба қою» [2, 16 б.]. Ғалым әліпбиге түбегейлі өзгерістер
жасай келе, араб әліпбиіндегі қазақ тілінде жоқ, басы артық таңбаларды әліпбиден шығарып,
қазақ тілінде ғана кездесетін, араб әліпбиінде жоқ (ә, о, ө, ұ, ү, ы, і) таңбалар, дыбыстардың
айтылуы мен әріп ретінде таңбалануы ұқсас болуына мән береді (а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і, б-п, г-к, ш-
с), қазақ тіліндегі жуан-жіңішке үндесім заңына сәйкес дәйекшені ойлап табады. 1912 жылы
осы әліпби негізінде ұсынылған жаңа жазу өмірдің барлық саласында қолданыс тапты. Бұған
басқа да түркітілдес халықтар қызығушылық танытып, өз әліпбилері мен оқулықтарын түзуде
басшылыққа ала бастады. Мысалы, қырғыз әліппесін араб әріптері негізінде құрастырған
ғалымдар Қ.Тыныстанов пен И.Арабаев және татар ғалымдары әліпбиге өзгеріс енгізуде
Байтұрсынов жазуын негізге алған. Белгілі тілтанушы Әлімхан Жүнісбек «Ахаңның жазу
қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең
ықшам әліпби деп бағалаған» [3, 15 б.] дей келе, тілтанымға «Байтұрсынұлы қисыны» деген
дәйектеме берген болатын. Бұл - Ахмет Байтұрсынұлының тілтану саласында өзіндік орын
қалыптастырғанының нақты дәлелі.
Әліпби түзуде Ахмет Байтұрсынов ұстанған принциптерді
қолдану қазіргі қазақ
тілтануында да зор қолдауға ие. Латыннегізді қазақ әліпбиін құрастыруда ғалым сүйенген:
- тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша;
- қайсысымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады;
- қайсысымен жазу, жазылғанды оқу жеңіл;
- қайсысы баспаға қолайлы;
- үйретуге қайсысы оңтайлы;
- көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық деген сияқты негізгі
критерийлер тәжірибеде қолданылып жүр.
Ахмет Байтұрсынов жасаған әліпбиде барлығы 24 әріп, 5 дауысты, 17 дауыссыз,
2 жарты дауысты дыбыс болған. Бұл туралы ғалым «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың
жазу белгілері» атты еңбегінде былай деп келтіреді: «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның
бесеуі - дауысты, он жетісі - дауыссыз, екі жарты дауысты. Дауысты дыбыстар: а, о, ұ, ы, е
және ә, ө, ү, і. Дауыссыз дыбыстар мынау: б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н. Жарты
дауысты дыбыстар: шолақ «у», һәм шолақ «й» [4, 479 б.]. Ғалым бес дауысты дыбысқа жеке
таңба беріп, оның жіңішке сыңарларын дәйекше арқылы ажырату керек дейді. Бұл тәжірибе
13
қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарын жүргізуде қолданыста бар.
Әліпби
нұсқаларын жасауда, жетілдіру жұмыстарында көрсетілген диакритикалық таңбалар да осы
дәйекшенің рөлін атқарып отыр. Әліпби түзудегі ғалымның бұл қағидалары әліпби
жұмыстарын жетілдіруде әрі қарай да қолданыла береді.
Қазақ тіліндегі сөздердің дыбысталуындағы ерекшелікті байқаған ғалым әр әріптің
құрамындағы дыбыстардың айрықша үйлесімділікпен біте қайнасып жатқанын төмендегі
пікірінде нақтылай түседі. «... дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар
һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде. Тәнді жан қандай билесе, дауысты
дыбыстар басқа дыбыстарды сондай билейді. Яғни
дауысты дыбыстар жуан айтылса,
дауыссыз иә жарты дауысты дыбыстар да жуан айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке
айтылса, басқа дыбыстар да жіңішке айтылады. Бұлай болғанда дауысты дыбыстардың жуан-
жіңішке айтылмағын белгілеп айырсақ, басқа дыбыстардың да жуан-жіңішке айтылатындығы
да айрылғаны» [4, 479 б.]. Ғалымның осы пікірі арқылы қазақ тіліндегі дыбыстардың негізін
құрайтын дауысты дыбыстардың қызметіне буын, тасымал арқылы анық көз жеткізуге
болады. Байқаған жанға әліпбидегі дауыссыз дыбыстардың дыбысталуының өзінде ерекше үн
сезіліп тұратыны айдан анық. Әріптердегі дыбыстардың өзара үндесуі мен ондағы дауысты
дыбыстардың қызметі туралы айтқан бұл сөздері - қазақ тіліндегі үндестік заңдылығы арқылы
жүзеге асатынын ғылыми түрде дәлелдеген пікірі.
«Жазу табу – араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан
келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі
болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Ахаң тапқан жазу қисыны
әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне
пайдалана беруге болады» [3, 15 б.].
Ғалым бұған дейін ауызша тілде қызмет етіп келген қазақ
әдеби тілінің графикасын
жасап, оның жазбаша түрде қызмет етуіне күш салып жазбаша тілді қалыптастырды.
Профессор Н.Уәли Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбидің жазу тәжірибесінде халықты
сауатты жазуға қалыптастыруда зор рөл атқарғаны жөнінде жазған М. Дулатұлының мына бір
пікірін келтіреді: «Қазақ тілін қолына қалам ұстағаннан бері ылғи қазақша жаза бастаған
Байтұрсынұлы қазақ емлесін шығарды, оқу құралдарын жазды. Осы екі жылдың ішінде
«Қазақ» газетінің тіл, емле туралы қылған қызметі көзге көрінерлік болды. Екі жылдың ішінде
орта есеппен 250 мың дана «Қазақ» нөмірі тарады, жаңа сөйлеммен 15-тей кітап шықты, бұлар
45 мың данадай бар. Осының бәрі қазақ арасына тарап жатыр. Бұл емлені тосырқап,
түсінбейміз, оқи алмадық деген ешкімді естігеніміз жоқ. «Қазақ»
емлесін мұсылман
медреселерінде, орыс школдарындағы шәкірттер, учительдер, мұғалімдер жабыла қабыл
еткендігі былтырғы «Қазақ» нөмірінің көбінен көрінеді. Бұл екі жылдық қана қызмет,
Иншалла, мұнан кейін артпаса, кемімес деген үміт зор» [5, 58 б.].
Осы пікірден-ақ Ахмет
Байтұрсынұлының қазақ руханиятында ерекше серпіліс жасап, ғылым-білімге жол ашқанын
анық байқауға болады.
Иә, қазақ тіл білімінің «Толағайы» атанған ғалым еңбектерін зерттеп, зерделеу, өскелең
ұрпаққа жеткізу – біз сияқты ұстаздардың парызы. «Ахаң түрлеген ана тілі» деп жазушы
М.Әуезов айтпақшы, қазақ жазуын латыннегізді графикаға ауыстыруда Ахаң салған жолмен
жүрсек, ғалым ұсынған қағидаттарды негізге алсақ, ұлт руханиятының көтерілуіне үлес
қосқанымыз деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: