20
ҒҰЛАМАНЫҢ САУАТ АШУ МҰРАТЫНДАҒЫ ЕҢ ҰЛЫ ЕҢБЕГІ
Бейбиткызы Гулдари,
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Қостанай ауданы білім бөлімінің
Озерный негізгі орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Жусупбеков Балгынбек Курмашович,
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Қостанай ауданы білім бөлімінің
Озерный негізгі орта мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Қазақ ұлтының рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлының артына қалдырған
мұрасы көл-көсір. Ұлт ұстазының сарқылмас қазынасы әлі талай ұрпаққа азық болары сөзсіз.
Ғибратты ғұмырында бір өзі бірнеше институттың қызметін атқарып кеткен Ахаңның еңбегі,
шын мәнінде, теңдессіз деуге болады. Сегіз қырлы,
бір сырлы тұлға, мемлекет қайраткері,
ғалым, ақын, публицист, аудармашы, «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының бірі, ағартушы,
қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы – тізе берсеңіз, бұл тізбекті
жалғастыра беруге болады. Солардың ішінде оның ұлттық жазудың реформаторы ретіндегі
тұлғасы ерекше.
Ахаң «қалтылдақ қайық мінген» қамсыз қазағының, қараңғылықта күнелткен ұйқыдағы
ұлтының санасына сілкініс жасауды көкседі. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп, есіл
ғұмырын еліне білім ұрығын себуге арнады. Ғұламаның сауат ашу мұратындағы ең ұлы еңбегі
– қазақ әліпбиін жасауы. Ол әліпбиді қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы
негізінде таңбалады. Бұның себептері де анық еді: Ахаң қазақ халқы тұтынып отырған араб
алфавитінің теріс жақтарын, кемшілік тұстарын көріп, өзгеріс енгізуді қажет деп санады. Бұл
ойын ең алғаш рет «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» сөйлеген сөзінде тәптіштеп
айтады. Ахаңның пайымынша, жақсы әліпбидің мынадай қасиеттері болу керек: ол тілге шақ
болу керек; жазуға жеңіл болуға тиіс; әріп тұлғасы қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды
созбақтатып, уақытты көп алады; әліпби баспа ісіне қолайлы болуы қажет; үйренуге де жеңіл
болуы шарт. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбидің бәрі де кемшілігі
бар әліпби саналады деп ой түйді ғалым. Ахаңның бұл жаңалыққа кездейсоқ келмегені белгілі.
Қатарынан бірнеше жыл бойы оқытушылық қызмет атқару барысында (Орынбор, Ташкент,
Алматы және Торғайда) көп нәрсені көңілге түйіп, байыбына көз жеткізді, қазақ мектебінің
оқытудағы жүйесіздіктен тығырыққа тірелгенін көрді, тығырықтан шығу жолы әліпбиді ретке
келтіріп, «жосықты оқу» жүйесін енгізу екенін түсінді. Ол өзі енгізген төте жазуға халық
тілінің дыбыстық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін негізге алды.
Жалпы, Ахаңның жазу реформасы тұрғысындағы еңбегі туралы зерттеушілер,
ахметтанушылар көп дүние жазды. Солардың бірі Н.Машқанова есімді ғалым «А.Байтұрсынов
– қазақ жазуының реформаторы» атты жұмысында: «Байтұрсынов қазақ балаларының өз ана
тілінде сауат ашуына көп күш жұмсады. Жас ұрпақтың сауатын
қазақша ашатын ұлттық
жазу таңбасының керегін ұғады.
Оған дейінгі мұғалімдер баланы өз ыңғайларына қарай не
орыс, не араб жазуларын пайдаланып, түрліше оқытатын. Сондықтан ол оқу жүйесін бір
қалыпқа келтіру мақсатымен, балаларды оқытуда, әріп үйретуде жеңіл болуы үшін жас
ерекшеліктеріне, ой-өріс, сана-сезімдерінің қалыптасу ыңғайына қарай әліппе оқулық кітабын
жазуды қолға алады. Ол үшін ең алдымен алфавиттегі әріптердің қолданылу ретін, жұмсалу
орнын анықтауды мақсат етеді. Екінші орынға оқыту жүйесі мен мектеп, медресе, оқулық, т.б.
мәселелерді қояды. Шамамен, 1910 жылдан бастап, араб жазуы таза сол күйінде қазақ тілі үшін
жайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзетуді қолға
21
алады. 1913 жылғы «Қазақтың» №35 санында жарияланған «Жазу мәселесі» деген
мақаласында А. Байтұрсынов дауысты дыбыстарды таңбалау жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
Ол өзінің айтқан пікірлерін Ғ. Мұса мырзаның айтқан пікірімен салыстыра отырып, араб
графикасы негізіндегі қазақ жазуында о, у, ы, е әріптерінің қалай таңбалануы жөнінде өз
концепциясын ұсынады», - деп жазады.
Аталған мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы қазақ
тіліне тән дыбыстардың
әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың жазылу ретін, орнын, ерекшеліктері мен
айырмашылықтарын көрсетеді.
Араб жазуының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне сай
келмейтін тұстарын, басы артық әріптерін алып тастау керектігін тәптіштеп түсіндірген.
Ғұламаның
әріп өзгертудегі, алфавитке реформа жасаудағы бұл жаңалығы бірден
жаппай қолдау таппағанға ұқсайды. Деректерге сүйенсек, сол кездегі зиялы қауым арасында
да пікірталас туған. Мерзімді баспасөз беттерінде оның алфавитті өзгертудегі, жаңалық
енгізудегі
еңбегін бірі қолдап, бірі қарсы шығып, айтыс ұйымдастырады. Сондай
мақалалардың бірі 1913 жылғы «Қазақ» газетінде жарияланған екен. А.Күзембаев,
А. Иманбеков, Ғ. Тоқтарбеков сияқты азаматтар «Емле хақында» деген мақалада тіліміздің
қажетін өтейтін әріптің жоғын айта келіп, бұл кемшіліктің орнын Ахмет Байтұрсынов
толықтырғанын айтады. Қалай дегенмен, авторлар Ахаң еңбегін ұлттық жазудың
қалыптасуындағы ірі мәдени жетістікке балаған. Сондай-ақ, Е.Д. Поливанов есімді профессор
өзінің «Основные формы графической революции в турецких письменностях СССР» атты
мақаласында Ахаңның араб графикасына енгізген реформасын «ғажап»
деп бағалағаны
туралы деректер бар. Яковлев, Менгес, Комри сияқты шетелдік ғалымдар да «Байтұрсынов
алфавитінің» жетілген әліпби екенін мойындады. Орыс ғалымдары бұл әліпбидің
құндылығын: «Жоғары білім алмаған және өзінің пәрменді іс-әрекетінің ақырына қарай ғана
орыс тілі мамандарымен байланыс орната алған Байтұрсыновтың алдыңғы қатарлы ғылыммен
бір деңгейге жете алғанын атап өтпесе болмайды», - деп бағалады. Реформатордың өзі де осы
жұмысын сол тұста Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924),
Түркітанушылардың Бүкілодақтық І құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің
қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасап,
көпшілік қолдауына ие болған.
Негізі, Ахаң қазақ жазуын қалыптастыру жолындағы еңбегін 1910 жылдан бастады.
Араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай етіп өзгерткенін, араб жазуында жоқ
әріптердің таңбасын өзі ойлап тапқанын жалпыға жариялап айтып-жазып отырды.
Мұндағы
ең зор жетістігі – қазақ тіліндегі дыбыстардың жуан, жіңішкелігіне қарай бөлінуін дәл
белгілеп, әрбір дауысты дыбысқа арнап арнайы таңба белгілеуінде. Сонымен, оның араб
графикасы негізінде жасаған алфавитінде 24 әріп бар. Осы 24 әріптің ішінен 16 таңба дайын
күйінде алынған. 8 таңбаны өзі қосқан. Жобадағы тағы бір ерекшелік – түрік
тіліне тән
сингармонизм заңдылығын мейлінше пайдалану. Сөйтіп, Ахаң жөндеген жаңа қазақ
алфавитінде бас-аяғы 24 әріп таңбасы болып шықты. Жаңа әліпби мектеп оқытушылары және
басқа да қазақтың, татардың зиялы азаматтары тарапынан қолдау тауып, күнделікті өмірде
қолданыла бастады. Осы алфавитпен «Қазақ» газеті (1913-1919), көптеген көркем әдебиет
шығармалары шығып тұратын болды. Алайда, зерттеуші Б.Әбілқасымованың «Алфавитті
өзгерту тарихын зерделесек» атты еңбегінде Ахаң әліпбиі ресми түрде тек 1924 жылы
Орынбор қаласында өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде ғана
қабылданғаны туралы жазады. Ахмет ұлылығы оның тек тұңғыш оқу құралын жазғанымен
өлшенбейтіні, ең бастысы, алғашқы оқулық тілінің сапалылығы
мен біліктілігінде екенін
дәлелге тартты аталмыш зерттеуші. Ал енді Ахаңның өзі әліпби туралы:
«Алфавит дегеніміз – белгілі бір тілдің негізгі дыбыстарын бейнелейтін шартты
белгілердің жиынтығы. Алфавит тіл элементтерін толық әрі нақты берген сайын, оның оқу мен
жазуға қолайлылығы, техникаға бейімділігі арта түседі. Алфавит артықшылықтары мен
кемшіліктерін айқындауға болатын нәрсе. Біз, қазақтар, ертеден-ақ тіліміздің негізгі
элементтерін анықтап, оларды тиісті таңбалармен белгілеп қойғанбыз, жақсы жазамыз, жақсы
22
оқимыз, орыс, неміс, француз, ағылшындарға және басқаларға қарағанда тез әрі оңай
сауаттана аламыз. Одан артық не керек?» - деген
тұжырым айтады.
Неге нақты араб әліпбиі таңдалды деген мәселеге келсек, бұны Ахаң алфавиттің
12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалғандығымен, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына
лайықталып, өзгертіліп, қазақ мәдениеті мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы және оның
дыбыс әдісімен оқыту ісіне айтарлықтай қолайлы болып шыққандығымен түсіндірген.
Сондай-ақ, ғалым бұл алфавиттің полиграфиялық мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділік
жақтарын да баса көрсетті. Енді ғана сауаттанып келе жатқан
халықтың қайтадан сауатсыз
болып қалатындығына, араб графикасымен жазылған дүниелерден қағажу қалып, тарихи
санамыздың күңгірттенетініне де көңіл аудартты.
Жалпы, «Ұлт реформаторы» деген сөз Ахаңа ғана жарасатындай. Оның дәлелін осы
мақаламызда келтіруге тырыстық. Ғұлама ғалымның қазақ тілін ұлтсыздандырудың сұрапыл
дауылына ерте бастан дайындағанын көруге болады. Оның әліпбиі бүгінге дейін Қытай
қазақтарының ұлттық графикасы ретінде қолданылып келеді. Араб графикасының негізінде
түзген сол әліпби Ыбырай Алтынсарин кезеңінен қалған «миссионерлік әліпбидегі» қазақ
әуезіне жат әріптерді шығарып, бүкіл графиканы үндестік заңына бағындырғаны тарихтан
белгілі. Оның көз майын тауысып жазған «Оқу құралы» мен «Тіл құралын»
тілтанушылар, ал
«Әдебиет танытқышын» әдебиетшілер әлі күнге дейін темірқазық етіп келе жатқаны да
шындық.
Ахаң атына «тұңғыш» деген тіркесті жалғай отырып, ұлт үшін істеген еңбегін
санамаласақ, екі қолдың саусағы жетпес еді. Мәселен, тұңғыш терминолог, тұңғыш фонетик,
тұңғыш лексиколог, тұңғыш әдебиеттанушы, тұңғыш публицист... деп кете береді. Соның
ішінде «Әліпбидің атасы» деген теңеудің орны бөлек.
Достарыңызбен бөлісу: