Сұрақ. Мысалы?..
Жауап. Адамдардың рухани-шығармашылық әрекетi, жазу мәдениетi
тұрақты жанрлық формалар арқылы көрiнедi. Бiздiң жазғандарымыздың бәрi:
күнделiк, хат, оқушы шығармасы, баяндама, қабырға газетiндегi хабар, т.с.с.
– белгiлi бiр заңдылықтар мен талаптарға сай нақты жанрлар. Себебi қандай
да бiр мәтiндi жанрдан тыс жазу мүмкiн емес. Мәселен, әлдебiр құбылысқа
қатысты ойыңызды, яки сезiмiңiздi ақ қағазға түсiрдiңiз делiк. Дәл сол сәтте
әдеби тұрғыдан нақты бiр мақсат қоймауыңыз да мүмкiн. Десек те, сол үзiндi
сiздiң ырқыңыздан тыс қандай да бiр жанрдың үлгiсi болып шығары сөзсiз.
Әрине, бұл мысалға қарап, сiздiң әлгi жазбаңыз көркем шығарма деуге де
болмайды. Үзiндiде көркемдiк жанр ретiнде қабылдану үшiн ой-пiкiрдiң
еркiндiгi мен тереңдiгi ойды жеткiзудiң шеберлiкпен ұшталған дәлдiгiне
ұштасуы қажет.
137
Сұрақ. Бұл пiкiрге қарағанда, шеберлiкпен жазылған әрбiр туындыны
жеке-жеке жанр деп тануға болатын сияқты…
Жауап. Қалыптасқан жанрлық дәстүрлер қалам ұстағандардың бәрiне
дүниеге өзiндiк көзқараспен қарауға мүмкiндiк беретiнi де анық, сонымен
бiрге олар әр авторға өзiнiң алдындағы көрнектi үлгiлердi ескерте отырып,
қатаң талап та қояды. Демек, жанр қаламгер ойына еркiндiк бере отырып, сол
жанрға тән дәстүрлi талаптарды сақтауды да мiндеттейдi.
Жанрлардың өмiр сүруiнiң ең басты екi шарты ретiнде оның әдеби
жадының берiктiгi мен тарихи эволюциялық тұрғыдан үздiксiз дамуға
бейiмдiлiгiн атауға болады. Әртүрлi шығармалардың сыртқы бiтiмiнде
ұқсастық аз болуы мүмкiн, алайда бұлардың арасында құрылымдық, өмiрдi
қабылдау және бейнелеу тәсiлдерi жағынан байланыс болады. Оларды
нақты бiр жанрға телудегi негiзгi ұстанар нысана да осы ерекшелiктен келiп
шығады. Мысал ретiнде әр кезеңдегi поэмаларды алуға болады. Жанрлық
ортақ белгiлер көзге бiрден көрiнбей, тек зерделей үңiлу барысында ғана
анықталуы да ықтимал. Мәселен, сатиралық, тарихи, авантюралық, т.с.с.
романдардағы ортақ белгiлер.
Кейде ерте кезеңдерде жиi пайдаланылған кейбiр жанрлардың араға
көптеген уақыт салып жаңғырып, қайта оралып жататыны да бар. Дәлелге
жүгiнер болсақ, XIX ғасырдың бас кезiнде бiржола тоқталғандай болған ода
жанры ХХ ғасыр басында тағы да әдеби үрдiсте көрiнiс тапты. Мысалы,
В.В.Маяковскийдiң “Революцияға ода” атты шығармасы. Демек, жанрлар
жойылмайды, тек белгiлi бiр тұстарда ығысуы мүмкiн, бiрақ әлдебiр
кезеңдерде заман талабы, әдеби даму логикасы қажет етсе, қайтадан оралып
жатады. Жанрдың қайта оралуы автордың субьективтi ынта-құштарлығына
қатыссыз, “әдебиеттiң жадында” сақталған үлгiнiң жаңғыруы болып
табылады.
Сұрақ. Көркем шығармаларды жанрларға бөлудiң қажеттiгi бар ма?
Бәлкiм, жанр шығарма көркемдiгiнiң деңгейiн анықтау үшiн қолданылатын
болар?..
Жауап. “Жанр” сөзi француз тiлiнен аударғанда “тек” деген мағына
бередi. Қазiргi таңда тек категорияларына жатқызылып жүрген эпос, лирика,
драмаларды бұрынғы кезеңдерде жанр деп атаған. Бұдан “жанр” ұғымының
”түр” ұғымымен бiршама мәндес екендiгi байқалады. Шындығында әр жанр
– ұдайы жетiлiп, даму үстiнде болатын жанды құбылыс. Барлық әдеби
жанрлар бiрлесе келiп, ақиқат өмiрдi шығармашылықпен жаңғырта
жасаудағы көркем сөздiң мол мүмкiндiгiн танытатын тұтас жүйенi құрайды.
Бұл жүйеде әрбiр буынның өз орны бар. Сол себептi бiр жанрды екiншiсiнен
жоғары қоюға болмайды.
Әдебиет дамуының қайсы бiр кезеңдерiнде қаламгерлер жанр
проблемасына айрықша мән берiп, жанрлар теориясы жазу тәжiрибесiмен
қоян-қолтық жүргенi де белгiлi. Мәселен, әдеби түрлердiң бiр-бiрiне
тәуелдiлiгi қатаң сақталған классицизм дәуiрiнде әрбiр әдеби түр өзiнiң
белгiлi жүйесiн сақтауға мiндеттi болды. Алайда жанрлар дамуы теориялық
138
қасаң қалыпқа көнбедi. Соған орай әлемдiк әдебиет бiртiндеп жанрларды
“жоғары” немесе ”төмен” деп бөлудiң орынсыздығын мойындап, олардың
бiр-бiрiне бағыныштылығынан бас тартты. Кейiнгi кезеңдерде жанрлар жайы
аз қозғалып, аз сөз болғанымен, оның дамуы тоқталған емес.
Түрлi жанрлар арасында шығармашылық алмасулар қай кезеңде де
болып тұрады. Бұл – әдебиет үшiн табиғи да жемiстi құбылыс. Көптеген
шығармалар өз бойында түрлi жанрларға тән белгiлердi ұштастырып
отырады, әдеби түрлер арасындағы шекара қашанда ашық, дегенмен
жанрлардың әрқайсысының негiзгi даралық сипатын кез-келген уақытта анық
көруге болады.
Жанрлардың өзара ұштасу үрдiсi әдебиеттiң жаңару кезеңiнде ерекше
байқалады. Мәселен, XIX ғасырда орыс реализмiнiң қалыптасып, гүлденуi
тұсында А.С.Пушкин қалыптан тыс жаңа жанр үлгiсiн – өлеңмен жазылған
романды (“Евгений Онегин”) жасады. Дәл осы кезеңде прозаның әңгiме мен
повесть, повесть пен роман араларының өзiнде айқын шекара жоқ болатын.
Сұрақ. Кейiнгi кезеңдерде авторлар өз шығармаларына тақырыптан соң
“роман”, ”повесть”, ”комедия”, т.с.с. деген үлгiдегi анықтама беретiн дәстүр
қалыптастырды. Қаламгердiң өз туындысына жанрлық анықтама беруi шарт
па?
Жауап. Шығарма жанрын қаламгердiң алдын-ала ескертуi қазiргi
оқырман үшiн таңсық нәрсе емес. Кей тұстарда авторлық бұл анықтамалар
көпшiлiк ұғымында қалыптасқан жанрлар туралы түсiнiктерден аулақтау
түсiп жататыны да бар. Мысалы, Н.В.Гогольдiң ”Өлi жандар” аталатын қара
сөзбен жазылған шығармасына “поэма” деп анықтама беруi немесе
А.П.Чеховтың ”Шағаланы” “комедия” деп атауы. Бұл жағдайларда не iстеу
керек? Ең бiрiншi, авторлық анықтама ғылыми-абстрактiлi емес,
шығармашылық-көркемдiк сипатта болатынын, ондай анықтамалардың
шығарманың көркем мәтiнiнiң құрамына енетiнiн ескеру керек. Егер ондай
шығармаларды таза ғылыми көзқараспен бағалар болсақ, “Өлi жандарды”
сатиралық эпопея, ”Шағаланы” драма деп анықтау қажет болмақ. Алайда,
бұл жағдай бiздi автордың өз шығармасына берген анықтамасын назардан
тыс қалдыруға мүмкiндiк бермейдi. Ал авторлық-шығармашылық және
ғылыми анықтамаларды салыстыра ойлану нәтижесiнде шығарманың
шынайы болмысын дұрыс тануға болады.
Негiзiнде, жанрлар теориясы бiзге қандай да бiр көркем туындыға
“әңгiме”, ”трагедия”, ”памфлет” деген жапсырма беру үшiн қажет емес.
Мiндет – шығарманы талдап тану барысында жазушының қалыптасқан
жанрлық көркемдiк сипаттарды қалай қолдана бiлгендiгi мен өзiнiң жаңадан
не қосқанын танып-бiлу үшiн керек. Кейбiр шығармаларда әртүрлi әдеби
түрлерге тән белгiлердiң ұштасып жататындығын ажырата бiлуiмiз қажет. Ең
бастысы – жанр табиғатының сюжет өрбуiнде, образдар жүйесiнде, стильде,
көркем жаратылыстың бiртұтас, алуан мәндегi және қайталанбас үлгiдегi
көрiнiсiн көре бiлу, сезiне бiлу.
139
Достарыңызбен бөлісу: |