Бұл ойымды нақты іске асыру үшін кімге жолығуым керек деген сұрақ көкейде тұрды. Бұрын мешітке барып та көрген емеспін. Молдаларды да танымаймын. Сонда көкейдегі ұсыныс пікірді кімге білдіруім керек?
«Әуелі нағашы ағам Оғдаш ақсақалға ескертіп көрейінші» - деп түйдім іштей. «Себебі мешіттің жиырмалығында мүшемін» -деп бір сөзінде айтқандығы есімде.
Оқа, мына орталық мешітке дауысты күшейтіп тұратын аппарат орнатып берсем, оған қалай қарайды екен мешіттегілер? – дедім бір кездескенімде.
Ол жақсы нәрсе ғой, мен бұл ұсынысыңды имамға айтып көрейін, - деді ол, сәл күлімсіреп.
Ақы сұрамаймын, баталарыңызды берсеңіздер болды, - дедңм мен.
Ой, айналайын, өте орынды істі айтып тұрсың. Өзім сөйлесіп хабарын айтайын, - деді Оңдаш ағай, қуанғанын жасыра алмай.
Арада күндер өтіп жатты. Бәлкім, үлкен адам ғой, ұмытып та кеткен болар. Хабар болмады.
Келесі бірде көрші үйдегі садақа кезінде Нағашыбай молдамен кездесіп, мешітке жасамақ болған ойдағы ұсынысымды айттым.
Бұл бір үлкен істің мәселесін айтып тұрсың, айналайын! Құдай қаласа, жұма намазға барғанда имамға айтып, жауабын өзіңе хабарлармын, - деді Нағашыбай ақсақал.
Арада бір аптадай уақыт өтті. Жұмысқа барар жолым болған соң, Нағашыбай ақсақалдың үйіне соқтым.
Ой, айналайын! Тіпті есімнен шығып кетіпті ғой. Ертең құдай қаласа, мешіттің кассирімен кездестірейін, - деді Накең ақсақал, ағынан жарылып.
Ертеңіне мешіт кассирі Әлібай ақсақалмен кездесіп, таныстым.
Өзім хабарын айтармын, - деп Әлібай ақсақал жұмыс орнының және үйдің телефон номерін жазып алды.
Арада тағы да бір аптадан астам уақыт өтті. Хабар болмаған соң, мешітке қзім телефон соқтым. Телефонда мешіттің кассирі сол Әлібай ақсақал көтерді. Аман-саулықтан кейін өзімнің аппаратура орнатуға ұсыныс жасаған адам екендігімді айттым.
Бәрекелді, балам, үлкен рахмет! Мына райкомдегілер өздері сондай аппаратты құрып беретін болыпты. Сондықтан сізге хабарласа алмай жүрмін, - деді Әлібай ақсақал.
Жақсы онда, сау тұрыңыз, - деп менде телефонды орнына қойдым.
Жасыратыны жоқ, Әлібай ақсақалдың даурықпа сөздің ыңғайына көніп, адасып тұрғандығын сездім. Бірақ әңгімені одан әрі қарай өрбітіп түсіндіруді жөн көрмедім. Ай, әңгүдік ауыл ақсақалдары-ай, мешітке күшейткіш аппаратура орнатыңдар деп райкоміміз немесе әкімшілік кімге тәртіп бермек? Оны кім орындамақ? Әзірше ондай заман орнай қоймаған сияқты.
Бірақ біреудің ақ көңілімен атқарылар іске, билік жасап, өзінің күшімен жасап жатқандай қосыла кететін билік құмар жандар да кездесе беретінін өмірде көріп те жүрміз. Өткен күнде белгі жоқ дегендей-ақ, өз жұмыстарыммен менде жүріп жаттым.
Көршім ғой, жұмысқа бара жатырған бір сәтте Нағашыбай ақсақал кездесіп:
Әлі өзің айтқан заттарыңды құрдың ба? – деп сұрады.
Хабарласып едім, райкомдегілер құрып беретін болды, - деген соң, барғаным жоқ, - дедім мен.
Ой, қарағым-ай, райком мешітке несін құрады. Сенің жеке өз басың жасайтын қызметті дұрыс түсінбеген ғой, - деді ол, сәл реніш білдіріп. – Ертең мешітке барғанымда нақтылап түсіндіріп айтармын.
Ертеңіне жұмыс бөлмемде отырғанымда телефон шырылына орай құлақ түрдім. Мешіттен Әлібай ақсақал екен. Өзінің әңгіме барысын дұрыс түсінбей қалғандығын айтып, қатты қиналынқырап кешірім өтінді.
Айналайын, кешір мына жаман ағаңды. Сенің өз көңіліңмен айтылған мұндай маңызды ұсынысыңа мән бермей қараппын. Алла ниетіңді қабыл етсін! Ертең құдай қаласа мешітке кел. Бізде бір жас бала жұмысқа келіп жатыр. Сол баламен танысып, жасайтын қызметіңді нақтылап түсіндірсең дұрыс болар еді. Оған мүмкіндігіңіз қалай? – деді Әлекең ақсақал телефон арқылы.
Жарайды, аға! Ертең жұмыстан кейін соғайын, - дедім мен, әңгімені ұзаққа созбай.
Уәде осы болды. Көптен көкейде жүрген ұсынысымның орындалуына қадам жасалды.
«Сәздер жасаған жақсылық қандай болса да
(үлкен кішісіне қарамай), жоққа шығарылмайды.
Анықтап айтсақ, Алла тақуалар ісін біліп тұрады.»
Ғимран сүресі, 115-аят.
Достарыңызбен бөлісу: |