АЙТ ҚАРСАҢЫНДА КЕЗДЕСУ.
Уәде бойынша тұңғыш рет мешітке дайындалдым. Өз білгенімше дәрет алып, таза киініп, жұмыстан кейін Қожаназар Ишан бабамыздың мешітіне бардым.
Іштей «биссіміллә» деп мешіт ауласына ендім. Аулада екі үлкен ақсақал кісі мен бір ақ көйлекті, төбетейлі жас жігіт тұр екен.
Ассалаумағаляйкум! – деп олардың қолын алдым. Мешіт кассирі Әлібай ақсақал мені бірден таныды.
Ой, айналайын! Жақсы келдің ғой. Әлгі құратын заттарың жайлы міне мына баламен сөйлесесің, - деді Әлекең, амандық-саулықтан кейін, аппаратура орнатылатын жерді және басқа да қондырғыларды қалай, қай жерге орнатуды ойласу үшін мешітке кіруге беттедік.
Өмірімде алғаш рет мешіт атаулыға кіруім. Кіре берістегі ауызғы бөлмеге аяқ-киімді шешіп, ішке ендім.
Мынау имам отыратын бөлме, - деп таныстырды жас жігіт, оң жақтағы жабық бөлмені көрсетіп.
Ал мынау есік арқылы мешіттің төбесіне шығар баспалдаққа өтеміз, - деді ол сол жақтағы есікті нұсқап.
Біз әуелі намаз оқылатын үлкен залды көріп алайық, - деп жас жігіт мешіт төріне қарай бастай жөнелді.
Ортада тіреу бөренелер қою арқылы бөлінген екі үлкен кең бөлмеде таза жинақы екен. Бөлмелерге жайылған кілем, палас, алаша сияқты төсеніштер көрнекті етіп еден үстіне төселген. Мешіт төрінде, яғни құбыла бағытындағы оң жақ бұрышта ағаштан өнерлеп жасалынған отырғыш – тақ орнатылған екен.
Міне мешіт үйінің негізгі ішкі бөлмелерінің келбеті осындай.
Бөлмелерді бағдарлай қарап, күшейткіш радиоаппаратураларды орнатудың, желі жүретін бағыттарды көзбен шолып, істелетін жұмыстарға жоспар жасай бастадым. Менің негізгі ойға алған жұмыс-жоспарым бойынша негізгі күшейткіш аппаратура кез келген адам қозғай бермейтін, қолы да жете алмайтын тасалау жерде орналасқаны дұрыс. Дыбыс шығаратын қондырғы екі залға бір-біреуден қойылғаны дұрыс, төрт қондырғы мешіт төбесіндегі күмбездің төрт есігінен төрт жаққа қарай орналасуын және бір қондырғыны сыртқы аула ішіне қоюды дұрыс деп таптым. Сөйтіп барлығы жеті дыбыс шығару қондырғысы және бір микрафон, сондай-ақ әр қондырғыға жетерлік желілік сымдар дайындауым керек болды. Жұмысты ертеңіне бастау керек деп шештім.
Мешіт төбесіне шығып көрсек, - дедім мен. – Желі сымдары жүретін жолдарын анықтап алсам.
Жас жігіт кідірместен мешіт төбесіне шығатын баспалдақтарға бастай жөнелді. Мешіт төбесі жабайы кептер қиына толы екен. Төрт бұрышты төбеге шығар қақпақты сәл көтеруі мұң екен, кептер қиы ішке сауылдап төгіліп жатты.
Бұл қақпақ бұрын тіпті ашылмай қалған екен. Қасыма екі бала алып, қиды ашып тазалағанымыз ғой, - деді жолбасшы жігіт, күлімсірей. Екеуіміз мешіт төбесіне шықтық.
Мешіт мұнарасының есігі төрт жаққа қарай бағытталып салынғандықтан азаншы азан шақыру рәсімін осы есік алдында тұрып орындауы керек. Өз ішімнен мешіт азаншысы өте ұзақ уақыт төбеге шығып азан шақырып та көрмеген деген ұйғарымда болдым. Мына жаңадан келген бала осы жұмыстарды атқару үшін өзіндік дайындық жұмыстарын, тазалау жұмыстарын бастаған ыңғайы бар. Бәлкім мешіт азаншысы жасы егде адам болса, төбеге шығуға жүрексінген де болар.
Ертеңіне атқарылар жұмыс ауқымы бойынша мешіт күмбезіне төрт жаққа қаратып дыбыс шығаратын қондырғы, оған келетін сым желісінің жолдарын, нақтылап, белгіліп алған болдым. Күмбезде тұрып айналаға көз тастадым. Бүкіл аудан орталығындағы көшелер, үйлер теп-тегіс анық көрінеді екен.
Сәл осы арада демалып, дұрыстап танысып алайық, - дедім мен баланы өзім сөзге тарта. – Мынау осы мешітке бірінші рет келуім. Менің есімім Ордабай деген ағаң болам. Байланыс қызметінің радио саласында 30 жылға жуық қызмет етіп келемін.
Менің есімім Әбдіғани, - деді ол, өте жайдары түрде. – Негізгі ауылым Түркістанда, әке-шешем бар, аға-інілерім бар, құдайға шүкір өскен-өнген жандармыз.
Сонда сіз діни оқуды бітіргенсіз бе?
Әуелі мешіттен дәріс алдым, содан әскер қатарында екі жылдай болдым. Келген соң діни медреседе оқып, куәлігін алдым. Сонан соң, облыстағы діни басқармада осы Қазалы мешітіне баруға жолдама берді.
Бәрекелді, талабың оң болсын! Үйленіп па едің?
Үйленгенмін. Келіншегім мектепте ағылшын тілінен сабақ береді, - деді ол.
Біз ескі таныстарша ұзақ сөйлестік.
Құдай қаласа, мешіттен діни дәріс алатын шағын мектеп ашып, оқуға талаптанған адамдарды оқытсам деген жоспарым бар, - деді Әбдіғани әңгімесін жалғастырып. – ойға алған мақсатты жқмыстар жетерлік. Құдай қаласа, осы сіз бастаған мына игі жұмыс менің ойға алған негізгі жұмысымның бірі екендігін де жасыра алмаймын. Иншалла, әр нәрсенің сәті болады ғой. Сізді Алланың менің осы жұмысқа келуіне сәйкес келтіруін қарашы!
Ол бұл сөздерді аса қуанышты сезіммен, шаттана айтты.
Өзінің білім деңгейін сездіргісі келгендей, Әбдіғани араб тілінде аса мәнерлі түрде бір сөйлемдік сөз айтты да:
«Бір Алланың ұлылығын, оның есемін үнемі есте сақтауға бұйырылған мешіттерде күндіз-түні зікір оқылушы дәріптеледі,» - деп айтылады аудармасында Нұр сүресінің 36-аятында.
Мешіт халыққа қызмет ету керек. Ол күндіз-түні есігі ашық болғаны дұрыс. Сіздерде, осы келгеннен бері көргенім, мешіт есігі көбінесе құлыптаулы күйде екен, - деді ол, іштегі сырын жасыра алмай.
Айтқаның қарағым орынды. Шынын айтқанда, бұл мешіттің сақталып қалғанын айтсайшы. Халққа қазір тіліне де, дініне де еркіндік беріліп өте орынды іс басталды ғой.
Құдай қаласа, аға өзіңізбен тікелей ойласып, көптеген істерге жөн-жоба, ақыл-кеңес алатын шығармын, - деді Әбдіғани, сол күлімсіреген күйінде.
Ия, әңгімеміздің жарасымды болғандығы болар, біз күннің ұясына кіріп, ымырт үйірілген уақытқа дейін отыра беріппіз.
Амандық болса, әлі талай әңгіме айтылып, кездесер кезеңдер болады ғой, - дедім мен, орнымнан тұруға ыңғайланып.
Ореке, аға Алланың мынадай бір мысал сөзін айта кетейін, - деді Әбдіғани жарасымды әңгіме қызығын одан әрі жалғастырып. – Жақсы сөз (Калиматун-танибатун) жақсы терек тәрізді, оның тамыры тереңде болады да, бұтақтары аспан бойлап кетеді. Демек ол құдай әмірімен мезгіл-мезгіл жеміс беріп тұратын қасиетті терекке ұқсайды. Адамдар тағылым етсін деп, Алла оларға көптеген мысалдар келтірген. Ал жаман сөз – жерден қопарып тастаған, діңінде тұра алмайтын шірік ағаш сияқты, деп айтылады. Құраннығ Ибраһим сүресінің 24-25-26 аяттарында. Біз жақсы әңгімелер, игілікті істердің бастамасын айттық, сондықтан уақыттың қалай өткенін де білмей қалдық.
Дұрыс, айналайын! Орынды сөз.
Біз мешіт төбесінен түскенде, қас қарайып қалған шақ еді.
Ертеңіне кездесуге және жұмысты бастауға уәделесіп мен үйге қайттым. Оқыған, діни ілімді меңгерген, Алланың ақ жолын ұстанған жас жігіт Әбдіғаниға, оның өзіндік сөз таба білер өткірлігіне риза болып келемін.
Достарыңызбен бөлісу: |