мүмкін емес. 5 февраль күнгі ұрыста ол жеті фашисті жер жастандырып, екеуін тұткынға
алды. Оның біреуі офиңер екен. Оларды Төлеген Мәлік екеуіміздің қасымызға айдап
әкелген кезде жолдас полковник Капров екеуіңіз келдіңіздер. Жаңағы офицермен
сөйлесіп, оның қай бөлімдікі, қанша күштері барын сұрадыңыздар.
Бауыржан басын изеді.
- Бұл оқиға есімде. Ол Ново-Свинухово деревнясында еді ғой. Бірақ онда мен ол
жігіттің аты-жөнін сұрамаппын.
- Оны сұрауға мүмкіндік болды ма, жолдас капитан. Сол сәтте немістердің кезекті
қарсы шабуылы басталды ғой.
Осыдан кейін мен Бауыржанның есіне Төлегеннің алғаш полкке келген сәтін түсірдім.
- Балтабек, Төлегеннің комсомол билетін мен саған беріп едім ғой. Сонда суреті
болатын.
- Иә, қазір,- деп Балтабек сумкасынан Төлегеннің комсомол билетін алып,
Бауыржанға берді.
Батырдың суретін көріп жіберіп, Бауыржан оны бірден есіне түсірді.
- А, бұл сондағы фамилиясы ұзын жігіт қой? Үш фамилияны қосақтап бір-ақ айтатын?
- Иә, сол.
- Енді есіме түсті. Оның ана екі жолдасы бар ма?
- Бар. Аман. Біреуі Сіздің көзіңізше неміс танкын құртгы.
IX
Ол оқиға былай болған еді. Февраль шайқастарының бас жағында Капров ауырып, он
шақты күн шанада жүрді. Полктың барлық ұрысын Бауыржан басқарды. Батальон Ново-
Свинуховоға ұмтылғанда оған көмек көрсетуге әзірленіп автоматшылар орман шетінде
отырған еді. Осы арада ұрысты басқарып тұрған Бауыржан:
- Мәлік, анау сарайдың түбінде танк тұр. Соны құртуға бір адам жібер, - деді.
Мен Батталовты жұмсадым. Ол танкқа лақтыратын кеспелтек гранатының екеуін алды да,
ілгері барыңқырап барып, тайсалақтап кейін шегінді.
- Анауың қорқып тұр, шақыр бері, - деді Бауыржан.
Мен шақырдым. Батталов келді.
- Әй, сенің кеуденде намыс бар ма? - деді Бауыржан оған зілді үнмен.
- Бар, - деді жауынгер сасқалақтап.
- Болса тез бар да, ана танкты құрт. Егер қорқып, күйбектедің бар ғой, онда сені ата-
бабаңның аруағы атады. Ұқтың ба?
- Ұқтым, жолдас капитан. Мен немісше «қолынды көтер!» дегенді қалай айтады деп
сұрамақ едім.
- Оны не қыласың? Қолын көтертіп, неміспен құда болайын деп пе едің? «Хенде хох!»
дейді. Бар, жөнел! - деді Бауыржан.
Батталов тұра жөнелді. Бағанадағыдай емес, ширақ қимылмен тайсалмастан ілгері
ұмтылды. Бір кезде Бауыржан нұсқаған сарайдың түбінен қара түтін бұрқ ете түсті.
Әлден уақытта Батталов қайтып келіп, бұйрықтың орындалғанын баяндады.
- Еңбегің үшін ел атынан алғыс жариялаймын, - деді Бауыржан. - Бірақ сен алғашында
қорықтың-ау деймін.
- Темір тонды пәледен тайсалғаным да рас, - деді жауынгер шынын айтып. - Бірақ
Сіздің ата-бабаңның аруағы атады деген сөзіңіз жаныма батып кетті.
- Жарайды, жігіт екенсің! - деді Бауыржан Батталовты қағып.
- Бар, жаумен әрқашанда жақсылап соғыс.
Мен Бауыржанға осы эпизодты айттым.
- Ол Төлеген серіктерінің бірі ме еді?
- Иә, Бауке.
Содан соң мен сумкамнан қара дәптерімді суырып, сонда жазылғанның Төлеген
туралысын оқып бердім. Онда Төлегеннің әр күнгі қимылы, ерлігі суреттеліп, қанша
фашисті жойғаны баяндалған еді. Ең соңында ішіне оқ тиген Төлегеннің ішегін шұбатып
жүріп, неміс офицерін оғы таусылған автоматпен ұрып өлтіргенін айттым да:
- Төлеген адамгершілігі мол, қамқор көңілді, жолдастарына қайырымды азамат
болатын. Төлеген қасымызда жүргенде ортамызда лаулаған от келе жатқандай болушы
еді. Ол өз жанының жалынымен өзгені де қыздырып, басқалардың да жүрегіне от беріп,
жігерін тұтатып отыратын ер еді, - деп сөзімді аяқтадым.
Бұдан кейін Гундилович, Трофимов, Жетпісбаев Төлеген туралы менің жазбаларыма
қосымша деректер берді.
Бауыржан менің дәптерімді сұрап алып, Төлегеннің комсомол билетін соның ішіне
салды да:
- Рақмет бәрлеріңізге, - деді бізге қарап. - Есіл азаматтардың ерлік тарихын есте
сақтағандарыңыз үшін ертеңгі ұрпақ сіздерге разы болуға тиіс.
Содан соң Бауыржан маған бұрылды да:
- Осының бәрін қалдырмай қағазға жазып жүргенің үшін саған көп рақмет, Мәлік, -
деді. Ол сәтте мен Бауыржанның бұл сөзіне мән бергенім жоқ. Бірнеше күн бел
шешпестен ұрыста жүріп қалжыраған басым жылы жерге келгеннен кейін маужырап,
ұйқым келіп өліп отыр едім.-Енді сен ауыз бөлмеге, Синченконың қарамағына бара тұр.
Мына жолдастармен сөйлесетін тағы бір сөзіміз бар.
- Е, жарайды, - деп тонымды сүйретіп төргі бөлмеден шықтым.
Ауыз бөлмеде Бауыржанның атқосшысы Николай Синченко үстел жасап, бес кісіге дәм
әзірлеп отыр екен. Ұйқы қысып келе жатқан мен еденге жантая кетіп едім, Синченко
иығымнан жұлқылады.
- Жолдас политрук, сағат қазір 00.30 - Совет Армиясы мейрамының күні басталды.
Басыңызды көтеріп, үстелден дәм татыңыз, жүз грамм жұтып жіберіңіз. Жолдас капитан
маған сіздерге дәм татырып жібер деп бұйырған.
Ұйқылы көзіммен Синченконың айтқанын орындадым да, қайтадан жантайып, лезде
қор ете түстім.
Бір кезде мені жұлқылап оятып жатыр.
- Мәлік, тұр, кетеміз, - дейді.
Сағатыма қарасам 2.30 болыпты. Гундилович, Трофимов, Жетпісбаев, Соловьев
төртеуі Синченконың дастарқанын жайғастырып жіберіпті.
Бауыржан ішкі бөлмеде жалғыз қалды. Бесеуіміз далаға шықтық. Балтабек бізбен қош
айтысты да, жатқан үйіне қарай бұрылып кетті. Қалған төртеуіміз қараңғы түнді үңгіп,
шыны қарды шықырлатып, өз бөлімімізге қарай бет түзедік.
- Мәлік, - деді Гундилович жолда келе жатып, - капитан бізден жаңағы Төлеген жайын
сұрағандай етіп, сен туралы да көп деректер сұрап адды. Біз сенің Ново-Свинухово,
Бородино үшін болған ұрыстардағы ерлігіңді айттық. Жетпісбаев өткен октябрь, ноябрь
ұрыстарындағы еңбегіңді де қалдырған жоқ.
23 февраль күні күндіз, түс кезінде қалың ағаш ішіндегі алаңға әрбір батальоннан
топ-топ жауынгерлер келе бастады. Бұлар өткен шабуылдарда ерекше ерліктер жасағаны
үшін үкімет наградасына ұсынылған командирлер мен жауынгерлер еді. Бүгін - Совет Ар-
миясының 24 жасқа толған ұлы мейрамы күні оларға ордендер мен медальдар
тапсырылмақ. Орман ішіндегі алаңға сол үшін жиналып жатырмыз.
Бір кезде Капров, Мұхамедияров, Момышұлы тағы басқа командирлер келді.
Полковник Капров бізді Совет Армиясының күнімен құттықтады. Командованиенің
тапсырмасын ойдағыдай орындағаны үшін осы жиналған жігіттердің тегіс наградталғанын
айтып, оларға ордендер мен медальдар тапсырды.
Рамазан Елебаев, Александр Соловьев, Балтабек Жетпісбаев, Павел Гундилович,
автоматшылардан Жұмажан Батталов, Іңкәрбала Иманбеков т.т. Қызыл Ту орденін алды.
Автоматшы Төлеген Тоқтаров пен автоматшылар ротасының политругі Мәлік
Габдуллиннің Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғаны жарияланды...
Неге қуанбайын! Қуанышымда шек болған жоқ, әрине. Енді тезірек Указ шықса екен
деп алабұрттым. Алғашында Указ шыққанша мұны ешкімге айтпайын, елдегі ағайын,
достар газеттен оқып, бірақ білсін деп те ойладым. Бірақ айтпауға дәтім шыдамады, ішіме
сыймады. Біраз күн тістей қатып, шыдап жүрдім де, ақыры алғашқы хатты Алматыға
жолдадым. Сол күні күндіз ротаның саяси жетекшісінен жоғарылап, батальон комиссары
боп тағайындалған едім. Бір жағынан бұл да бір қосалқы қуаныш боп, жанымды түрткілесе
керек. Ақыры не керек, түнде, жер төленің ортасына жағылған оттың басында отырып,
жүрек жарған жаңалығымды былай деп ақылшы аға, асыл ұстазым Мұхтар Әуезовке
жолдадым:
«Қымбатты МҰХА!
13. ІІ-де жазған хатыңызды алдым. Аманшылығыңызға қуаныштымын. Мен де аман-
саумын. Талай тас қамауды талқандап бұзып, жауды қуып барамыз. Сақылдаған аязда,
сартылдаған соғыс сахнасында қолдан келген күшті жұмсап жатырмыз. Мен наградқа
Қызыя Жұлдыз орденін алдым. Жақында бір тамаша операция жасап, немістің «Ку бас»
деп аталатын дивизиясының штабын талқандап шықтық.
Осы операцияда тамаша ерлер шықты. Біздің полктан үш адамды Совет Одағының
Батыры атағына ұсынды: 1) политрук Клочков, ол Щербаков жолдастың баяндамасында
айтылған 28 батырдың қолбасшысы еді. 2) Тоқтаров Төлеген деген қызыләскер, Риддер
қорғасын
заводынан келген жас, 21 -дегі жұмысшы. З) Мен. Таяу күнде Указ болып қалар.
Дивизия көлемінде абыройым жақсы, бәрі құрметтейді. Әсіресе Совет Одағының
Батырына ұсынылған соң комдивтің өзі қолымды алып амандасады.
Қазір ротаның политругі емеспін, батальон комиссарымын. Жұмыс көп, осы кезде қызу
майдандамыз. Бұл хатты оттың сәулесінде бой басылып, түн түскен кезде Сіздің хатқа
жауапты тездету ретінде асығыс жаздым. Әлішердің қайда екенінен хабарым жоқ. Тағы да
хат жазармын. Хош, сау болыңыз. Еңбек творчество майданында жақсы-жақсы
шығармалар жазуыңызға тілектеспін.
Ініңіз Мәлік
5. III. 42 ж.
Полевая почтовая
станция 993,
1075 СП, 2-батальон,
М. Ғабдуллин.»
Міне, Бауыржанды біздің полктан соңғы рет көргенім сол жолы, 23 февраль күні болды.
Үстінде қара бурка, басында папахасы бар, ол өзге командирлерден иығы асып, тіп-тік
болып, сұсты жүзі жұмсарып, отты, ойлы қара көздері наградталған ерлерге жылы нұр
төгіп, мейірлене қарап тұрды.
Содан екі күн кейін - 25 февральда Бауыржан бізден қайтадан өзінің 1073-ші полкына
кетті, сол полктың командирі болып тағайындалды. Ол хабарды естігенде көңілім қатты
құлазыды. Өйткені бұл кезде мен Бауыржанды қатал, қаһарман командир деп қана
мойындап қоймай, сонымен бірге оған аға, дос ретінде де бауыр басып қалған едім.
Артынан Бауыржан 9-гвардиялық дивизияға командир болып кетті. Одан соң Бас
штабтың академиясына оқуға барды. Бұл екі ортада мен де бірсыпыра қызметке ауыстым.
Сол жылы 5 мартта, жараланып кеткен Трофимовтың орнына, Гундилович батальонына
комиссар болып бекідім. Одан кейін полк үгітшісі болдым. Совет Одағының Батыры
атағын алғаннан кейін, 1943 жылдын февралында Калинин майданы Саяси
басқармасының үгітшісі болып тағайындалдым. Осы кездерде Бауыржанмен үзбей хат
жазысып тұрдым.
Бұл кезде біз терренкурдың үшінші километрінен қайтып, «Арман» кинотеатрына
тақап қалған едік. Мәлік енді әңгімесін тұжыруға кірісті.
- Мінеки, менің Бауыржанмен білістігім осылай. Өзің де соғыста болдың, соғыстың
жайын жақсы білесің ғой. Бірден батырлық еңбек етсең де, бірден батыр атағы
берілмейді. Екі рет ерлігің танылғанда есепке алынасың. Бес рет батылдығың білінгенде
ғана батыр атағына жетесің. Онда да екінің бірі жете бермейді. Жүзден жүйрік, мыңнан
тұлпар шығады. Ал жүз жүйрік, мың тұлпар қатар шапса, олар қанша оқтай жүйткігенімен,
бірінен бірі оза алмайды. Озса да бірінен бірі қара үзіп кетпейді. Сұңқарлар қанаттас
самғайды, тұлпарлар қабырғалас зымырайды. Тұлпардан тұлпар озбағанымен, олардың
артында ор болып іздері қалады. Сол сияқты біздің 316-дивизия тұлпарлар тоғысқан жер
еді. Біздің 8-ші гвардиялық дивизия батырлар бас қосқан ұя еді. Жеке батырлардан жалпы
батыр шыңдаған дүкен еді.
Мың адам бірлесіп батырлық іс атқарады. Бірақ атақ назары соның біреуіне ғана түседі
де, оның кеудесіне Алтын Жұлдыз боп қадалады. Мен сол болсам, Баукең атақ назары
түспеген, бірақ тарихтың назары түскен, бір өзі жүзден аса ерлік жасаған, мен сияқты
жүздеген жұлдызды, жұлдызсыз батырларды баулыған ұста, ұстаз, ардагер азамат қой!
X
Осыдан кейін де көп күндер өтті, көп оқиғалар болды. Алдымен Бауке туған жері Жуалы
ауданында өзінің алпыс жасқа толған тойын өткізді. Ол той одан кейін Алматыда
жалғасты.
Осы тойларды атқарғаннан кейін Баукеңнің кәртейгендегі жан серігі Кәмәш қайтыс болды.
Одан кейін қан майданды бірге кешкен жауынгер інісі, жан досы Мәлік Ғабдуллин дүние
салды. Олардың артынан асқар таудай ағасы Сәбит Мұканов қайтпас сапарға ол кетті.
Осының бәрі Баукеңе соққы үстіне соққы болып тиіп, оның аузынан шыққан күйініш сөздері
жалпақ жұртқа естіліп жатты.
Алғаш әйелі өлген кезде бір замандасы келіп, пенсияға шығып, қызмет, көліктен айрылып,
қор боп қалдым дегенде, Баукең оған: «Қорлықтың көкесін кемпірің өлгенде көрерсің»
депті.
Мәлік қайтыс болғанда:
- Енді біздің шаңырақтарға шартылдап нажағай түсе бастады. «Теперь по нашим
квадратам бьют. Кезек ересен ер ұрпаққа келді», - деп шөке түсіп отырып қалыпты.
Сәбең қайтыс болған кезде Баукең айтты деген мына бір сөз және тарады. «Сәбит пен
Ғабит Алатау мен Қаратаудай панам еді. Енді оның да бірінен айрылдым ба?» депті.
Күз өтті. Қыс кетті. Жаз шықты. Күндердің күнінде Баукең екеуіміз ұзақ уақыт үзіліп
қалған диалогты қайтадан жалғастырдық.
Автор. Сіз Иван Михайлович Чистяков деген кісіні білесіз ғой?
Бауыржан. Білемін. Генерал-полковник, Совет Одағының Батыры.
Автор. Сол кісі «Дружба народов» журналында жарияланған естелік кітабының бір
жерінде былай деп жазыпты. Оқуға рұқсат етіңіз.
Бауыржан. Оқығын.
Автор. «1073-ші атқыштар полкының командирі майор Бауыржан Момышұлын мен
соғыстан бұрын білетінмін. Біз Қиыр Шығыста бірге қызмет еткенбіз. Ол қазақ ұлтынан
шыққан, алған бетінен қайтпайтын, қатал мінезді, сымбатты келген жас командир
болатын.
Оны ерекше ерлігі мен тапқырлығы үшін Панфиловтың өзгеше жақсы көргенін де
білетінмін. Москва түбінде оның баталъоны полктан хабар-ошарсыз күйде, бірнеше күн
қоршауда қалып, қалың жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізген. Екі тәулікке созылған қырғын
соғыста гвардияшылар төрт жүзден астам фашистердің көзін жойып, алардың
Волоколамск тас жолы арқылы жасаған шабуылын тырп еткізбей бөгеп тастаған. Содан
кейін орман ішінде маневр жасай отырып, өздерін қоршаған жау шеңберін тас-талқан етіп
бұзып шығып, полкке келіп қосылған болатын.
Осы ұрыстан кейін Панфилов Момышұлының батальонын өзінің резерві етіп ұстап,
оны ең қиын-қыстау жерлердегі ұрыстарга жіберіп отырды. Соның бәрінде де батальон
үздіксіз жеңіске ие болды.
Бұлардан басқа Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті болатын, ол оның
шыншылдығы еді. Мен оның қанша қиын болса да, тіпті өзіне содан зиян келсе де тек қана
шындықты айтатынын білуші едім. Өзінің бағыныштыларынан да ол осыны талап ететін».
Міне осылай деген...
Бауыржан. Мұны неғыл дейсің?
«Мұны неғыл дейсің?» Сондай сөз бола ма екен? Бұған мен қуанамын, шаттанамын,
мақтанамын! Кеше бейбіт күнде бірге болған, одан соң ел басына ауыр күн туған қаһарлы
жылдарда қатар жүріп қабырғадан қан кешкен қарт генерал сені мақтап отыр. Сенің
ерлігінді, өрлігінді айтады. Атақты Панфиловтың өзіңді жанындай жақсы көргенін
баяндайды. Тіпті сенің жас шағыңдағы сымбатыңды да сүйсіне сөз етеді. «Иір бұтақты
емен шынар болуға құмар болмайды» деп өзің айтқандай, сенің егде тартқаңдағы мынау
емендей қалпыңа қызығамын мен. Сенің бойындағы саф алтындай сақталып келе жатқан
генерал айтқан шыншылдыққа сүйсінемін. Мен ғана емес, бүкіл ел сүйсінеді саған.
Сондықтан да
бала күнгі досың Әбділда ақын сенің қазіргі күйінді былай деп суреттеді:
Ойласа от күндерді, қан майданды,
Қамыкпай, касіретсіз сөз айта алмайды.
Елестеп қансыраған қайран достар,
Соларға: «Қайдасың?» деп айқайлайды...
Тарылып күйкі тартқан кең кеудесі,
Секілді тозған тұлға көлеңкесі.
Ойласа от күндерді алады өксіп,
Қазақтың ай мүйізді ақ серкесі.
Неғыл дейін мен? Генерал мен ақынның сенің өр тұлғаңды суреттеген сөзі мен жырын
мақтаныш етемін мен! Сондықтан да оны, жерден жеті қоян тапқандай болып, қуана
айтып отырмын саған. Немене, мұртың едірейіп соншама шұқшия қалдың маған?
Әрине, Баукеңе мен бұл сөздерді айтқамын жоқ. Айтпайтыным ол өзін мақтағанды
ұнатпайды. Ал өзге кейбір жолдастарды мақтаған аузыңнан титтей сөз шықса-ақ болды,
олар сені тоқтатып қойып,өздерін өздері мақтай жөнелгенде сен аңырайып аузынды
ашасың да қаласың... Баукең олай емес. Өзін мақтай бастасаң ол сенің сөзіңді естімеген
кісі сияқтанып, түсін суытып үнсіз қалады. Сенің айтқаныңның шын-өтірігін сараптап,
сынап
отырған сияқтанады. Содан кейін: «Тит-та-тит-та-ти-та-та!» деп басын бір жағына қарай
бұрып кеп жібереді. Онысы саған: «От-та-от-та-от-тай бер» деген сияқты боп сезіледі де,
сен шайнамай жұтқан астай ғып, мақтау сөзіңді кілт тоқтатуға мәжбүр боласың.
Чистяковтың сөзін алғаш оқи бастағанымда Баукең көңілді сияқты еді. «Мен ол кезде
жас болғанмын» деп арасында әзіл де айтып қалды. Сол ыңғаймен мен де генералдың
сөзін аяқтап, Баукеңнің бетіне көңілдене қарағанымда: «Мұны неғыл дейсің?» деп ол
бірден гүр ете қалды. Осы кезде менің көз алдыма тағы да арыстан елестеп кетті.
Цирктың аренасына шыққан арыстан алғашқы екі-үш номерді бұлжытпай орындайды.
Арыстанның «тіл алғыштығына» үйретуші де, көрермендер де қуанып, көңілденіп қалады.
Сөйтіп жүргенде аң патшасы кенет арс ете түсіп, келесі номерлерді орындаудан бас
тартады. Үйретуші ұзын таяғын сермеп, арыстанды ырқына көндіре алмай әлек боп
қалады. Арыстан таяқты тістелеп ырылдағанда зал толы жұрттын төбе құйқасы
шымырлап, иманы қасым болады. Ол бір-ақ ырғып барып анау таяғын шошаңдатқан
үйретуші сорлының парша-паршасын шығармаса игі еді деп зәресі кетеді. Мен
Бауыржанның қасында отырғанда бірнеше рет осындай сезімде болдым - арыстанмен бір
клетканың ішінде бетпе-бет қалған үйретуші іспеттендім. Үйретушінің әр түрлі әдіс-айла,
қару-құралдары бар шығар. Менде ол жоқ қой... Бауыржанның арыстандікіндей тісі мен
тырнағы жоқ екенін, тіпті оның арыстан емес екенін біле тұрсам да, ол гүр етіп бетіме
қарап, жалт-жұлт еткен көзі мен жыбырлаған мұртына көзім түскенде сасқалақтап өзімнің
адамның үйінде немесе арыстанның клеткасында тұрғанымды аңғара алмай қалған
әлденеше сәттерім болды.
Мұны мен қыздырманың қызыл сәзі үшін айтып отырғаным жоқ. Бауыржанды барлық
адам баласынан өзгеше жаралған жан етіп көрсету ниетінен де аулақпын. Мұны мен
әңгімелесуші екі адамның арасындағы психологиялық байланысты көрсету үшін ғана
айтып отырмын.
Сөйтіп, жаңа ғана әзіл айтқан Баукеңнің мен үш-төрт абзацты оқып шыққанша өзгере
қалғанын білгеннен кейін, өзім де көңілді күйден ауысып, бірден салмақты бола қалдым.
II
Автор. Генерал Чистяковпен Сіздің алғаш қалай танысқаныңызды сұрайын деп едім.
Және өзіңіздің Қиыр Шығыс әңгімесін кейін толық етіп баяндап беремін деген уәдеңіз де
бар еді.
Бауыржан. Солай ма еді? Онда айтуға болады. Иван Михайлович Чистяковпен мен Қиыр
Шығыста кездестім... Қиыр Шығыс!
- Бауыржан мойнын ырғай бұрып, маған үдірейе қарады. Оның мойнын бұлай бұрғаны
әлденеге өкініп, бас шайқағаны сияқты да боп көрінді. Сол бұрылған қалпында сәл
отырды да, сөзін әрі қарай жалғады. - Қиыр Шығыс - жас адамды шынықтырып,
шыңдайтын, езді - ер, егдені - кемеңгер етіп ширататын өлке ғой, шіркін!
Темір соғатын жерді не дейді, ұста дүкені дей ме? Ауылда аяқ астында жатқан ұсақ-түйек
темірді жинап сол дүкенге алып келіп көріктің отына салсаң, ол төстен таға болып
тапталып, шеге болып ширатылып шығып жатпаушы ма еді? Егер олпы-солпы адамды көк
мұзға кірш-кірш қадалатын құрыш емшекті тағадай иіп, шегедей шымыр етіп шығаратын
да дүкен болады деп есептесек, мен ондай дүкенді Қиыр Шығыс жері, соның табиғаты дер
едім. Қиыр Шығыстың қыстағы алпыс градус аязы мен жаздағы жетпіс градус ыстығы
адамды шыңдалмас еркіне қоймайды-ау, шіркін!
Ит тұмсығы өткісіз ну орман, көк аспанға шаншылардай боп шырқай өскен қалың
қарағай, түзу терек, тіп-тік қайындар, олардың арасындағы шалғыны салт атты адамның
белуарынан келетін жасыл шөпті алаңдар, сылдыраған бұлақ, сарқыраған өзендер,
жұтқан сайын көкірегінді кернеп, көңілінді сергіте түсетін шипалы ауа!.. Ғажап қой, ғажап
Қиыр Шығыс табиғаты. Оны саған суреттеп беруге тілім жетпейді менің. Айналаның бәрі
көркем, бәрі көрікті, бәрі ғибрат аларлық. Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақ
беріп тұрған тәрізденеді. Қарағайдың түзулігі саған екі иығынды салбыратпай тік жүруді
үйретеді. Аспанға шапши атылған ақ сүттей ақ қайындар сені адалдық пен пәктікке
шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншағындай ми батпағы өлім
дегеннің не екенін көз алдыңа елестетіп, өмір үшін жанталаса күресудің тәсілін және
ұқтырады. Қиыр Шығыстың өрттей жазы сені ұста көрігінің отына көмілген темірдей
қыздырса, оның ақырған аязы сол ыстық темірді шындау үшін суық суға малғандай
шыжылдатады. Өз басым сол Қиыр Шығыс табиғатының тамаша дүкенінде соғылған
шегемін деп есептеймін. Қиыр Шығыс
дүкенінде мыңдаған «шегелер» соғылды. Мен солардың бірі ғанамын. Ұстасыз ұста дүкені
болмайды ғой. Мені, менің тұстастарымды болат «шеге» етіп, сомдап соққан ұста Блюхер
болатын! Мен өз өмірімнен Қиыр Шығысты бір минут бөліп тастай алмаймын.
Осылай деп өл сезін тоқтатты да, «ы-ы-ым...» деп менің бетіме қарады. Онысы маған
«сен менің бұл сөздерімді ұғасың ба, түсінесің бе?» деген сияқты боп көрінді. Сөйткенше
болған жоқ, ол бірден мынадай сұрақ қойды.
- Сен өзің Блюхерді білесің бе? - деді.
Мен қапелімде не білемін, не білмеймін дей алмай үнсіз қалдым. Өйтетін себебім
баяғыда, туған ауылым «Ақбұзау» орталау мектебінің жетінші класында оқып жүрген бала
күнімде біз оқитын класс бөлмесінің қабырғасында бес маршалдың үлкен портреттері
тұрушы еді. Ол портреттер терезе жақтағы парталардың тұсына ілінгендіктен кейбір
балалар: «Мен Ворошиловпын», «Мен Буденныймын», «Мен Блюхермін» деп мақтанып,
Достарыңызбен бөлісу: |