«1075-атқыштар полкы командирінің орынбасары капитан Б.
Момышұлына
Осыны алысымен Сізге дивизия командирі 1073-ші полкты қабылдап,
соның командирі қызметіне кірісуге бұйырды.
Штаб бастығы полковник (Серебряков)
Дивизия военкомы батальон комиссары (Фролов)
4-ші бөлімнің бастығы 2 рангалы интендант (Ревякин)
Бауыржан. Иə.
Автор. Мұндағы үшінші боп қол қойған интендант Ревякин Чистяковқа
дейінгі комдивтеріңіз емес пе?
Бауыржан. Жоқ. Генерал-майор Василий Андреевич Ревякин Кремльдің
жəне Москваның бұрынғы əскери коменданты болатын. Тегі əскери
дипломат, соғыстың жайын білмейтін қала генералы еді. Сондықтан ол кісі
біздің дивизияда 1941 жылдың 1 декабрінен 1942 жылдың 15 январына
дейін ғана командир болды. Одан кейін басқа қызметке ауыстырылды.
ІХ
Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның жау тылындағы сол атақты
жорығын баяндай келіп, генерал Чистяковтың не деп жазғанын оқиын ба?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Генерал Чистяков былай деп жазады:
«Холм бағытында шабуыл жасай отырып, дивизия жаумен жағаласқан
ұрыс үстінде екі жүз километрден астам жол жүрді. Сөйтіп, Замостье —
Лисичкино, Чамовка — Пустынки Вторые шебіне шықты. Дивизия бұл
ұрыстарда дұшпанның жекелеген гарнизон, бөлімдерін жойып қана қойған
жоқ, сонымен бірге оның Холмға өткізбеу үшін жасаған бөгетінің бəрін
талқандады...
Бұл
арада
1073
полктың
жəне
оның
командирі
Бауыржан
Момышұлының, сол сияқты полктың жігерлі, батыл комиссары П. В.
Логвиненконың еңбегіне тиісті баға бере кеткен жөн. Старая Русса —Холм
тас жолын бойлай жасаған бұл жорықта полк қиын жағдайда қалғанына
қарамастан, дұшпанмен жекпе-жек шайқасып, оның қорғаныс шебін
күйрете алға басып отырды. Қақаған аяз да, қалың қар да оған бөгет бола
алған жоқ...
Февраль мен мартта дивизия екі жүз елуден астам ел мекенін жаудан
тазартып, дұшпанның бес мыңнан астам солдаты мен офицерін, жиырма
танкін, мыңдай автомашинасын, жүздеген зеңбіректері мен пулеметтерін
жойды.
Осы бір қаһармандық жорықта Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық
дивизияның жауынгерлері Отан үшін қаншама ерліктер жасады десеңші!
Олар мыңдаған ерлік істеді!»
Бауыржан. Рас. Екі айға созылған бұл жорықтың алғашқы жиырма үш
күнінде мен 1075-ші полкты басқардым. Капров тəуір болғаннан кейін оған
өз полкін өткіздім. Илья Васильевич əкемдей тебіреніп бетімнен сүйіп,
полкінің атынан рахмет айтып, мені қолтығымнан алып, Ақбоз аттың
үстіне өзі аттандырып мінгізді. Мадиярмен (Ахметжан Мұхамедияровты
осылай
атаушы
едік),
Мəлікпен,
Гундиловичпен,
Трофимовпен,
Мамоновпен, Балтабекпен — бəрімен қоштасып, тумаса да туғандай боп
кеткен полкты, туыстай боп кеткен адамдарды артқа қалдырып, атқосшым
Николай Синченко екеуіміз туған үйіміз іспетті саналатын Талғар полкіне
қарай тартып бердік. Сол 23 февральдан бастап, атақты жорық аяқталғанға
дейін, одан кейін де көп уақыт мен 1073-ші полктың командирі болдым.
Чистяков менің осы екі полктегі қызметімді бірақ түйіндеп айтқан ғой.
Автор. Бірден полкқа бардыңыз ба?
Бауыржан. Жоқ. Чистяков алдымен маған соқ. Содан соң Лизюковке
барамыз деген еді.
Автор. Бардыңыздар ма?
Бауыржан. Бардық. Лизюков өте бір сүйкімді де, сыпайы да кісі екен.
Бар өмірін танктың болат қорабының ішінде өткізіп келе жатқан адам
дейтін емес. (Ол кісі танк əскерлерінің генералы болатын.) Тура өзіміздің
Сарыарқаның сарбаз ағаларының бірі сияқты еді.
— Сіз туралы маған Иван Михайлович толық айтты, — деді генерал
жадырай сөйлеп. — Сіздің Москва түбіндегі еңбектеріңізбен де, осы жорық
үстіндегі жұмыстарыңызбен де таныспын, Бұл аз десеңіз мына Иван
Михайловичпен сонау Қиыр Шығыста бірге болғаныңызды да білемін.
Сізді полк командирі етіп тағайындау туралы бұйрыққа қол қойып қойдым.
Осы уақытқа дейін полктың заңсыз командирі боп келсеңіз, енді заңды
командирісіз. Менің Сізге қоятын көп сұрағым жоқ. Тек өзіңізбен
жүздесейін деп қана шақырдым.
— Сеніміңізге рахмет, жолдас генерал.
— Неше рет қоршауда қалдыңыз, жолдас майор? — деді Лизюков менің
бас-аяғыма көз жүгіртіп өткеннен кейін, əлдене есіне түскендей, ойлана
қалып. Жүзі жылы, өңі сүйкімді, өте бір парасатты кісі екен.
— Бес рет, жолдас генерал, — дедім мен.
— Өз күшіңіз, өз ақыл-ойыңызбен бе, əлде сізді құтқарып алды ма?
— Батальонның қаруымен, жігіттердің жігерімен, өзімнің ойыммен,
жолдас генерал.
— Бесеуінде де ме?
— Дəл солай, бесеуінде де!
— Міне, Сіздің бір басыңызда қаншама қазына жатыр! — Бұл кезде ол
менімен емес, өзімен-өзі сөйлесіп кеткендей болды. Мұндай ғажайып
қазыналар қаншама десеңізші!
Қоршауда қалудың қазыналығы шамалы ғой. Бұл кісі нені ойлап отыр
екен дедім ішімнен.
— Соғысты қай жерден бастадыңыз?
— Москва түбінен, жолдас генерал.
— Шекарадан шегіну мектебінен өтпеген екенсіз ғой.
— Өткенім жоқ, жолдас генерал.
— Оқасы жоқ, — деді генерал саусақтарымен үстелді тақылдатып, —
Москва түбіндегі ұрыстар өз алдына өзгеше мектеп. — Осыдан кейін ол
менің бетіме тіке қарады. Тікендей қадалатын немесе өңменіңнен өтетін
көз емес, өң бойыңды рентген сəулесі сияқты, əлде бір жылы нұрмен
жарқырата шолып өтетін өзгеше бір жұмсақ көзқарас екен. Кеудесінде
жарқыраған Алтын Жұлдызы ол да жанға жылу таратқандай əсер етеді. —
Жаңылмасам жаңа сіз «жігіттердің жігерімен» деген сөз айттыңыз-ау
деймін. Генерал «жігіттердің» деген сөзді сəл бұзыңқырап айтты. — Тегі ол
«жауынгер» деген сөздің баламасы болар деп ойлаймын.
— Дəл айттыңыз, жолдас генерал. Қазақша «жігіттер» дегеннің
мағынасы орысша «жауынгерлер» деген сөз.
— Рақмет, жолдас майор. Онда мен қателеспеген екенмін. — Осылай
деп сəл ойланып алды да, Лизюков сөзін əрі қарай жалғады. — Ал ешбір
есепке көнбейтін, ешбір санаққа сыймайтын нəрсе адам жанының жігері
ғой. Қиын-қыстау кезеңде бір солдаттың бойынан шыққан бір тамшы жігер
мың солдатқа жол ашады. Ал мың солдаттың айтайық полктың жігері көл
іспеттес, ал дивизияның жігері теңіз боп толқиды. Солдат жігерінен,
шақпақтан ұшқын шашыратқандай етіп, жігер тудыратын кім? Командир
ғой. Солай емес пе? —
Мен басымды изедім.
— Дəл солай, жолдас генерал, командир мен комиссар.
Лизюков жымиып басын изеді.
— Дұрыс айтасыз, мен командир дегенде, саяси қызметкер екеуін
қосарлай есептеп отырмын. — Осыдан кейін генерал алғашқы ойын
қайтадан жалғастырды. — Ал солдат жүрегі шақпақ. Бірақ шақпақ өзінен-
өзі от бермейді, оны тұтату керек. Жəне де шақпақтың ұшқыны құрғақ
білтеге түссе ғана тұтанады. Командир бір шақпақты ғана емес, жүз
шақпақты, мың шақпақты, тіпті мыңдаған шақпақты тұтатуы тиіс. Ол үшін,
ақыл, қайрат, адалдықтың үстіне, командирге қаншама жалын, шиыршық
атқан ширақтық дамыл таппайтын мазасыздық жағдайға қарай жол таба
білетін ой-өріс өте керек десеңізші!
Х
Генерал Лизюков осыларды айтып тоқтады да, кенеттен маған сұрақ
қойды.
— Бастан кешкеніңізді баяндап қағазға түсіре аласыз ба?
— Қойын дəптерге түртіп жүргендерім бар, жолдас генерал, — дедім
мен.
— Бұрын жазу жұмысымен айналысып көрген жоқ па едіңіз?
— Соғысқа дейін ептеп өлең жазатын едім...
— Өлең? — деп генерал мырс етті. Бұл менің соғысқа дейін өлең
жазғанымды ұнатқаны, не ұнатпағаны екенін аңғара алмадым. Содан соң
қасқа басын сəл шұлғып отырды да, сөзін қайтадан жалғады. — Соғысқа
дейін өлең жазсаңыз, соғыстан кейін өнеге жазу керек болады, жолдас
майор. «Өнеге» Деген сөзге екпін бере айтты. — Менің ойымды түсіндіңіз
бе?
— Жобалап тұрмын, жолдас генерал.
— Жобаласаңыз солай! Соғыс — бүгін қисапсыз қан төгіп, шексіз
шығын болғанымен, кейінгі сабақ. Бүгінгі өлшеусіз өлім — болашаққа
өлмеудің өнегесі. Сонау Ақ теңізден анау Қара теңізге дейін қиян-кескі
соғыс болып жатыр. Бұл өзі бір жағынан мол тəжірибе де. Дүние жүзі
соғыс тарихында мұндай тəжірибе болған емес. Шегінісіміз де,
қорғанысымыз да, шабуылымыз да тəжірибе, болашаққа қазына. Ендеше
сол тəжірибенің бір дəнін жерде қалдырмай жинап алып, кейінгі ұрпақтың
ризығына беру бұл соғысқа қатысқан үлкенді-кішілі командирлердің
қасиетті парызы. Сіз жазатын адам болғандықтан осы есіңізде болсын деп
жатырмын. Түсінікті ме Сізге?
— Түсінікті, жолдас генерал.
— Иван Михайлович, бұл əңгіменің Сізге де қатысы бар, — деді корпус
командирі Чистяковке мойнын бұрып.
— Құп, жолдас генерал, — деді Чистяков, — Алдымен жауды жеңіп
алайық содан соң жазу қашпас.
— Маған сұрағыңыз бар ма? — деді генерал Лизюков бетіме жылы
жүзбен қарап.
— Сұрағым жоқ, жолдас генерал.
— Онда жолыңыз болсын. Мен Сізге, Сіздей адамдарға əрқашанда
тілектеспін. Табыстан табысқа жете беріңіз. Жаңағы айтқанды да
ұмытпаңыз, — деп Лизюков арқамнан қақты.
Осы күнге дейін кейде орыс генералының сондағы өзіме мейірлене
қарап тұрған келбеті көз алдыма келеді. Оның алақанының табы əлі күнге
дейін арқамда тұрған сияқтанады.
Сөйтсем генерал Лизюковтың өзі де соғысқа дейін өлең жазған кісі
екен. Əскери-əдеби еңбек жазумен де шұғылданыпты. Соғыс кезінің
қиыншылығына қарамастан ол өз тəжірибесін қағазға да түсіріп жүріпті.
Мұны мен артынан білдім. Содан бірнеше күннен кейін генерал А. И.
Лизюковтың Əскери баспа шығарған кітапшасы қолыма тиді. Онда
генералдың əскери барлау жəне шабуыл ұрыстары деген екі еңбегі
жарияланған екен.
Автор. Чистяковпен бұдан кейін неше рет кездестіңіз?
Бауыржан. Бірнеше рет. Демьянск шайқасы аяқталғаннан кейін, 1942
жылдың апрелінде генерал Лизюков танк армиясына командашы болып
кетті де, оның орнына 2-гвардиялық корпустың командирі болып генерал
Чистяков тағайындалды. Ал генерал Лизюков сол жылдың июлінде
Воронеж түбінде қайғылы қазаға ұшырады.
Автор. Константин Симоновтың «Дружба надодов» журналында
жарияланған «Соғыстың əрқилы күндері» деген күнделігінде Лизюков
деген фамилия екі-үш жерде айтылады. Осы сол Лизюков емес пе, Бауке?
Бауыржан. Сол. Александр Ильич Лизюков. Білгің келсе ол кісі туралы
толығырақ айтып берейін.
Автор. Əрине.
Бауыржан. Соғыс — адамзат өмірінің улы трагедиясы. Соғыс — адам
жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс — тірілердің тамұғы.
Тозаққа айналған күндер еді ғой ол, қарағым. Александр Ильич Лизюков
соғыстан бұрын Фрунзе атындағы əскери академияны бітірген, ауыр
танктер бригадасының командирі болған, сол кездің өзінде-ақ Ленин
орденімен наградталған көрнекті командирлердің бірі болатын. Соғыс
басталған кезде демалыста жүрген Лизюков дереу əскери эшелонмен өз
құрамасы тұрған Ленинск қаласына қарай сапар шегеді. Эшелон Борисов
қаласына жеткенде ар жақтан немістер келіп қалады. Осы арада полковник
Лизюков офицерлерді ұйымдастырып, əскер құрап, Борисов қаласын
қорғау ісін ұйымдастырады. Жоқтан бар, бардан батыр жасайды. Сөйтіп ол
бір топ 26 июньнен 8 июльге дейін жауды бөгеп, қалаға кіргізбейді.
Шегініп келе жатқан Қызыл Армия бөлімдерін өткізбеу үшін немістер
Борисовтың іргесіндегі Березина өзеніне салған көпірді бірнеше рет
бомбалайды. Лизюков қарамағындағы адамдарға ол көпірді қайта-қайта
қалпына келтіртіп, ақыры біздің əскерлерді бері қарай өткізіп алады. Осы
еңбегі үшін Лизюков Отан соғысында ең алғаш ер атанғандардың бірі
болып, Совет Одағының Батыры атағын алады.
Содан кейін Лизюков Москвалық І-ші мотоатқыштар дивизиясының
командирі болып, октябрь-ноябрь ұрыстарында Москваны жаудан
Нарфоминск жағынан қорғасты. Осы еңбегі үшін ол дивизия совет
гвардиясы атағын алған сегіз құраманың бірі болды. Сегізіншісі біздің
Дивизия еді. Лизюков пен Панфилов ең алғашқы гвардияшы комдивтер еді.
Əкеңмен құрдас, теңдес адамды өзіңнен өзің жақын тартып, жақсы
көретінің болмаушы ма еді. Лизюковты біз осы жағынан да жүрегімізге
жақын тартатын едік. Осыдан кейін Лизюков корпус командирлігіне
жоғарылатылды да, одан армия командашылығына кетті...
Осылай деп Баукең бөгеліп қалды.
Автор. Симоновтың күнделігінен сол генералдың өлімі жайында
оқығанда төбе шашым тік тұрып, көңілімді аяныш бір мұң кернеді, Бауке.
Сол жерін оқып берейін, тыңдайсыз ба?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Күнделіктің «42 жыл» деген бөлімінің бесінші тарауында былай
деп жазылған:
«Ол жақтан (алғы шептен) майдан штабына қайтып келісімен-ақ мен
байланыс офицерімен Лизюковке барамын деп келіскеннен кейінгі бірнеше
сағаттан соң Лизюковтың опат болғанын білдім.
Оның бір бригадасының жолын жау кесіп тастап, байланыс болмай
қалыпты. Соның алдындағы күндерде ісі сəтсіз болып, есі шығып жүрген
Лизюков, үздік-создық болып арттан келе жатқан басқа бригаданың
танктерін күтпестен, өзінің төл танкіне мінеді де, жалғыз КВ-мен жоғалған
бригаданы іздеуге кетеді. Екі ме, үш пе километр жүріп, бір ормаңның
шетіне тақай бергенде оның танкіне тасада тығылып тұрған неміс
зеңбіректері снарядты жаудырып жібереді. Жалғыз башня атқышы ғана
аман қалады — танктан шығып үлгіріп, қалың егіннің ішіне тығылады да,
қираған танк ішінде қалған серіктерінің не күйге ұшырағанын өз көзімен
көреді.
Оның айтуы бойынша фашистер танкті қоршап, өлгендердің, оның
ішінде Лизюковтың да сүйегін сыртқа шығарады. Документке қарап, оның
генерал екенін біледі...
Жұпыны айтылған бұл эпизодтан сол бір ашыныс күндеріне тəн
жалғыздық пен жан күйініші айқын аңғарылады».
Бауыржан. Сүйікті генералдың сүйегін жаудың қалай қорлағанын
айтуға аузым бармай тұр еді. Симоновтың айтқанының бəрі шын.
Фашистердің бұл соғыста көрсеткен айуандығын айтып жеткізу қиын ғой,
қарағым. — Баукең қабағын қатты түйіп, даусын қатайтып алды. — Олар
мыңдаған совет адамдарын тірідей көрге көмді. Ондаған мың жазықсыз
жандарды газ пештерінде тұншықтырып өлтірді. Сан мың адамды тұтқын
лагерлерінде аштан қырды. Миллиондаған ата-аналар, əйелдер, сəбилер,
қарттар өмірде бірақ рет кездесетін ең асыл қазынасынан: ұл-қыздарынан,
адал махаббатынан, əке-шешесінен, үрім-бұтағынан айрылып, қор боп
еңіреніп, зар илеп қалды. Ақ, қара, сары шаштарын қалың ормандай жайып
аңыраған аналардың ащы үндері дүниедегі ең азалы симфонияға айналып,
қабат-қабат болып тарихтың қатпарына шөкті. Мұны ешқашан да ұмытуға
болмайды! Ешқашан да! Понятно тебе?
Баукең соңғы сөздерді айтқанда қатты ақырып қалды. Мен селк ете
түсіп, қағаздан басымды көтеріп алдым. Батырдың екі танауы қусырылып,
түсі бұзылып кеткен екен. Мен сасқалақтап басымды қайта-қайта изей
бердім. Біраздан кейін ол сабасына түсіп, иегін көтеріп, менің оң
жағымдағы этажерканы нұсқады,
— Анау шеткері тұрған Вильгельм Адам дегеннің кітабын алшы, —
деді содан соң. Мен орнымнан тұрып, ақ шүберекпен тысталған
мұқабасында «Қиын шешім» деген жазуы бар кітапты алдым. — Соның
қыстырма тұрған бетін ашшы. — Қайта орныма отырып, ашып қарасам,
қыстырма кітаптың 370-бетінде тұр екен. Сондағы тараудың аты не?
— «Жеңімпаздармен жүздесу» делініпті, Бауке.
— Ендеше соны аяғына дейін дауыстап оқып шыққын. Бұл 6-шы герман
армиясы полковнигінің мемуарлары. Андағы жерде Совет Армиясы
Сталинградта қоршауға алған 6-шы армияның командашысы Паулюстің
колға түскеннен кейінгі жай-күйі айтылады.
ІХ
Мен оқуға кірістім.
— Біз ағаш үйлердің бірінің алдына келіп тоқтадық. Менің көзім терезе
жақтаулары мен шатыр маңдайшасындағы əсем оюларға түсті. Бізді алып
келген совет генералы үйге кіріңдер деді. Ауыз үйде шинеліміз бен
фуражкаларымызды шешкеннен кейін бізді үлкен бөлмеге енгізді. Бұдан
кейінгі күніміз не болмақ? Паулюс, қоштасқан сияқты болып, Шмидтке
жəне маған қолын берді. Дегенмен Геббельс насихаты сүйегімізге өзіміз
ойлағаннан гөрі тереңірек сіңіп қалған екен.
Совет генералдарының бірі «Т» əрпі іспеттендіріліп қойылған
үстелдердің төр жағынан орын алды: Оның 64-ші армияның командашысы
М. С. Шумилов екенін сол арада білдік. Оның қасына бізді əкелген генерал
— армия штабының бастығы И. А. Ласкин мен майор шеніндегі аудармашы
орналасты. Бізге үстелдің ұзын жағындағы орындықтарды нұсқады. Оған
дейін Шмидт маған:
— Өз басымызға қатысты жайлардан басқа ешқандай мəлімет
бермеуіміз керек, — деп сыбырлады.
Маған мұндай сақтық жасау əрі артық, əрі қолайсыз сияқты боп көрінді.
Шумилов біздің командашамызға «Фон Паулюс» деп сөз бастай беріп
еді, ол:
— Мен дворян емеспін, — деп тастады.
Совет генералы оған шүбəмен көз тастады. Шені жайындағы сұраққа
Паулюс «генерал-фельдмаршал» деп жауап бергенде, ол шүбə одан сайын
күшейе түсті. Паулюс омырау қалтасынан солдат кінешкесін алып, совет
армия командашасына ұсынды. Ол аудармашымен өзара ақылдасты да,
«жақсы» деп қысқа жауап берді.
Генерал Шумилов одан кейінгі əңгіменің орайында Паулюстің
«солтүстік қоршауға» да тізе бұғу туралы бұйрық беруін ұсынды. Паулюс
бас тартты, ол қоршаудың Гитлерге тікелей бағынатынын тілге тиек етті.
Ойпырай, енді не болар екен деп ойладым мен. Өйткені біздің
насихатымыз орыстар айтқан талабын орындамағанның бəрін де қинауға
салады деп бізді мүлде сендіріп тастаған ғой. Мен Совет Армия
командашысына үрейлене көз тіктім. Шумилов сабырлы күйде, іскерлікпен
сөз сабақтап отырды. Ештеңе де болған жоқ. Мен іштей осы таңғажайып
қорытындыға келіп үлгіргенше, генерал орнынан тұрды. Майор оның
соңғы сөздерін аударып жеткізді.
Фельдмаршалға айтыңыз, мен қазір оның тамақтанып алуын сұраймын,
содан соң ол майдан штабына барады.
Шын айта ма? Совет солдаттары біздің шинелімізді киюімізге
көмектесті. Біз толқып есік алдына шықтық. Басына милықты тері бас киім
киген Шумилов бізді сыртта күтіп тұр екен. Ол соңымнан ілесіңдер деген
белгі жасап, көшенің арғы жағына қарай беттеді. Шынымен біткеніміз бе?
Мен жан-жағыма көз тастадым. Жазалау командасы көрінбейді. Əлде ол
анау, генерал беттеп бара жатқан ағаш үйдің ар жағында тұр ма екен?
(Тіпті де олай емес. Шумилов сенектің есігін ашты, онда бір қартаң
əйел қызмет етіп жүр екен. Орындықтардың үстіне ішіне ыстық су
құйылған легендер қойылыпты. Əр легеннің қасында біз көрмегелі көп
уақыт болған бір-бір кесек нағыз сабын тұр. Жас қыз əрқайсымызға бір-бір
ақ орамал берді. Жуыну — жан рақаты болды. Көп күндер бойы біз еріген
қар суымен беті қолымыздың кірін əрең жібітіп жүрген едік.
Содан кейін бізді көрші бөлмеге кіруге шақырды. Онда үстіне неше
алуан тағам қойылған үстел тұр екен. Шумиловтың шақыруы бойынша
Паулюспен жəне Шмидтпен бірге үстел басына келіп отырғанда мен өз-
өзімнен ұялдым. Большевиктерді қан ішер деп қалай алдаған десеңші бізді!
Соған сенген біз қандай аңқау болғанбыз! Мен əскери тұтқын ретінде
біздің армияның штабынан өткен Қызыл Армияның бірнеше генералы
туралы ойладым. Олармен дұшпан жөнінде мəлімет жинауға жауапкер
барлау бөлімінің бастығы ғана істес болды. Біз, штаб офицерлері оларға бір
ауыз сөз айтуды өзімізге ар көрдік. Тылғa жөнелтілер алдында ғана оларға
жорық қазанынан бір тойым ас берілді.
Тегі Шмидтке бізді жеңіп қолға түсірген совет армия командашасының
бұл серілік мінез-құлқы ешқандай əсер етпеген болуы керек. Ол маған
былай деп сыбырлады:
— Ішімдік ұсынса ішпеу керек: бізге у берулері мүмкін, — деді.
Бұл əрі жеркенішті, əрі зығырданыңды қайнататын қамқорлық еді. Мен
Шмидтке көзіммен соны сездірдім. Егер оның сөзін генерал Шумилов ұғып
қалса не болатын еді. Дəл сол кезде Шумилов былай деді:
— Егер біз сіздермен басқа жағдайда таныссақ, егер мен сіздерді бұл
жерде əскери тұтқын есебінде емес, қонақ ретінде құрметтеген болсам,
маған əлдеқайда ұнамды болар еді.
Осылай деп ол бəрімізге бір бөтелкеден арақ құйды. Генерал өзімен
бірге біздің жеңімпаз Қызыл Армия үшін ішуімізді өтінді. Оған жауап
орнына біз қозғалмастан отырып қалдық. Аудармашы оған ақырын бірнеше
сөз айтқаннан кейін, Шумилов жымиды да:
— Мен сіздерді жəбірлейін деген жоқ едім. Сталинград үшін шайқасқан
екі ер қарсыластар үшін ішейік! — деді.
Бұдан кейін Паулюс те, Шмидт те, мен де рюмкамызды көтердік. Аш
қарынға ішкен арақ лезде əсер ете бастады. Менің сəл-пəл басым айналды.
Бірақ бутербродтан бірнеше үзіп жегеннен кейін басымның айналғаны
тоқтады. Паулюс пен Шмидт те тамаққа бас қойды.
Генерал Шумиловпен біз бір сағаттан аса отырдық. Мен көрген,
естігендерімнің бəрін есіме сақтауға тырыстым. Майор таза неміс тілінде
сөйлеп отырды. Совет адамдарының гитлерлік системаны неміс халқынан
жақсы ажырата білетінін мен бірінші рет естідім. Совет офицерлері бізді,
арада
болған
оқиғаларға
қарамастан,
совет
адамдарының
неміс
жұмысшылары мен неміс ғалымдарына деген үмітін үзбегеніне сендірді.
Сонымен бірге олар көптеген немістердің Оларды Гитлердің өз мақсатына
пайдалануына мүмкіндік бергеніне өкінетіндерін айтты. Паулюс жаралы,
ауру жəне өлімші боп қалған неміс солдаттарына көмек көрсетуді етінді,
совет армия командашасы қолдан келгеннің бəрін істеуге уəде етті, ол
біздің тікелей өз міндетіміз деді.
— Сіздің тағы да басқа тілектеріңіз жоқ па, фельдмаршал мырза, — деді
Шумилов жүрер алдында. Паулюс сəл ойланды да:
— Адъютантым полковник Адамды менің қасымда қалдыруды өтінер
едім, — деді.
Генерал Шумилов офицерлерінің біріне бұйрық берді, ол лып етіп
бөлмеден шығып кетті. Осыдан кейін ол орнынан тұрып, бізді жол жүруге
əзір тұрған машиналарға ертіп əкелді. Ол бəрімізге қол беріп қоштасты да,
Паулюске:
— Сіздің тілегіңіз орындалады, — деді.
Автомашиналар орнынан қозғала бергенде, ол жол шетінде тұрып, бізге
честь берді. Бұл шынында да нағыз сері қарсылас еді.
Автор. Бұл тарау бітті, Бауке.
Бауыржан.
Мінеки,
Совет
Армиясының
гуманизмін
кешегі
дұшпандарымыздың өздері де мойындаған. Гуманизмнен жұрдай гитлерлік
қарақшы, жауыз армия тоз-тоз боп құрыды. Дүние жүзінде Совет
Армиясындай гуманист армия жоқ. — Баукең осылай бір тоқтады. Содан
кейін менің қолымдағы беті ашық қалған кітапқа назар аударды да, сөзін
ары қарай жалғады. — Бұл кітаптың авторы полковник Адам Паулюс
армиясының штабында оперативтік бөлімнің бастығы болған. Ал генерал-
лейтенант Шмидт сол армияның штаб бастығы. Бұларға жəне басқа
тұтқынға түскен неміс генералдарына Совет Одағында жақсы жағдай
жасалды. Соғыс біткеннен кейін олардың бəрі аман-есен еліне қайтты.
Вильгельм Адам ГДР-да министр болды. Содан кейін ұзақ жылдар
республиканың қарулы күштерінде қызмет етті. Қартайғаннан кейін
отставкаға шығып, осы кітапты жазды. Ал Паулюс еліне барып, соғыс
біткеннен он екі жыл кейін өз ажалынан қайтыс болды. — Осыдан кейін
Баукең бір ойдан екінші ойға аттап түскендей боп, сəл бөгелді де, сөзін
жалғады. — Əрине, адамның өлді дегеніне сенесің. Бірақ өлгенін, табытта
жатқан өлі денесін өз көзіңмен көрмеген адамдарың көңіліне тірі күйінде
елестейді екен. Қадірлі генералдарым Панфилов пен Лизюков маған солай
көрінеді. Тірі болса олар да Отанға адал қызмет етіп, Отандық əскери
ғылымға талай тамаша еңбектер қосқан болар еді деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |