АқИҚат пен аңыз роман-диалог бірінші диалог I



Pdf көрінісі
бет2/32
Дата29.09.2022
өлшемі1,61 Mb.
#40875
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Байланысты:
(pdf) Әзілхан Нұршайықов — Ақиқат пен аңыз

ЕКІНШІ ДИАЛОГ
І


Автор. Жана сіз бала күнімнен балажан едім дегенде тіліме бір-екі
сұрақ келіп еді, Бауке. Соны сұрауға рұқсат етіңіз.
Бауыржан. Сұрағын. Рұқсат.
Автор. Балдырған кезіңізде қандай үй жануарларын жақсы көрдіңіз?
Бауыржан. Қозы мен құлынды жақсы көрдім. Бір кішкентай қара бұйра
қозыны түнде қасыма алып жататыным əлі күнге дейін есімде. (Ақ
мүштікті қаттырақ тістеп сорды да, аузынан бұрқ еткізіп түтін шығарды.
Сəл ойланып, сөзін жалғады). Соған байланысты бір əңгіме айтып берейін.
Жаңағы қара қозы екеуіміздің достығымыз сондай күшті болды. Басқа
балалардың соңынан күшік еріп жүрсе, менің артымнан қара қозы
қалмайтын. Мен оған даладан балауса, балғын шөп теріп əкеліп, өз
қолыммен жегізетінмін. Оны өзенге ертіп апарып, өзім көтеріп тұрып,
өзеннің тізеден асатын тұнық жерінен су ішкізетінмін.
Күзге қарай қара қозым қазық аяқ марқа болды. Бірде күні бойы
балалармен Жуалы тауының бөктерінде тынбастан асыр салып ойнап,
кешке қарай ауылға қайттық. Тау бұлағының бойынан қара қозыма деп
жұлып алған бір қолтық көк шөбім бар еді. Соны қос қолдап ұстап, төбеме
көтере: «Пұшай! Пұшай» деп жүгіріп, өзіміздің үйдің қасына келдім.
Келсем көкем бір марқаның аяғын буып тастап, енді бауыздағалы жатыр
екен. Қарасам менің қара қозым.
— Көке, бауыздама! — деп мен шар ете түстім.
Менің «Біздің семья» деген орысша кітабымда айтылатын əкем
Момыштың інісі Момынқұлды мен осылай «көке» деп атайтын едім. Көкем
шапшаң кісі болатын.
— Жоқ қарағым, қонақ келіп қалды, — деп қолындағы пышағымен қара
қозыны тамағынан орып кеп жіберді...
Маған бар дүние қып-қызыл болып кеткендей көрінді. Сол жерде жата
қалып, жер тепкілеп жыладым. «Қара қозымды тірілтіп беріңдер!» деп
бақырдым. Бірақ мен қанша бақырғанмен қара қозы тірілмеді. Жанымдай
жақсы көретін əжемнің де уатқанына көнбедім. Əжемнің құшағында өкіріп,
өксіп жатып ұйықтап кетіппін. Бір кезде көкем мені жұлқылап оятып
жатыр.


— Бауыржан, тұр, тұр, ет же, — дейді.
Оянып, кезімді ашсам жұрттың бəрі буы бұрқыраған бір табақ етті
орталарына алып, қаужаңдап жеп жатыр. Қонаққа көзім түсіп кетіп еді, ол
тіпті ұрты бұлтыңдап, шеңгелдеп асап отыр екен.
— Бұл ненің еті? — дедім көкем алдыма қойған бүйрек пен кішкентай
құлақ, сираққа көзім түсіп.
— Қара қозыңның еті, Бауыржан. Өзің жеп көрші: сондай тəтті, сондай
жұмсақ...
— Қара қозымның етін жемеймін!—деп мен тағы да ойбайлап жылап,
шалқамнан түстім.
Сол күннен бастап мен ет жемейтін болып кеттім. Ес біліп, ер жеткен
күнімнің өзінде де етке зауқым соқпады. Кейініректе, əскери кухнялар мен
асханаларда, əсіресе ашыққан сəттерімде тарелкама түскен қуырылған
еттен ептеп жейтін болдым. Бірақ күні бүгінге дейін уысымды салып,
ұртымды толтырып ет асап көрген емеспін.
Сол сияқты менің сары май жемейтінім де бар. Ол да бала күнімнен
бері келе жатқан əдетім. Енді соның себебін айтайын.
Мен жасымда айтқанымды орындамай, орындатпай қоймайтын тентек
болсам керек. (Ол күлді). Жоғарыда айтылған қара қозыны тірілттіре
алмағаным болмаса. Тағы да бір ойыннан қайтып, үйге келсем, əжем жаңа
ғана қаймақ шайқап болып, түскен майды сығып, табаққа салып жатыр
екен.
— Əже, май бер, — дедім қарным ашып келген мен.
— Тұра тұр, қалқам, — деді əжем. — Алдымен майды қылшықтап,
тұздайын. Содан соң оны жейсің бе, алақаныңа салып жалайсың ба, өз
еркің.
— Жоқ, маған қазір бер, — деп қиғылықты салдым.
— Мə, ендеше, — деді əжем қатуланып, май салған ағаш табақты маған
қарай итере салып. Сонсоң өзі үйден шығып кетті.


Тұздалмаған, қылшығы алынбаған майды шеңгелдеп тұрып ал кеп
жейін. Содан не керек, кешке қарай ыстығым көтеріліп, лақ-лақ құсып,
ауырмасым бар ма. Сонымен, жаңағы майдың кесірінен бір апта ауырып,
үйден шыға алмай жаттым. Қолды-аяқты балаға бір апта үйден шыға алмай
жатудың қандай азап екенін мен айтпасам да балдырғандардың өздері
біледі оны. Міне, осыдан кейін енді май көрсем жүрегім айнитын болды.
Əже тілін алмаған бала осындай, өмір бойы май жей алмайтын болып
кетеді екен. Ал, сары май адамға ең қажетті астың бірі ғой. Мұны мен
балалар əрқашанда əжелерінің тілін алып жүрсін, менің қатем оларға
ғибрат болсын деп айтып жатырмын.
Автор. Ал, тəттіден нені жақсы көрдіңіз?
Бауыржан. Ешқандай тəттіге құмар болғаным жоқ. Күні бүгінге дейін
жылына аузыма бір жүзім салсам салатын шығармын. Ал жылына бір алма
жеймін бе, жемеймін бе, білмеймін.
Автор. Сонда сіздің негізгі керегіңіз не?
Бауыржан. Ет пен сары майдан басқанын бəрін талғамастан іше
беремін.
Автор. Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді
балалар көп. Соларға қандай тілек айтар едіңіз?
(Мен бұл сұраққа Бауыржан: Олардың бəрі бірдей батыр болмай-ақ
қойсын, бірақ тегіс патриот болсын деп, бір-ақ ауызбен жауап беретін болар
деп ойлағанмын).
Бауыржан. Маған білеміз деген бір жігіттер Қазақстанда он үш мыңдай
Бауыржан бар екен деп хабарлады. Мен əзілдеп оларға: менің атым
орыстың Иваны сияқты болып бара жатыр екен ғой дедім. Бұл əзілім,
əрине. Ал, мен ол цифрдың анық-қанығын білмеймін. Білетінім: мен қазіргі
Бауыржандардың ішінде бірінші номерлі Бауыржанмын. Мен міне алпысқа
келдім. Мені сыйлап, қадірлеп, сəбилеріне менің атымды қойған атa-
аналарға, олардың туған-туысқандарына шын ниетпен алғыс айтамын. Ал
Бауыржандарға айтарым: Азамат болып өсіңдер, қарақтарым! Қатарыңнан
кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің менен асып кетсеңдер, оған ешқандай
дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, барлық балдырғандарға ақ ниетпен ақ
батамды беремін!


ІІ
— Сонымен, екі айдан кейін жазылдыңыз ғой, Бауке?
— Иə, жазылып, ауруханадан шықтым. Аралбаев деген жолдасым бар
еді. Соның үйінде пəтерде жататынмын. Аралбаев мен ауырып жатқанда
ауданда болған барлық жаңалықты айтып берді. Ең үлкен жаңалық
аудандық партия комитетіне екінші секретарьдың штаты беріліпті де, сол
орынға Бағов деген адам сайланыпты. Енді кадр мəселесімен екінші
секретарь шұғылданатын болса керек.
Ертеңінде танысып, сəлемдесу жəне қызмет мəселесін шешу үшін
аяңдап отырып, екінші секретарьға бардым. Барсам, екі беті шарық
табақтай, екі көзі бақырайған, бұғағы салбыраған, үстелге құрбақадай
болып тарбиып, жабысып қалған бір қазақ екен. Сəлем беріп, жөн-
жосығымды айттым. Көзі шарасынан шыға сызданып, жауап бермеді. Паң
екенін де, надан екенін де айырмадым. Ол уақыт кадрға тапшы кез еді ғой.
Нобайы келген соң жіберіле салған жандардың бірі болу керек. Отырып-
отырып Бағов:
— Жүре беріңіз, көрерміз, — деген сөзді əрең айтты. Наразылау болып,
жаңа бастықтың кабинетінен шықтым.
Содан соң жолдас-жоралар қызмет істейтін басқа мекемелерге бас
сұқтым. Олар менің болашақ қызметім жайын сөз етісе отырып:
— Жаңа қатшыға бардың ба?—деп сұрасты.
— Бардым, — дедім.
— Қандай екен? — десті кейбіреулері.
— Үстел басына отырғызып қойған құрбақа сияқты екен! — дедім мен.
Сонымен күліп-күліп тарасқанбыз.
Түн ортасында есік тарсылдады. Одан соң терезе қағылды. Шырт
ұйқыда жатқан үй іші төсектен басымызды жұлып-жұлып алдық.
Жолдасым жүгіріп барып есік ашты. Үйге менің бұрынғы екі орынбасарым
сау етіп кіріп келді. Түстері суық. Шам жаққызып, алдымен үйдің ішін


тінтті. Менің қағаздарымның арасын ақтарып-төңкерістірді.
— Сендерге не керек? — деймін орынбасарларыма.
Оларда үн жоқ.
— Өздеріңді кім жіберді?
Тағы да үн жоқ. Үйдің ішін тінтіп болып, мені киіндірді де, өзімнің екі
орынбасарым бұрынғы бастығын алдарына салып, айдап кеп жөнелді.
Мен аң-таңмын. Бұлар мені қайда апарады? Бүйткендері несі? Əлде
осылар əзілдеп жүрген жоқ па деп те ойлаймын, əзілдейтін түрлері
көрінбейді. Олар мені бірден абақтыға қарай бұрды. Мен ыза болып кеттім.
— Жоқ мен онда бармаймын, — дедім булығып. — Алдымен мені қамау
үшін жасаған протоколдарыңды көрсетіңдер, қылмысым не екенін
айтыңдар.
Бұл баяғы өзіме Емельянов үйреткен өнеге еді. Жақсы ұстаздың сабағы
жадында қалады ғой, шіркін! Оның пайдасын өз басыма кəріпшілік
түскенде көрдім. Протоколды айтқаннан кейін орынбасарларым тайсақтай
бастады. Мені абақтыға апара алмады. Милиция бөліміне алып келіп,
бастықтың кабинетіне қамады. Сөйтіп, кешегі өз кабинетім бүгін өзіме
абақты болды. Таң атқанша сонда тұтқын боп түнеп шықтым.
Таңертең менің орныма милиция бастығы болған Есенбаев кабинетіне
келді. Алдында сорайып мен тұрдым.
— Өй, сені жын соқты ма? — деді Мұқатай Есенбаев маған дүрсе қоя
беріп.
— Мені емес, сендерді соққан шығар деп тұрмын, — дедім мен
қыңырланып.
— Бағовты құрбақа деп атап сені жын соқты ма деймін? — деді
милиция бастығы басын шайқап.
— Оны кім айтты?


— Кім айтқанын неғыласың, түнде Бағов бір үйде қонақта болыпты.
Сонда отырып біреу оған сізді Бауыржан құрбақа деп атады деп жеткізіпті.
Бағов бұлқан-талқан болып, маған телефон соқты. Сені дереу қамауды
талап етті. Бердібаев та соны айтты. Сонсоң мен саған бұрынғы
орынбасарларыңды жібергенмін Бауыржанға айтыңдар деп.
— Олар мені осында əкеп қамады.
— Тегі оларға да телефон соққан ғой Бердібаев. Содан соң сасқан болар
жігіттер. Ал енді бар соларға.
— Кімге?
— Бердібаевқа.
— Сендер мені қамадыңдар ғой, өздерің айдап барыңдар оған.
— Мен қамаған жоқпын, — дейді Есенбаев баж-бұж етіп.
— Жоқ, қамадыңдар. Милиционеріңмен айдатып жібер, — деп сіресіп
мен отырып алдым.
Есенбаев сыртқа шығып кетті де, сəлден соң бір милиционерді ертіп
қайта кірді. Оған:
— Жолдас Момышұлын аудандық атқару комитетіне айдап бар, — деп
бұйырды.
— Енді барамын, — деп мен милиционердің алдына түстім. Шірене
басып келе жатырмын. Əр нəрсені ойлап, ыза болып та келемін. Бағовты
көрсем түтіп жіберетіндеймін. Аудандық атқару комитетінің үйіне
тақағаннан кейін: «Ауаткомның жауапты секретары кезімде бұл үйге өз
еркіммен кіруші едім. Енді бұған да айдалып кіретін болдым ғой» деп мырс
етіп, артыма қарасам, милиционерім жоқ. Сөйтсем Есенбаев оған біраз жер
артынан ілесіп бар да, содан кейін қашып кет деп тапсырыпты.
Милиционер мені өз бетіммен қаңғытып қоя беріп, бір үйдің бұрышына
келгенде жасырынып қалыпты.
Автор. Сіз он алты жасыңыздан бастап өлең жазыпсыз ғой. Алғашында
ақын болсам деп талап қылған жоқсыз ба?


Бауыржан. Ешуақытта пəлен болайын, түген болайын деп ойламаған
едім. Қайда, қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді
намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды. Ел намысы
ер намысы деп білдім. Арманым халқымның намысына дақ түсірмеу
болды. Ақындыққа, шенге, атаққа ешқашан да қызыққан емеспін. Олардың
өздері келді... Генерал болсам, маршал болсам, герой болсам деген емеспін.
(Осы арада менің есіме Суворовтың: «Маршал болды арман етпеген солдат
— жаман солдат» деген нақылы тусті де, «Сонда сіздің жаман солдат
болғаныңыз ба?» деген əзіл сұрау көмейіме келді. Бірақ, біріншіден,
шамына тиіп алып жүрермін, екіншіден, сөзді көбейтпейін дедім де,
үндемедім). Осы атағым да жетеді.
Автор. Соғыста күнделік жазып жүрдіңіз бе? Оны қалай жаздыңыз?
Бауыржан. Соғыста жазған 37 дəптер күнделігім бар. Оларды қар
жапалақтап, жаңбыр құйып тұрғанда, окопта отырып, жорықта кетіп бара
жатып жаздым. Бес рет қоршауда болатынымды айттым ғой. Сонда тізем
дірілдеп, қолым қалтырап отырып, өз сезімдерімді, жолдастарымның жай-
күйін қағазға түсіре бердім. Ең алғаш күнделік жазуыма мынадай жай
себеп болды. Бірінші рет қоршаудан шыққаннан кейін батальонды быт-шыт
етіп тарата бастады. Қандай жағдайда, қай көршінің табансыздығынан
батальон қоршауда қалды — онда ешкімнің шаруасы болмады. Соған
ерегесіп, бұдан кейін мен барлық жағдайды күнделік дəптеріме түсіріп
отыратын болдым. Əрине, онда мен жазушы болармын, жазғандарымның
соған септігі тиер, деп ойлағаным жоқ. Осындай үш-төрт дəптер жазғаннан
күнделік толтыру маған дағды болып кетті. Ол менің əскери қызметімнің
міндетті бір бөлігіне айналды. Толтырған əр дəптерім ең бір ет жақыным
іспетті бола бастады. Сондай үш дəптерім жоғалғанда туысқан үш
бауырымнан айрылғандай күй кешкенім бар.
1962 жылы генерал Панфилов жайында арнаулы кітап жазбақ болып,
архивтерді араладым. Осы ниетімді айтып Подольскідегі əскери архивтің
бастығы генерал-майор Дударевке кірдім. Ол менімен танысып-біліскеннен
кейін:
— Полковник жолдас, мен сізге бір қызық көрсетейін, — деді.
Содан соң кетіп қалды да, бір уақытта үш дəптерді қолтықтап қайтып
келді. Мінеки, мына дəптерлермен танысыңыз.


Қолыма алып ашып кеп жіберсем, тəңір-ау, менің өз дəптерлерім. Мен
олардың əрқайсысымен жылап көріскендей болдым. Өйтетін жөнім бар еді.
Төртінші рет қоршаудан шыққанымда мен көршілеріме əбден қаным
қайнап, қатты наразы болып келген едім. Біздің қоршауда қалуымызға
себепкер болған бөлімшелерді дəптеріме схемасын салып көрсетіп,
олардың бастықтарын сыбап тұрып жазғандарым болатын. Шехтманның
да, Филимоновтың да əдірістеріне бірсыпыра ащы сөздер арнағанмын.
Келгеннен кейін барлық жағдайдың дəлелін ашып, полк комиссары
Логвиненкоға дəптерлерімді көрсеттім. Логвиненко менің жазбаларыма зер
салғысы келді ме, əйтеуір, кейін өзіне қайтарып беремін деп үш дəптерімді
сұрап алып кетті. Сол түнде немістер полк штабына шабуыл жасап, менің
комиссардағы үш дəптерім жаулардың қолына түседі. Міне бұл менің сол
дəптерлерім. Кейіннен немістердің архив біздің колға түседі де, оның
ішінен менің жоғалып кеткен жанағы дəптерлерім шығады. Күнделіктердің
пайдасымен бірге, осындай жоғалып кете жаздаған кездері де болған...
Осы жерде ақын Ғафу Қайырбековтың Момышұлына арнаған өлеңі
есіме түсті. Өлеңнің бас жағында ол Бауыржанның тостағандай көзінен
ұшқындаған оттардың бірін жыр етуді арман етіп, одан əрі былай деп
толғайды:
Сол оттың сəулесінде бұлаң қағып,
Кешегі өтіп жатса жылдар ағып,
Көрінсе қоршаудағы батальон,
Көк түтін төбесінде шудаланып.
Ыс басқан, күйе құсқан əрбір солдат,
Найзалар түнді тесіп өтсе самғап,
Саңқ етіп бір мезетте оқтай бұйрық,
Көрінсе іле-шала сонда комбат!..
О, сонда, бар маңайды жаңғыртып қап,


Генерал берсе əмір,
Сап тұйықтап.
Комбаттың баданадай қос көзінен Риза боп сүйіп тұрса Панфилов қарт!
Міне сол бар арманым от сұраған, Алатын одан артық жоқ сыбағам.
Халықтың қасиетін шын көтерген Жүзге де жүлде бермей, жетсін ағам!
— Сонымен, сізді айдап келе жатқан милиционер қашып кетіпті дейсіз
бе?
— Иə, қашып кетіпті. Ары қараймын, бері қараймын, ұшты-күйді жоқ.
Жер жұтып кетті ме мұны деп, аңырайып біраз тұрдым да, ақыры
Бердібаевтың кабинетіне жалғыз кіруге мəжбүр болдым.
— Отыр, бала, — деді Бердібаев қабағын шытып. — Сен өзің еш жерге
сыймайтын бір қырсық жігіт екенсің.
— Неге олай дейсіз? — деймін мен сызданып.
— Менімен істесе алмасаң, Бағовты құрбақа деп атасаң — Солай
демегенде не деуім керек?
— Өзі ұқсап тұрса мен оны құрбақа демей, құдай деуім керек пе?
Бердібаев қабағын шытты да, ол сөзді одан əрі жалғастырмады.
— Шырағым, сен енді ол сөзді қой. Кеше Бағовқа қызмет жайында
барған екенсің ғой. Ақылдасып, саған лайықты қызмет таптық. Біздің
райполеводсоюзға бастық боп барасың.
— Ағай бармаймын.
— Себебі?
— Себебі шаруашылықты білмеймін.
— Енді сені қайда жібереміз?
— Қолымнан келетін іс беріңіз. Мұғалім етіңіз.


— Қазір мұғалімдік орын жоқ қой саған.
— Болмаса болғанынша тосамын. Оған дейін ауылыма барып жата
тұрамын.
— Əй, бала, қой, қиқарланба.
— Жоқ, ағай, қоймаймын. Бұдан былай сіздің қарамағыңызда қызмет
істемеймін.
— Е, бағанадан бері соныңды айтсаңшы одан да, — деп Бердібаев дереу
қабырғадағы телефонның құлағын бұрап жіберіп, Бағовпен сөйлесті.
— Момышұлы менде тұр. Жіберген жұмыстан бас тартады. Сендердің
қарамақтарыңда жұмыс істемеймін дейді. — Содан кейін аржағындағы
адамның сөзін тыңдады. — Иə, солай етуіміз керек, — деп басын қайта-
қайта изеп, трубканы ілді.
Мен оның «жіберген жұмыстан бас тартады, сендердің қарамақтарыңда
жұмыс істемеймін» деп айтады деп, қолма-қол менің сөзімді бұрып
жеткізгеніне ыза боп тұрмын. «Неге бас тартамын? Оны неге айтпайды?
Сендердің емес, тек сіздің қарамағыңызда дедім ғой. Оны неге
бұрмалайды? Көріп, қасында тұрмаған айдаладағы біреуге, шыбындаған
аттай болып, бас изеуін өзінің» деп оған зығырданым қайнады.
— Істемейсің ғой?
— Шаруашылықты білмегендіктен райполеводсоюзға бармаймын.
Сіздің қарамағыңызда қызмет істемеймін.
Ендеше, өз обалың өзіңе, балақай. Үш күн тос. Үш күннен кейін
ауылыңа қайтуыңа болады. Жəне жұрдай боп қайтатын боласың.
— Ол не сөзіңіз?
— Комсомолдан да, кəсіподақтан да шығасың. Жаңа біз осылай
келістік.
— Қолынан келмейтін жұмысты істемеді десеңіздер, шығарыңыздар.


Ертеңінде комсомолдан да, кəсіподақтан да шығарылдым. Екі билеттен
бірдей айрылдым. Үшінші күні аудандық газетте: «Кетсін комсомолдан!»
деген бірінің астына бірі екі мақала басылды. Екеуі де маған арналды.
Сөйтіп, абыройдан жұрдай болып, ауылға қайттым, қарағым.
ІІІ
Бауыржан «Қазақстан» сигаретінің пачкасына қолын созды. Ол темекі
тартпақ боп жатқанда мен Бауыржанның жақсы ұстазды жадынан
шығармайтындығын, жаман бастығын жамсата баяндайтындығын ойлап
отырдым. Ұстазын ұмытқан оңбайды деген қағидаға берік Бауыржанның
Панфиловты өмір бойы ұмытпай келе жатқанына таң қалдым. Кейбіреулер
басшысына, дос, жолдасына тірісінде жалбақтап жүргенімен, көзі
жұмылысымен көңілінен шығарып қоя береді. Өлгеннің өнегелі ісін ғибрат
етіп отыру орнына, оның атын да ауыздарына алмайды. Ал өліні
қадірлемеген, тіріні құрметтемейді. Бауыржан бұл қағиданы жақсы біледі.
Жақсы білгендіктен де ол Панфиловтың 70 жасқа толу қарсаңында шарқ
ұрып, архивтерді ақтарып жүріп мəлімет жинап, қадірлі генералдың асыл
адамгершілігін көрсеткен тамаша кітап жазды.
— Сөйтіп, «басқа пəле тілден» деген қазақ мақалының шын мəнісін мен
ең алғаш рет сонда ұққан болсам керек. Жай тентектігімнен бе, əлде
болашақта жазушы болатындығымнан ба, кім білсін, мен сол жас кезімнің
өзінде-ақ айналамдағы адамдарға теңеу тапқыш, оларды əр нəрсеге
ұқсатқыш едім. Қатар құрбыма мен қойған ат жеңге жұққан майлы бояудай
болып, жабысатын да қалатын.
Ауылға келсем: «Бауыржан орнынан түсіп қалыпты. Комсомолдан
шығарып жіберіпті» деген хабарды естіп, əкем біржола шөгіп қалған екен.
Үміт күткен көзінің нұрындай жалғыз баласынын жайы мұндай болған соң
əке байғұс əлсіремегенде қайтсын. Əкенің аянышты халін көрген соң менен
де қауқар кете бастады. Оның жүдеу жүзіне қарап, ашудың ащы іркітін
сіміріп, үйде жата бергенмен жан семірмейтін болды. Мұңымды тыңдап,
мінімді түзететін Ефимов болса ауданнан жырақта, демалыста жатыр.
Шырт-шырт үзілген шыдам шіркіннен ол келгенше бір тұтам да қалатын
емес. Ойлап-ойлап келгенде ауданға ана жолы келген Сырғабеков ағай
есіме түсті де, сол кісіге барып, бар мұңымды айтуға бел байладым. Бар
дүниесін балама деп жинайтын əкелер мейірімінде шек бар ма? Жəкем (мен
кімді осылай деп атаушы едім) тағы екі қойын сатып, қаражат етіп қалтама


салып берді.
Алматыға келсем, əр жақтан келген жастардың оқуға түсіп жатқан кезі
екен. Шаруамды реттеп алып, оқуға түсіп кетсем жақсы болар еді деген
ойға келдім. Осы оймен Сырғабеков ағайдың кеңсесіне кірдім.
Нығмет ағай мені қуана қарсы алды. Əбден сауығып, жазылып, ба деп
сұрады. Үй-ішімнің, ел-жұрттың амандығын білгеннен кейін:
— Ал қалқам, шаруаңды айта бер, — деді.
— Екі түрлі шаруамен келдім, ағай, — деп алдымен өзімді комсомолдан
неге шығарғандарын айтып, билетімді қайтып алуға көмектесуді өтіндім.
Одан соң оқуға түскім келетінін білдірдім. Сырғабеков менің сөзімді
ыждағатпен тыңдап алды да, маған бір ғана сұрақ қойды, жалғыз ғана
ескертпе жасады. Сол ескертпе өмір бойы есімде сақталып қалды.
— Анау адамды неге құрбақаға теңедің, қалқам? — деді Сырғабеков
менің сөзімді əбден тыңдап болғаннан кейін.
— Өзі құрбақаға ұқсап тұрса, мен оны құрбақаға теңемегенде құдайға
теңеймін бе, — дедім мен Жуалыда Бердібаевқа айтқанымды қайталап.
Нығмет ағай бетіме қарап отырды да, басын шайқады.
— Ол кісі жаман-ақ адам шығар, қалқам. Бірақ ол кісі сенен үлкен ғой.
Үлкенді сыйлау керек еді ғой.
Мен ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Нығмет ағайың
«қалқамдап» отырып айтқан екі ауыз сөзі маған ауданда көрген
көресілерімнің бəрінен де ауыр боп тиді. Не дерімді білмей, қып-қызыл
болып отырып қалдым.
— Сен əлі жассың ғой, қалқам, — деді ол осыдан кейін.
— Үлкенді сыйлағанның қадырын үлкейгенде білерсің. Жарайды,
жасыма. Өлкелік комсомол комитетінін бірінші секретары Қайсар
Тəштитов деген ағаң бар. Осыдан шыққан соң сол кісіге кір. Мен хабарлап
қояйын, — деп телефонын бұрай бастады. Тəштитовпен сөйлесіп болып,
Сырғабеков қайтадан маған қарады. — Жаның жүдемеу, жалының сөнбеу


үшін, қалқам, Ленин бейнесі бар билеттен айрылмауың керек. Алдымен
комсомолдық билетіңді алып ал.
Сырғабековтың алдынан əрі қызарып, əрі қанаттанып шықтым. Сол
бетіммен ұшып отырып Тəштитовке бардым. Ол бір ер көңіл, жайдары кісі
екен.
— Үлкенді сыйлай алмағаның үшін Нықаң сенің бетіңді қызарттым
деді. Енді мен қинамай-ақ қояйын. Бар да, билетіңді алып кел, — деп
Жуалы аудандық комсомол комитетіне қағаз жағып берді. — Тез орал,
оқуға жолдаманы қайтып келген соң беремін.
Бұлай дейтіні ол кезде жоғары оқу орнына түсетін жастарға жолдаманы
Өлкелік комсомол комитеті береді екен. Одан кейін, Нығмет ағайдың
ақылы бойынша, Өлкелік кəсіподақ советінің бастығына бардым. Ол менің
қалай кəсіподақ мүшесінен шығып қалғаным жайлы əңгімені шек-сілесі
қата күліп отырып тыңдады. Менің кəсіподақ билетімді қайтарып беруді
талап етіп, ауданға ол да қағаз жазып берді.
Сонымен, не керек, құстай самғап, қайтадан ауданға келдім. Тіпті қолы
қойылған қағазды қолына ұстатқанымда комсомол комитеті секретарының
көзі шарасынан шығып кете жаздады. Ғафу өтініп, дереу билетімді
қайтартып бермеді. Кəсіподақ билетім жəне қалтама түсті. Екі ұйымнан да
шығып, тура ауылға тарттым.
— Жəке, — дедім əкемнің алдына барып. — Міне комсомол билетім,
міне кəсіподақ билетім.
Əкемнің қуанғанынан қолы қалтырап кетті. Үй ішіне өзімнің қалай
Сырғабековке барғанымды, одан соң Тəштитовке кіргенімді бəрін тегіс
жырдай ғып баяндай бердім.
— Е, қызыңды... оларды осылай ету керек қой! — деп мұны естігенде
Момынқұл көкем біржола өркештеніп кетті. Кейіннен ол ел ішінде қылдай
қиянат көрсе: «Бұл қызғалақтарды біздің Бауыржанша үйрету керек» деп
кез келген жерде күпілдеп шыға келетін болыпты.
Автор. Сіз қандай адамдарды қадірлейсіз? Қандай адамдарды жек
көресіз?


Бауыржан.
Ардақты
ананы
қадірлеймін.
Ары
бар
азаматты
ардақтаймын. Талабы бар жасты құрметтеймін. Маңғазсынған ағаны
ұнатпаймын. «Бауке, мына сөзіңіз құдайский, сіз данышпансыз» деп көзге
мақтап көлгірситін ініні жек көремін. Шын дос сыртыңнан мақтайды.
Сайқал ғана бетіңе қарап қылмыңдайды. Əйелдің сайқалы бірді ғана
арбайды, əдебиет сайқалының мыңға зияны тиеді. Түсінікті ме саған?
IV
Екі-үш күн үйде болып, Жəкемнің көңілі жайланғаннан кейін тағы да
Алматыға тартым. Онда осы күнгі Гоголь мен Фурманов көшелерінің
қиылысқан жерінде медицина институты болатын. Ректоры Санжар
Аспандияров деген кісі еді. Өзі Халық Комиссары. Əліме қарамай дəрігер
боламын деп сол кісіге бардым. Қабылдаттырды. Жатақханадан орын
бергізді. Алғашқы сабаққа бардым. Алғашқы сабақтан кейін-ақ ол
институттан қашып құтылдым. Мəселе былай болды.
Алғашқы сабақта бəріміздің үстімізге халат кигізіп, подвалдағы үйге
алып барды. Үйге кірісімен жалаңаш жайрап жатқан өліктердің үстінен
шықтым. Оларды көрісімен денем дір ете қалды. Ертіп кірген дəрігер:
— Бұның атын мəйітхана деп атайды. Мұнда... — дей бергенде-ақ мен
зыта жөнелдім. Есік алдына шығып, халатын өткіздім де, институтты
тастап қаштым. Артымнан жаңағы басы жоқ, аяғы жоқ тыр-жалаңаш
өліктер тырақайлап қуып келе жатқандай көрінді. «Жоқ, оқусыз қалсам да
бұл институттың қарасын көрімеймін» дедім қашып бара жатып. Қанша
қашсам да, содан он жыл кейін өліктердің ортасын кешіп жүретінімді
білмеппін ғой мен.
Автор. Сіз шығармаларыңызды қай тілде жазасыз?
Бауыржан. Екі тілде: орысша, қазақша. Екі тілде де менің
шығармаларымның оқиғасы, өрмегі, кейіпкері ортақ адамдар. Оны орысша
жазғанда менің көз алдымда тек қана Иван, қазақша жазғанымда тек қана
Ілияс отырады. Мен олармен өз тілдерінде сөйлесемін.
Содан Гоголь көшесін қуалап келе жатсам бір үйдің алдында:
«Ауылшаруашылық институты» деген жазу тұр. Қуанып кеттім. Осыған
түсейін, агроном болайын деп ойладым. Ректоры Ораз Жандосов екен.
Осылай да осылай деп жайымды айттым.


— Шырағым, — деді ректор, — жеті жылдық біліммен институтқа түсе
алмайсың. Осы институттың екі жылдық кешкі рабфагі бар, соған түс.
Халың қалай, ақшаң бар ма?
— Жоқ.
— Онда сен маған көмекші хатшы болып, бір жағынан айлық ал.
Сөйтіп, бір жағынан кешкі рабфакта оқып, бір жағынан Ораз ағаға
көмекші хатшы болып үш-төрт айдай жүрдім. Жандосов өте шешен,
ақылды кісі еді. Кабинетінде көп болмайтын: анда-мұнда шақырып,
отырғызбайтын. Сондықтан мен сабағымды алаңсыз оқып, отыра
беретінмін.
Бір күні кешке рабфактың оқу ісін меңгерушісі бірер сұрағыма жауап
бере алмағаным үшін маған жатып кеп ұрысты. «Жандосов сияқты білімді
адамның қасында отырып, сабақ білмеуге ұялсаңшы. Жəне өзі жалақы
алып оқиды. Жалақы алған студент оңушы ма еді?» деп жерден алып,
жерден салды.
Осыдан кейін мен Ораз ағаға көрінуге ұялдым. «Өлімнен ұят күшті»
деген емес пе, ол кісіге айтпастан, рабфакты да, көмекшілікті де тастап,
кеттім де қалдым бір күні. Əрине, соның бəрі жас кездегі балалық,
намыскерлік қой, қарағым.
Автор. Қазақ əдебиетінің əскери тақырыпқа жазылған туындылары
туралы пікіріңіз қандай?
Бауыржан. Ол туралы айтсам бəрін де өкпелеп қаласыңдар. Əскери
тақырыпты біздің көпшілік жазушыларымыз əлі түсінбейді. Түсінбейтіні
тəжірибе, білімі жетпейді. Ал əскери өмір күрделі, оның үстіне көктемдей
құбылмалы өмір. Сондықтан оның терең сырын білу оңай емес. Адамның
үйдегі психологиясы бір басқа да, соғыстағы психологиясы мүлде өзгеше
болады. Бұл екі жағдайдағы психологияның арасы жер мен көктей. Əрине,
соғыста болмай-ақ, суық окопта жатпай-ақ, төбеден төнген бомбаның
жаныңды суырып алардай боп шыңғырған даусын білмей-ақ, жаралы жер
мен жаралы адамның ыңырсығанын естімей-ақ, дəрі мен қанның исін
иіскемей-ақ, үйде отырып-ақ əскери шығарма жазуға болады. Ондай
жазушыны, жалпы білімі болғанымен, соғыстан сауаты жоқ жазушы
дейміз. Ал өзі сауатсыз жазушының кейіпкері надан болып шығады. Ондай


кейіпкерлер, мысал үшін, Ұлы Отан соғысында қарсы келген жауды
найзаға шаншып алып, лақтыра береді, лақтыра береді. Ал оның адамды
лақтырған жеріне сенің тас лақтырсаң құлашың жетпейді. Бұл біздің асыл
қазынамыз ауыз əдебиетінің тəсілі. Егер «Қобланды батыр» жырын
өзіміздің ең алғашқы əскери дастанымыз деп есептесек, соны бірінші
жырлап шығарған ақынның соғысқа қатыспаған жан екені бесенеден
белгілі болып тұрады. Ондағы соғыстардың бəрі де соғыс өмірінің
шындығынан аулақ алшақ жатады. Ал адам туралы ғылым кең өрістеген
қазіргі заманда əскер психологиясын ауыз əдебиетінің əдісімен бейнелеп,
суреттеуге болмайды.
Соғыстан пəленбай мың шақырым жердегі алыста, туған үйінде отырып
жазған жазушы тұрғай, майданнан 250 километр алыста болған тыл
офицері алдыңғы шепте жүрген дивизия командирінің, ал майданнан он
километр аулақ тұратын штаб хатшысы алғы шепте жүрген жауынгердің
психологиясын білмейді. Сондықтан олар өзі бастан кешпеген ерлік пен
батылдықты, үрей мен қорқынышты соғысқа қатынасқан адам сенетіндей
етіп суреттей алмайды. Ондайлар тек қана өздерінің оқығандарынан,
естігендерінен, өз ойы ғана жеткен мөлшерден қоспа жасайды. Қоспа
дегеннің не екенін білесің бе? Қазақта осындай бір дəм бар. Оны
ірімшіктің, құрттың, тарының, бидайдың талқанынан жасайды. Бəрін
араластырып жіберіп, сары майға жаншады. Сонда одан аузына салғанда
ірімшіктің де, сықпа құрттың да, тарының да, талқанның да дəмі білініп
тұрады. Бірақ ол тары да емес, ірімшік те емес, небəрі қоспа ғана. Соғыс
жайындағы əр кітаптың əсерінен құралған шығарма да сондай болады. Сен
зеңбірек командирі болдың, артиллерияның кіші командирісің. Өзін
ойлашы: жабық позициядан жау жаққа дүңкілдетіп снаряд жолдап жатқан
сен дəл сол сəтте, төбесінен сенің жіберген снарядтарын ысқырып өтіп,
окобының жиегін жау пулеметінің оғы инедей шабақтап жатқан кездегі өзі
бас болып жігіттерін атакаға көтеруге міндетті жаяу əскер кіші
командирінің психологиясын білесің бе? (Мен басымды шайқадым).
Білмейсің. Білмеген соң оны жеткізіп айту киын. Ал соғыстың
философиясын, солдаттың психологиясын жеткізіп көрсете алмаған
туынды əскери шығарма емес, əшейін шатпырақ қана болады, қарағым.
Сен де əскери тақырыпқа жазып жүргендердің бірісің. Көңіліңе келсе де
менің сендердің шығармаларын жайында айтар шындығым осы, шырағым.
— Сонымен таңертең рабфактың есігін қатты жауып кетсем де,
жастықтың қызбалығымен бəрі бір басқа күн көріс табармын десем де, түс


ауа-ақ тығырыққа тіреле бастадым. Енді Сырғабековке де, Тəштитовке де
баруымның реті жоқ деп білдім. Сөйтіп, салбырап көшеде келе жатқанымда
артымнан біреудің менің атымды атаған даусы естілді. Жалт қарасам бұрын
Жуалы аудандық атқару комитетінде өзіммен бірге қызмет істеген Тимофей
Терентьевич Дубовик деген кісі келе жатыр.
— Айналайын-ау, өзің жеткізетін емессің ғой, — дейді қолын ұсынып.
Екеуіміз шұрқырасып табыстық. Ол маған бірден:
— Жүр, екеуіміз алдымен бір жерден барып тамақ ішейік. Менің күні
бойы ас ішуге мұршам болған жоқ, — деп ұсыныс жасады.
Дубовик жол-жөнекей менің хал-жайымды сұрады. Асханада отырғанда
өзінін қазір Шымкентте өнеркəсіп банкының басқарушысы болып қызмет
істейтінін айтты. Менің жай-жапсарыма əбден қанғаннан кейін ол мені
Шымкентке қызметке шақырды. Мен басқаратын банкке экономист
боласың, — деді.
— Болайын, — дедім мен. Ол жұмыс менің қолымнан келе ме, келмей
ме, онда шаруам жоқ тіпті.
— Ендеше, сен осы сəттен бастап Шымкент өнеркəсіп банкының
қызметкерісің, — деді Дубовик қолын қалтасына салып жатып. — Мə, екі
жүз сом ақша. Бұл сенін əзірге алған авансың болып есептеледі. Мə, мынау
Шымкенттегі менің үйімнің əдірісі. Қазір поезға мініп жүріп кет те, тура
біздікіне барып тұр. Екі күннен соң артыңнан мен де жетемін.
Бұл өзі 1931 жылдың бас кезі болатын. Менің маңғазданып,
бұлданарлық жайым жоқ еді. Асханадан шығысымен вокзалға бардым да,
билет алып, бірден Шымкентке тарттым.
Автор. Сіз «Біздің семья» кітабыңызды қашан жаздыңыз. Оны қазақша
шығартпайсыз ба?
Бауыржан. Бұл кітапты мен 1947 жылы Бас штабта оқып жүрген
кезімде жаздым. 15 күнде бітірдім. Оны қазақ, тілінде шығармаймын.
Өйткені ол тек қана орыс оқырмандарына арналып жазылған дүние.
Автор. Бұл кітабыңыздың жалғасы жоқ па?


Бауыржан. Бар, жазулы дайын тұр. Орыс тілінде. Баспаға ұсынғам жоқ.
Өзің өлгеннен кейін де бір нəрселеріңнің жариялануы керек шығар.
— Ал сонымен мен Шымкентке келейін. Менің артымнан астанадағы
жұмысын бітіріп, Дубовик те қайтып оралды. Келісімен ол: «Б. Момышұлы
Шымкент өнеркəсіп банкының экономисі болып тағайындалсын» деген
бұйрық жазып, қолын қойды да, Корнеев деген аға экономисті шақыртты.
— Мына жігітті экономист етіп тағайындадық, — деді Корнеевке мені
таныстырып.
— Арнаулы білімі бар ма? — деп сұрады Корнеев.
— Жоқ.
— Ендеше қате жасағансыз, — деді Корнеев Дубовикке. — Арнаулы
білімі барлар да экономистікке жарамай жатады. Мен бұлай етуіңізге кеңес
бермеймін. Өзіңіздің де арнаулы біліміңіз жоқ, күйіп кетесіз.
— Мен бұйрыққа қол қойдым, — деді Дубовик даусын көтермей жай
сөйлеп. — Енді оны өзгертпеймін. Мен бұл жігіттің қабілетті екенін
білемін, үйретеміз, алып кетеді.
— Онда өзіңіз үйретерсіз. Мен оқыта алмаспын.
— Жоқ, сіз үйретесіз, — деді Дубовик тағы да даусын көтерместен. —
Сіз мені де, мұны да үйретесіз, үйретуге міндеттісіз. Біз білмейміз, ал сіз
ескі мамансыз.
— Маманмын, бірақ мұғалім емеспін.
— Мұғалім болу ниетке байланысты. Біздің ортақ ісімізге адамдар мен
мамандардың адал ниеті қажет.
Корнеев үндей алмай қалды. Алғашында осқырынып жүргенімен,
артынан ол ептеп маған үйрете бастады. Оның тапсырмаларын мен
бұлжытпай орындай бердім. Қарт маған бірте-бірте жібіп, жұмсара түсті.
— Мына жігітімізден бірдеңе шығатын түрі бар, — деді ол бір күні
Дубовикке. — Арнаулы білімі болмаса да, ықыласы күшті екен.


Арнаулы білімім болмаса да экономист боп бір жыл қызмет істедім.
Автор. Қазір не жазып жатырсыз?
Бауыржан. Қазір жазғанымды айтуға аузым бармай отыр. Бір нəрсені
бітірдім. Оны жазып жүргеніме 3 — 4 жылдан асып кетті. Көлемі 350—400
беттей болды. Бұл нəрсенің шартты аты «Последние дни войны, последние
дни солдата». Өзін өте қиналып жаздым. Оттан алған қып-қызыл темірді
ұсталар төске салып соғып-соғып, қажетті пішінге келтірген соң шыж
еткізіп суға тастай салмай ма? Сол сияқты жазғанымды «суыту» үшін біраз
уақыт тығып тастадым да, содан соң «Арасан-Қапалға» апарып, бір жарым
ай қайтадан қарап шықтым. Шынымды айтсам оны өзім əлі де шикілеу
дүние деп таптым. Мұндай үлкен тақырыпқа ондай шала нəрсемен
көрінуге болмайды деп түйдім. Қайта жазуым керек деген қорытындыға
келдім. Демалып, денсаулығымды түзеп, сəл есімді жинаған соң бұған
қайта отырамын. Мұның қалай сəті түседі, білмеймін. Шала туып, тымаққа
салып, керегенің басына іліп қойған баладай болып, осы менің қол-
аяғымды буып отыр. Оны тастап ешқайда кете алмайсың, жаңа нəрсеге
жəне кірісе алмайсың. Осы кітабымды түбегейлеп, түптеп, оқушы қолына
беріп кетсем арманым болмас еді деп те ойлаймын, қарағым.
1932 жылы ноябрьде мені военкоматқа шақырды. Жиналған жігіттерді
тыр жалаңаштандырып, дəрігерлердің алдынан өткізіп жатыр. Біреу
сыртты, біреу ішті, біреу тісті қарап, тақия жүгіртпек ойнағандай,
дəрігерден дəрігерге қарай сырғып келе жатырмыз. Менімен Иманəлиев
деген бір жігіт қатар кірген еді. Алғашында сап-сау жігіт комиссияға
кіргенде біресе ішім, біресе ітісім деп, өп-өтірік қиналды да қалды. Көз
дəрігерінің алдына келгенде жұдырықтай əріптерді көрмеймін деп, көпе-
көрнеу өтірік соқты. Мен дəрігерлерге денсаулығымның жақсы екенін
айтып, əріптердің бəрін заулатып оқып бердім.
Ең соңында комиссардың алдына жаңағы Иманəлиев екеуміз тағы да
қатар бардық.
— Өзіңіз айтқаныңызбен денсаулығыңыздан əскерге баруға бөгет
боларлықтай ақау табылған жоқ, — деді комиссар ана жігітке. — Сізді
əскерге алуға болар еді. Бірақ өзіңіздің барғыңыз келмейтін сияқты. Біз
əскерге өз еркімен барғысы келгендерді ғана аламыз.


Иманəлиев басын изеп шығып кетті.
— Сіздің де денсаулығыңыз жарамды, — деді комиссар маған. — Бірақ
қарт кісінің жалғыз баласы болғандықтан, сізге берілетін жеңілдік бар.
Егер əскерге барғыңыз келмесе, сізді де қалдыруға болады.
Бармаймын деуге менің аузым бармады.
— Барамын, алыңыздар, — дедім комиссарға.
Ертеңінде үйге мынадай қағаз келді:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет