АқИҚат пен аңыз роман-диалог бірінші диалог I



Pdf көрінісі
бет13/32
Дата29.09.2022
өлшемі1,61 Mb.
#40875
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   32
Байланысты:
(pdf) Әзілхан Нұршайықов — Ақиқат пен аңыз

ЖОЛДАМА ҚАҒАЗ.
Аға лейтенант Момышұлына!


Осыны алысымен Сізге полкқа басшылық ету ісін майор Елинге
тапсырып, 1075 атқыштар полкына барып, полк командирінің міндетін
қабылдап алу бұйырылады.
Негіз: дивизия командирінің нұсқауы.
Штаб бастығы полковник (Серебряков)
Соғыс комиссары
Аға батальон комиссары (Погорелое)
4 декабрь 1941 ж.».
№ 4/0412
Осылай деп штаб бастығы мен комиссар екеуі қол қойып, мөр басқан.
Бірақ Сіз 1075 полкқа командир емес, орынбасар болдыңыз ғой. Бұл да сол
аласапран кезеңнің ізі емес пе?
Бауыржан. Ол қағазға комдивтің қолы қойылмағаннан-ақ білініп тұр
ғой. Ертең қағазда менің қолым жоқ деп, тайқып беруге жақсы емес пе? Ал,
Панфилов полк командирі тұрған, батальон командиріне жіберген
бұйрығына дейін өзі қол қоятын.
Автор. Дұрыс айтасыз. Мəселен, генералдың батальон командирі Сізге
жолдаған бұйрығының фото көшірмесі де бар менде. Онда былай деп
жазылған:
«Серкия Г.
1073 атқыштар полкы І-ші батальонының командиріне
ЖАУЫНГЕРЛІК ТАПСЫРМА № 014
316-шы дивизияның штабы Гусеново 18. 11. 41 ж. 4.00
1. Лысцево, Шишкиноны дұшпанның танктері мен жаяу əскері басып
алды. Матренинода 50-ші атты əскер дивизиясы шеп құрып жатыр.
Бұйырамын:


2. Танк қаупі күшті аудан Матренино станциясын, Горюны мен
Покровское селоларын танкпен күресетін отрядтың (ПТО) 768-ші
артполкымен жəне 1-ші гвардиялық танк бригадасының 6 танкі, сол
сияқты мотоатқыштар батальонымен бірлесіп — табанды түрде
қорғауға тиіссіз.
Міндет: Жаудың жаяу əскері мен танктерін Волоколамск, Истра тас
жолына шығармау. 298,0 биігі ауданына күшейтілген күзет қойыңыз.
Менің командалық пунктім Гусеново.
Орындалуын 18. 11. 41 ж. 8.00-де хабарлаңыз.
Дивизия командирі Генерал-майор (Панфилов).
Дивизия военкомы аға батальон комиссары (Егоров).
Штаб бастығы полковник (Серебряков).
1-ші бөлімнің бастығы капитан (Гофман)».
Бауыржан. Иə, бұл менің Панфиловтан алған ақырғы бұйрығым болды.
Оқып болғаннан кейін генералдың хатын планшетіме салмай, төрт бүктеп
гимнастеркамның омырау қалтасына жайғастырдым да, бұйрықты орындау
қамына кірістім.
ІІ
Автор. Ол жағдайды Сіз «Москва үшін шайқастың» екінші кітабында
толық жаздыңыз ғой.
Бауыржан. Иə. Ондағы оннан аса тарау сол кездегі жағдайды сипаттауға
жəне біздің генералдың соңғы бұйрығын қалай орындағанымызды
баяндауға арналды. Генерал қағазға аталған қыстақтарды «табанды түрде
қорғауға тиіссіз» деп көрсеткенімен, дивизия саяси бөлімінің нұсқаушысы
Федор Толстуновтан ауызша айтқан сəлемінде «бүгін мен ертең шыдап
берсін, əсіресе, тас жолдың бойындағы Горюныны қолдан шығармай
мықты ұстасын» депті.
Шыбын жанды шүберекке түйдік те, генералдың бұйрығын орындауға


кірістік. Табанымызды Горюныға тас қып тіреп, тапжылмастан жатып
алдық. Бұл екі қолды басқа жастап, окоп ішінде қаннен-қаперсіз шалжиып
жату деген сөз емес. Мұның мəнісі шарт етіп аспан жарылғандай болып
жүздеген жау снарядтары ажал боп ысқырып, ысылдап, зуылдап үстіңнен
төніп келе жатқанда төбе құйқаң шымырлап соны естіп отыру деген сөз.
Мұның мəнісі сол снарядтар жарқ-жұрқ етіп жарылып, арс-ұрс етіп
топырақ қапқан сəтте отырған окобың солқ ете түсіп, жүрегін аузыңа
тығылса да соған тырп етпей шыдау деген сез. Мұның мəнісі жау
самолеттері үстіңе шығып алып келі түйгендей төбеңнен бомбамен
түйгіштегенде соған көну керек деген сөз. Оқ, жарықшақ тиіп, жанындағы
серіктерің көз алдыңда жан тəсілім етіп жатқанда, тамағыңа ыстық тас
кептелгендей болып, жаның қинала қайғыру деген сөз. Сөйтіп жатып,
окобыңа қарай жортып келе жатқан темір аждаһа — танктермен айқасу,
оларға бір-бірлеп қара кебін кигізіп, қара түтінге орау деген сөз. Қара
құрымдай қаптап келе жатқан жаяу əскерге қорғасын оқты қарсы алдынан
соққан темір жаңбырдай жаудырып, жайнап, тірісін беттетпей кері қайтару
деген сөз. Бұл жанталасып кейін шегіну, аласұрып алға ұмтылу деген сөз.
Не жау сені жермен жексен етіп таптап кетуі керек, не жаудың бетін
шиедей қылып сенің ілгері бастырмай ұстап тұруың керек. Мінеки,
тосқауылға қалған бөлімшеге тағдырдың тартар сыйы осы. Екінің бірі,
басқа ешқандай жол жоқ.
Бұйрықты алған күні түске дейін біздің жігіттер жаудың үш танкісін
құртып, талай əскерін жер жастандырды. Батальон түстен кейін де олардың
бірнеше атакасын тойтарды. Кешке қарай олар атакаға тағы əзірленіп
жатты. Осы кезде маған мынадай бір батыл ой келді. Күн болса суық —
отыз градус аяз. Бұлардың емешесі құрып тұрғаны кешке дейін осы
Горюныны алып, түнде осында рақаттанып ұйықтап шығу ғой. Горюныны
алса бұлар түнге қарай бəрі бір ілгері баспайды, жайбарақат жайлы төсекке
жантаяды. Ендеше олардың осы атакасын тойтарғаннан кейін батальонды
Горюныдан шығарып, орман ішіне шегіндірейін. Немістер келіп мұнда
жайғассын. Сол кезде батальонның жұдырығын мықтап түйіп əкеп,
бұларды қапыда қайтадан түйгіштейін.
Осы шешімге табан тірей бергенімде екінші бір күдік көлбең ете қалды.
Берік жатқан батальонды орнынан тұрғызып сен қаша жөнелгенде, ол
Горюныға қарамай, соныңа түсіп қуып берсе қайтесің. Онда сен қыстақты
əдейі тастап, генералдың бұйрығын қасақана орындамаған боласың деді
күдік. Жоқ немістердің өйтерлік шамасы жоқ. Олар Горюныға кірсе, одан


аттап ілгері баспайды. Сонда оларды біз жақсылап жамсатамыз. Бұйрықты
орындау деген қойған жерде қақайып қатып қалу емес қой. Ол бұйрықты
əртүрлі маневр жасап та жүзеге асыруға болады. Біздің міндетіміз жауды
осы арада кідірте тұру. Олай болса дұшпанмен ары итерісіп, бері итерісіп,
теке тірес боп тұрғанша, оны жаңағыдай айла жасап, күйрете неге
кідіртпейміз. Біздің мақсатымыз жаудың техникасы мен тірі күшін көптеп
құрыта беру ғой. Сөйтсек бізге кім ұрысады. Қазақта «Апама да барайын,
тайлағымды да үйрете келейін» деген нақыл сөз бар. Сол айтқандай,
бұйрықты да орындасақ немістерді де ойсырата құртсақ бізге кім кінə
тағады?
Ақыры, күдік жеңілді де, батылдық бел алды. Жаудың Кезекті атакасын
тойтарғаннан кейін мен Горюныны тастап шығыңдар деп батальонға
бұйрық бердім. Мұны естігенде Толстуновтың көзі бақырайып кетті.
— Мұның не, есің дұрыс па?— деді.
— Дұрыс, — дедім мен. Содан кейін оған ойымды айтып түсіндірдім.
Алғашында ол менің көңіліме келген күдіктің сойылын соғып тұрды да,
артынан:
— Жарайды, нар тəуекел. Бір іс бастаған екенсің, артын күтейік, —
деді.
Сонымен біздің батальон тас түйін боп, Горюныдан шықты да, соның
желкесіндегі орманға келіп кірді. Оны көрген немістер орыстар қашты деді
де, алдарына екі танк салып, өздері төрт-төрттен сапқа тұрып, шұбалған
ұзын колонна болып Горюнығ. ұмтылды. Дүрбімен қарап санап тұрмыз,
шамасы төрт жүз қаралы адам. Олар деревняға жетісімен танктерін,
зеңбіректерін тастай салып, үй-үйге сүнгіп кірді де кетті. Біраздан кейін
көшеде бақыртып тауық шыңғыртып, шошқа қуып, мəре-сəре болды да
қалды. Бұл кезде біз үш топқа бөлініп, деревняны үш жағынан қоршауға
алдық та, олардың аузы ыстық асқа енді тие бергенде ойранды салып кеп
жібердік. Екілене соққан үш топ немістердің күл-талқанын шығарды. Тура
оларды жусатып салды. Танк зеңбіректер бір оқ шығармастан өңкиіп-
өңкиіп кешеде қалды. Құтылса бір он шақты-ақ адам құтылып кеткен
болуы керек, өзгесі тегіс құрыды. Сөйтіп біз екі танк, екі зеңбірек, толып
жатқан арба, төрт станокты пулемет олжаладық. Үш штаб машинасы тола
документтерімен қолымызға түсті. Толстунов мені құттықтап жатыр.


— Бұйрықты беруін берсем де, ойым орындалмай қала ма деп зəре-
құтым қалған жоқ. Федя... Жігіттерге рақмет, — дедім мен.
ІІІ
Автор. Содан кейін не болды, Бауке?
Бауыржан. Содан кейін үй-үйді аралап жүріп, оларға жайғасқан
жігіттерге рақмет айтып шықтым. Келе сала күйреген неміс батальоны
штабының барлық документтерімен артындырып-тартындырып, өзім
генералдың атына жауынгерлік ақпар жазып, түнделетіп батальон
штабының бастығы Рахимовты дивизия штабына жөнелттім.
Түнде қатты ұйықтап кетсем керек, біреу иығымнан қозғап оятады.
Атып тұрсам — Рахимов екен.
— Гусеноводан келдім. Ондағылар қатты қуанып қалды. Мынау Сізге
жолдаған Серебряковтың хаты, — деп Хабиболла маған рапорт берді де,
умарланған дəптер бетіне қызыл қарындашпен жазылған біздің дивизия
штабының бастығы Серебряковтың хатын қолыма ұстатты. Ашып оқып
жіберсем, мынадай сөздермен басталған екен: «Жолдас Момышұлы!
Генерал да, біздің барлығымыз да сіздің жұмысыңызға ризамыз...» Содан
кейін генералдың асығыс түрде командашыға кеткенін, бізге рақмет айтып,
алдағы уақытта да абыройлы болуға тілек білдіргенін хабарлапты.
Мұндайда «қатыны ұл тапқандай қуанды» дейді ғой қазақ. Ал мен қатыным
бір ұл емес, бес ұл тапқандай қуандым.
Сонымен, не керек, біз қасық қанымыз қалғанша жаумен күресіп,
генералдың
жоғарыдағы

014
бұйрығын
орындадық.
Басқа
бөлімдеріміздің жылжып, кейін шығып жайғасуларына жағдай жасадық.
Біздің бұйрықты орындауымызға «Катюша» дивизионының командирі
капитан Кирсанов, дивизия артполкының командирі подполковник
Курганов пен артиллерия бастығы подполковник Марков ойдағыдай
адамшылық, азаматтық, тіпті туысқандық көмек көрсетті. Олар шегініп,
екінші позицияға ауысқаннан кейін біз жаумен тағы бір күн бетпе-бет
арпалыстық та, үшінші күні қоршауда қалдық. Бізге көмекке берілген
танктердің септігі тимеді. Олардың топас подполковник командирі бізге тек
қорғаныста тұрыңдар деп айтқан деп, батальонға көмек бермеді.
Мотоатқыштар батальоны бірінші күні бұғып жатты да, екінші күні


ешкімге айтпастан кейін қарай шегініп, қашып кетті. Жау өтінде жалғыз
қалған батальон қансырады. Сергей Танков сияқты ержүрек рота
командирінен айрылдық. Ондаған асыл жігіттер опат болды. Батальон
менің өз денем, өзімнің тұла бой, тұтас тұлғам еді. Оған тиген оқ, кірш-
кірш кіріп, менің тəнімді де тілгілеп жатты. Оққа ұшқан əрбір солдатпен
бірге өз денемнің де клеткалары қоса өліп жатқан сияқтанды. Енді маған
батальонның қалған күшін шашыратпай, шумақтай жинап алып кейін
шегінуден басқа жол қалмады. Генералдың бұйрығын орындадық. Ендеше
батальонға ешкімнің ренжитін де, ұрысатын да жөні жоқ. Ендігі міндет,
қоршауда қалдық деп ұнжырғаны түсірмей, батальонды найзалы
винтовкадай кезей ұстап, жолыққан жауды жайратып етіп, дивизияға қайта
қосылу болды. Біздің бөлімдердің тактикалық есеппен жоспарлы түрде
қалдырып кеткен жерлерін иемдене ілгері ұмтылған немістерден қалыспай,
қатарласа қозғалып бердік. Олар масайрап Волоколам тас жолымен келеді.
Тас жолды қуалай созылған орман ішімен оларды мысықтай аңдып біз
келеміз. Ойымыз мына немістердің алғы шепке дүмін тигізбей тұрып,
өздерімен жағаласа барып, ілгері өтіп кету.
Соғыста солдат сорлыны аңдитын жау көп қой, қарағым. Оған алдан
атылған оқ та, снаряд та, мина да, төбеден төгілген бомба да — бəрі жау.
«Ордағы солдатқа оқ өтпейді» деп баяғыда комбриг Дотоль айтқандай,
оқтан қорғанарсың, снарядтан сақтанарсың, бомбадан да құтыларсың.
Бірақ солдатты құтқармайтын тағы бір жау бар. Ол — ұйқы. Қазақ
атамыздың «ұйқы — дұшпан» деген даналық сөзін бала күнімізде
ауылдағы ақсақалдарымыздың аузынан сан рет естісек те, соның мəнін
ұғыппыз ба, қарағым. Оның мəнін соғыста бірақ ұқтық қой. Жалғыз бұл
ғана емес, соғыс аталарымыздың талай асыл сөздерінің мағынасын
ұқтырды бізге. «Ат басына күн туса — ауыздықпен су ішер, ер басына күн
туса — етікпенен су кешер». «Балапан басына, тұрымтай тұсына», «Атадан
ұл, анадан қыз айрылып, көл қылып көздің жасын ағызамын» деген сияқты
нелер сөздердің шындығын сездік қой сонда.
Сөйтіп, үш күн бойына немістердің артиллериясына алдырмаған,
танктерінен тайсалмаған, бомбалауына болмаған батальонды əп-сəтте ұйқы
өлтіріп кете жаздады. Немістермен жанталаса жарысып келе жатқан біз
Гусеново орманының шетіне іліктік. Əрине, дивизия штабы бұрынғы
орнында жоқ болып шықты. Дивизияның ізін шолып, бағдарын білуге
шолғыншылар жібердік те, олар келгенше екі сағаттай демалуға ұйғардық.
Əрбір он адамның алтауын ұйықтатып, төртеуін табандарынан тік


тұрғызып қойдым. Сөйтіп бір сағаттан кезек ұйықтасын дедім. Бұған дейін
өзім де ұйықтамай, ешкімді де ұйықтатпай аюдай ақырып келе жатқанмын.
Өйткені жорық, ұрыс жезінде ұйқыға кеткен солдат — өлі солдат. Оны əке-
көке деп ешқашан да оята алмайсың.
Колоннаны аралай шығып, бір үлкен ақ қайыңның қасына келіп, соның
оқ тиген қабығын алақаныммен сипап, иығыммен сүйене бергенім есімде.
Қайыңның əппақ қабығын əйелімнің иығы деп ойлап қалдым ба, қайдан
білейін, əйтеуір соған сүйене сала қор етіп ұйықтап кетіппін. Əйелді
ойласаң-ақ қырсыққа қамалдың емес пе, ақ қайың мені құшағына алып,
əлдилей жөнеліпті... Оқ алмаған солдатты ұйқы осылай үн-түнсіз байлап-
матап ала қойыпты. Есіңде ме, Қобыланды батырды ұйқы жеңгенде
жауларының жиналып келіп, байлап алатын жері бар еді ғой. Дəл сондай
боп, батальон батыр да қолға түсіп қала жаздады.
Алғашында құлағыма алысырақтан пыр-пыр атылған автомат даусы
келді. Ол өше қалған сəтте «өзі автомат па, пулемет пе» деп ойладым.
«Неміс пулеметі дүңкілдей атылса керек еді. Біздікі сақ-сақ етіп зіркілдей
жөнелуге тиіс. Екеуіне де ұқсамайды. Автомат болар» дедім. Сөйткенше
болған жоқ əлгі үн сəл жақындай түсіп, қайтадан естілді. «Ə, автомат екен»
дедім. Оған қарсы тіпті жақыннан қақала шығып, ұзағырақ безілдеген тағы
бір үн шықты. «Бұл да автомат» деді санам. Дүбірлеп, дүркіреген аяқ
дыбысы білінді. «Ат шапшаң», «аш көзіңді» деген таныс дауыстар естілді.
Көзімді ашайын десем, аша алмаймын. Тұрайын десем, тұра алмаймын.
Айналада не боп жатқанын білмеймін. Жақындағы дүбір ұзап барады,
алыстағы автомат үні жақындап келді. Жақыннан шыңғырған əлде бір
жылқының үні құлағыма келді. Көзімді ашып алып, жандəрмен орнымнан
атып тұрдым. Жан-жағыма қарасам батальоным быт-шыт боп қашып
барады. Үстеріне ақ халат киген бір взводтай неміс оларға оқ атып, маған
қарай қаптап келеді. Таяу жерде тұрған кухнялардың жегулі тұрған
аттарының біріне оқ тиіп, құлап түсіпті. Ол жанталаса артқы аяғын сермеп
жатыр. Айналамнан оқ зу-зу үшкіріп өтеді. Төбе құйқам шымырлап, денем
ағаш боп сіресіп қалған сияқтанды. Пистолетімді суырайын десем қолымда
жан жоқ, дабыстайын десем аузым икемге келмейді. Біткен, құрыған деген
осы екен деп ойлап, қададай қақшиып, мелшидім де қалдым. Сол сəтте:
— Кейін! Кейін жүгіріңдер, комбат қалып қойды! — деп ышқына айғай
салған Толстуновтың үні құлағыма келді.


IV
Автор. Оның арты не болды, Бауке?
Бауыржан. Оның арты жүн-түтін атысқа айналды. Менің жанымнан оқ
екі жаққа қарай ерсілі-қарсылы зымырады. Менде енді қозғалуға дəрмен
қалмады. Көзім қарауытып, енді оқ тиеді-ау, енді құлаймын-ау деп тұрғанда
батальон жақтан біреудің «ура!» деп айғай салған даусы шықты. Топ-топ
дүрсілдеген аяқ дүбірі естілді.
— Ағатайым-ай, барсың ба? — деп ентіге жүгіріп, ең бірінші боп келіп
мені Жалмұхамед Бозжанов құшақтай алды. Екеуіміздің де көзімізден жас
ыршып кетті.
Ажал адамға əртүрлі бейнеде келеді. Оқ, от, су, аштық ауру болып
аңдиды. Осылардың бəрін бірінен соң бірін соңыма салып, екі көзі екі тесік
болып үңірейген қу бас ажал саудыраған саусағын маған қарай сан рет
созып еді. Бұл жолы ол мойныма ұйқының арқанын лақтырып, бұлқынта
буалдырық салған еді. Бірақ жауынгер серіктерім, адал достарым, болат
батальоным мені бұл тұзақтан да құтқарып əкетті, қарағым. Бұл ұрыс не
бəрі он минутқа ғана созылды. Алайда, осы он минут ішінде мен дəл бір он
жылға қартайған шығармын деп ойлаймын.
Сонымен батальон қоршаудан шықты. Домна пешінің маңында
болғаның бар ма еді? Басына киіз қалпақ киген болат қорытушы қазанда от
боп балқып жатқан болатты қолындағы ұзын көсеуімен жан-жағына от
шашырата көсеп-көсеп алмайтын ба еді. Руданың ерімей жатқан тұсын
танып, оған көсеуін жəне сілтейді. Сөйтіп ол қолындағы көсеу арқылы
қазандағы құрыштың тегіс балқуына көмектеседі. Жарқ-жұрқ жалын
шашып, бұрқ-сарқ қайнап жатқан құрыш оттың ортасын сұңқылап-
сұңқылап суырып алған ұзын көсеу сияқты, ұзын колонна боп шұбатылып
орманнан шығып, біздің батальон 1941 жылдың 21 ноябрінде таңертең
дивизия штабы тұрған деревняға қарай бет түзеді. Батальон қызыл оттан
суырылған құрыш көсеу болса, онда басына киіз қалпақ киген болат
балқытушы генерал Панфиловтың өзі деп ойладым мен ішімнен. Содан
кейін осыдан бір ай бұрын, бес күн, бес түн қоршауда болып, 20 октябрьде
батальонның дивизияға келіп қосылғаны есіме түсті. Сондағы генералдың
алдымнан шығып, рапорт беруге мұршамды келтірмей алақанымды қос
қолдай қысып, əкемдей еміреніп, шексіз қуанышпен қарсы алғаны көз


алдыма келді. Иван Васильевичті бұл жолы да сөйтіп қуантамыз деп
масаттандым көңілімді қуаныш кернеп.
Содан кейін жүріп келе жатқан саптың алдына Толстуновты қалдырып,
өзім бүйірден тұрып, батальонға көз салдым. Жігіттерім рота-рота болып,
еңселерін көтере ұстап, аяқтарын адымдай басып келеді. Жол шетіне
шыққан мені көргеннен кейін бойларын жиып, одан сайын ширақтана
түсті. Өз роталарын бастап Ефим Филимонов, Семен Краев, Жалмұхаммед
Бозжанов (оны Танковтың орнына тағайындағанмын) бара жатыр. Бір тұста
фельдшер Киреев, лейтенант Борисов, аю денелі артиллерист Андреев
кетіп барады. Əр жерден Курбатовтың, Синченконың, Хасеновтың төбелері
көрінеді. Ең соңында кеше жігіттер байлаған бір танк олжасы бар аспаз
Жан Пайзиев томпаңдап ол кетіп барады. Жаяулардың артынан атқа
жегілген зеңбіректер, доңғалақты кухнялар, жаралылар тиелген арбалар
ұзын көш боп шұбалып олар келеді. Соларға көз салып, сыртым сұсты
көрінгенімен, іштей тебіреніп тұрдым. «Отқа салса күймейтін, суға салса
батпайтын болат батальоным менің! — дедім өз-өзімнен күбірлеп. — Батыр
жігіттерім, асыл азаматтарым, айналдым сендерден. Айналдым осындай ұл
тауып, тəрбиелеген аналарың мен аталарыңнан сендердің!»
Деревняға жарты шақырым қалғанда алдымыздан бір салт атты шауып
шықты. Тоқтатып жөн сұрадық. Бір бөлімшеге асығыс кетіп бара жатқан
шабарман екен.
— Мынау тұрған Колпаки деген деревня, дивизия штабы осында, —
деді ол. — Бірақ... генерал Панфилов қайтыс болған. Оның орнына
Шелудько деген полковник командир боп келді.
Осы қаралы хабарды айтты да, ол атына қамшы басып жөнеле берді.
Панфилов өліпті деген хабар тарағанда батальон дауыл шайқаған сансыз
теректей теңселіп кетті. Арсалаңдап алыстан келген жолаушыға үйіне кіре
бергенде «əкең өлді» деп естірткенмен бірдей болды бұл хабар.
Жаңа ғана екпінді келе жатқан біздің еңсеміз түсіп кетті. Бес жүз метр
жерге сүйретіліп əрең жеттік. Батальонды штабтың қасына сапқа
тұрғыздым да, баяндайын деп өзім ішке кірдім. Бұл жолы маған құшағын
жая ешкім де қарсы шыққан жоқ. Штабта полковник Шелудько, дивизия
комиссары Егоров жəне штаб бастығы полковник Серебряков үшеуі отыр
екен. Мен Шелудькоға қарап:


— Жолдас полковник, 1073-ші полктың 1-батальоны генерал
Панфиловтың тапсырмасын орындап, дивизияның қарамағына келді.
Баяндап тұрған батальон командирі аға лейтенант Момышұлы, — дедім.
— Іһі... «генерал Панфиловтың тапсырмасын...», — деп полковник мені
кекегендей боп езуін тыржитты. — Панфиловтың емес, Қызыл Армияның
тапсырмасын деңіз, жолдас аға лейтенант.
— Маған бұйрықты Қызыл Армияның генералы Панфилов берді. Мен
соны айтып тұрмын, жолдас полковник.
Егоров пен Серебряков мойындарына су кеткендей бұқиып, төмен
қарады. Полковник езуін тағы бір тыржитты да:
— Батальонды өз полкыңызға апарып қосыңыз, — деді.
Мен штабқа аяғымды ширақ басып, жіті аяңдап кірген сияқты едім.
Штабтан батальонның қасына келгенде əкенің өлгеніне көзі жетіп, оның
қаңырап қалған қара шаңырағынан құр сүлдері шыққан жолаушы жігітке
ұқсадым. Өткен жолы дəл осылай қоршаудан шығып келгенімізде
Панфилов
батальонды
алдымен
дивизия
штабының
басында
тамақтандырып, жігіттерге жылы сөз бен алғысын айтып, содан кейін
полкке жөнелтіп еді. Бұл жолы олай болмады. Екі күннен бері нəр татпаған
жігіттер ішектері шұрылдап, полкке дейін тағы да он шақырым аш
салпақтайтын болды. Соған ашуландым ба, əлде жігіттерді ширатайын
дедім бе мен оларға құшырлана қатты айғайлап команда бердім:
— Батальон! Оңға! 1073-ші полктың штабына қарай қарыштаңдар! —
дедім де, өзім Толстуновтың қасына келіп, онымен қатарласа аяңдадым.
Осымен бəрі де түсінікті болды. Ұрыстан қалжыраған, ұйқыдан қажыған,
əрі ашыққан азаматтар қыңқ етпестен соңымнан ілесіп жүре берді.
Ал полктегілер бізді əлдеқайда жылы қарсы алды. Полк командирі
майор Елин мен комиссар Логвиненко бізді салтанатпен қарсы алмақ боп,
алдымызға бір ротаны тізіп құрметті қарауыл қойыпты. Мен батальонды
тоқтатып, оңға бұрып, сапты тегістеп болдым да, қатар тұрған ол екеуіне
рапорт бердім.
— Жолдас командир! Жолдас комиссар! Сіздердің қарамақтарыңыздағы
полктың бірінші батальоны генерал Панфиловтың тапсырмасын орындап,


қайтып келді, — дедім.
Полк командирі Елин менің рапортымды қабылдады да, қатты сілкіп
қолымды қысты. Комиссар Логвиненко «Командир саған қолын ғана берді.
Міне менің сені қалай құрметтейтінімді көрдің бе?» дегендей, қапсыра
құшақтай алып, екі бетімнен кезек сүйді. Содан кейін тоқталмастан сөз
сөйлеп кетті. Сөйлей білетін зар жақ кісі еді. Бізді Панфиловтың
тапсырмасын абыроймен орындап келгенімізбен құттықтап, жұртты
ұйытып тастады. Сендерді өліп қалды деп есептеп едік деді. Арасына
Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты өлеңінің жаттап алған бір
шумағын да қыстырып жіберді. Панфиловтың дəстүрін сақтайық деп келді
де, дереу «Жаңа командирдің басшылығымен жаңа жеңістерге жетейік»,
«Жана командир бізге былай деді», «Жаңа командирдің салиқалы нұсқауы
əрқайсысымыздың жадымызда болсын» деп екінші əнге көшті. Ең соңында
ол бізге Панфиловтың 18 ноябрьде қаза болғанын естіртті.
Мінеки, ол бұйрықтың тарихы осылай, қарағым.
V
Автор. Рахмет, Бауке. Бұл əңгіме полк командирі кезіңізде Сізге дивизия
командирі өзі қол қоймай комиссар мен штаб бастығына қол қойдырып
жіберген бұйрықтан шығып кетті ғой.
Бауыржан. Иə, мен Панфиловтың батальон командиріне берген
бұйрығына да өзі қол қоятынын айттым.
Автор. Айтпақшы Панфиловтың осы бұйрығына байланысты Сізге бір
айтайын дегенім бар еді.
Бауыржан. Айтқын.
Автор. Осы бұйрықтың көшірмесін Сіз «Генерал Панфилов» атты
кітабыңызда келтіргенсіз, Бауке. Бірақ құйрықтағы «Матренинода 50 км
шеп құрып жатыр» деген сөз кітаптың 112 бетінде «Матренинода номері
жоқ атқыштар дивизиясы (ед) шеп құрып жатыр» деп қате кетіпті. Сол
сияқты Покровское деген село — Мокровское, 768 артполк — атқыштар
полкі болып жүр. Əрине бұл Сіздің емес, Сізге көмекші ретінде бұйрықтың
көшірмесін салыстырып оқыған адамның кінəсі. Ол қатені Сіз генерал
Доватордың атты əскер корпусына қарайтын 50 кавдивизия екенін


білмегендіктен жіберді деп отырғаным жоқ, Бауке. Кітабыңыздың кейінгі
басылымында мұндай тарихи деректердің дұрыстығын ескеруіңіз керек
дегенім ғой. Оның үстіне фото көшірмеде оның қандай дивизия екені
көмескі шығыпты, «д»-сы айқын да, оның алдындағы əрпі адам танығысыз.
Бауыржан. Оны сен қалай айқындадың?
Автор. Менің қолымдағы архив көшірмелерінде «Волоколамск
операциясы» деген документ бар. 16 армия оперативтік бөлімінің 1
бөлімшесінің бастығы майор Соколов қол қойған сол документте Москва
түбіндегі 1941 жылы 14 октябрьден 16 ноябрьге дейінгі ұрыстардың
қысқаша сипаттамасы берілген. Сонда бұл ұрыстарға 50-ші кавдивизия мен
786-ші артполктың қатысқаны көрсетілген.
Баукең маған сүзе қарады да, үндемеді. Бұл кісі маған иланбай отыр ма
деп ойладым да, сөзімді əрі қарай жалғадым.
Автор. Бауке, бұл Қорғаныс Министрлігінің архивінен алынған
документ. Сенбесеңіз өзіңіз қарарсыз: «Ф. 16 А. ОП. 5916, д. 54-57, л. 1-4».
Бауыржан. Өй, сен өзің документшіл екенсің ғой.
Автор. Жұрт Сізге өтірік айтсаңыз да сенеді. Ал маған документ
болмаса кім сенеді, Бауке?
Бауыржан. Сонда сен мені өтірікші демексің бе?
Автор. Жоқ, Бауке, жай əшейін сөздің сірəғысы ғой.
Баукең менің бұл сөздерімді тыңдаған жоқ, əлде не ойына түсіп
кеткендей, басын төмен салып, үнсіз отырды. Сəлден кейін барып еңсесін
көтерді.
Бауыржан. Иə. Генерал Доватор генерал Панфиловтан бір ай кейін қаза
тапты. Екеуі де ел үшін еңіреп туған ер еді. Екеуі де жас кетті: Панфилов
қырық сегізінде, Доватор отыз сегізінде опат болды.
Автор. Сол ерлер қорғаған өмірдің рақат, қызығын қазіргі жастар керіп
жатыр.


Бауыржан. Жастар əкелердің қанымен келген рақатты қадірлей білсе
екен. Елді, жерді сол ерлерше сүйіп, Отан үшін отқа түсуге əзір бола білсе
екен... Ал, жарайды. Менің бір күдігім болып отыр.
Автор. Қандай, Бауке?
Бауыржан. Сен оқушыңды жалықтырып алып жүрмес пе екенсің деген.
Автор. Себеп?
Бауыржан. Өйткені екеуіміз сəл бүйректеу əңгімеге түсіп кеттік. Біздің
бүгінгі əңгімеміздің желісі Чистяков туралы емес пе? Енді соған оралсақ
деймін.
Автор. Құп, Бауке.
Бауыржан. Жоғарыда Нахабино селосынан Чистяковпен жүздескеннен
кейін қатты тебіреніп қайттым дедім ғой. Рас, Панфилов өлгенде мен өзімді
де, дивизияны да бақытсыз екен деп ойладым. Сол ойда ұзақ жүрдім. Оқ
пен оттың ішінде жүрген екі ай — аз уақыт емес, қарағым. Енді міне
дивизияға командир болып Чистяков келді. «Жоқ біз бақытсыз емес
екенбіз» деген қорытынды жасадым. Солдаттың бақыты дегеннің не екенін
түсінесің ғой сен. Ол командирден қатын əпер демейді, пəтер сұрамайды.
Немесе мені не кандидат, не доктор етіп, ақшамды көбейт, қызметімді
жоғарылат демейді. Оған тек қана бейіл, ықылас, адамгершілік қатынас
қажет. Қатесі болса қатты айтқанға солдат ешқашан да ренжімейді. Бірақ
кемшілігімді қорламай көрсет дейді. Бұйрығыңды дұрыстап беріп, өлімге
айдасаң да жылы қабақпен жұмса дейді. Міне, оның бақыты осы. Ал
командирін шын сыйлаған солдат жаудан жеңілмейді, өлімді де жеңіп
шығады. Өйткені оның бойында бұйрықтың күші ғана емес, ар мен ұяттың,
командирге, қолбасшыға деген сүйіспеншіліктің күші қоса жүреді. Бұл
жеңіс үшін аса қажетті фактор. Суворовтың, Кутузовтың солдаттарының
жеңімпаз болуының негізгі себебі осында жатыр. Ал жүздеген, мыңдаған
жауынгерге өзіңді жақсы көрдіру оңай іс емес, қарағым. Оған ең алдымен
ақыл, қайрат, адамгершілік қажет.
Ал енді мен саған дивизияға Чистяков келген кездегі жалпы жағдайды
айтып түсіндірейін. Мұны жазасың ба, жазбайсың ба — өзің біл.
Автор. Айта беріңіз, Бауке.


Бауыржан. Өзің білесің, Ұлы Отан соғысының алғашқы дəуірі күрделі-
күрделі екі кезеңге бөлінеді ғой. Оның біріншісі — 1941 жылдың июнь —
ноябрь айлары. Бұл Совет Армиясының стратегиялық қорғаныс жасай
отырып, фашистердің Совет Одағын «тұтқиылдан» талқандап жібереміз
деген жоспарын күл талқан етуі. Гитлер армиясының емес, оның
жоспарының күйретілуі, түсінікті ме? Екінші кезең —1941 жылдың декабрі
мен 1942 жыл апрелінің арасы. Бұл біздің əскерлеріміздің қарсы шабуылға
шығып, басқыншыларды батысқа қарай тырқырата қуған шағы. Міне осы
екі кезеңде де біздің дивизия белсене ат салысты. Алғашқысында оны
генерал Панфилов, соңғысында генерал Чистяков басқарды. Панфиловтың
жаңағы № 014 бұйрығына байланысты əңгімелер сол бірінші кезеңнің —
Москваға қарап шабынып бой бермей келе жатқан қаңтардың қара бурасын
тізеден, тірсектен ұрып тоқтатып, оны шөгуге мəжбүр еткен кездің
оқиғалары. Картадан хабарың болса, көзіңді сал, — Баукең таяғын алып,
қабырғада ілулі тұрған жалпақ картаны нұсқады.
— Мынау үлкен жұлдыз ғой Москва. Біздің жеті майданымыз Москваға
иығын тіреп тұрып жаумен шайқасты. Олар: Ленинград, Волхов, Солтүстік-
Батыс, Калинин, Батыс, Оңтүстік Батыс, Оңтүстік майдандары деп аталды.
Неміс əскерлері осы жеті майданға қарсы үш топқа бөлініп шабуыл жасап
келе жатты. Олар «Солтүстік» армияларының тобы, «Орталық»
армияларының тобы жəне «Оңтүстік» армияларының тобы деп аталды. Бір
кезде Наполеон Россияға шабуыл жасағанда осындай үш бағытты белгілеп
алып: «Егер Киевті құлатсам онда Россияны аяғынан алғаным; егер
Петербургты басып алсам, онда басынан жұлмалағаным; ал Москваны
алсам, онда Россияның жүрегін шұқып жегенім» деген еді. Гитлер
тұтқиылдан соның үшеуін де бірден алып, Наполеонға ұқсаймын немесе
ұстазымнан да озып түсемін деп ойлады. «Мысықтың көзін ашпаған
баласы арыстанға қандай ұқсаса, Гитлер де Наполеонға сондай ұқсайды»
деп Сталин оны тірі күнінде-ақ өлтіріп салған болатын. Міне, Москваға
отыз бес шақырым қалғанда біз тізеден соғып тоқтататын қара бура
Гитлерді
Наполеон
дəрежесіне
көтеруге
тиісті
сол
«Орталық»
армияларының тобы еді. Сонымен қатар оңтүстік пен солтүстіктегі ана екі
бура да жеткен жерлеріне шөгіп-шөгіп қалды. Ендігі міндет сол шөгіп
жатқан есірік бураларды түрткілеп орындарынан тұрғызып, бастарын кері
бұрғызып, келген жақтарына қарай айдау еді. Айдағанда сойыл шоқпарды
үсті-үстіне салып, олардың енді кейін бұрылуға мұршасын келтірмеу қажет
болды. Сойыл, шоқпар деп отырғаным бомба, снаряд, мина екені түсінікті
ғой. Міне бұл міндет ең алдымен, ағайынды тоғыз батыр тəрізді советтік


тоғыз майданның үшеуіне: Батыс (командашысы Г. К. Жуков), Калинин
(командашысы И. С. Конев), жəне Оңтүстік-Батыс (командашысы С. К
Тимошенко) майданына жүктелді. Бұлар қарсы шабуыл жасап, жауды
Москва түбінен желкелеп қууға əзірленді. Бұл үш майданның
қарамағындағы армияларда сегіз жүз мыңға жуық адам, 6808 зеңбірек пен
миномет, 782 танк жəне 545 самолет болды. Ал Москва түбіне келіп
тірелген жаудың адам саны біздікінен — 1,25 есе, танктері — 2,2 есе,
зеңбірек пен минометтері — 2,1 есе, ал самолеттері—1,7 есе көп болатын.
Оның есесіне біздің əрбір солдаттың көкірегінде жауға деген түпсіз
өшпенділік, Отанға деген мəңгілік махаббат, командирге, Қолбасшыға
деген шексіз сүйіспеншілік бар еді. Орысша мұны ненависть, любовь и
преданность деп атайды. Бұл үшеуіне жаудың ешбір қаруы тең келе
алмайды жəне ешбір жау көкірегінде осы үш өзгеше қаруы бар солдатты
ешқашанда жеңе алмайды. Жаздың ба? Менің үш топқа бөлініп Москваға
қарай ұмтылған жау əскерлерін кісіге қарай шабатын құтырған үш бураға,
біздің тоғыз майданды тоғыз батырға теңеп жəне басқа да мақал, нақылдар
шығарып айтып отырған себебім сенің оқушыларыңа түсініктірек болсын
дегенім. Əйтпесе бұл тұсың, кафедрадан оқылған кезекті лекция сияқты
көңілсіздеу болады.
VI
Автор. Бауке, оттан ұшқан ұшқын тəрізді болып, Сіздің ауызыңыздан
теңеу, нақыл, метафора дегендердің жарқ-жұрқ ұшып жататынына таң
қаламын. Жəне Сіз осыншама оқиға, цифрларды қалай өлеңдей етіп жаттап
алғансыз?
Бауыржан. Комплиментті қатындар жақсы көреді. Сен соларға айтқын
мұныңды. Ал мен əскери академияда лекция оқыған кісімін. Түсінікті ме
саған?
Автор. Түсінікті.
Бауыржан. Түсінікті болса ары қарай кеттік. Сөйтіп, біздің əскерлердің
Москва түбіндегі қарсы шабуылы 1941 жылдың 5 - 6 декабрінде басталды.
1942 жылғы январьдың басында Москва түбінен басталған бұл қарсы
шабуыл Совет Армиясының жаппай шабуылына ұласты. Тоғыз батыр
түгелдей білекті сыбанып тастап, немістерді оқпен осып, отпен үйтіп,


бомбамен желкелеп, келген жағына қарай қуды. Ол кездегі жағдайға жалпы
шолу осы. Осы тұста генерал Чистяков келіп біздің дивизияның тізгінін
қолына алды.
Сөйтіп біз «қара бураны» қаумалап кейін қарай айдап келе жатырмыз.
«Қара бурада» бұрынғы хал жоқ. Москва түбіне келгенде бейіттің
құлағындай серейіп тұрған екі өркеш майысты. Қыршаңқы болғандай, əр
жерінің жүні де түсе бастады. Кешегі жер сызған шудадан желкілдерлік
ештеңе қалмады. Сонда да ол артынан келе жатқандарға айбат шегеді.
Кейде кісіге жынын шашып тоқтап қалады. Кей күндері қарсы шөгіп жатып
алады. Екі көзі шатынап, тістері сақырлап, қозғалмастан қатып қалады. Екі-
үш күн əуреленіп, оны орнынан əрең тұрғызамыз. Қайткенмен бураның аты
бура емес пе — тақап барсаң тарпып тастайды: алдынан өтсең шайнап
жібереді...
Москваға тақау келіп өмешесі құрып сіресіп жатқан жауды біздің
əскерлер қуатты соққымен декабрьде желкелеп кейін қарай қуғаннан кейін,
сəл күш жинап, қатарына жаңа жауынгерлер қабылдап үлгірген біздің
дивизияны Чистяков қабылдай сала Валдай қаласына бастап келді. Біз
Батыс майданынан, ортадағы Калинин майданының белін аттап өтіп,
Солтүстік-Батыс майданының қарамағына келдік. Осы жерде жаңадан
жасақталып жатқан 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының құрамына
кіріп, жауынгерлік тапсырма алдық. Командование 8-ші гвардиялық
дивизияға осы арадан жау шебін бұзып өтіп, қалың жаудың ортасына
үңгілеп кіріп ілгері баруға бұйрық берді. Бұрын жау бет алдымызда ғана
болушы еді. Енді төрт құбыламыз тегіс араның ашқан дұшпан болды. Оның
үстіне қылт еткен қараңды көрсе неміс құзғындары қаптай ұшып келіп,
бомбамен төбеңнен жəне құй қазады. Біздің міндетіміз жау қоршауында
жүз километр шабуыл жасап, алдымен Старая Руссаны немістерден босату.
Одан соң тағы жүз километрге ырғып, Холмды алу. Сөйтіп біз, үлкен
қаптың ішіне кірген жолбарыстай боп, алға қарай жылжып бара жаттық.
Бұл қолыңа қылыш ұстап, жолдағысын жайпап құжынаған жыланның
ордасын қақ жарып өтумен парапар еді. Қаптаған жаудың қалың ортасына
кіріп алып, шабуыл жасап ілгері басу ешбір елде, ешбір тарихта болмаған
оқиға. Осы аса жауапты міндетті Жоғарғы Баскомандование қаһарман 8-ші
гвардиялық дивизияға жүктеді. Бұл жорық бізге оңайға түскен жоқ. Қырық
градус қылшылдаған аязда, орман ішіне үйілген омбы қарды белуардан
кешіп отырып, немістерді бекініп жатқан жылы орындарынан қозғау оңай
болып па. Екі жүз шақырымға созылған бұл жорық Суворов əскерлерінің


Альпы тауларынан асуы немесе Кутузовтың Бородино шайқасынан кем
болған жоқ. Сонау Балтық теңізінен Қара теңізге дейін созылған ұлан-асыр
майданда Совет Армиясы құрамаларының алдынан неше алуан ауыр асулар
кездесті ғой. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ал Валдай— Старая Русса — Холм
жорығы біздің 8-ші гвардиялық дивизияның өз Альпысы, өз Бородиносы
болды, тіпті ол бүкіл Совет Армиясының Альпы-Бородиносы болды деп
батыл түрде айтуға тұрады. Олай болса дивизия көлеміндегі біздің
кішкентай Суворовымыз да, Кутузовымыз да генерал Чистяковтың өзі
болды. Бұл сөзді мен жағымпазданып айтып отырғаным жоқ. Қазір ол кісі
отставкада, мен армиядан кеткелі əлдақашан. Несіне жағымпазданайын.
Жəне осы уақытқа дейін ешкімге жағымсынып көрген емеспін. Мен сол
кездегі болған шын жағдайды айтып отырмын. Өлген генералиссимус пен
фельдмаршалдан тірі генерал артық деген сөз емес бұл. Сен түсін мұны.
Əйтпесе Бауыржан да жағымпаз екен деп жазып қойып жүрерсің бір жерге.
Жоқ, одан аулақпын. Жақпасаң да жағымпаз болма. Мен осының кісісімін.
Ал Чистяковты сəл-пəл Суворов пен Кутузовқа ұқсатсам, оның адал
еңбегіне берген бағам бұл. Одан Суворов пен Кутузовтық ештеңесі де кеміп
қалмайды. Олардың есімі Отандық тарихымыздың төрінде бірі ұлы, бірі
данышпан қолбасшы ретінде мəңгі жарқырап тұра береді. Ал Чистяков ұлы
да, данышпан да қолбасшы емес. Ол не бары адал коммунист, Отанның
қажырлы солдаты ғана. Сондықтан да ол осы ғаламат қиын іске иығын
тосты. Өзің ойлашы, саған мыңдаған адамның тағдырын қолыңа ұстатып,
мына темір коридорға кір де, оның ар жағындағы темір қабырғасын тесіп
өт десе, барар ма едің бармас па едің? Бұйрық болғаннан кейін барсаң
барарсың да. Бірақ, адамдардың обалына қалмай оларды ары қарай алып
шыға аласың ба, жоқ па? Əңгіме осында ғой. Сондықтан да ол осы екі жүз
шақырымдық жорықта солдаттармен иық тіресіп қатар жүрді. Əрқашан да
алдыңғы шептен табылды. Қай жерде қиыншылық сезілсе, сол жерге
шапқылап өзі барды. Түнде түні бойы көз ілместен отырып, қолға түскен
тұтқындардың
берген
жауаптарын
тыңдады.
Оның
шындығын
барлаушылардың жау тылынан əкелген ақпарларымен салыстырды. Өстіп,
көрер таңды көзімен атқызып, ертеңгі ұрыстардың дұрыс шешімін табуы,
қателеспеуі керек. Мұнда сағат сайын сөйлесіп, кеміңді көрсетіп, жөніңді
түзеп беріп отыратын майдан немесе армия командашысы жоқ. Сол
екеуінің ойлайтынын жалғыз ойлап, олар қабылдайтын шешімді жалғыз
табуың керек. Ал Чистяков болса, мұз жарғыш кеменің капитаны
іспеттеніп, жан-жақтан, төбеден жауған оқ астында қасқая қарап тұрып
дивизияны ұрыспен алға бастады. Қасымда командашы жоқ деп
қысылмады. Оның есесіне ол қарамағындағы офицерлермен үзбей


ақылдасып отырды. Кейде ол бізге қарап: «Менің кіші академиям
сіздерсіздер ғой. Ал сіздер не айтасыздар?» деп əзіл тастап, күлімдеп те
қоюшы еді. Олай дейтіні Иван Михайлович Бас штабтың академиясында
оқып жүргенде соғыс басталып кетіп, содан майданға келген кісі ғой. Міне
осы жорық кезінде солдаттар мен офицерлер оны «екінші Панфилов» деп
атады.
Панфиловтың атына дақ түсірмей, оның дəстүрін дивизия арының туы
деп біліп, жоғары көтере ұстады да, Чистяков оны тағы бір даңқты жолға
бастады. Бірінші февральда дивизия Валдай — Старая Русса тас жолына
шықты. Үшінші февральдың екпіні атты кісіні құлатарлық боранды түнінде
1075 жəне 1073-ші полктардың алғы батальондары тас жол бойындағы
немістердің алғы шебіне жетті. Олар кідірместен ұрысқа кірісіп, Бологое —
Старая Русса темір жолын кесіп тастады. Осыдан кейін Красикове,
Брагино, Козырево, Фильшево сияқты ондаған деревняларда осындай қиян-
кескі ұрыстар болды. Солардың бəрінен немістерді сырғыта айдаумен
келіп, дивизия жаудың Старая Русса қорғанысын талқандады. «Қара бура»
жығылған өркештері салаңдап, енді Холмға қарай қашты. Оны қақпалап
қуалай отырып, екі жүз километрлік ерлік жорығын аяқтап, Холм
қаласының түбінде Калинин майданының 3-ші екпінді армиясына келіп
қосылды.
Ең алғаш Нахабино селосында көрісіп, қауышқаннан кейін, осы жорық
үстінде мен Чистяковпен бірнеше рет кездестім.
Дивизия ең алғаш дұшпанның шебін бұзып, жолбарыстай атылып жау
тылына өтер түні біздің полктың алдына қойылған міндет Ново-Свинухово
қыстағын басып алу еді. Немістерді маңдайдан жəне екі бүйірден соғып,
қатты ұрыстан кейін қыстақты тартып алдық. Оқ атылған жерде өлім аз
болмайды. Қыстақта кəперсіз жатқан немістер қатты қырылды, азын-аулақ
бізден де шығын болды. Таң ата немістердің ең соңғы тобын деревня
аузынан желкелеп шығарып жатқанымызда кенеттен генерал келіп қалды.
Тұлғасына Қиыр Шығыстан көзім қанғандықтан басына солдат
құлақшынын, үстіне қоңырқай шинель киген, аяғында қалың ұлтанды
шаруа етігі бар орта бойлы, тығыршық денелі төртбақ адамның генерал
Чистяков екенін бірден таныдым. Жан-жағына жіті көз салып, асықпай
аяңдап келе жатқан генералдың алдынан шығып, рапорт бердім. Полктың
бұйрықты уақытында орындап, қыстақты алғанын айттым.


— Шығын жоқ па? — деді генерал.
— Азын-аулақ бар, жолдас генерал.
Комдив қабағын шытты.
— Бұл жауабыңыз маған ұнамайды, — деді ол. — Азын-аулақ емес, бір
де жауынгерден айырылмауыңыз керек. Біз көрші ауылға тойға кетіп бара
жатқанымыз жоқ жолдас капитан. Біз қалын жаудың ортасына кіріп ойран
салуға кетіп барамыз. Қазір осы деревнядан ілгері аттағаннан кейін, жол
тарта топырақ сүзген бульдозердің ізіндей болып, артымызда тар коридор
пайда болады. Корпус біздің соңымыздан ілесе сол коридорға кіреді де өзге
құрамалардың күшімен екі жақ бүйірімізді шегендеп отырады. Біздің
міндетіміз корпусқа жол ашып, тоқтаусыз ілгерілей беру. Ол үшін бізге өз
күшімізді сақтай білу керек. Өйткені бізге сырттан келіп қосылар бір де
солдат болмайды.
— Кінəлімін, жолдас генерал, — дедім мен комдивтің орынды
ұрысқанына өзге жауап таба алмай.
— Сіздің кінəңіз мынада, жолдас Момышұлы. Сіз жауды, жалынғандай
боп, деревнядан қолынан бір-бірлеп жетектеп шығардыңыз. Сіз құтқарып
қоя берген жау ертең алдыңыздан шығып, рақым жасайтындай көрдіңіз.
Фашистерден бізге ешқандай рақым болмайды. Сондықтан оларды қоршап
алып, құртып жіберуіңіз керек еді.
— Ақылымыздың жеткені осы болды, жолдас генерал. Мен жіберген
бір топ əскер мына қалың қарда омбылап жаудың желкесіне шыққанша таң
атып кетеді деп ойладым.
Генерал көзін шүйіре қалып, жау кеткен жаққа назар салды. Оның
ойланғанда өстетіні де маған бұрыннан мəлім. Содан кейін сəл басын изеді
де:
— Шығынсыз соғыс болмайды ғой, — деді. — Бірақ оның орынды,
орынсыз деген екі түрі болады. Əрине, біз үшін соның екеуінің де
болмағаны жақсы. Мен сондықтан айтып жатырмын. Мына қалың қарда
қоршау қиын да болған шығар. Бірақ болашақта осы əдісті кен
қолдануымыз керек, жауды қоршап алып құртып отыру қажет. Осы есіңізде
болсын. Бүгінгі ұрысты өзіңізге бір сабақ деп қабылдаңыз. Келесі жолы


содан қорытынды шығаратын болыңыз.
Генералдың маған жорықта жасаған бірінші ескертпесі осы болды.
Бұған мен шамданғаным жоқ. Қайта ақылын айтқаны үшін разы боп
қалдым. Бəсе, бұл кісі осындай адам болса керек еді ғой, деп көңілденіп,
полкімді ілгері қарай бастадым.
VII
Автор. Бауке, Сіз ол кезде 1075-ші полк командирінің орынбасары емес
пе едіңіз? Полкті Сіз басқарып жүрсеңіз Капров қайда болып еді?
Бауыржан. Орынбасар екенімді қайдан білесің?
Автор. Архивтен алынған документтерден. Өзіңізге берілген куəліктен
білемін.
Бауыржан. Қандай?
Автор. Міне, мынадай. Мен Сізге оқып берейін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет