АқИҚат пен аңыз роман-диалог бірінші диалог I



Pdf көрінісі
бет3/32
Дата29.09.2022
өлшемі1,61 Mb.
#40875
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
КЕЛУ КАРТАСЫ № 20
Азамат Момышұлы Шымкент шақыру комиссиясының ұйғарымы
бойынша əскерге жарамды деп танылып, 8 командаға тіркелді.
Сол себепті ол 1932 жылдың 7 ноябрінде сағат 7-де Шымкент
қорғанына келуге міндетті.
Комиссия председателі (Қол қойған).
Іс жүргізуші (Қол қойған).
(Мөр басылған).
Автор. Кітаптарыңыз неше рет басылып шықты? Қандай тілдерге
аударылды?
Бауыржан. Кітаптарымның күні бүгінге дейінгі тиражы бір миллион
данадан асты. Олардың жеке тараулары чех, поляк, испан, француз,
ағылшын тілдерінде басылып шықты. Толығырақ болып өзбекшеге
аударылды.
— Əскери қызметті мен Термезде өтедім. Қызыл əскер болдым.
Жауынгер қатарыңда тапсырма орындай жүріп, үздік қызыл əскер атағына
іліндім. Полкымыздың командирі Дмитрий Коваленко деген кісі еді. Бір
күні стрельбищеде болған жаттығуда сол кісінің көзіне түстім. Алғашқы
əскери ұстазым Николай Редин деген кісі күні бүгінге дейін көз алдымда.
Бұл жайында мен «Помкомвзвод Николай Редин» деген əңгімемде жаздым.


Оны кітаптан оқып ал.
Мен ол əңгімені оқығанмын. Бауыржан Момышұлының 1962 жылы
шыққан «За нами Москва» кітабының ең соңғы беттері нақ сол əңгімемен
аяқталады. Бауыржан, ұзын, етсіз саусақтарымен мұртының екі жақ
шалғайын кезек сипап, сəл тыныс алған осы бір сəтте сол əңгімені есіме
алдым. Əңгіменің бас жағында Николай Рединнің жас қызыл əскер
Момышұлын қалай үйреткені, оны қалай мергендікке баулығаны
баяндалады. Дивизия тексеруге Буденныйдың орынбасары генерал Когосов
келгенде, қызыл əскер Шылымылының (Момышұлының) үш минутта отыз
екі оқ шығарып, оның жиырма екісін нысанаға тигізгені, осы шапшаңдығы
жəне мергендігі үшін генералдың Бауыржан мен оның ұстазы Николай
Рединге алғыс жариялағаны айтылады. Ұстаз бен шəкірт осыдан он
жылдан аса кейін, Ұлы Отан соғысының майданында кездеседі. Бұл кезде
Бауыржан Момышұлы дивизия командирі де, Николай Васильевич Редин
сол дивизияға қарасты танкке қарсы қолданылатын артиллерия
дивизионында взвод командирі. Бірақ Бауыржан алғашында бұрынғы
ұстазының өз қарамағында қызмет ететінін білмейді. Тек бір ұрыста Редин
есімді артиллеристің бес танк жойғанын естіп, сол адаммен танысқысы,
жүздескісі келеді. Ол Бауыржанның бірінші ұстазы Николай Рединнің өзі
болып шығады. Содан кейінгі ұрыстардың бірінде ауыр жараланған Редин
Бауыржанның көз алдында қаза табады. Əңгіме былай аяқталады:
«...Телефон шырылдады.
— Жолдас полковник, — деді таныс емес əйел даусы, — мен
дəрігермін. Ғафу етуіңізді сұраймын. Бізге жаңа ғана старшина Рединді
алып келді, жарасы өте ауыр...
Мен
дереу
медсанбатқа
жеттім.
Зембілде
жатқан
Николай
Васильевичтің жүдеу жүзі құп-қу болып кетіпті. Палатадан қан мен қарағай
қылқанының исі мүңкиді.
Мен келіп кіргенде, Редин қарманып орнынан тұрмақ болды.
— Бауыржан! — деді ол маған. — Келіп қалдың ба? Көрмейсің бе,
немістердің омыртқамды омырып жібергенін... Комдив келгенде орнымнан
да тұра алмай қалдым!.. Бұдан өткен өкініш бола ма, Бауыржан. Сен менің
мұнымды ғафу ет, қалқам...


— О не дегеніңіз, Николай Васильевич, о не дегеніңіз, қымбаттым,
тұрудың керегі не!. Ұстаздығың үшін, қызметің үшін көп рақмет саған,
Николай Васильевич! Рақмет саған, қымбаттым!
Ол көзін ашып, сұп-суық боп мұздап бара жатқан қолын ұсынды да,
даусы естілер-естілмес болып былай деді:
— Сен солай дейсің бе?.. Совет Одағына қызмет етемін! — Бұл оның ең
соңғы сөзі болды.
Мен оны құшағыма алып, еңіреп қоя бердім.
Менің алғашқы ұстазым, тұңғыш командирім Николай Васильевич
Редин осылай дүниеден қайтты».
Автор. Сіз жайында ел ішінде айтылатын аңыз орасан көп. Қазіргі
жазба əдебиеттің заманында ауыз əдебиетінің де кейіпкері болып жүрген
екі-үш адам бар. Олар: С. Мұқанов, Б. Момышұлы жəне С. Жанбаев. Өзіңіз
туралы етек алып кеткен сол аңыздар жайында не айтар едіңіз.
Бауыржан. Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде
мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде
əркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасқамын жоқ,
жамандады деп жасығамын жоқ. Қара қылды қақ жарғанды мақтайды да,
боқтайды да ғой, қарағым.
V
Автор. Жазушылыққа шындап қашан бет бұрдыңыз?
Бауыржан. Партия мен үкімет əскерде көп қызмет істедің, демал деп,
айына екі жүз сом пенсия тағайындап, ауылыма қайтарды. Елге келгеннен
кейін екі қолым алдыма сыймады. Қызметке тұрайын десем, мамандығым
жоқ. Қалай дəрігер, агроном бола алмағанымды жоғарыда айттым.
Мамандығым болмаған соң маған жұмыс бер деп ешкімге айта алмадым.
Қарап жүруге тағы да болмады. Аз болсын, көп болсын біраз өмір сүріппін.
Сол өмірде көргендерім де аз емес екен. Айтсам арттағыларға ғибрат
боларлық та жайлар жеткілікті сияқты. Білім де, тəжірибе де, оларды айтып
беруге тіл де баршылық. Қазақта: «Сайтан өлмейді, адам өледі» деген
нақыл бар. Ендеше, ерте ме, кеш пе, мен де сол өлетіндердің бірімін.


Осыларды ойлап отырдым да бір күні: «Менің білімімнің, тəжірибемнің,
əй, құдай біледі, ана дүниеге керегі жоқ шығар. Енді қалған өмірімде
көрген-білгенімді жастарға айтып кетейін» деп қолыма қалам алып, жазу
жұмысына кірістім. Өзім көрген асыл азаматтар өнегесін, өз тəжірибемді
өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі етіп қалдыруды адамгершілік парызым деп
білдім. Жазушылыққа осылай бет бұрдым.
Сөйтіп, бір жыл өтті. Мен əскери борышымның мерзімін өтеп болдым.
Осы кезде Коваленко маған взвод командирі болып əскерде қалсаң қайтеді
деген ұсыныс айтты.
— Кəрі əкенің жалғыз баласы едім, — дедім мен оған. — Қатардағы
қызыл əскер ретінде парызымды өтедім ғой. Өмір бойы əскери адам болсам
деп ойлаған кісі емеспін. Сондықтан мені елге қайтаруыңызды өтінемін.
Коваленко қарсы болған жоқ. Қыс түсе мен əскерден босап, елге
қайттым.
Автор. Сіз өзіңіздің мақал, мəтелдеріңізді қалай шығардыңыз?
Бауыржан. Мақал, мəтел — өмір тəжірибесі. Қиналған, қысылған
сəттерің мен шақтарың бар, сол қысылшаң кезден қалай құтылғаныңды
оймен өрнектеп, сөзбен кестелесең, тұжырып қысқа бейнелесең нақылға
айналады. Қол астыңда пəлендей мың солдат болып, оның пəлендей
семьясының тағдыры жəне сенің мойныңда болса, ойланбай отыра
алмайсың. Сонымен солдатты өлімге жұмсау да оңай емес. Қарамағымдағы
жауынгерлер маған тек бағынышты ғана болған жоқ. Олардың ішінде
ақылгөйлері де көп болды. Кейде солардың ауыздарынан асыл сөздер
атқылап жатады. Мен елден естігенімді, оймен елеп, екшей бердім.
Екшегенімді ерінбей қағазға түсірдім.
Автор. Сіздің сол көп нақылдарыңыз ішінде əсіресе өткірі, уыттысы
«Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық» деген мақалыңыз қалай туып
еді?
Бауыржан. Жақсы командир жауынгерін зор етеді. Жаман командир
офицерін қор етеді. Генерал Панфилов қайтыс болғаннан кейін аз уақыт
болса да осындай бір командирге тап болдық та, ол бүкіл дивизияның
берекесін алды. Сондай бір қысылғанда ауыздан шыққан сөз ғой бұл,
қарағым.


Мен қақпайлағанмен Баукең өзі нысана тұтқан желісінен ауытқысы
келмейді білем, өз арнасына қайта түсе жөнеледі.
— Сонымен 1933 жылдың аяғында, қақаған қыста, шинелімнің екі етегі
делеңдеп, шлемімнің екі құлағы салпаңдап, Бурныйға тоқтаған поездан дік
етіп жерге түстім. Поезда келе жатқанда Тайганың алдан қашқан ақ
түлкісінің құйрығындай жеп-жеңіл, жұп-жұмсақ сияқтанып, дала бетінде
бұлаңдап тұрған боранның жерге түскенде екпіні ер жігітті алып соғардай
қатты екен. Маңдайында қызыл жұлдызы жарқыраған шошақ шлемнің екі
құлағын иегіме қамзау етіп байладым да, алдымен ауыл жаққа қарадым.
Ауыл көрінбейді. Мынау сансыз ақ түлкінің құйрығындай бұлаңдаған ақ
түтектердің ар жағында, төрт-бес шақырым жерде ғана тұр. «Жүр-жүрлеп!»
жүректі сағыныш жетелейді. «Сабыр, сабыр!» деп санам тартпақтайды.
Жас адамға жүрек — би. Сана билейтін шар тартқан кез емес еді ғой ол.
Сақылдаған аяз, соғып тұрған боранға қарамастан: «Қайдасың аяулым,
ауылым? Қайдасың ата-ана, бауырым?!»—деп, Мыңбұлақты бетке алып,
жүрдім де кеттім.
Боран менің кеудемнен соғады, мен оны кері итеремін. Екеуміз теке
тіреспен келеміз. «Айналайын даламның ақ бораны! Бауыржан əскерде
қандай азамат болды екен деп сынағын келетін болар сенің. Сына! Ал
аяғымнан! Күрес менімен. Бəрібір Бауыржан сенің қиқағыңа көнбейді!»
деймін өз-өзімнен күбірлеп.
Сөйтіп, Евгеньевканың тұсына жеттім. Жол селоға соқпай, сыртымен
өтетін еді. Бала күнімде көшесінде талай рет асыр салған село көзіме жылы
ұшырап кетті. «Евгеньевка, амансың ба, ей?» дедім бар даусыммен
айқайлап. Менің аузымнан шыққан айқайды боран ала қашып, естіртпеді-
ау деймін, сірə, мұржалары қиқиып, шатырлары тоңған торғайдың
қанатындай қобырап тұрған село бері қарай жүрмей, ары қарай алыстаған
сияқтанып, көзімнен ғайып болды. Тағы да аз-маз тұрдым. Боран сəл
толастап, село қайта көрінді. Көзіммен Гончаровтардың үйін іздеп таптым
да: «Əй, Василь, не істеп отырсың?» деп тағы бір саңқ етіп, қайтадан
ауылыма қарай аяңдадым.
Бір кезде қар ойылып кетіп, белден келер тереңге гүмп еттім.
Мыңбұлаққа жеткенімді сонда ғана білдім. Өйткені біздің ауылымыздың
айналасы сансыз бұлақ болатын. Сондықтан да ол жер Мыңбұлақ атанған.
Ол бұлақтардың суы қыста қатпайтын, жылы болатын. Осындай боран


соғып тұрғанда бетін қар бүркеп қалғаны болмаса, боран басылысымен
бұлақтар бетін ашып, бойларынан буы бұрқырап жататын. Сөйтсем мен сол
бұлақтарға келіп сүрінген екенмін.


Ит үрді. Мыңбұлақтың босағасына жеткенімді енді тіпті айқын сездім.
Сартылдатып қақпаны қаққан түнгі жолаушыдай болып, жұдырықтай
жүрегім кеудемді ұрғылады. Бірақ бір таң қалғаным бұрын ауылда бір ит
үрсе, дереу оған екіншісі қостап, шəңкілдеп үшіншісі, маңқылдап
төртіншісі қосылып, шыға келетін еді. Сөйтіп, ит үнінің ансамблі туатын
еді. Сонда маған біріне-бірі үн қосу жағынан иттен ұйымшыл еш хайуан
жоқ шығар деген ой келетін. Енді міне тарқаған ансамбльден қалған
жалғыз əншідей болып, жалғыз ит қана шəуілдейді.
Автор. Ең жақсы көретін ұлттық тамағыңыз не?
Бауыржан. Быламық пен ботқа, тары көже, күріш көже, сұлы көже, бір
сөзбен айтқанда көжелер. Бұлардың бəрі мені «ашаршылықта жеген
құйқадай» аузымда дəмі мəңгі қалған астар. Қазір біреу «ашыған бидай
көже» деген сөзді аузына алса, мен арақ көрген алкоголиктей болып, өз-
өзімнен тамсана бастаймын.
— Боранды күндері ауыл үйлерінің есігі бекітулі болады. Бұйығып
əркім өз отының басында отырады. Ондайда кезеген аяқ қыдырмашылар да
қыбыр ете алмайды. Міне, осындай сəттің бəрінде, кешке таман, бораннан
бұғып, Жуалының бауырына тығыла жым-жырт боп жатқан ауылыма
келдім. Үстін жым-жылас етіп қар басқан, жым-жырт ауылым маған
жайнаған жəрмеңкедей боп көрінді сол сəтте.
Біздің үйдің қақпасы бекітулі екен. Жүгіріп отырып, үй сыртындағы қар
басқан терезеге бардым. Бетімді суық шыныға тақап тұрып əкеме дыбыс
бердім.
— Бұл кім? — деп жалғыз ұлын сағынып, елегізіп отырған əкем терезе
алдына келді.
— Жəке, мен ғой! — дедім даусым балапандай шар ете түсіп.
— Əй, Айқан, етігім қайда? — деген əке даусын жəне естідім. Содан
соң шинелімнің Мыңбұлақтың суына малынып, сауыс боп қатып қалған екі
етегімен омбы қарды сызып, асыға қақпаға қарай жүгірдім.
Алыстан аңсап келгенде туған үйінің есігін алдыңнан шығып əкең
ашқан қандай ғанибет десеңші, шіркін! Екі аяғын қоңылтаяқ етікке сұға


салып, көйлек-дамбалшаң жалаңбас жүгіре шыққан, көзінен ыстық жасы
сақалына моншақтаған сол сəттегі əке суреті жүрегімде мəңгі сақталып
қалды.
Əкемнің асырап салған Бегімше деген қызы болушы еді. Есік ашуға сол
қоса жүгірген екен. Əкем мені құшақтап, мауқын басқаннан кейін
Бегімшені көкемдердікіне жұмсады.
— Бар, Бауыржан келді деп хабарла! — деді.
Жəкемнің жүрегінде қаншама маған деген сағыныш, мақтаныш, үміт
жатқанын мен сонда ғана аңғардым. Бірақ мен əкемнің кəрі жүрегін
сыздатқан сағынышын сəл басқанмен, аталық асыл мақтанышын ол кезде
ауыл төңірегінен асыра алмадым. Үмітін үлбіретіп көзі тірісінде қолына
ұстата алмадым.
VI
Автор. Арғы-бергі əнші композиторлардан кімді ерекше бағалайсыз? Əн
мен күйден аса ұнататындарыңыз қайсылары?
Бауыржан. Тоқтай тұрғын. Мен ойымды аяқтағамын жоқ əлі... Не дедім
мен? Иə, үмітін үлбіретіп көзі тірісінде алақанына апарып қондыра
алмадым. Өзіне өмір берген асыл ата-анаңның қасиетті қарызын өздерінің
алдында өтей алмай өту де арман екен-ау, қарағым. Олар: бізге қарызыңды
өзіңнің
парызыңа
айналдырып,
біздің
немерелерімізге
бер
деп
қайрылмастан кете береді екен ғой жарықтықтар. Ал немере дегендері
сенің асыл борышыңды иесіне адал өтегеніңді білсе жақсы, білмесе
жаныңа жамау ғой ол да бір. Əркімнің өз қарызын өзіне өтегенге не жетсін
өмірде! Алғаныңды ақы иесіне қайыру да ғанибет қой, қарағым. Ал жаңағы
сұрағыңды қайтадан қойғың.
Автор. Арғы-бергі əнші, композиторлардан кімді ерекше бағалайсыз?
Əн мен күйден аса ұнататындарыңыз қайсылары?
Бауыржан. (Аз ойланып алды). Бұрынғы классик күйші, ардагер
əншілердің бəрін де ұнатамын. Ал қазіргі əнші, композиторлардан
көпшілігін жоғары бағаламаймын. Өйткені кейбір əншілер қазақ əнінің
əуенін бұзып, үнін өзгертіп, қазақтың тілін тұтықтырып, сөзін сындырып
айтады.


Осыдан кейін домбыра шерткен сияқтанып, сол қолын көтере ұстап, он
қолын сермеп, сөзін айқын етіп, «Қаракесекті» əндетіп шықты.
Сұрасаң руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.
Дұшпанның қуғындаған жаласынан,
Жатқаным қу қарағай болып төсек.
Міндім де қаракөкпен жылыстадым,
Бардым да Қараөткелге жыл қыстадым...
— Бұл нағыз əн ғой? — деді Бауыржан маған басын изеп.
— Əн.
— Қандай əн?
— Жақсы əн.
— Жақсы дейді ғой, — деді ол қабағын шытып, — Трагедиялық əн емес
пе?
— Иə, қасіретті, қайғылы əн.
— Ендеше осы күнгі əншілер бұл əнді былай етіп айтады:
Сұрасаң аруымды Қара-кисек, Досымнан дұшпаным куп қылған осек.
Миндим де қоракукпен жылыстадым, Бардым да Қарауткелге жылқы
ұстадым...
Бауыржан осылай, өлеңнің алғашқы түсінікті сөздерін адам ұқпастай
етіп өзгертіп, көзін ойнақыландырып, ырғаңдап, селкілдеп отырып,
қайтадан əндетіп шықты.
— Міне, көрдің бе, кейбір əншілер қайғыны биге, қасіретті арзан
күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібереді. Ендеше, мен неге ондай
əншілерді жақсы көруге тиіспін?.. А?..


Осылай деп ол маған ежірейе қарап, қатты ақырып қалды. Осы кезде
ана жақтан əйелі жүгіріп келіп, есікті ашып жіберді де, жапалақтап менің
бетіме қарады. Тегі Баукең екеуміз бірдеңеге шатақтасып қалды ма деп
сасқалақтап келгенге ұқсайды.
— Бауыржан, немене, мені шақырдың ба? — деді одан соң күйеуіне
бетін бұрып.
— Əй, жапқын есікті! — деп Бауыржан əйеліне қолын бір-ақ сілтеді.
Кəмəш есікті жауып, кетіп қалды. Сəл үнсіз түксиіп отырды да,
Бауыржан сөзін қайтадан жалғады.
— Мен бұрын Күлəш марқұмның əндерін көзім жасаурап отырып
тыңдайтын едім. Қазір Бибігүл əн айтқанда үнсіз егілемін. Ертеде қазақтың
классикалық əндері тек еркек əншілердің ғана аузымен тараған еді. Қазіргі
классикалық əндер əйел əншілеріміздің көмейіне ұялаған... Иə, жаңа қай
жерге тоқтап едім?
— Момынқұл көкем мен Саракүл жеңешем келді жүгіріп. Біздің үйдің
іші лезде мəре-сəре болды да қалды аяқ астынан.
Бұрын үйіміз едəуір мүлікті болушы еді. Ертеңінде айналама көз салсам
төрдегі жүк те, төсектегі жиһаз да жұтаң тартып кетіпті. Солардың бəрі
тамаққа жұмсалыпты. Мен келген күні біздің үйде небəрі бір пұттай ғана
ұн қалған екен. Сол азғантай ұннан күн сайын бір уыстап алып, быламық
істеп күн көріп отырса керек. Бір үйлі жанның қыстан шығар бар үміті
соған тіреліпті. Үйдің осы жайын көргеннен кейін, келген бетте суық тиіп,
ауырыңқырап қалғаныма да қарамастан 2 — 3 күннен кейін Шымкентке
тарттым.
Алдымен өзімнің ескі ұям — өнеркəсіп банкысына бардым. Барсам
Дубовик əлі сонда екен. Оны көріп мен қуанып, мені танып ол шаттанып,
екеуміз мəз-мейрам болдық.
— Əскерден келдің ғой?
— Əскерден.
— Арнап маған келіп тұрсың ғой?


— Иə, сізге, Тимофей Терентьевич
— Бірге қызмет істейміз ғой?
— Істейміз. Мен əзірмін.
Бұрынғы Корнеев ақсақал кетіп қалған екен де, оның орнына экономист
болып, Догалин деген кісі келіпті. Бас бухгалтер болып сақал-шашы əппақ
қудай Бурмистров деген шал отырыпты. Дубовик мені оларға таныстырды.
— Біздің бұрынғы қызметкеріміз. Əскерге барып келді. Мұнда қайтадан
қызметке аламыз, — деді ол.
Дубовик мені жалақысы жоғары деп кен істері жөніндегі аға экономист
етіп тағайындады. Бұйрықтың екінші пунктіне маған көшіп-қону қаражаты
босатылсын жəне 30 сом жəрдем жасалсын деп жəне қосты. Бухгалтерге
есептеттіріп, барлығы 110 сом ақшаны қолыма ұстаттырды да:
— Ал Бауыржан, осы қазір үйіне жөнел, — деді Дубовик. — Мына
ақшаның жартысынан көбін қарттарға бер. Сен он бес күннен кейін тағы да
жалақы аласын. Өзіңе сол жетеді. 2—3 күн үйіңде аунап-қунап, жұмысқа
біржола көшіп кел.
Тек əке ғана жасайтын жақсылықты Дубовик маған тағы да жасады.
Шинелімнің екі етегі делеңдеп тағы да ауылға жеттім.
— Оу, неғып тез келіп қалдың? — деп үйдегілер үрпиісіп қалды.
— Қызметке тұрдым, — дедім мен жайраңдап.
— Қалай тез болды? — деп таңданысты бəрі.
Мен Дубовиктің жасаған жақсылығын айттым.
— Біздің Бауыржанның жұлдызы орысқа жүреді, — деп Момынқұл
көкем желпініп-желпініп жіберді.
Мен əкемнің алдына ақшамды жайып тастап:
— Жəке, керегінше алыңыз, — дедім масайрап.


Əкем санап отырып жиырма сомын ғана алды.
— Жоқ, жартысынан көбін алыңыз, — дедім Дубовик айтқандай.
— Əй, шырағым, біз үйдегі адамбыз, сен түздегі жансың. Бізге осы да
жетеді, елмен қатар күн көреміз. Жырақта жүріп, өзің қиналып қалма,
қарағым.
— Жоқ бастығым сізге алпыс сом алсын деп айтқан, — дедім де, əкеме
тағы қырық сомын қосып бердім.
VII
Автор. Сіз домбыра тартасыз ба, қобыз шаласыз ба?
Бауыржан. Жоқ екеуін де білмеймін. Тек пианино, рояльда ойнаймын.
Автор. Қазақтың қандай ұлттық дəстүр, қасиеттерін жақсы көресіз?
Бауыржан. Қазақтың қонақжайлығын жақсы көремін. Өйткені, бұл тек
коммунистік қоғамның мүшелеріне ғана тəн қасиет. Қазақтың досқа деген
мейірбандығын ұнатамын. Мұнда халықтар достығы мен пролетарлық
интернационализмнің
асыл
ұрығы
жатыр.
Қазақтың
қас-жауға
қаһармандығын қадірлеймін. Мұнда Отанды қорғаудың қасиетті сезімі
сақталған. Үлкенге жол беріп, құрмет көрсететін, сол сияқты кішіге
көмектесіп, ізет істейтін сыпайылығын сүйемін. Бұл коллективтік
тіршілікті құрметтеу. Жастарының ата-аналары алдындағы перзенттік
борышқа адалдығын ардақтаймын. Бұл — адамгершіліктің негізі. Жас
семьядағы жарастықты жаным сүйеді. Бұл — семья — мемлекеттің
қауіпсіздігінің негізі. Кəрі-жасының ерінбейтін еңбекшілдігін жаратамын.
Бұл — жан-жақты өркендетудің сипаты. Əке мен баланың, ағайын
арасының ұйымшылдығын ұнатамын. Бұл — мемлекеттік бірліктің басы.
Тағысын тағылар. Социалистік өмірімізге жанасымды дəстүр, қасиеттердің
бəрін де жақсы көремін, қарағым.
Автор. Рақмет, Бауке. Енді Сіз Мыңбұлақтан Шымкентке айтатын
шығарсыз?
Бауыржан. Үйде екі-үш күн болып, қайтадан Шымкентке келдім.
Дубовик өзің келгенше саған бөлме дайындаттырып қоямын деп еді. Ол


сөзінде тұрыпты. Маған деп əзірлеттірген оңаша бөлмеге бастығымның өзі
бастап келді. Соқа басты жігітке шағын бөлменің өзі даладай болып
көрінеді екен. Үстімдегі шинелімнен басқа не астыға салар, не басқа
жастанар ештеңем жоқ. Жапанға шыққан жалғыз ағаштай болып, бөлменің
ортасында сойдидым да қалдым.
— Саспа, — деді Дубовик менің қысылып тұрғанымды аңғарып. —
Қазір саған Борис бауырың матрац, жастық, көрпе əкеліп береді. Өзің
төсек-орын сатып алғанша, соны лаждай тұрарсың.
Тимофей Терентьевич аузын жияр-жимаста болған жоқ, есіктен бір
матрацты көтеріп Борис кіріп келді. Оның артынан бір жастық пен көрпе
құшақтап Дубовиктің əйелі енді. Əкем, шешем, інімдей болып қамқорлық
жасаған осы бір тамаша семьяның жан жылуы өмір бойы менің жүрегімде
қалды. Дубовик сол кезде елуге тақаған кісі еді. Тегі ойлаймын ол Москва,
Ленинград сияқты үлкен қалалардан үлгі, өнеге тарата келген ескі қарт
большевиктердің бірі болуы керек. Мұндай мейірім большевиктердің ғана
қанына сіңген қасиет қой.
Автор. Александр Бекпен қалай таныстыңыз?
Бауыржан. Оны Бектен сұрағын.
Мен оны Бектен де «сұраған» болатынмын. Бірақ Бек маған Жарытып
жауап бермеген. Оның 1968 жылы шыққан «Почтовая проза» дейтін
кітабының алғашқы беттерінің бірінде кішкентай ғана төрт абзац бар.
Сонда Бек 1942 жылдың басында Старая Руссаның түбінде тұрған
Панфилов дивизиясын іздеп барғанын, генерал Панфилов жайында
материал жинағанын айтады. Екінші орталық кейіпкерім — Бауыржан
Момышұлын да өмірдің өзінен алдым; оның полкында бір айдай болып,
марттың бас кезінде кейін қайттым. Кетерімде полк комиссары Логвиненко
мені шығарып салып тұрып:
— Сіз қыранның ұясында болдыңыз. Байқаңыз, сары ауыз балапан
болып қап жүрмеңіз, — деп еді.
Осы сөз əрқашан да ойымда жүрді. Повестке кіріспес бұрын
панфиловшыларға тағы да 5 — 6 рет барып қайттым. Содан кейін барып
повесті жазуға отырдым дейді. Бектің маған бар «айтқаны осы ғана
болатын.


Бұл таныстық жайын Бектен гөрі Александр Кривицкий 1964 жылы
шыққан «Ұмытпай мəңгі» деген кітабында əлдеқайда толық етіп баяндаған
еді. Мен соны есіме алдым. Кривицкий кітабының «Москва қақпасының
сақшысы» деп аталатын ең алғашқы бөлімінде «Момышұлының көк
дəптері» жəне «Бранденбург қақпасы» деп аталатын екі тарау бар. Оның
біріншісінде атақты 28 батыр жайында «Красная звезда» газетінде ең алғаш
очерк жариялаған əскери тілші А. Кривицкийдің Москваға Момышұлының
көк дəптерін ала келгені айтылады. Көк дəптер иесінің парасатты, білімді
командир екендігі суреттеледі. Соған дəлел ретінде автор көк дəптерден
бірнеше мысалдар келтіреді. Бауыржан Момышұлының солдаттарды
отаншылдыққа тəрбиелеу жөніндегі ойларын, пікірлерін айта келіп, мұның
өзі жүйелі əскери ғылым боларлық дүние екендігін көрсетеді. Ал
«Бранденбург қақпасында» Кривицкий Бауыржан Момышұлы мен
Александр Бек екеуінің қалай танысқанын баяндайды.
Соғыс басталған күні Александр Бек Москва түбіндегі дачада «Талант»
деген (соғыстан соң аяқталып, «Бережковтың өмірі» аталған) романын
жазып жатады. Соғыстың хабарын ести сала жаңа басталған романды
жинап тастап, дереу Москваға келеді де, екі аптадан соң өзі тіленіп
Москваның халық жасақшыларынан құрылған Краснопресня атқыштар
дивизиясына алынады. Жаз бойы сол дивизияның құрамында болған Бек
сол 1941 жылдың күзінде «Знамя» журналының əскери тілшісі болып
ауысады. 28 батыр жайында очерк жарияланғаннан кейін бір күні Бек
«Красная звезда» газетінің редакциясына келіп, Кривицкиймен жолығады.
Егер сен сол батырлар жайында көлемді ештеңе жазбасаң, мен жазайын
деген ойым бар еді дейді. Əскери газеттің күнделікті əуре-сарсаңымен
жүрген Кривицкий ондай ештеңе жазуға мұршасы жоқ екенін, мүмкіншілік
тапқан күннің өзінде күрделі нəрсе жазу қолымнан келмейтін шығар деп
қауіптенетінін айтады. Сонымен, 1942 жылдың февралында Бек поезбен
Холм қаласының түбінде тұрған Панфилов дивизиясына жөнеледі. Дивизия
саяси бөлімінің бастығы оны 28 батыр шыққан Капров полкына жібереді.
Капровқа келсе, онда офицерлердің мəжілісі болып, алдағы бір шабуылдың
жоспары талқыланып жатады. Мəжіліске құлақ салып отырған Бектің
назары орысша өте жақсы сөйлейтін, үні құлаққа жағымды, ойы жүйрік
қазақ капитанына ауады. Капитан талқыланып отырған жоспарды тас-
талқан етіп, өз ұсынысын баяндайды.
Мəжілісте сол капитанның айтқаны қабылданады. Москвадан келген
жазушы: «Менің осы капитанмен бірге кетуім керек» деген ойға келеді.


Оның соңынан қуа шықса, капитан ауыз бөлмеде əлдекіммен телефон
арқылы сөйлесіп жатады. Есіктен шыға берген Бек капитанның:
— Иə, көрдім. Маған оның көзі ұнамайды!.. — деген ашулы сөзін
құлағы шалып қалады.
Осыдан кейін Бек сасқалақтай бастайды. «Менің көзім бұл капитанға
неге ұнамайды» деп, өзінен өзі қуыстанып есі шығады. Осындай қолайсыз
күйге түскен ол үйден шығып, орманға қарай беттеген капитанның
соңынан қуып жетеді. Ол өзінің болашақ кейіпкері Бауыржан
Момышұлымен осылай танысады.
Танысқаннан кейін ол:
— Айтыңызшы, капитан, менің көзім сізге неге ұнамады? — деп
сұрайды.
— Қайдағы көзді айтасыз? — дейді алда кетіп бара жатқан Бауыржан
артына бұрылмастан.
— Менің мына көзім, — дейді Бек қолын өзінің көзіне тақап.
— Сіздің көзіңізде менің шаруам жоқ. Сіз солдат немесе қыз емессіз ғой
мен көзіңізге қарайтын!
— Осы жаңа ғана сіздің мен туралы: «Маған оның көзі ұнамайды»
деген сөзіңізді өз құлағыммен естідім ғой.
Бауыржан кілт тоқтап, артына жалт бұрылды да:
— Жолдас жазушы, сіз өзіңіздің көзіңізді, құлағыңызды, тұмсығыңызды
өзіңізге қатысы жоқ іске сұқпаңыз, — дейді Бекке қатаң үнмен. — Мен
жаңа штаб бастығымен сөйлестім. Оған артиллерия дивизионы бақылау
пункттерінің жайын баян еттім. Біз бақылау пунктін артиллерияның «көзі»
деп атаймыз. Маған сол пункттердің жабдықталуы ұнамады. Түсінікті ме,
сізге?
Алғашқы таныстықтары осындай оқиғадан басталған Бек полк
командирі Момышұлының қасында бір айдай болады. Неге екені белгісіз,
Кривицкий алғашында Бауыржан Бекті неше түрлі қинауға салды, онымен


сөйлескісі келмеді, сырын айтпады, əдебиет үшін Бек оның талай
қорлығына көнді, ақыры ол жеңді, Бауыржан əңгімесін айта бастады деп
суреттейді. Дивизиядан кетерінде полк комиссары Петр Логвиненко оған:
— Сіз қыранның ұясында болдыңыз. Бірақ өзіңіз қарға болып шығып
жүрмеңіз, — деп еді дейді.
Бұдан кейін Кривицкий Бектің алған материалын толықтыру үшін
дивизияға екінші рет келгенін, одан соң жазған блокноттарын жоғалтып
алып, оның үшінші рет келгенін айтады. Бек қанша қаймығып келгенімен
үшінші ретте де Бауыржан оған əңгімесін айтып береді. Сөйтіп,
«Волоколамск тас жолының» алғашқы повесі 1943 жылы «Знамя»
журналының бесінші, алтыншы номерлерінде, екінші повесі бір жылдан
кейін дəл сол номерлерінде басылып еді деп Кривицкий əңгімесін
аяқтайтын.
VIII
Автоp. Бір кезде «Адамдар тыңды көтерді, тың адамдарды көтерді»
деген нақыл сөз туған еді. Сол сияқты, Бек сізді көтерді, Бекті сіз көтердіңіз
емес пе? Кітап бітті, атақ шықты. Ендігі ара қатынастарыңыз қандай?
Бауыржан. Бектің кітабы барлық социалистік елдерде басылып шықты.
Польшада оны біздің «Абай жолы» романы сияқтандырып инсценировка
жасап, сахнаға қойды. Ол ағылшын, француз, неміс, итальян, испан, грек,
фин, араб тілдеріне аударылды. Финляндияда əскери академияда арнаулы
сабақ ретінде өтеді.
Бауыржан əңгімесін үзіп, «Қазақстан» сигаретіне тағы да қол созды.
Оның соңғы сөзі подполковник Омарбаев айтқан бір əңгімені есіме түсірді.
Мұқан Омарбаев Ташкент қаласындағы Рахимов станциясының
маңында тұрады. Ол екеуіміз төрт жыл майданда бірге болдық. Мұқан əлі
күнге дейін əскери қызметте келе жатыр. Ол менің сонау соғыстан бері
арамыздан қыл өтпеген ескі досымның бірі. Осыдан 2 — 3 жыл бұрын
жолаушылап келе жатып Ташкентке соқтым. Мұқан елдің хал-жайын сұрап,
мəз-мейрам болып қалды.
— Бауыржанның халы қалай, — деді ол бір сөздің ретінде, — көріп
жүресің бе?


— Көремін. Аман-есен.
— Менде Бауыржанның «Москва үшін шайқас» дейтін кітабы бар, —
деді подполковник. — Сендерді сағынған сайын сол кітапты бір оқып
қоямын. Ал енді бұл нағыз ерлік кітабы, елдік кітабы ғой, шіркін! Сонымен
бірге мен оны адалдықтың, адамгершіліктің, отаншылдықтың уставы деп
білемін. Қазір мынау жыл сайын қарамағымызға келіп жататын жас
солдаттарға осы кітапты сабақ ретінде оқытар ма еді деп те ойлаймын.
Əйтпесе Жоғары білім министрлігі институттарда өтетін əскери іс
сабақтарында осы кітапты оқытса, қандай жақсы болар еді. Мұның ішінде
тактика да, тəжірибе де, ұрыс та, ұтыс та — бəрі де бар. Бұл — бар
уставтардың ойлы да ұтымды жиынтығы. Бұл — жеңіс кітабы. Əр тарауы
— əскери ғылым, азаматтық білім. Біздің жас солдат кезімізде мұндай кітап
болған жоқ. Бұл кітаптың əскерге жыл сайын алынатын жас солдаттар
үшін,
Совет
Армиясының
болашақ
ұрпағы
үшін,
социалистік
Отанымыздың мызғымас беріктігі үшін қосқан, қосып отырған, алда да
қосар үлесі мол. Мəңгілік үлесі бар кітап бұл. Мен осылай бағалаймын.
Подполковник сəл ойланып алып, сөзін қайтадан жалғады.
— Кешегі соғыс халықтың миына тайға таңба басқандай етіп, оның
ерлерінің атын мəңгі есте қалдырып кетті! Сол ешқашан ұмытылмас
ерлердің бірі Бауыржан ғой. Есіңде бар ма, Бауыржанның есімін ең алғаш
мен сен берген бір журналдан оқып біліп едім. Содан бері ол менің
ешқашан да есімнен шықпас. Мынау Шымкент, Жамбыл облыстарына
жолаушы барғанда оның жаңа шыққан кітаптарын əдейі сатып алып
жүремін.
Бүгін подполковник, кешегі Ұлы Отан соғысының солдаты осылай
деген еді.
— Сөйтіп, біріншіден, Бек менің атымды ең алғаш дүние жүзіне
танытты. Екіншіден, ол менің жазушылық жолға түсуіме түрткі болды.
Міне, осы үшін мен оған əрқашан да рақмет айтамын.
IX
Автор. Менің өз басым кейіпкер Бауыржанды кəдуескі Бауыржаннан
жоғары-ау деп ешқашан да есептеген емеспін Бауке. Жаңа сіз біздің
жасаған өзара шартымыз бар дедіңіз. Ол не шарт екенін сұрауыма бола ма?


Бауыржан. Ол кəдімгі шарт, Бекпен екеуіміз жасасқанбыз. Алғашында
ауызша уəделестік. Бұл Бек кітабының бірінші тарауының соңында
айтылады. Онда кітап дайын болғаннан кейін автордың оны маған əкеліп
оқуға міндетті екендігі көрінеді. Егер ол дұрыс жазбаса, онда менің не
істейтінім айтылады. Ол тұс əзіл сияқты болып суреттелгенімен,
екеуіміздің тек қана шындықты жазуға серттескеніміз рас болатын. Кейінен
біз ол шартымызды қағазға түсіргенбіз. Оқимын десең, көрсетуіме болады.
(Мен басымды изедім. Бауыржан дауыстап əйелін шақырды).
Əйелі ішкі бөлме жаққа барып, үлкендігі кіші-гірім папка тəріздес
қызыл сафиян дəптерді əкеліп, күйеуінің қолына берді. Бауыржан оның
орта тұсынан бір-ақ ашты да, машинкаға басылып, дəптерге жапсырылған
3 — 4 парақ қағаздың тұсын нұсқап, менің алдыма қойды.
— Мə, оқығын. Керек етсең көшіріп алғын. Мен ана жаққа шығып,
аздап жүріп келейін.
Бөлмеде оңаша қалған мен Бауыржан алдыма қойған қызыл дəптердің
ашулы тұрған бетіне көз салдым. Оның ең басында «Наш договор» деген
екі сөз машинканың үлкен əріптерімен жазылған екен. Бұрын өзім
естімеген бұл жаңа деректерді мен қызыға оқып шықтым. Сол шарттың
өзім қазақшалаған нұсқасы мынадай болды:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет