Бауыржан Момышұлы
ІХ
Баукең шақырады дегенге вестибюльге шықсам, ол кісі ординаторский
жақтағы есіктің алдында сұр дермантинмен тысталған арқалығы жоқ үш
кісілік жұмсақ ұзын орындықтың бір жақ шетінде шалбарының сол жақ
балағын тізесіне дейін түріп тастап, балтырын уқалап отыр екен.
— Не болды, Бауке? — дедім мен ол кісі аяғын мертіктіріп алған екен
деп.
— Ойбай, мынау аяғы құрғыр жаңа баспалдақпен көтеріліп келе
жатқанымда кілт ете түсіп еді, осы араға сүйретіліп əрең жеттім. Отырып
қарасам жаны кетіп қалыпты, соны уқалап жатырмын.
— Онда əуре боп несіне көтерілдіңіз, Бауке. Ептеп төменге өзім
баратын едім ғой.
— Жоқ, сенікі жүрек қой, жүрекпен ойнауға болмайды, қарағым. Ал
менікі аяқ, аяқ ит сүйретіліп те болса жүруге жаратылған. — Кəмəш
қабырғадағы автомат телефонның алдындағы креслода, бізден сəл қиыстау
жерде отыр еді. Баукең бұрылып, оған қарады. — Мына қатынға сүйеніп,
шығып кетермін деп едім, оның септігі болмады.
— Енді сені арқалап шығарайын ба? — деп күлді əйелі, — Арқаласам
аяғың баспалдақтың тасына соғылып, тағы бір пəлеге ұшырайтын едің.
Бауыржан күлді де, шалбарының балағын төмен түсірді. Біз əңгімелесе
бастағанда вестибюльге біреу кіріп, біреу шығып, есік қайта-қайта ашық
қала берді. Мен оны үнемі жауып келіп отырдым.
— Өзің болмасаң, мен суықтан қорықпаймын, — деді бірде Баукең.
Бауыржанның онысы рас еді. Ол күздің қатты қара суықтарының өзінде
де балконды ашып тастап отырады екен. Өткен күзде «Ақиқат пен
аңыздың» біткен бөлімдерін өзіне оқып беру үшін Баукеңнің үйіне
барғанмын. Сонда балконы ашық азынап тұрған бөлмеде үш сағат отырып,
иегім иегіме тимей қалшылдап, үйге əрең жеткенмін. Мен Баукеңе осыны
айттым.
— Бəле, сен қызық екенсің ғой, — деді ол, — Тоңып отырғаныңды
айтып, балконның есігін жауып қоймайсың ба?
«Тоңып отырғанымды көрсеңіз де үндемеп едіңіз ғой» дедім мен
ішімнен. Содан кейін ол өзінің Калинин қаласында тұрғанда жатын
бөлмесінің кіші-гірім терезедей форточкасы болғанын, қысты күнгі
аяздарда оны ашып тастап ұйықтайтынын есіне алды. Бір күні сол суық
бөлмеге жауынгер серіктерінің бірі кіріп, «Мынау қазақ жататын орын
емес, қасқыр жататын жер ғой» деп екінші бөлмеге қарай қаша жөнеліпті.
— Мұның бəрі соғысқа дейін Сібірдің суығына шыныққандықтың
арқасы ғой, — деді ол.
Автор. Бауке, кешегі папка менде қала берсін бе, əлде өзіңізге қайтарып
берейін бе?
Бауыржан. Керек болса — қала берсін.
Автор. Анау Сіз жауап хат жазған лейтенанттың фамилиясы есіңізде
жоқ па?
Бауыржан. Ол өзіміздің əскери училищелердің бірінің лейтенанты екен.
Маған бірнеше сұрақтар қойып, суретімді сұрап хат жазыпты. Фамилиясын
конверттің сыртына жазған едім, қазір ұмыттым.
Айтпақшы партизан Қасым Қайсенов келіп кетті. Саған да сəлем айтты.
— Сəлемет болсын. Карантин ғой, қалай кірді екен?
— Қасымға карантин бөгет болушы ма еді. Қақпаға барып едім,
кіргізбеді. Бір бұрышты айналдым да, қоршау тақтайды теуіп қалып біреуін
сындырдым. Бірақ одан сыймадым. Екіншісін сындырдым да, сып етіп
аурухананың ауласына кірдім. Полковник ағам ауырып, арыстай боп
ауруханада жатса, қараймын ба мен бұлардың қарауылы мен карантиніне
дейді.
— Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін өзіңді сотқа берсе
қайтесің? — дедім оған.
Ол аурухананың ауласын басына көтеріп, сақылдап кеп күлді.
— Жоқ, Бауке, оған қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз
қабат сыммен қоршап, автомат, пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда олардың
тас-талқанын шығарып, совет азаматтарын азат еткен Қасым ауруханадағы
ағасына келіп, алақанын сипап, бетінен сүйе алмаса, ол несіне кісі болып
жүреді, — деп айқара құшақтап, екі бетімнен кезек сүйіп жатыр, — Өзіңді
арқалап алып кетейін, кетесің бе үйге? — дейді тағы да. Қасымға не дерсің,
рахмет, айналайын деп маңдайынан сүйдім. Ол жоғарыға көтеріліп, сенің
де көңіліңді сұрамақ еді. Бірақ төмендегі сестралар шуылдап, жібермеді.
Содан кейін: «Əй, Қасым қойғын. Бұл саған Украинаның орманы емес», —
деп қайтарып жібердім.
Партизан жазушы Қасым Қайсеновтың бұл қылығына мен қатты
тебіреніп қалдым. Өйткені осы кішкентай деталь маған көп нəрсені
баяндап тұрғандай болды. Қасым кешегі ел басына күн туған ауыр шақта
етігімен су кешкен ерлердің бірі. Ол украин партизандарының ортасында
от ішінде отряд бастап жүрді. Отанның азаттығы үшін өз басын өлімге
байлап, өжеттігімен, ерлігімен талай ауыр тапсырмаларды абыроймен
орындады. Енді сол ардагер азамат арсалаңдап арамызда жүр. Қасымның
менімен қарым-қатынасы жоқ адам, айтқан сəлеміне рақмет. Ал оның
Баукеңді бұлай іздеп келуі екінің бірінің қолынан келмейтін жай. Кейбір
ағайындарың ауырып жатқаныңда есік ашық тұрса да бас сұқпайды. Ал
Қасым болса аурухананың қабырғасын қақыратып кіріп, ағасын аймалап
бетінен сүйген. Бұл да бір өзінше ерлік іспеттес іс екен. Ағаны
ардақтаудың, азаматты қадірлеудің адамгершілік үлгісі осындай болар. Ерді
ер, батырды батыр осылай құрметтейтін шығар деп ойладым мен.
Содан кейін Совет Одағының Маршалы, СССР Қорғаныс министрі
Андрей Антонович Гречконың «Карпаттан асқанда» дейтін кітабы есіме
түсті. Сол кітапта 1944 жылы июльде партизан қозғалысы Украин
штабының Чехословакия мен Венгрияға қырықтан аса жауынгер партизан
отрядтары түсіргенін, бұлардың совет əскерлері Карпатқа шабуыл жасаған
кезде Гитлер əскерлерінің тылында белсенді қимыл жасағаны айтылады.
Мұндағы партизан құрамаларының бірін А. В. Тканко басқарады.
Партизандар жау гарнизондарына батыл шабуыл жасап, жергілікті халыққа
Қызыл Армияның жеңістерін баян етіп отырады. Украин селоларына:
«Карпат
сыртының
халқы,
көтеріліңдер!
Фашистердің
тұмсығын
бұзыңдар!» деген листовкалар таратады.
Осыдан кейін Маршал былай деп жазады: «А. Тканконың партизандары
«Ақ Таня» тұтқын лагеріне батыл шабуыл жасады. Гитлершілдер 700-дей
украин, словак жəне венгер коммунистерін тұтқындап, Ровнаяның
оңтүстік-батысындағы таудың адам аяғы баспас қиын қуысындағы лагерьге
əкеп қамаған екен. Фашистер лагерьге ұрымтал тұстарды тегіс миналап,
егер шегінерлік жағдай болса, оны талқандап кетуге əзірлеп қояды.
Партизан құрамасының штабы лагерьдегі жау гарнизонын жойып,
тұтқындарды босатып алу жөніндегі жауынгерлік операцияның нақты
жоспарын жасады.
Сағат 19-да Қ. Қайсенов бастаған партизандар отряды осы жауынгерлік
тапсырманы орындауға аттанды. Лагерьге жеткендер кейін партизандар
тұтқындармен байланыс жасады. Жағдайдың бəрін байыптап болғаннан
кейін Қайсенов жауынгерлік тапсырманы баяндаудың уақытын өзгертуге
ұйғарды, операцияны жоспарда көрсетілген 23 сағатта емес, 21 сағатта
бастауды жөн деп тапты. Бұл уақытқа дейін партизандардың бір бөлігі
үстеріне тұтқын киімдерін, басқалары венгер солдаттарының формасын
киіп үлгірді. Сөйтіп топ лагерьдің іргесіне тақады. Лагерь сақшылары бұл
топты тұтқындардың жаңа тобы екен деп ұқты. Осы кезде партизандар
күзетшілерге кенеттен тап берді. Күзетшілердің кейбіреулері ғана қаруға
қол созып үлгерді. Партизандар жаудың 34 солдаты мен офицерін тұтқынға
алды. Қапасқа қамалған коммунистер тегіс азат етілді. Олардың көпшілігі
партизандар отрядтарына қосылды.
Партизандарға жаңа адамдар үсті-үстіне келіп қосыла бастады. Енді
олар құр қол емес, қару да ұстап келетін болды. Құрама штабы жаңа
партизан отрядтарын жасақтады. Партизандар да жігерлі қимылдады.
Олардың көбі ордендармен, медальдармен наградталды, ал құрама
командирі А. В. Тканкоға Совет Одағының Батыры атағы берілді.
Маршал Гречконың кітабында осылай делінген. Ол кітапта ерлігі елге
мақтан ете аталған жалғыз қазақ жаңа ғана төменде халықтың өзі сияқты
өзгеше ер ұлы Бауыржан Момышұлын өзінің солдаттық, азаматтық
жүрегінің сүйіспеншілігін білдіріп, көңілін сұрап кеткен Қасым Қайсенов
еді. Қасекең бір əңгімесінде маған жеңістің жиырма бес жылдығымен
құттықтап, өзіне сонау Москвадан Совет Одағының Маршалы Андрей
Антонович Гречконың телефон соққанын да айтқан болатын.
— Қасеке, шыныңызды айтыңызшы, састыңыз ба сол кезде? — дедім
мен əзілдеп.
— Ойбай, несін айтасың, үй ішімізбен «қырылып» қала жаздық, — деп
Қасым қарқылдап кеп күлген еді онда. — Москвадан Алматыға, сенің үйіңе
Қорғаныс министрінің өзі телефон соғып тұрса, саспағанда ше? Содан
кейін үй-ішіміз болып таң атқанша ұйықтағанымыз жоқ. Ол кісі түнде
телефон соққан.
— Не деді?
— Жеңіс мерекесімен құттықтады.
— Одан соң?
— Өзіме денсаулық, табыс, семьяма бақыт тіледі. Маған едің артық не
керек, — деп Қасым тағыда қарқылдай күліп, екі алақанын жайған.
Осыларды ойыма түсіріп, Баукеңе мойын бұрдым.
Автор. Қасымның аты Қорғаныс министрінің кітабына кіргенін білесіз
бе, Бауке?
Бауыржан. Білемін.
Автор. Оның үйіне Қорғаныс министрі Гречконың телефон соққанын
білесіз бе?
Бауыржан. Білемін.
Автор. Сіздің фамилияңыз бұрынғы министрдің, маршал Жуковтың
кітабында жоқ қой деймін, Бауке.
Бауыржан мойнын шұғыл бұрып, бетіме ажырая қарады да, қатқын
үнмен жауап қатты.
Бауыржан. Ол масштабына байланысты. Масштаб дегеннің не екенін
білесің бе өзің?
Автор. Қорғаныс министрі партизан отрядының командирін кітабына
кіргізіп, үйіне телефон соққан. — Бұл сөздерім Баукеңнің көңіліне келіп
қалмасын деп, үнімді бəсеңдете сөйледім. — Мен білетін масштаб
бойынша дивизия отрядтан үлкен емес пе? Ендеше маршал Жуковтың
дивизия командирі ретінде Момышұлының да атын атай кетуіне болмайтын
ба еді?
Бауыржан. — Ой, сен өзің түк түсінбейді екенсің ғой. — Ол ашу
шақыра сөйледі. — Гречко бұл кітапты министр ретінде жазып отырған
жоқ қой. Сен айтып отырған «Карпаттан асқанда» кітабы командармның
естеліктері, онда 1944-45 жылдардың оқиғалары қамтылады. Ол кезде
Гречко Украинаны, Польшаны, Чехословакияны жаудан азат етуге қатысқан
1-гвардиялық
армияның
командашасы
болатын.
Командарм
өз
қарамағындағы корпустар мен дивизияларды, солардың адамдарын сөз
етеді. Ол кезде партизандар тиісті майдандардың армияларымен бірлесе
қимыл жасайтын. Ал Жуков өз естеліктерін Қызыл Армия Бас штабының
бастығы, СССР Қорғаныс Халкомының бірінші орынбасары жəне Жоғарғы
Бас қолбасшының орынбасары ретінде жазып отыр. Сондықтан оның
майдандар мен армиялар жайында айтуы, ерекше ерлік көрсеткен бірен-
саран дивизияны ғана ауызға алуы өте орынды. Оның үстіне мен соғыстың
соңғы жағында ғана дивизия командирі болдым емес пе? Понятно тебе?
Автор. Түсінікті, Бауке.
Мен бұл əңгімені тезірек доғаруға тырыстым. Бірақ Баукең де тез
сабасына түсті.
Бауыржан. Ал маршал Жуковқа менің ешқандай өкпем жоқ. Майданда
мен ол кісімен жүздесіп, тілдескенмін. Дивизия командирі боларда батасын
алғанмын. Кейін, Қорғаныс министрі кезінде мен туралы Алматыға
телефон да соққан. Оны кейін айтамын.
Автор. Құп, Бауке. Бұл əңгіме Қасым партизаннан шығып кетті ғой.
Бауыржан. Мен ол партизанды ұнатамын. — Ол аузынан темекі түтінін
шұбалта шығарып, даусын да соза сөйледі. — Содан соң анау Рейхстагқа ту
тіккен жігіт бар емес пе?
Автор. Рақымжан Қошқарбаевты айтасыз ба?
Бауыржан. Иə, соны айтамын. Бұл екеуі бір жосын жандар. Жұлдызын
көрмесең, жүзіне қарап батыр екенін айыру қиын адамдар болады. Бұл
екеуі өздері жұлдыздай жарқырап тұрған жігіттер. Бұлардың соғыста
ересен ерлік жасағанын айтпай-ақ сенесің. Халық үшін қасықтай қанын
аямаған қаһармандардың бірі ғой бұлар.
Автор. Соғыс ардагерлерінен тағыда қандай азаматтарды жақсы
көресіз?
Бауыржан. Соғысқа қатысқандардың бəрін де жақсы көремін. Соғыс
кезінде елде болып, еңбек майданында біздің жеңісімізді шыңдаған
адамдарды да ардақтаймын. Халық үшін қасықтай қанын, шыбындай
жанын аямай қызмет еткен жандардың бəрі аяулы.
Х
Автор. Қазақша шыққан түңғыш кітабыңыз «Офицердің күнделігі»
болды ғой, Бауке. Онда орысша шыққан алғашқы кітабыңыз қайсысы?
Бауыржан. «История одной ночи». Мұны орыс тілінде жаздым.
Алдымен Алматыға жібердім. Бірақ қолжазбам бірсыпыра уақыттан кейін
өзіме қайтып келді. Баспа редакторларының бірі «Қолжазба жариялауға
жарамайды» деген рецензиясын қоса жіберіпті. Ол кезде мен Калининде
тұратын едім. Қолжазбаны Калинин баспасына апардым. Директоры алып
қалып оқып шығып, басуға жарамайды деп екінші барғанымда өзіме
ұсынды. Мен алмадым.
— Бұл Сіздің ғана пікіріңіз жəне Сіз жазушы емессіз. Жазушы емес
адам творчествоға үкім айта алмайды. Басқа біреуге рецензияға беріңіз, —
дедім.
Директор қып-қызыл боп алып қалды. Бір аптадан кейін қайтадан
барсам Горьбан деген жергілікті жазушы менің жер-жебіріме жеткен,
намысыма тиетін рецензия жазыпты. Оның айтуына қарағанда менің
əдебиет маңына жоламауым, орыс тілін «бүлдірмеуім» керек көрінеді.
Горьбаныңа көнетін адамыңды тапқан екенсің дедім де қолжазбамды
Москваға, Всеволод Вишневскийге жібердім. Вишневскийден тез арада
мақтаған рецензия келді. Бұл дайын дүние, жеке кітап етіп жариялау керек
депті ол.
Осы кезде Калинин баспасының бұрынғы директоры ауысып, оның
орнына əдебиет институтын бітірген майдангер Парфенов деген кісі келді.
Соның алдына апарып «Бір түннің оқиғасының» қолжазбасы мен оған
жазылған үш рецензияны жайып салдым. Бірнеше күннен кейін маған
Парфеновтың өзі телефон соқты. Шығармаңыз маған қатты ұнады,
шығарамыз деді. Елу екінші жылы ол Калинин баспасынан жеке кітап
болып шықты. Сол кітап елу жетінші жылы Алматыда орыс тілінде екінші
рет басылым. Бауыржанның да алғашқы кітаптары əлекпен шыққан,
қарағым. Кімнің тұңғыш кітабы тұсамыс көрмеген?
Одан кейінгі орыс тілінде шыққан екінші кітабым «Біздің семья». Оны
Бас штаб академиясында оқып жүргенде он бес күнде жазғанымды
жоғарыда айтып едім ғой. Соның бір қызық деталін айттым ба, айтпадым
ба осы?
Автор. Айтқан жоқсыз, Бауке.
Бауыржан. Ендеше тыңда. «Біздің семьяны» бітіргеннен кейін бір жолы
Алматыға келгенде мен оны ескі досыма көрсеттім. Осыны оқып шықшы
дедім. Ол оқып шығып, жатып кеп мақтады.
— Мынау дап-дайын көркем шығарма. Осы күйінде қалам тигізбестен
жариялауға жарайды, — деді.
Meн оған қанаттанып қалдым. Келесі күндердің бірінде досым үйіне
қонаққа шақырды. Табағын тосып, тамағын беріп сыйлап отырып, маған
қолқа салды.
— Сен əскери адамсың. Атағың жер жүзіне жайылды. Саған сол даңқың
да жетеді. Жазушы болып қайтесің? Жазушылық деген де азабы көп
жұмыс. Соғыста жаныңды бір жедің. Енді жазушы болып жаныңды жəне
қинамақпысың? Төрт жыл соғыста қиналғанын да жеткілікті емес пе?
Жазушы болсаң төрт жыл емес, өзіңді өзің өмір бойы қинайсың. Сен
жазушы боламын дегеніңді қой да, мына кітабыңды маған қи. Мен өз
атымнан жариялайын, — деді.
Мен қатты шамданып қалдым.
— Онда сен жазушылық менің қолымнан келмейді деп отырмысың? —
дедім, түйіліп.
— Келеді. Бірақ енді бұл ауыр кəсіпке ауысып жаныңды жеп қайтесің
дегенім ғой.
— Маған жаның ашымай-ақ қойсын, жараса бастыр, жарамаса өзіме
бер, — дедім.
— Жарайды, менде қалсын, мен баспаға ұсынайын, — деді досым
қабағын шытып.
Мен Москваға кете бардым. Кітабымнан ешқандай хабар келмеді.
Басуға жарамаған шығар, онда архивке өткізейін дедім де, Москва əскери
архивынан Алматыға кетіп бара жатқан майорға пəленшеден менің
қолжазбамды ала кел деп иелендіру қағаз бердім. Майор келіп менің
досымнан қолжазбаны алып, өзіме əкеп берді. Кейіннен досым «Бауыржан
мендегі қолжазбасын милиция жіберіп алғызды» деп көпке дейін өкпелеп
жүрді. Сол кітап елу алтыншы жылы алпыс мың данамен Калинин
қаласында басылып шықты. Бұрынғы бір əңгімелерде бұл кітапты
қазақшаға аудартпаймын деген болармын. Енді ол сөзге түзету жасауыңа
болады, кітабымды қазақ тілінде шығаруға келістім, қарағым.
Əйелдер суыртпақтан тырнағымен шымшып бір-бірлеп жіп суырады.
Кей жіп тұтас суырлып, кей жіптің жартысы суыртпақта үзіліп қалады.
Бүтінін бір жағына, жартысын екінші жағына жинай отырып, артынан
олардың екі-үшеуден басын қосып, жіп ширатады. Содан соң оны инеге
сабақтап іске кіріседі.
Суыртпақтан жіп суырғандай болып, мен де Баукеңнің аузынан шыққан
детальдарды бір-бірлеп қағазға түсіре беремін. Əрине, маған дəрігерлер
мен сестралар қағаз жазуға рұқсат етпейді. Бірақ мен олар жоқта, ұрланып,
блокноттарымды толтырып жатамын. Жан да керек, жазу да қажет.
Жазбасам Баукең айтқан əңгімелерден айрылып қаламын. Ол маған əке-
көке десем де бір айтқанын екінші рет қайталап бермейді. Оны Александр
Бектің тəжірибесінен білемін, Баукеңнің бір беткей мінезінен аңғарамын.
Сондықтан бұл жолғы айтқандарын да іштей тақырыпқа бөліп, ұмытып
қалмау үшін ол тақырыптарды үнсіз қайталап қойып отыр едім, төменнен
жатын орын — палаталарға қарай қайтып келе жатқан аурулардың дүбірі
естілді. Таныс ащы дауыс дəлізді шыңылдатып келе жатты. Оны ести сала
Баукең мазасызданып, қозғалақтай бастады.
— Кəмəш, кетейік, мынаның Дерпені келе жатыр, — деді əйеліне қарап.
Неге екені белгісіз Баукең Дерпенді көрсе теріс айналып кетеді. Оның
шүңірейген көзін, шіңкілдеген үнін көрмеуге, естімеуге тырысатын сияқты.
Ол қасына келсе үндемей отырып алады, немесе дəрі ішетін едім деп
сылтауратып кетіп қалады.
Бұл жолы да сөйтпекші еді. Бірақ бізді көре сала Дерпен шапшаң
аяңдап қасымызға жетіп келді.
— Екі жазушы, немене сендер өздерің сөйлесе бересіңдер? Одан да
мына менімен əңгімелесіп, менің өмірімді кітап қылып жазбайсыңдар ма?
— деді ол.
Бауыржан бұқиып төмен қарады. Баукеңнің онысынан: «Мынауыңмен
өзің сөйлес» дегенді аңғардым да, енді аузымды аша беріп едім.
— Сенің өміріңде жазатын не бар, Бейсеке? — деді Дерпеннің қасында
келе жатқан салауатты келген екінші шал.
— Неге жоқ? — Дерпеннің басы кекең ете түсті. — Батрақ болдым.
Байларды кəмпескеледім. Совпартшколда оқыдым. Колхоз құрдым. Енді
дербес пенсионермін. Неге жазбасқа?
— Дербес пенсия дегенінңен басқасының бəрі жазылды-ау, Бейсеке, —
деді Дерпеннің жолдасы, — Оны Сəкен, Сəбит, Бейімбет, Ілияс жазды емес
пе?
— Жоқ, олардікі жалпы ғой. Мен туралы жеке жазылуы керек. Осы
күнгі жазушылар теме таба алмайды. Міне мен темемін. Қастарыңда
жүрген темені неге көрмейсіңдер осы?. — Содан кейін Дерпен сұқ
саусағын шошайтты. — Дербес пенсия деген кім көрінгенге беріле
бермейді, жолдастар. Маркстың сөзімен айтқанда ақша еңбек еткенге ғана
беріледі.
— Əй, Бейсеке-ай, — деді жолдас шалы Дерпенді қолтығынан алып, —
дербес пенсияң, қасыңда кемпірің, басыңда үйің, тауда дачаң бар.
Балаларыңның бəрін жақсы қызметке орналастырдың, əрқайсысына үш-
төрт бөлмеден үй əпердің. Мінем, жүрем десең машинаң дайын. Осыным
бойыма құт деп отырмайсың ба тыныш. Енді кітапқа герой болғың келеді.
Бұл дүниедегі жақсылықтың бəрін жалғыз арқалап кетпексің бе сонда?
Жүр, жұрттың мазасын алмайық.
Жолдас шалы Дерпенді қолтығынан тартып еді, ол қозғалмады.
Бауыржанға қарап тұрып:
— Сен атақты Момышұлысың. Сен жазшы мен туралы. Сен өзің
солдаттар туралы жақсы жазасың, — деді.
— Мен Сіздің психологияңызды білмеймін, ақсақал, — деді Бауыржан
мойын теріс бұрып. — Өзіңіз жазыңыз.
— Сіз туралы да жазамыз, Бейсеке, — дедім мен Дерпенге басымды
изеп. — Əуелі тəуір болып алайық та.
— Е, дұрыс, тəуір болыңдар, — деді Дерпен жайдарыланып. — Оларың
жөн. — Содан соң жолдас шалына ілесіп, дəліздің есігіне қарай аяңдады.
— Мен бəрін де айтып беремін.
— Қасындағысы да дерпен бе? — деді Баукең есік жақты иегімен
нұсқап.
— Жоқ, Жайпен.
— Аты солай ма?
— Аты басқа болуы керек, дербес емес, жай пенсионер деген екі сөздің
қысқарған түбірінен туған ат. Осындағы кейбір қу жігіттер ол кісінің өз
аузынан естіген əрі күлкілі, əрі күйінішті бір əңгімеге байланысты оны
Жайпен деп атап кетіпті. Дерпен екеуі дос, үнемі бірге жүреді.
— Сол Жайпеніндікі жөн сияқты, — деді Бауыржан қайтадан ашыла
сөйлеп.
Бауыржан. Айтпақшы сенің «Ақиқатының» «Жұлдыздан» қалған
жалғасын «Жалын» жариялайтын болыпты ғой. Естідің бе?
Автор. Естідім, Бауке, рақмет. Оларға «Жас Бауыржан» деген атпен
басыңдар дедім,
Достарыңызбен бөлісу: |