Біз жаңағы айтылған Приекуле түбінде басталған
ұрыстан кейін екінші
эшелонда бір жарым айдай болдық. Бұл кезде біз Ленинград майданының
маршал Говоровтың қарамағында болатынбыз.
Бір күні мені армияның Соғыс Советінің кеңесіне шақырды.
— Өзіңіз білесіз, кеше, 2 майда Берлин құлады, — деді командашы. —
Ал Курляндияда немістің жарты миллиондай əскері бар. Оларға бағыну
туралы ультиматум қойылды. Бірақ хабар жоқ. Олар айтқанға көнбесе күш
көрсетіп бағындыруымыз керек. Ал соғыстың бұл соңғы күндерінде,
бəлкім, соңғы сағаттарында екі жақтан да қан төгілмегені-ақ жақсы болар
еді. Бірақ олар қойған шартты қабылдамаса, біз шабуылға шығамыз. Сіздің
дивизия сол шабуылшы топқа кіреді.
Генерал-полковник Чистяковтың бұл бұйрығын алып, мен дивизияға
келдім. Коньков пен Шляпинге жайды айтып, дивизияны орнынан көтердік.
— Бауыржан, қарағым, — деді жолда келе жатып Иван Михайлович
Коньков, — бəлкім, немістер ақылына келер,
қаруларын тастап, қол
көтерер. Бəлкім, бұл біздің немістермен ең соңғы ұрысымыз болар. Өзің де
сақ бол, өзгелерді де сақтауға тырыс. Приекуледегідей қызбаланып, ілгері
ұмтылма. Кейінірекке жайғас.
— Оны жағдай көрсетеді ғой, ақсақал, — дедім мен.
Бірақ менің командалық пунктім артқа емес, алға, жаудан жүз елу
метрдей жерге орналастырылды. Жау айтқанға көнбей,
бұрқыратып оқ
боратып тұрды. Бір кезде радист екеуіміз жатқан шұңқырға біреу домалап
кеп құлады. Иван Михайлович Коньков екен.
— Сізге не болды? — дедім.
— Сіз осында жатыр деген соң əдейі келдім, — деді ол. — Ағалық
ақылымды беріп, басу айтып, қасыңызда болайын дедім.
Осы кезде біздің самолеттер келіп, төбеден оқ атып, ұсақ бомбалар
тастады.
Жаумен ара жақын, жүз елу метр ғана болғандықтан, олардың оғы
ауытқып өз үстімізге де ақтарылып жатты.
— Соғыстың соңғы сағатында мыналар қайтеді, ей, — деп Коньков
атып тұрып, біздің ұшқыштарға қарап қолын сермеп, жұдырығын түйді.
Сол сəтте ол радист екеуіміздің үстімізге қайтадан құлап түсті.
— Иван Михайлович, не болды? — деп мен оның басын сүйей бердім.
— Бауыржан! Комдив! — деді ол сөздерін үзіп-үзіп əрең сөйлеп. —
Соғыстың соңғы сағатының құрбаны мен-ақ болайын...
өзгелер аман
болсын...
Осылай деп ол көзін мəңгіге жұмды. Радист солдат екеуіміз қосыла
еңкілдеп жылап жібердік.
Дүние тып-тыныш бола қалды. Үрейленіп, окоптың кенересіне көз
жібердік. Немістер ақ ту көтеріп, шұбырып бізге қарай келе жатты.
Олар бізге көп қорлық көрсетті. Бірақ біз тұтқындарды қорламадық.
«Таспен атқанды аспен ат» деген. Мен немістің жиырма жеті генералының
алдына халқымыздың ақ дастарқанын жайып, қонақ асы бердім. Енді
елімізге тиіссеңдер дəм ұрсын! — дедім.
— Найн, найн! — деп олар бастарын шайқап, көздерін жыпылықтатты.
Арий қанды зиялы генералдар алдарындағы асты аш қасқырдай түтіп, жеп
жатты.
Соғыс осылай бітті.
Достарыңызбен бөлісу: