3
2.3 “Ақырзаман кітабының” кейінгі ақындар мұрасына тигізген ықпал-әсері
Ислам дінінде адамзаттың басына бір келуі мүмкін ақырзаман жайлы болжам айтылады.
Діни әдебиеттерде ақырзаман белгілері пайымдалады. Ақырзаман – дүние-тіршіліктің мерзім-шегі
бітетін уақыт, оның қашан болатындығы бір Аллаға мәлім делінеді. Ақырзаман болғанда Исрафил
сүрін үрлеп, жер-көкті қара түтін қаптап, тіршілік иелерінің бәрі түгел өліп бітеді. Ақырзаманнан
кейін Алла пәрменімен Исрафил сүрін екінші рет үрлегенде,
өлі тәндерге жан кіреді, өлгендер
тіріліп, бәрі Махшар алаңына жиналады. Бұл қиямет күнінде пенделердің амал дәптерлері
тексеріліп, соған лайықты тиісті орнын алады.
Қасиетті Құранның “Кеhф” сүресінде: “Қиямет күні тауларды жүргіземіз де, жерді жап-
жазық
көресің және де адам баласын, олардан ешкімді тастамай жинаймыз. Олар Раббыңның
хұзырына қатарланып келтіріледі. Оларға: “Бастапта жаратқанымыз тәрізді келдіңдер, тіпті
сендерге бір уәделі мерзім белгілемедік деп ойладыңдар” (делінеді).
Ғамал дәптері алдарына
қойылады. Сонда күнәкарлардың, одан қорыққанын көресің. Олар: “Абырым-ай! Бізге нендей
өкініш! Мына Кітапта, кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті”,– дейді. Сондай-ақ олар
істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік қылмайды”,– [131,67 б.] деп
жазылған.
Ақырзаман, заман ақыр туралы түсінік ерте замандардан бері қалыптасқан, дүниедегі ірі
діндердің (ислам, христан, иудей т.б.) бәрінде бар. Мұсылман дінінде ақырзаман туралы ұғым
құдайдан қорқу қағидасымен байланыстырылады.
Сүлеймен Бақырғанидың халық арасына кең тараған кітаптарының бірі – “Ақырзаман
кітабы”. Бұл кітап 1847 жылы Қазанда алғаш рет жарияланған. 1855-1864 жылдар аралығында он
жыл ішінде 9600 данасы басылған екен. “Ақырзаман кітабын” Е.А. Малов 1897 жылы Қазандағы
Император университеті баспаханасынан жарық жарық көрген “Известия
общества археологии,
истории и этнографии” (том XІV. вып.1) деген жинақта орыс тіліне аударып, түсініктерімен
жариялайды. Е.А. Маловтың мақаласынан қазақ халқы ғана емес, түркі халықтарының да арасына
танылған кітаптың мазмұн-мәнін теріске шығара отырып, Мұхаммед үмбеттерін христиан дініне
уағыздағысы келеді. “Бұл кітаппен толық танысып шыққаннан кейін, біз кітап өзінің ішкі мазмұны
мен сыртқы формасы жағынан болсын ерекше назар аударуға тұрмайды деген қорытындыға
келдік,”– [19,38 б.] деп бағалайды.
“Ақырзаман кітабы” сонымен бірге “Тақи ғажап” деген атпен де танылған. Дастан 49
шумақтан тұрады. Әрбір шумақтың соңғы тармағында “Андын артық тақи ғажап даңлары уар
(таңдары бар)” деген жол қайталанып отырады. Классик жазушымыз Сәбит Мұқанов “Өмір
мектебі” романында өзінің молдадан оқыған кітаптарының бірі ретінде “Тақи ғажапты,” яғни
“Ақырзаман кітабын” да атайды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров “Өлең мен айтушылары” (1913) деген мақаласында: “Сендердің
мақсаттарың қазаққа жан кіргізу болса, бұларың лаққандық, әдебиеттің не екеніне түсінбегендік,
4
тым болса “Тақи ғажапты” оқып шықпадыңдар ма? Онда да айтады: “Тажал деген біреу шығып,
халықты күрілімен, дүрілімен
ерте алмайды, әншісі, сырнайшы, сауықшысымен қызықтырып
ертеді” дегенді көрмедіңдер ме? Қысқасы, бір халықтың әні кетсе,
әдебиет жесір қалады, сәні
кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып, отқа жаққыларың келмесе, әнді
сақтаудың қамын қылыңдар”,– [132,263 б.] деп жазады. “Тақи ғажаптың”
мол танылғандығына
дәлел ретінде осы үзіндіні келтіріп отырмыз.
Х.З. Ақназаров “Философия тарихынан дәрістер курсы” деген оқу құралында: “Зар заман
идеясы орта ғасырдағы ақындардың шығармаларында қалыптасып, ХVІІ-XІX ғасырларда дами
түсті. Өзбек ақыны С. Бақырғани “Ақырзаман” деген кітабында сол идеяның негізін салды.
Бақырғани патриархалдық-феодалдық тәртіптерді жақтады.
Оның пікірінше, ақырзаманның
белгілері: феодалдар өздерінің бұрынғы артықшылық белгілерінен айырылады, кедей мен
құлдары өздерінің қожасымен тең болады. Бақырғани өзбек
халқының өміріндегі жаңалық
атаулының бәріне қарсы шықты. Тіпті өз заманындағы болмашы жаңалықтарды ол ақырзаманның
жақындауы деп түсінеді”, – [133,74 б.] деген ойды айтады.
Бұл пікірде ХІІ ғасырда өмір сүрген С.Бақырғани шығармалары түркі халықтарына ортақ
мұра ретінде қарастырылатыны ескерілмеген және кеңес дәуіріндегі зерттеулердің ықпалы
байқалады.
Ортағасырлық түркі ескерткіштеріне тән дәстүр бойынша, әрбір шығарманың соңында
авторы көрсетіледі. Қазандағы Император университеті баспаханасында 1906 жылы жарық көрген
“Ақырзаман кітабының” соңында: