Зәки Ахметов(1928–2003) - 4 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін (журналистика бөлімін) бітірген.
1947–1951 жж. Ленинград қаласында Ғылым академиясының Шығыстану институтында аспирантурада оқып, 1951 жылы қаңтар айында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.
1965 жылы филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған.
1966 жылы оған профессор атағы берілді. Қазақстан республикасының Ғылым академиясының корреспондентмүшесі болып сайланғаннан кейін 1975–1981 жылдары Қазақ Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары және директоры болып жұмыс істеді.
1975–1984 жж. Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімінің академикхатшысы, 1984–1986 жж. Ғылым академиясының вицепрезиденті болып, ал 1986 жылдан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және методологиясы бөлімінің меңгерушісі.
1983 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Қазақстан Республикасының ғылымға еңбек сіңірген қайраткері (1978).
1980 жылы «Қазақ әдебиетінің қазіргі заманда дамуы және дәстүрлері» кітабы үшін Қазақ Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді, 1985–1986 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1996 жылы Абай мұрасын зерттеу және жарыққа шығару жұмыстарында жеткен табыстары үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
Негізгі монографиялары: Лермонтов және Абай. Орыс тілінде. А., «Ғылым академиясының баспасы», 1954, Қазақ өлең құрылымы. Орыс тілінде. А., «Ғылым академиясының баспасы», 1964; Өлең сөздің теориясы. А., «Мектеп», 1973; Қазақ әдебиетінің қазіргі заманда дамуы және дәстүрлері. Орыс тілінде. А., «Ғылым», 1978; Өлең сөздің теориясы. «Іле» (Қытай Халық Республикасы), 1992; «Абай жолы» эпопеясының поэтикасы. Орыс тілінде. А., «Ғылым», 1984; Абайдың ақындық әлемі. А., «Ана тілі», 1995; М. Әуезовтің романэпопеясы. А., «Санат», 1997.