Қайым Мұхамедханов



бет1/8
Дата30.03.2023
өлшемі49,52 Kb.
#77461
  1   2   3   4   5   6   7   8

Қайым Мұхамедханов (1916-2004)
Қайым Мұхамедханов – қазақ әдебиетінің абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі, әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ғалым
Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5-қаңтарда қазіргі Жаңасемейде, бұрынғы «Заречная слободка» аталған жерде дүниеге келді. Кейін Жаңасемейдің бұл бөлігі Алаш қаласы аталғаны белгілі. Қайым Мұхамедханов бала кезінен қа­зақтың біртуар азаматтарының тәрбиесін көріп өсті. Оған себепкер болған ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Мұхамедхан Сейітқұлұлы өз шаңырағына Алаш көсемдерінің басын жиі қосып, олардың ат басын тірейтін үлкен үйлері ретінде, кеңес құратын ордалары ретінде белгілі болған. Осындай үлкен бас­қосулар танымал ақындар мен әншілердің де өз өнерлерін сынайтын, танылатын жері болған. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің мол мұралары күні-түні жырланып, әні шырқалып жатқан қа­сиетті ортадан жас Қайымның алар тәлім-тәрбиесі де мол болды. Мұхамедхан Сейітқұлұлы­ның шаңырағында Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Бай­тұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтан­мах­мұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов жиі келіп, оты­рыс­тың мәнділігін арттыратын. Қайым Мұ­ха­мед­хановтың өмір жолындағы ұлтжандылық, нағыз ұлтшылдық бағыттың қалыптасуына осындай мағыналы басқосулардың да себебі болғандығын ғалым естеліктерінен білеміз. Қайым Мұха­мед­ханов 1924-1928 жылдары Жаңасемей қала­сындағы бастауыш қазақ мектебінде оқиды. 1929-1932 жылдарда Семей қаласы колхоз жастары мектебінде білімін жалғастырады. 1936-1937 жылдары мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. Ал 1938-1941 жылдары Семей педагогикалық институтында оқиды. Ғалымның еңбек жолы да педагогикалық оқу орнымен тығыз байланыста дамыды. Ұзақ жыл­дар (50 жылдан астам уақыт) болашақ әдебиетші мамандарды дайындауға талмай еңбек сіңірген ғалымның аға шәкірт­терінің өздері де бүгін үлкен ғалымдар мен ұстаздар қатарында. Қ.Мұ­хамедхановтан білім алған шәкірттерінің кез келгені ғалым ағаның адамгершілікке толы ақ жүрегінің лүпілін қазірге дейін сезінеді десем, артық айтқандық болмас. Себебі, Семей өңірінде әдеби өлкетану мәселесіне, оның ішінде Абайдың ақындық мектебіне байланысты ғылыми-зерттеумен айналысып жүрген кейінгі буын ғалым­дардың түгеліне дерлік Қайым Мұхамедханов салған жолмен жүруді дәстүрге айналдырған. Бұл ғалымдардың өз ғылыми тұжырымдарының жоқ­тығынан емес, қайта аға ұрпақ ретінде Қа­йым ағаның М.Әуезов үлгісімен салған ғы­лыми концепциясының дұрыстығында демекпіз. Осы орайда ғалымның қазақ әдебиеттану ғылы­мын­да­ғы іргелі мектеп болып саналатын Абай­дың ақын­дық айналасына арналған «Абай айна­ласындағы ақындар» (1950ж.) атты мо­но­графиясы, «Абайдың ақын шәкірттері» (1993-1997) деген ғылыми-зерттеулері әдебиет тарихы ғы­лымының жаңа бір беттері болып ашылды. Абай мектебінің талантты өкілдері Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет және тағы басқа қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығар­маларының жиналып, баспаға дайындалуына және іргелі ғылыми-зерттеулердің нысанына айналуына Қайым Мұхамедхановтың тікелей ықпал еткені рас. 
Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қар­саңында атқарылған ірі-ірі ғылыми-зерттеу­лер мен абайтану саласындағы тың жаңалықтар да Қайым Мұхамедханов есімімен байланысты. 1995 жылы Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағы текстологиялық жағынан дұрысталған нұсқасымен шығуына да ғалым аға өз үлесін қосты. Осы жылы жарыққа шыққан «Абай» энциклопедиясының редакциялық алқасын басқарған Қайым Мұхамедханов бұл басылымның да мағыналы, мәнді болуы үшін көп тер төкті. Өмірінің соңына дейін Абай мек­тебі мен абайтану мәселесіне байланысты талмай еңбектенген ғалым үшін энциклопедияның әр мақаласы маңызды болды. Мақалалардағы мәселелердің тарихилығы мен нақтылығы, Абайдың ақындық мектебінен тәжірибе алған әр ақын мен жеке тұлғалардың шығармашылық өмір жолы туралы тың деректердің сарапталып, баспаға түсуіне аса мән берген ғалым еңбегі нақтылы бағасын алды. 
Абайдың мерейтойы кезінде ғалымның ұзақ жылғы еңбегі бағаланып (1996 жылы) Халық­аралық Абай академиясының «Алтын медалы», Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы беріліп, ең бастысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды Қайым Мұхамедхановтың ғылыми-зерттеу еңбектерінің көбі әдеби өлкетану бағытында болды. 
Қазақ әдебиетінде өлкелік әдебиет тарихының қолға алынып, зерттеле бастауына М.Әуезов ұйытқы болса, Қ.Мұхамедханов өзінің ғылыми шығармашылық жолында үнемі осы бағытты назарда ұстаған ғалым. Оның тарихи шындықты бұрмаламай, деректерді нақтылы дәлелдермен берген мақалалары 400-ден астам. (Ал, жалпы ғылыми еңбектерін есептесек 500- ден асады екен). Мысалы, «Халық ақыны Са­пар­ғали Әлімбетов шығармашылығы жайында», «Мақы Шыңғысұлы Уәлиханов – алғашқы кә­сіби қазақ суретшісі», «Қ.Еркебаев және С.Әлім­бетов поэмаларындағы азамат соғысының батыр әйелдері Айқыз және Білісай бейнелері», «Тағы да Айқыз туралы», «І.Бораганский», «Қаракерей Қабанбай», «Бұқар жырау», «Шешен Сабыржан», «Сабыржан Ғаббасов» және тағы басқа мақа­лаларындағы тарихи тұлғалар ғалым­ның көркем шығармаларынан өз орнын алып жатты. Ал, «Абайдың бұрын жарияланбаған өлең­дері», «Түзелгені қайсы? Түсініктері қай­сы?», «Қазақ әдебиетінің адал досы», «Саади Ши­рази», «Құдай деген сөзден құдай сақтасын» жә­не т.б. мақа­ла­ларындағы әдеби-танымдық, та­рихи ой-түйіндер көптеген ғалымдардың бо­ла­шақ зерт­теулерінің ғылыми діңгегіне айналды. Қазақ әдебиеттану ғылымы, абайтану, өл­келік әдебиеттану, қазақ әдебиетіндегі текстология мәселелерін Қ. Мұхамедханов еңбекте­рінсіз елестету мүмкін емес. Бұл туралы белгілі әуе­зовтанушы ғалым Т.Жұртбай өзінің «Қайсар ғалым» (1989, «Жұлдыз») деген мақаласында: «Қ.Мұхамедханов – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына тү­сініктеме жазған библиограф, Абай шығар­маларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек жазған теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерт­теген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұс­қа­ларды, ел аузындағы өлең-жырды, әңгіме-аңыз­ды қағазға түсірген фольклорист», – деп ба­ға­лай­ды. Ғалым ағаға берілген бұл бағадан шы­ғар­машылық еңбектерінің сан тарау, сан салалы екенін байқауға болады. Әсіресе, Абай шы­ғармаларының тарихы мен текстологиясы туралы сөз еткенде, Қ.Мұхамедханов еңбектерін назарда ұстамау мүмкін емес. Мәселен, Абайдың үш поэмасының бірі «Әзім әңгімесі» туралы Қ. Мұ­хамедханов өз ойын білдіреді. Ол шығарманың Абай қаламынан шықпағаны туралы айтады. Және оған бірнеше дәлелді пікірлер келтіреді де поэма Ырсайдың Ысқағы деген Абай айнала­сындағы ақындікі дейді. Бірақ, әлі күнге дейін бұл мәселеге үңіле назар аударып, зерттеген ғалымдар жоқ. Мұның өзі абайтануда алынбай жат­қан белестердің мол екені мен Қ.Мұха­медхановтың ғылыми ой-тұжырымдарының терең де мағыналығын білдіреді. Бұл бір мысал ғана («Абай шығармаларының текстологиясы». 1959ж., 77-бетте). Абай өлеңдерінің текстоло­гиялық зерттеулерінде де Қ.Мұхамедханов өзінің телегей білімі мен ғалымдық парасатын танытты. Ғалым Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сегіз аяқ», «Қансонарда», «Сап-сап көңі­лім», т. б. көптеген өлеңдерінің текстологиясымен қатар кімге арналғаны, қайда шыққанының тарихын да нақтылы, тың тұжырымдар арқылы дәлелдейді. Абай өлеңдер жинағының акаде­миялық басылымдарында Қ.Мұхамедханов дайындаған түсініктемелерде де нақтылық пен ғылыми талдаудың жаңа қағидаларын көреміз. Бұл зерттеулер болашақ әдебиет теориясы мен әдебиет тарихын зерттеушілерге дайын зерттеу нысандары деуге болады. Сондай-ақ, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының да шығарма­ларының текстологиялық жағынан дұрыс басылуына, өлеңдерінің хронологиялық дұрыс орналасуына арнап бірнеше мақала жазды. Сол ма­қа­лаларының өзі бүгінгі шәкәрімтану ғы­лы­мының жаңа белесінің тың парақтары болып ашылды. Қайым Мұхамедхановтың туған жерінде, Алаш азаматтарының басы қосылып, ел бола­шағы туралы пікірлескен қасиетті Семей топы­рағында ғалымды еске алуға арналған іс-шара­лар өтті. Мәселен, Семей мемлекеттік пе­да­гогикалық инс­титутының Қайым Мұхамедханов өзі ұзақ жыл­дар қызмет еткен қазақ әдебиеті кафед­расының ұйым­дас­тыруы­мен өткен «Дөңгелек үстелге» ғалымның шәкірттері, бірге қызмет еткен ақсақалдар мен балалары шақырылды. «Дөң­гелек үстелге» қатысушылар ғалымның ғылым жолында көрген қиындықтары мен өмірінің қызықты сәттерінен әңгіме өрбітті. Биылғы жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтында өткізілетін көптеген шаралар ғалым мерейтойына арналып отыр. Оқу­шы­лардың аймақтық олимпиадасымен басталған шаралар қазан айында өткізілетін республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конференциямен аяқ­тал­мақшы. Қазақтың қайсар ұлдарының бірегейі Қайым Мұхамедханов өмірі мен ғылыми қызметі бүгінгі жастарға үлгі, өнеге. Қайым Мұхамедханов еңбегін насихаттау Қайым үшін емес, болашақ жастар үшін керек. Ендеше, бұл іс-шаралар жал­ғасын таба бермек.

Зәки Ахметов (1928-2003)


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет