ҚОРЫТЫНДЫ
Кез-келген қоғамдағы ұлтаралық қатынастар жалпы әлеуметтік саладағы адами қатынастардың ішінде ең маңыздыларының қатарына жатады. Диссертациялық еңбекте жалпы Қазақстандағы этносаралық қатынастардың түпкі негіздері айқындалып, оның заңдылықтары мен мәдени-философиялық және саяси-философиялық қырларына мән беріледі. Біртұтас мемлекеттің халқын біріктіруші, топтастырушы факторлардың сипаттамасын беру үшін алдымен қоғамдағы осы үдеріске қатысты құбылыстардың өзіндік ерекшеліктерін анықтап алуымыз қажет екені пайымдалды, сонымен қатар қандай құбылыстар болса да, ондағы қайшылықтардың шешілуі арқылы дамитындығы ескеріліп, жалпы қоғамдағы адамаралық қатынастардың ұлттық негіздерін пайымдаудың ғылыми маңыздылығы мен өзектілігі әлеуметтік кеңістікте арта түсуде екендігі ескерілді. Қазақстан қоғамында ұлтаралық қатынастар мәдениетінің заманауи сипаты көпэтносты халқымыздың ынтымақта өмір сүруімен, еліміздегі рухани және әлеуметтік кеңістіктің жаңғыруымен, демократиялық ұстанымдардың ұлт мәселесі кеңістігіне біршама тарала бастауымен астасып жататындығы дәйектелді.
Теориялық және практикалық сипатта жүргізілген талдаулар негізінде және қазақстандық қоғамдағы полиэтникалық кеңістіктің ерекшеліктерін ескере отырып, оның біртұтастылығын нығайта түсу мақсатындағы ізденістерді одан ары жалғастыру жолында диссертациялық жұмыста төмендегідей ғылыми-практикалық ұсыныстар келтірілді:
1) Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық зерттеулер аясында ұлтаралық қатынастар мәдениетінің ерекшеліктерін әлемдік тәжірибедегі осындай құбылыстармен салыстыра отырып талдаулар жасауды ары қарай жалғастырудың қажеттілігі мол, еуразиялық тұтастықтың еліміздің тәуелсіздігі негіздеріне нұқсан келтірмейтін түрін дамыту тиімді.
2) Қоғамдағы ұлт мәселесі саласындағы реформаларды жаһандану талаптарына сәйкес жалғастыра отырып, елдің жергілікті, ұлттық, әлеуметтік, мәдени ерекшеліктері кешенді түрде ескеріліп, жаһандық үдерістерді тек көшірме жасамай ұлттық төлтумалық келбеттің сақталуы үнемі қадағалануы тиіс.
3) Бұқараға танымал және базалық негіздер болып келетін демократиялық құндылықтарға сүйеніп, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиісті нақты саяси-әлеуметтік өзара қатынастардың тұрақты жүйесін құру қажет және оларды мәдени-сұхбат негізінде үнемі өрбіту орынды.
4) Қазақстандық этноәлеуметтік кеңістіктегі азаматтық қоғамның пісіп жетілуіне негіз болатын алғышарттарды қалыптастыра отырып, ұлтаралық қатынастардағы өзара келісімді, азаматтардың саяси үдеріске белсенді қатысуын арттыру тарапындағы рухани-адамгершілік сипаттағы шараларды насихаттау қоғамның шынайы демократиялана түсуі үшін тиімді болып келеді.
5) Еліміздегі ұлттық бірегейліктің, ұлтаралық қатынастар мәдениетінің құндылықтық негіздерін дамытуда руханилық ұстанымның, тәуелсіздік идеясының, бостандық, қажырлы еңбек, ар-намыс, ұлтжандылық сияқты ұғымдардың маңыздылығы барған сайын арта түсетінін ескерген ләзім.
6) Еліміздегі қазақ халқының мемлекет құрастырушы ұлт есебіндегі өзіндік жетекшілік әрі топтастырушылық рөлін мойындап қана қоймай, оған мейлінше қолдау көрсету, өркениеттіліктің сара жолынан тасақтамай алға басуына жан-жақты жағдай жасау мемлекетіміздің басты міндеті болуы тиіс. Мұндай талап Қазақстандағы ұлтаралық қатынас мәдениетінің басты көрсеткішінің, критерийінің бірі болып табылады, өйткені, Қазақстан қоғамының өзегін құрайтын қазақ халқының хал-күйі жақсармай, мәдениеті дамымай, тілі мен ділі жанданбай, басқа халықтардың мұндағы өсіп-өнуі екіталай екені ұмытылмауы жөн.
7) Қазақ еліндегі ұлтаралық қатынас мәдениетінің қайнар көзі, қозғаушы күші ең алдымен қазақ халқының салиқалы болмысында, ұстамдылығы мен саналы толеранттылығында, басқа ұлттар өкілдеріне деген жоғары мәдени-гуманистік қарым-қатынасында екені әрдайым ескерілуі тиіс. Қазақ мәдениетінің, сол мәдениетке негізделген қазақ ділінің (менталитетінің) сұхбатқа ашықтығы, аңғалдығы, бауырмашылдығы мұндағы ұлтаралық қатынас мәдениетінің ең басты негізі, мызғымас өзегі болып табылады.
Сонымен бірге ұлтаралық қатынастар мәдениетінің демократия дамуының деңгейімен байланысы қандай деген сұрақ туындайды. Мәселен, батыстық демократия ұлтсызданудың бір көрінісі болып табылатын мультикультурализмді қолдап, соны насихаттап, оны ұлтаралық қатынастар мәдениеті дамуының жоғары деңгейі деп насихаттап келгені белгілі. ХХІ ғ. басындағы жаһандану кезіндегі мультикультурализмнің дағдарысқа ұшырап отырғаны белгілі (мысалы, А.Брейвиктің ісі). Ал бұл өз ретінде батыстық демократияның ұлт, ұлтаралық қатынастар мәселесін шешудегі дәрменсіздігін білдіреді емес пе? Ұлт, этнос, ұлтшылдық (национализм), ұлттық, мемлекет, тіл, діл, дін және т.б. ұғымдарға жаңа көзқарастың көкжиегі байқалуда. Сонынмен бірге ұлт мәселесі де тереңдеп, ұлтаралық қатынастар мәселесін қарастырмас бұрын алдымен соны зерделеп алу қажеттілігі сезіледі, өйткені ол логикалық тұрғыдан алғанда алғы болып табылады. Қазақстанда осы аталған мәселелердің заманауи өзектілігін жиі-жиі айтылып, қозғалып, дау-дамай туғызып жүрген тіл мәселесінен-ақ көруге болады. Біздің ойымызша, оның шешілуі ең алдымен қазақ ұлтының қоғамдағы мәртебесімен тікелей байланысты, оны көтеруге жағдай жасалмайтынша қазақ тілі де сайрай қоймайды, мәдениеті де гүлдене алмайды. Ұлт мәртебесі көп қырлы мәселе, оның ең алдымен заңдылық негіздері Ата Заңымызда нық орын табуы абзал. Әрине, бұл қазақ ұлтының асқан жауапкершілігінін, саған лайықты болуын, мәдени-рухани өсуін, іскерлігінің, бәсекеге қабілеттілігінің мейлінше артуын алға тартады. Міне осы жолда әлі де өз зерттеуін күтіп тұрған мәселелер легі өз көрінісін білдіреді.
Қазақстан Республикасының ұлтаралық қатынастар мәдениетінің даму үрдісі кез-келген қоғамда кездесетін қиындықтар мен кемшіліктерге қарамастан, қазіргі заманның талаптарына жеткілікті түрде жауап бере алады және ол демократияның белгілі бір деңгейде пәрменді дамуына, азаматтық қоғамның ұстанымдарын тұрақтандыруға, сенімділік орнатады деген үміттеміз.
Мәселенің теориялық және қолданбалы мағынада қарастырылуына орай қоғамдық ғылымдар, соның ішінде саясат пен мәдениет философиясы тарапынан, зерттеудің ары қарай ғылыми сабақтастықпен жалғастырылатынына күмән туғызуға болмайды. Әрине, болашақта зерттелуге тиісті проблемалар ауқымы кең екені белгілі. Мәселен, ұлтаралық қатынастар үдерісіне діни фактордың әсері қандай, қоғамдағы сұхбаттың орны қандай деген сауалдар топтамасы жаңаша зерттеулерді қажет ететіні анық. Жалпы, Қазақстанның ұлт мәселесіндегі таңдаған жолы азаматтардың өмірінің лайықты деңгейде өрбуіне, кез-келген этнос өкілінің азаматтық құқықтары шектелмеуіне, олардың тұлғалық мүдделерін қорғауға негіз болатынына толық сенім білдіруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |