Аймбетова улбосын утегеновна


ҚАЗІРГІ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет12/16
Дата02.06.2023
өлшемі1,09 Mb.
#98194
түріДиссертация
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
АЙМБЕТОВА УЛБОСЫН УТЕГЕНОВНА диссертация

2 ҚАЗІРГІ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


2.1 Елдегі ұлтаралық қатынастар мәдениеті қалыптасуы мен дамуының тарихи-мәдени алғышарттары

Көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрі табиғатпен үйлесімді үндестікті қолдауға, ғарыштық ырғақтарды бағындыруға бағытталып және экогенді сипатқа ие болды. Бастапқыда көшпенділер өркениетін жеткізуші әрі тасымалдаушы болған түріктер өз ұрпақтарына мирас етіп, қазіргі біздер үшін өте маңызды артықшылықтар – қоршаған кеңістікке деген экологиялық қатынастың мәдениетін, табиғат, ғарыш және оның заңдарын, табиғат, қоғам және адамзаттың сәйкес келетін идеяларын сыйлау дәстүрін қалдырды. Қоршаған ортамен жаңадан мәдени үйлесімді өзара қатынасты қалыптастыру адамзаттың алдындағы жаһандық мәселе.


Тарихи-мәдени тұрғыдан алғанда қазіргі заман адамының көшпенділер ділінен үйренетін нәрсесі осы экологиялық мәдениет екені анық. Ал оның ұлтаралық қатынастарға да әсері бар екені белгілі. Себебі табиғат, табиғи ресурстар, барлық халықтар үшін ортақ құндылық, өркениеттік байлық болып табылады. Оны тиімді пайдалану халықтарды жақындата түседі.
Мәдени-тарихи терең сипаты бойынша, өзінің әлемді рухтандыру ауқымы бойынша, түрік өркениетінің иегері ретінде түрлі дәстүрлерді өзара сыйластық принципіне, патриоттық рухқа, басқа мәдени жетістіктер мен идеяларға ашықтыққа негізделген қазақ мәдениетін сараптай отырып, оның болмысында жасампаз дүниеліктерді айқындау қоғамдағы этносаралық қатынастарды жетілдіруге негіз болатынын атап өту қажет.
Жалпы дәстүрлі мәдениет адамгершілік ұстанымдарды сөзсіз орындауды, қиындықтарға физикалық және моральдық шыдамдылық білдіруді насихаттады, сөйтіп ол ұжымдық сабырлылықты талап етті. Әлеуметтегі қарым – қатынас жүйесінде көшпенділерде «адам - қоғам» байланысында туыстық, ұжымдық бастау сөзсіз басымдылыққа, артықшылыққа ие болды.
Әрбір халықтың шығу тегі, яғни этногенезі болады. Ал енді қазақтардың этногенезі туралы пікірлер ғылыми әдебиетте көптеп кездеседі. Мәселен, Л.Н.Гумилев төмендегідей ерекше кейіпте тұжырымдады: «Жаңа этнос ландшафттардың тоғысынан туындайды. Дәл осылай қазақ этносы далалық, жазықтық және тау ландшафттарының қиылысынан туылды. Алтай, Тарбағатай, Тянь-Шань және оның айналасындағы жазықтарымен – бұл әрқилы ландшафт қазақ этносының туындау орны» [84, 17 б.].
Оның тарихи түптамырының моңғолдар мен түріктер руларының негізінде ұйымдасқанын айта келіп, тайпалар одағынан сақталып қалған жүздер принципінде көшпенділердің бейбіт өмірін қамтамасыз ету үшін, саяси және мәдени өзара байланыстарымен біріккенін алға тартады. Л.Н.Гумилев Еуразиядағы көшпенділердің жалпы тарихта атқарған рөлін объективті бағалау қажеттілігін бағамдай отырып, көшпенділердің отырықшылық аймақтарға әскери шапқыншылығы Еуразияда басып алынған мәдениеттерге, мемлекет пен халықтарға апатты жағдайларды тудырмағанын алға тартады.
Сөйтіп Еуразия территориясында көшпенділер мен диқаншылар өзара мәдени ықпалдасуға түсіп, олар ұдайы өзара жемісті қарым-қатынастар жасап, еңбек бөлінісінің өзіндік бір үлгісін құрып, тарихта қиын-қыстау уақыттарда аман қалудың факторы ретінде өз іс-әрекеттерін пайдаланғанын дәйектейді. Бұл жерде ойшылдың ұтымды көзқарасы мәселеге философиялық тұрғыдан келуі болып отыр, яғни ол бір мәдениетті екіншісіне абсолютті түрде қарама-қарсы қоюдан гөрі, бірін-бірі толықтырушы үлкен жүйенің элементтері ретінде қарастыруы орнықты позицияға айналғаны байқалады және ол тереңдігі мол, объективті баға деуге болатын сараптамалық түсінік екені анық.
Қазақ хандығы ерекше этникалық тұтастық, этноәлеуметтік жүйе ретінде ХV ғасырда қалыптасқаны тарихтан белгілі. Оның құрамына енген түркі тайпалары ХVІІ ғасырларға дейін өзінің ішкі саяси-әлеуметтік құрылымын біртұтас ел болуға барынша бейімдегенмен, оны мүмкіндігіне келгенше нығайтуға тырысқанымен, бұл одақтың да біртұтас мемлекет болып тұруына әртүрлі тарихи процестер, факторлар жиынтығы әрқилы (көп жағдайда теріс) әсер етіп келді.
Бірнеше хандардың ұлысты тұтастандыруға, іштей бірлікте болғызуға ұмтылыстары көрініс береді, әсіресе, Тәуке ханның ХVІІ ғасырдың аяғында және ХVІІІ ғасырдың басында жазылған “Жеті жарғысы” дәстүрлі қоғамның әдеттегі құқықтық дамуының өзінің жеткен биігі болатын. Сөйтіп қазақ этносының мемлекеттілігінің нығаюы үшін «ұлыстық бірлік» өткен замандарда ең жоғарғы құндылыққа айналған болатын.
Сол тарихи кезеңде халықтың үш жүзге бөлінгеніне қарамастан, оның «іштей біртұтас ел болып бірігуге» деген талпынысы, сындарлы әрекеттері жоғарыдағы тарихи құжаттың, тарихи тұлғалардың төңірегіне топтасқан болатын.
Тәуке ханнан кейін келген саяси биліктің иелері, тіпті Абылай ханның өзі ХVІІІ ғасырдың басында қазақтың іштей этномәдени, этноқұрылымдық ыдырауын тоқтата алмады.
Әрине, Абылай хан дарынды халықтың көсемі, көшбасшысы ретінде өз заманында Қытаймен де, Ресеймен де халықаралық қатынастарды қазақ халқына тиімді сипатта ұстауға тырысты. Ұлтаралық қатынастардың осындай халықаралық деңгейдегі көрінісі елдің саяси санасы үшін маңызды болатын және тәуелсіздігін бекітуге бет бұрған халқымыз үшін ол әлі күнге дейін өзіндік тарихи құндылығын жоғалтпай отыр. Ол гуманитарлық ғылымда қатынастарды үйлесімдендірудің, яғни саяси дипломатияның үлгісі, мысалы ретінде мойындалады, бағаланады.
Қазақ Ордасына жоңғар шапқыншылығы үлкен нәубет әкелгені белгілі, ал кейін үш жүздің басы бірігіп, өзінің ортақ мемлекетінің болғанын қалауы, оның біртұтастыққа қайтадан ұмтылуына әкелді. Халық өзінің тарихи болашағын, мемлекеттілігін тек өзінің ұлттық ішкі бірлікте болғанында ғана құрайтындығын түсінді. «ХІХ ғасырдың басындағы Кенесары Қасымов көтерілісінің жеңілісінен кейін Ресей империясының отарлау саясаты қазақтардың өмір салтына, рухани ахуалына, құндылықтар жүйесіне үлкен өзгерістер әкелді. Әлеуметтік-экономикалық салада үлкен бетбұрыстар байқалды: өндірістер пайда болып, халықтың қалаға ағылу, кенттену процестері күшейе бастады. Сол кезде салынған қамал, бекіністер кейін қалаларға айналды. Бір жағынан, отарлау саясаты қазақ жеріне орыстану құбылысын алып келсе, екінші жағынан, осы мәдениеттер қақтығысы жаңа қалыптағы этносаралық байланыстарды орнатты.
Бұл жерде бір жақты әсер болды деп айтуға болмайды. Екі мәдениет те түп негізінде бір-бірінен сусындады. Әрине, үстемдік жағдайда болғандықтан, орыс мәдениетінің қалыптары мен құндылықтары (құқықтағы, моральдағы, кейде тіпті діни наным-сенімдердегі) күшпен ендіріле бастады. Оған таңырқауға болмайтын еді. Бұл тарихи қатынастар заманындағы әдеттегі қатынастар қисыны болатын. Осы тарихи қатынастардың түптамырын анықтай отырып: «Одан басқаша түсініктегі, яғни үйлесімді дамуды қамтамасыз ететін қатынастарды пайымдау ілуде біреудің еншісінде болатын», – деген пікірді білдіреді қоғамтанушы маман С.Е.Нұрмұратов [106].
Өткен ғасырларда көрініс берген ұлттың ішкі әлеміндегі кейбір қайшылықтары үрдістерді байқаған қазақ ағартушысы Шоқан Уәлиханов “Қазақтың көші қоны” деген мақаласында төмендегідей сипаттама береді: өткен ХVІІІ ғасырда қазақ елі қаншама қантөгіс соғысты, барымташылдықты бастан кешіргенмен, оның малы қазіргіден әлдеқайда көп болғанын, тұрмысы анағұрлым жоғары деңгейде болғанын еске сала отырып, ХІХ ғасырда мал жылдан жылға азайып, қазақ шаруаларының тұрмысы төмендеп кеткенін үлкен қынжылыспен атап көрсеткен болатын. Олардың себебін ағартушы қазақ жеріндегі құнарлы аймақтарды үлкен өзендер бойын жағалай салынған қамалдар мен бекіністерді казак станицаларына берілуімен байланыстырады. Сөйтіп, қазақ үшін өте маңызды малдың өрісі тарылып, өсімі баяулап, өнімі азайып кеткеніне ағартушы ғалым өз заманында қынжылады [107].
Әрине, кез-келген осындай тарихи әділетсіздік пен зорлық-зомбылықтар ұлттың діліне тереңінен келеңсіз із қалдырып біршама дағдарысты әлеуметтік психологиялық қасиеттерді бекіте бастайды. Абайдың өз шығармаларында сынға алатын қазақтың бойындағы келеңсіз қасиеттердің көрініс беруі де өзіндік себептермен байланысты болғаны, яғни олар кездейсоқ болмай отырғанын байқаймыз, олардың барлығы ұлттық өзіндік сананың қатпарларында орнығып алғанын кейінгі ХХ ғасырдың басында келген ұлттық зиялы қауым да атап өтеді.
Патшалы Ресейдің ұлт саясаты халықтың этникалық рухани иммунитеті мен психологиялық күшін азайтатын сырттай ықпалдан туындаған зорлықшыл әрекеттер болатын. Сөйтіп өткен тарихи кезеңдерде қазақтың әлеуметтік кеңістігінің барынша тарылып, пәрменді дамуға мүмкіндігінің азайып кетуінің белгісі болса, ол кейінгі дәуірдегі қиындықтарының алғышартына айналғанын байқаймыз. Кеңес дәуірінде де жоғарыдағыдай құбылыстар орын алды. Мысалы, Семей жері ұзақ жылдар бойы атом бомбысының сынағын өткізетін полигонға айналды. Бірақ оны осындай зұлматты жерге, экологиялық зардапты тәжірибе алаңына айналдыруға халықтан ешкім рұқсат сұраған да емес болатын.
Әрине, өзінің экономикалық қауқарын төмендеткен ел басқалармен тең құқықты қатынастарда болмайды, оның төменгі деңгейі әрқашан оған мүмкіндіктер бермейді. Тек халықтың асыл ұлдары мен зиялы азаматтары ғана басқаларға, өзге этникалық мәдениеттерге деген қатынасында текетірестік, шендесу позициясында қалмайды, өзін жоғары ұстап кейбір иерархиялық, субординациялық ұстанымда да болмайды, олар әруақытта әр мәдениеттің бірегейлігін қадірлейді, оның болашағы үшін күреседі.
Қазақтың өткен замандағы көрнекті ағартушылары, Шоқан Уәлихановтан бастап ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларына дейін, қазақ ұлтының болашағы туралы тереңінен ойлап келгені белгілі, олар халықтың сауаттанып, оқу тәсілдеріне машықтанып, өзіндік ұлттық рухын жоймай, жалғыз орыстың ғана емес, сонымен қатар басқа да еуропалық мәдениеттің жағымды тұстарын, тиімді өрнектерін қабылдауын қалады.
Қазақ халқы басқа көптеген халықтар секілді отарлану қыспағынан өтіп, өзіндік тарихи жолын таңдаған. Шын мәнінде оның әрбір сәті драмалық беттерден тұратын картинаны еске түсіреді. Ақындар жырлаған «мың өліп, мың тірілген» деген теңеу метафоралық сипаттағы біршама шындыққа сай келетін балама болатын, себебі ол бірнеше рет толығымен этникалық субъект ретінде тарих бетінен жоғалып кетудің алдында тұрды. Ал оның сақталып қалуы тек қана «білектің күші, немесе найзаның ұшы» емес, ол ұлттық рухтың өміршеңдігімен байланысты, өмір үшін күрестің нәтижесі. Өткен ғасырда тоз-тоз болып кеткен қазақ халқының тағдыры әлемдегі өте күрделі қиындықтарды көрген жұрттың тағдырларының бірі болып табылады. Дегенмен, қазақ диаспорасының өкілдерінің қазіргі тарихи Отаны Қазақстанға біртіндеп қайтарыла бастауы, ғылыми тілмен айтқанда, репатриация үрдісі - осы тарихтың әділеттілігін қалпына келтіру екені анық.
Қазақ халқының мәдениеті мен руханиятын ғылыми тұрғыдан зерттеген қазақтың біртуар ұлы Ш.Уәлиханов кезінде өз замандасы, орыстың көрнекті тұлғасы А.Н.Майковқа жазған хатында өз қандастарының өмір салтына барынша сыни көзбен қарайтынын білдіреді: «Менің туысқандарым ұлттық жағынан да, таптық жағынан да ескіліктің шырмауында. Әсіресе, бір бет, даңққұмарлығы бірден көзге шалынады. Осыған қарап-ақ олардың өздерін өздері жоғары бағалайтыны, ақылдымыз деп санайтыны өзінен-өзі түсінікті. Демек оларға айтылған ақыл-кеңес намысына тиіп, бұрынғыдан гөрі асқынта түсері түсінікті. Көппен жалғыз алысуға шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиетті болғанымен адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыттың өзі соған себепкер боп тұрса амал бар ма?» [108] – деген болатын. Бұл сыни қатынастың астарында еліне деген махаббат және этникалық жетілуге деген талпыныс жатыр.
Қазақ ағартушысы Шоқан Уәлихановтың байқаған қазақ халқының этнопсихологиясындағы осал тұстар ұзақ уақыт сақталып, басқа да қазақ ағартушыларының шығармашылығының нысанына, өткір тұжырымдарының мазмұнына айналғаны белгілі. Олардың сыни көзқарастарының негізгі бағдары халықтың рухани және әлеуметтік дүниесін, бойындағы ұлттық әлеуетін жетілдіру еді. Сондықтан ұлтаралық қатынастардың мәдениетін дамытудың бірден-бір шарты әрбір ұлттың өзіндік әлемін жүйелі ғылыми сараптаудан өткізіп, оның бойындағы жетістіктер мен кемшіліктерді айқындап отыру болып табылады.
Осындай этносаяси әлемде орын алған әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсы сыни тұжырымдарды Ш.Уәлиханов өз заманында бекер айтпағаны белгілі. Дәстүрлі қоғамдағы құндылықтар жүйесі жаңа заманның, яғни еуропалық сипаттағы жаңашылдықпен салыстырғанда кенжелеу екені ойшылға түрпідей тиеді және өз замандастарына ой тастайды.
Дегенмен, қазақ халқының әлеуметтік психологиясында кездесетін жоғарыдағыдай кейбір кертартпа қасиеттерді ғана емес, сонымен қатар жалпы этникалық мәдениетін, оның құндылықтар әлемін объективті сипатта бағалап, толық зерттеген әлемге белгілі ғалым көптеген өзекті проблемаларды айқындайды. Ағартушының «Іле өлкесінің географиялық очеркі», «Қазақ шежіресі», «Сот реформасы жайында хат», «Тәңірі (Құдай)», «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық туралы» сияқты еңбектерінде қазақтың тарихи қалыптасқан халықтық діліне, ұлттың рухани әлеміне, философиясына сай келетін этникалық ерекшеліктерді шынайы ғылыми түрде сипаттайды.
Қазақ ұлтының, этникалық қауымдастығының сол тарихи кезеңдердің өзінде өркениетті елдердің деңгейіне көтерілуінің тиімді жолдарын іздейді. Міне, соны оқу мен білімнен, әлеуметтік әділеттілікке тырысушылықты әдетке айналдырудан табады. Діни фанатизмнің далалық варианты ғалымды қанағаттандырмайды. Ол шектеулі дүниетаным екенін пайымдап береді. Одан гөрі өркениетті, зайырлы қоғамның құндылықтарына ұмтылған дұрыс деп, соған шақырады. Сондықтан ғалым Шоқанның дүниетанымы басқа дәстүрлі құндылықтарды дәріптеген өз замандастарына онша түсінікті бола қоймауы да мүмкін. Дегенменде, айта кететін маңызды жәйт: ол өзінің ізденіске толы шығармашылықты, ізгілікті де өнегелі қысқа өмірімен қазақ даласының тарихында өз замандастарына, келесі ұрпағына рухани үлгі және тұлғалық бағдар болғанына күмән келтіруге болмайды. Халықтың рухына демеу болды.
Қазақ еліне өзінің ағартушылық қызметімен, іс-қимылымен, жаңаша этнопедагогикалық қызметімен танымал болған Ыбырай Алтынсарин қазақ жастарының білімді болғанын қалады, қазақ тіліндегі жаңа мектептер ашуға ат салысты. Өзі сауат ашатын оқулықтарды жазып, педагогикалық көзқарастарын жүйелеп жеткізе білді.
Ол ескі діни мектептердегі жаттатып оқыту әдісіне қарсы тұрды, оның орнына ғылымның әр саласынан түсінік беретін пәндік оқуды қуаттады. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы сұхбатты қатынасты өрбіту жөніндегі жаңаша көзқарас болатын. Жалпы сұхбатқа бейімделген жас азамат болашақта басқа этностың өкілдерімен лайықты түрде қатынас жасауға дайын болатыны белгілі. Сондықтан Ы.Алтынсаринның атқарған ағартушылық қызметінің арқасында қазақ халқының дүниедегі мәдениеттер әрекеттесуі сферасында жасампаз қадамдардың жасалуына және олардың нығайып, беки түсуіне нағыз іргетастар қаланатынын да атап өту керек.
Ы.Алтынсариннің өз халқының болашағына деген сүйіспеншілікке толы сенімін мына төмендегі Н.И.Ильминскийге жазған ыстық ықыласқа негізделген хатынан байқауға болады: «Осы жылы қаңтардың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге де бар күшімді салып отырмын. Күлсеңіз күле беріңіз, - мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда да болып қоям, сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді қосып айтамын… Менің үнемі ұмтылған тілегім: қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал, қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойлағам, көңілім толық жұбаныш табады» [109].
Сонымен, кез-келген ұлттың дамуы мен кең болашағына арқау болатын тарихи және мәдени алғышарт болатындай қабілеті бар дүниелік ретінде Ы.Алтынсаринның төмендегі алдына қойған мақсатын атап өтуге болады. Оның өзіндік ілімінде жақсы адамды тәрбиелеп шығару маңызды екені айтылады және ол үшін жан-жақты білімнің қажет екенін, рухани қатынастың бұл істе үлкен рөл атқаратыны ескертіледі. Бұл құндылықтық бағдардың өзі - жалпы педагогтар қауымы үшін дәрігерлер үшін қасиетті болып келетін «Гиппократтың антындай» ереже, нағыз іргелі ұстаным екеніне күмән жоқ. Өйткені, шынайы рухани құндылықтарды бағалау, олардың маңызын түсіну адам өмірінде балалық шақтан, ертерек басталады. Ал уақытынан кеш қалғаннан кейін қоғамдағы келеңсіз қылықтардың нәтижесін көреміз, тәрбиесіз азаматтардың іс-қимылына тап боламыз, оларды күштеу, зорлау әдістерімен жөнге салуға тырысамыз.
Қазіргі заманда «өркениетті» деген елдердің өзінде түрмелердің саны көптеп саналады, адамаралық қатынастарға мәдениетсіздікті, тәрбиесіздікті енгізетін жекелеген субъектілер баршылық. Олар ұлтаралық қатынастардың мәдени деңгейін төмендетуі де мүмкін. Ал енді Ы.Алтынсаринның ғылыми концепциясы бойынша дүниеде жалпы дарынсыз бала болмайды, әркім де жақсылыққа, жасампаздыққа қарай бейімделе алады. Тек соны уақытылы бағыттау, байқау педагогтың да, отбасындағы ата-аналардың да тікелей міндеті. Осындай әрекетті, қадамды жалпы халықтың өкілдерін жаңа сипаттағы дүниеге дайындап, әлеуметтік болмыстағы руханилық пен ізгілік жолына адамдарды түсіруге, бағдарлауға тырысу деп бағалауға болар еді. Бұл болашақ этносаралық қатынастардың үйлесімді өрбуіне өз үлесін қосатын азаматтарды тәрбиелеудің кілті, нағыз гуманистік қарым-қатынастарды үйлесімдендірудегі өте ұқыптылық деп бағаланатын нәрсе.
Қазіргі кезеңде ұлтаралық қатынастардың негізін гуманизациялауды, өркениеттендіруді ерекше сипатта ойлайтын болсақ, онда жоғарыдағы ағартушылардың сөздеріне үнемі назар аударып отыруға тиістіміз. Яғни ұлттың тарихында қалыптасқан этникалық дәстүрдің тиімдісін ғана сұрыптаудан өткізіп пайдаланған жөн. Дәстүр - мәдениеттегі рухани тірек, ол этникалық мәдениеттің құнды дүниелерін сақтайды. Дәстүр әруақытта шығармашылық талпыныста жаңартылған және жаңа туындаған әрекеттерге икемделсе ғана өзінің өміршеңдігін танытады, әлеуметтік прогреске қызмет етеді. Басқа сипаттағы рухани тіректерді, бағдарларды ұстанған дәстүр тарих сахнасынан не жоғалып кетеді, не ұлыстың өмір салтында этникалық қауымдастықтың алға басуына кедергі болады.
Сондықтан кез-келген дәстүрдің заманауи үрдістерге икемделгіш қабілеті жоғары бағаланады, сол арқылы ұлттық келбет тарихи процесте біршама жақсы күйде сақталады, тіптен ол барынша дамып отырады.
Өз ұлтының қамын терең сипатта ойлаған кемеңгер ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармашылығының (өлеңдері, поэмалары, аудармалары, қарасөздері) қазақ мәдениеті үшін ғана емес жалпы адамзаттың рухани байлығы үшін де орасан зор құндылығы бар. Данышпанға тән көрегендігі бар ұлы бабамыз өзінің әрбір ойын, тұжырымын өте нақты, дәлелді және көркем түрде жеткізуге тырысқан. Абай өзінің лирикалық өлеңдерін философиялық толғаулар түрінде жеткізе білген және оның қандай шығармасын алсақ та жақсыға, жақсылыққа ұмтылуға, сүйсінуге баулиды, үнемі өзінің тәрбиелік функциясын атқарып отырады. Өмірдің әрбір күнін қадірлеп, оның маңыздылығына адам мән беріп қана дұрыс тіршілік етуге болатындығына меңзейді. Халықты нағыз біртұтас ел ететін, барлық қиындықты жеңуге бастау болатын құбылыс «бірлік» деп аталатындығына ғұламаның көзі жеткен. Бұл әмбебап-адами құндылық қай ғасырға да, қандай әлеуметтік-этникалық ортаға болса да өзінің жасампаз күшін жоймақ емес. Әсіресе, Орталық Азиядағы демократиялық қоғам құруды мақсат еткен елдер үшін жоғарыдағы үрдістердің маңыздылығы зор.
Терең мазмұнына назар аударсақ, ойшыл даналығы «Ыстық қайрат пен салқын ақыл жүректегі жылусыз адамгершілік ауылынан алыстап кетуі мүмкін» деген ойды білдіретінін байқауға болады, яғни қоғамдағы әділеттілікке бастайтын күш жүректе, адамның рухани әлемінде деген ойға жетелейтін дүние аңғарылады. Патшалық Ресейдің боданындағы қазақтың ұлттық келбетіндегі, діліндегі кемшіліктерді, әлсіздіктерді Абай өзінің «Қара сөздерінде» жақсы көрсеткен, ол этникалық қауымдастыққа тән ділдік негіздердің сан қырлы тіндерін, астарларын айшықтай білген, көпшілік әдеттеніп, үйреніп алған іс-қимылдардың осал екендігін дәйектеген. Сонымен қазақтың өмір салты, этникалық келбеті ғасырлар бойы қайшылықты түрде қалыптасқаны белгілі. Абай көрсеткен «архетиптер» қазіргі ғылыми зерттеулер үшін үлкен маңызы бар құбылыстар. Өкінішке орай, сол тарихи кезеңдерде қалыптасқан келеңсіз «ұжымдық бейсаналық элементтер» қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында да этникалық сананың кейбір қасиеттері болып отыр. Оны тек рухани тәрбие ғана жеңе алады.
Абайдың өз заманында халқының бойынан көрген кемшіліктерінің бәрін тергені оны жақсы көргенінен туындаған сыни қатынасы екендігін, бір деңгейде қалып қоймай халық биікке көтерілу керек деген ойтұжырымнан туған екені белгілі. Автор қазақтың бойындағы қазіргі замандағы менталитеттік кемшіліктерін атай отырып, оның ішінде төменгі түрлерін ерекше маңызды деп есептейді. «Біріншіден, қазақ әлі жасанды өмірге көбірек сенеді. Өз бойындағы дарынын ашудан гөрі басқадан дайын нәрсені алуға бейімділігін, еліктегіштігін әлі қойған жоқ. («Болмасаң да ұқсап бақ» дегенді, сірә, тұрпайырақ түсінетін қазақ көп сияқты). Екіншіден, жиын тойлар мен ура-жиналыстарды өткізуге көп көңіл бөлінеді де, адамның бойындағы дара қасиеттерді ашуға мән берілмейді. Тұлғалық дарын тасада қалып қояды. Ашылмай жүрген қазақ көп. Әр адамның бойындағы ашылмай қалған қасиеттердің кілтін табуымыз керек» деген ойды тұжырымдайды кейбір зерттеушілер [110]. Автордың бұл пікірін дүниеде әруақытта «сын түзелей, мін түзелмейді» деген қазақтың мақалына сәйкес келетін тұжырымдар деген ойдамыз. Өзін жоғарыға өзімшілдік тұрғыдан көтеремін деген әлеуметтік субъект ешқашанда сыннан қорықпауы тиіс, сонымен қатар оған үрке қараудың қажеті жоқ.
Кез-келген халықтың алдыңғы ойлы азаматтары ұлтының бойындағы кемшілік пен жетістігін қатар бағалап отырады. Бір жағы көп болып кетсе де орынсыз іспетті. Олар үнемі жастарды ұлттық құндылықтарды қадірлей білуге шақырды, өздері басқа ұлт өкілдеріне этностық құндылықтарды зорлап таңуды дұрыс деп таппады. Осындай үрдіс қазіргі кезеңде де сақталғаны орынды. Мемлекеттік тілді жоғары деңгейде әлеуметтік ортаға орнықтыру маңызды мәселе. Ал қазақ тілін әлеуметтік болмыста, әкімшілік деңгейде, өндірісте, ғылымда, білімде енгізу барынша зорлықсыз, бірақ принципалды жүргізілуі тиіс. Әрине, қазақтың дәстүрлік құндылықтарын жаңғыртуын күйттеген отандастарымызбен оны мойындамайтындар арасында алшақтық бар. Біреуі барынша тезірек қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін атқарғанын қалайды, екіншісі ол процесс созыла түссе екен дейді. Осы мәселе қазіргі таңда мәдениет тұрғысынан орынды сипатта және ұлтаралық келісіммен шешілетін болса, онда бұл халықтың мәдениеті мен ділін, этникалық болмысы мен азаматтық мәртебесін өркендетуге бағытталған қажетті қадам болып табылады.
Қазақ халқының тарихында талай көрнекті тұлғалар болған. Ал, енді өткен ХХ ғасырдың басындағы (Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Тынышбаев, М.Шоқай, А.Байтұрсынов және т.б.) қазақ зиялыларының саяси-әлеуметтік қызметінде, шығармашылығында қазақтың этникалық болмысын жетілдіру мәселесі орын алған болатын. Ол дәуір Еуропада білім алып келген қазақтың саяси элитасы екінші жағынан елдің рухани элитасына айналған кезең болатын. Отаршылдықтан еркіндік алған халық қана өзінің нағыз тарихын қалыптастыра алатындығын зиялылар түсіне білді. Сондықтан ұлттық тәуелсіздік, қазақ автономиясы сияқты мәселелер көптеген қордаланған қайшылықтарды шешудің іргетасы екендігін мәлімдеген болатын. Мәселен, Кеңес үкіметінің революцияны экспорттауына наразы болған М.Шоқай кеңес үкіметінің «пролетариат диктатурасын» жария еткенін атап өте келіп, ал енді «бұл өзі қандай «пролетариат диктатурасы» деген сұрауға, әрине ол «орыс пролетариатының диктатурасы» деген жауап сәйкес келеді», сонымен қатар «халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды негізгі мақсатқа жету үшін, ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір сана болуы тиіс. Міне, осы сананы айқындау, яғни халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау зиялылардың міндеті», – дейді. [111].
Қоғам қайраткерінің осылай күмәндануының өзі бекер емес болатын. Себебі кез-келген әлеуметтік ортаға сырттан таңылған үлгілер, схемалар, оның табиғи-тарихи үрдісіне сәйкес келе қоймайтын нәрселер түбінде пайдалы емес, ақыр соңында келеңсіз нәтижелерін береді. Жалпы дамудың өзіндік ішкі қисыны болады, оған үстірт қараушылық әртүрлі қиындықтар туындатады. Мәселен, қазақ халқының 30-шы жылдары жаппай аштықты бастан өткізуі, елдің іргесі сөгіліп, шетелдерге үлкен этникалық топтар болып қоныс аударуы, еріксіз көші-қонның орын алуы осының салдары. Сөйтіп, дүниеде қазақтың әлемге еріксіз таралу үдерісі тарих сахнасында орын алады. Бұл саяси-экономикалық трансформациялардың, үстірт саяси процестердің қазақ қауымдастығына әкелген қиындығы мен сынағы болатын. Әрине, социализм кезеңінде этностың болмысында бірыңғай кемшіліктер мен теріс құбылыстар ғана болды деуге де болмайды. Атап айтатын болсақ, ғасырлар бойы дәстүрлі мәдениеттің ауқымында ғана болып келген қазақ халқы, өзінің бірыңғай ырғақты өмірін өзгеріске түсіріп, ХХ ғасырдың өркениетті елдеріне сәйкес келетін мәдени құндылықтардың тасымалдаушысына, субъектісіне айнала бастады (білім мен мәдениет жағынан, өндіріс пен аграрлық мәселелер бойынша біршама жетістіктерге қол жеткіздік, көптеген қалалар салынды). Көп ұлттың өкілдері қоныстанған елдегі әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа тұрғындар үйренді, демек ол азаматтардың рухани мағынада біршама шыңдалғанын білдіреді.
Енді қазіргі кезеңде, еліміз тәуелсіз мемлекеттің қабырғасын нығайтуда және жаһандану дәуіріндегі халқымыздың алдында құндылықтар жүйесін, иерархиясын таңдау проблемасы бар. Жалпы құндылықтар жүйесі, бағдарлары ауысқан, өзгерген кезде, өзгерген шақта ескі мен жаңаның, дәстүрлі құбылыс пен жаңару көріністерінің арасында мағыналық, маңыздылық және рәміздік қайшылықтар туындайды. Бұл жерде саяси және мәдени таңдау қиындығы, азаматтардың бірегейленуді анықтау мәселесі мен соған лайықты үйлесімді шешім қабылдау проблемасы пайда болады. Кеңес дәуірінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің (М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Жамбыл Жабаев, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов және т.б.), өнер қайраткерлері мен дарынды ғалымдарының (Қ.Сәтбаев, С.Асфендияров, кейінгілерден С.З.Зиманов және т.б.) шығармашылығын халқымыздың, мемлекетіміздің, ұлтымыздың рухани байлығына жатқызамыз.
Жоғарыда аталған зиялы қауым өкілдерінің шығармашылығы қазіргі кезеңдегі тәуелсіз Қазақстан азаматтарының ұлттық санасын жетілдіруде игі қызмет атқарды. Қоғамдағы ұлтаралық қатынастардың үйлесімді өрбуі үшін мәдени және әлеуметтік негіздерді тек қана экономикалық қатынастардан іздемей, халықтың рухани әлеміне де көңіл бөлінуі тиіс. Өткен социализм дәуірінің өзінде саяси қыспақтың қаталдығына қарамай, нағыз мәдени құндылықтардың үлгісі болатын дарынды туындылар дүниеге келіп жатты. Мәселен, М. Әуезовтың «Абай жолы» романы соның дәлелі. Қазақстандық маман Р.Б.Әбсаттаров өзінің «Ұлттық қатынастардың дамуы» атты еңбегінде социализм дәуіріндегі ұлттар арасындағы қатынастардарда мәдени сұхбаттың маңызы жоғары болғанын атап өтеді. Ол ақын-жазушылардың үздік шығармаларының бір тілден екінші тілге аударылуы, олардың насихатталуы сол тарихи кезеңдегі халықтар ынтымақтастығын нығайтқан маңызды рухани үрдіс болғандығын және соның арқасында қоғамда ұлыстар арасында, қарапайым ұлт өкілдері арасында мәдени сұхбат орныққанын пайымдайды [5, 139 б.].
Жалпы жоғарыдағы ғылыми тұжырымдардың негізгі бағыттарымен келісе отырып, еліміздегі әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік терең тарихи негіздерге сүйенетінін бағамдауға болады. Сонымен қатар, барлығымыз бағалап жүрген ұлтаралық өзара келісім біздің елімізде кенеттен, кездейсоқ орнықпағанын атап өтуге болады және ол әлеуметтік ортамызға келген бір жақтан келген көшірме құбылыс емес, ол ерекше этноәлеуметтік феномен ретінде өзінің тарихи, мәдени және рухани қайнар бастауларына тәуелді нәрсе.
Қазақ елі тарихы мен дүниетанымының ауқымында әлі де көптеген терең ғылыми сараптауды қажет ететін дүниелер баршылық. Әсіресе, қазіргі кезеңде ұлттық қатынастар мәселесін кешенді, жүйелі қарастырудың маңызы зор. Себебі, қоғамдағы тұрақтылық осы қатынастардың даму векторымен астасып жатады. Қазақстан тарихының беттерінен әлемдік тарихи үдерістің небір көріністері байқалады. Қазақстан территориясы еуразиялық номадизмнің эпицентрі болды және ол тарихи-мәдени сабақтастыққа сай Ұлы даланы қоныстанған халықтың дәстүрлі этномәдениетінің басты арнасына айналғанын айта кету керек. Көшпенді өмір салтын өткен ғасырдың басына дейін сақтап келген қазақ халқының тарихи санасы мен тарихи этникалық болмысы өзінің небір сынақтарға қарсы тұра алатынын дәлелдеді, оны тарихи деректермен айғақтады.
Қазақ халқының санасында жетпіс жылдық социалистік қоғамның ұстанымдары терең із қалдырды және басқа халықтар сияқты оның этникалық ділінде коммунистік режимнің кейбір архетиптері отырғанын жасыруға болмайды. Қазақ халқы егемен мемлекет ретіндегі саяси тәуелсіздігіне ие болғанымен оның тарихи және мәдени маңыздылығын әлі күнге дейін зерделеумен келеді. (Айта кететін дерек – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, саяси егемендігін, алғашқы мойындаған, қабылдаған мемлекет – Түркия болып табылады. Оны көпшілік білгенмен, ал енді одан кейін іле-шала мойындаған Румыния мемлекеті екенін қалың жұртшылық біле бермейді). Әрине, халықтың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы – тәуелсіздік оңайлықпен келді деуге болмайды, қазақтың отаршылдық және тоталитарлық езгісіндегі 300-ге тарта бас көтерулері мен толқулары соның айғағы болып табылады. Дегенмен, бұрынғы кеңестік жүйенің қирауымен бірге көптеген азаматтардың құндылықтары да күрт өзгерді, бұрынғы ұстанымдардың орнына жаңа нарықтық жүйе бағдарлары орнай бастады және жаңа дүниені қалыптастырудағы, дамытудағы тарихи қиындықтар мен кедергілер, дәстүрлі құндылықтардың алмасуындағы түйткілдер болып табылады, ол біздің еліміздегі әлеуметтік-мәдени ахуалында көптеген жаңа сұрақтарды күн тәртібіне қойды.
Солардың ішіндегі ең маңыздысы, біздің пайымдауымызша, еліміздегі жетекші ұлттың, мемлекетті қалыптастырушы міндетті атқару қызметін қазақтардың лайықты деңгейде орындауы болып отыр. Ол тарихи рөлді, мәртебелі миссияны қазіргі кезеңде қазақ халқы дәйекті атқаратынына ешқандай күмән жоқ десе де болады. Оған күмәнданушылар бұрынғы социалистік кеңестік дүниетанымды, тәртіпті көксейтіндер екені белгілі. Мәселе осы халықтың рухани құндылықтарын, тарихи жәдігерлерін еліміздегі әлеуметтік кеңістікте жалпыұлттық деңгейдегі дүние деп қабылдау керек екенінде болып отыр. Оның уақыты қазіргі заманауи кезеңде толық жетті деген ойдамыз.
Ал, енді жалпы алғанда «демократияның озық үлгісін Қазақстанның этноәлеуметтік ахуалында қалай қалыптастыруға, өрбітуге болады?» деген сауал туындайды. Сонымен қатар «қазіргі замандағы тәуелсіздіктің тұғыры неде, этникалық, саяси және азаматтық бірегейлену қандай сипатта болуы керек, ұлттық-мәдени бірегейленуге нені жатқызуға болады? деген сұрақтар азаматтарды мазалайды. Бұл сауалдардың барлығына стандартты, біркелкі жауаптар берілмеуі тиіс және демократияның әлеуметтік институт ретінде орнығуы мен іргелі ұстанымдарының жүзеге асуы сатылы сипатта болуы шарт. Кейде азаматтардың барлығы «қазақ ұлтының өкілі деп аталуы тиіс пе, әлде елімізде «кеңес халқы» деген сияқты «қазақстандық ұлт» деген өзіндік қауымдастық қалыптаса ма?» деген сауалдар да қойыла бастады. Қазақстан халқы деген еліміздегі барлық ұлт өкілдерін біріктіруші, топтастырушы ұғым бар екенін ескерген жөн. Ал қазақ елі мен оның мәдениеті мемлекеттің негізгі ұйытқысы болып отыратын күш, оны үйлесімді қалыптастырушы міндетті атқарушы негізгі субъект деген ұғымды бекіту арқылы үлкен жалпықазақстандық әлеуметте, кеңістікте ұлтаралық қатынастар мәдениеті орныға түсері анық.
Осындай риторикалық сұрақтардың тізбегін «біз қазіргі заманда қандай жолмен алға қарай жылжимыз, нені басымдық етеміз, неден бас тартамыз?» деген өзекжарды мәселелермен түйіндеуге болар еді. Шешімі әзірге толықтай табыла қоймаған осындай мәселелердің төңірегіндегі пікірталас көбейді және олар осы мағынадағы ғылыми пікірсайыстардың да соңғы жиырма жылдық мазмұны жалғасуда және олар кейбір эволюцияға ұшырауда. Демократиялық құндылықтарды және құқықтық, азаматтық принциптерді әрдайым басшылыққа алу керек, онсыз ұлтаралық қатынастардағы кейбір түсінбестіктерді туындатамыз. Дегенмен қалайда мемлекетіміздің саяси және мәдени біртұтастығы мен оның унитарлығының сақталуы маңызды. Оған қарсы кез-келген әрекет қоғамды іштей ыдыратушы, адамдардың өміріне, қоғамның рухани қауіпсіздігіне нұқсан келтіруші фактор деп қарастырылуы тиіс.
Жоғарыдағы мәселелерді терең онтологиялық, аксиологиялық қырынан зерттейтін философиялық, саясаттанулық және мәдениеттанулық ғылымдар да оған өзіндік үлестерін қоса алады. Бұл бағыттардағы көптеген ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен түйткілді қырлары бұқаралық ақпарат құралдарында соңғы уақытта ашық жариялануда. Осының өзі қоғамдағы демократияға қарай ілгерілеген қадамды, адами қатынастардағы біршама мөлдірлікті танытады, азаматтардың арасындағы әлеуметтік қашықтықты жоюға өз ықпалын тигізеді, этностардың өзара байланысын үйлесімдендіре алады.
Қазақстан мемлекеті этникалық қазақтар үшін қайталанбас тарихи Отан және қазақ халқы тарихи тұрғыда әрқашан рухани – материалдық мәдениеттің бірлігін сақтады, тұрақты және өзіндік әлеуметтік институттарды қамтамасыз етті, қоршаған ортаға әлеуметтік-мәдени бейімделудің өзіндік ыңғайлы тәжірибесін қалыптастырды. Халық осы күнге дейін табиғатқа, ғарышқа, адам тану мен оны түсінудің өзіндік бірегей тәжірибесін қордалады және өзіндік өркениеттік үлгілерін бекітті. Әрине, тарихи құндылықтар ұлттық бірегейленудің түптамыры, қайнар көзі, негізгі кепілі болып табылатыны белгілі. Ол ұлттылықтың, этномәдениеттің, төлтумалықтың қайта түлеуіне, дамуына негіз болады, сонымен қатар басқа өркениет үлгілерімен лайықты деңгейде бәсекелестікке түсуді қамтамасыз етеді, сонымен қатар оның тарихи субъект ретіндегі өзіндік ұлттылығының анықталуына маңызды негіздеме болады.
Айта кететін жәйт: кеңес уақыты кезеңінде Қазақстан территориясында мәдени-өркениеттік үрдістер қазақ емес этностар өкілдерінің (орыстардың, украиндардың, немістердің, белорустардың, чешендердің, ингуштердің, корейлердің, гректердің, ұйғырлардың, поляктардың және т.б.) үдере қоныс аударуымен күрделеніп кеткенін атап өтуге болады. Осының барлығы қазақ жеріндегі этносаралық қатынастардың өзіндік көрінісін туындатты, яғни бұрын қазақ мәдениеті, қазақ тілі мен мәдениеті жетекші рөл атқаратын ортада социалистік мәдениет болуы тиіс деген желеумен «кеңес халқы – адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы» деген социализмнің концепциясы сынақтан өткізіле бастаған болатын. Енді олардың барлығына тек кінәлілерді іздеу өнімсіз әрекетке жатады. Оның орнына жаңа тарихи жағдайды үйлесімді дамытудың жолдарын қарастырған абзал.
Әрине, кеңестік коммунистік саясат негізінен орыс тілінде жүргізілуге тиіс болатын. Сондықтан қазақ жеріндегі дәстүрлі мәдениет негізінен этникалық жағынан алғанда көбірек шоғырланған жерлер – ауылдарға ысырылды. Сөйтіп, орыс тілді қалалар мен негізінен қазақ тілді ауылдар жіктелуге ұшырап, олар бейбіт қатар өмір сүре бастады. Дегенмен, осындай қатар өмір сүрудің өзі кейбір этнопсихологиялық жағдайларды орнатып, этникалық біртұтастыққа жік салды қоғамдық бұқаралық санада мынадай пікірлер диспозиясы қалыптасты: ауылдан шыққан қазақтар өзінің дәстүрлі мәдениетінің тасымалдаушысы ретінде қалалық орыс тілді қазақтарды «өзінің ұлттық тілін, ділін, мәдениетін ұмытқан мәңгүрттер» деп атаса, қалалық қазақтар өз кезегінде ауыл қазақтарын мәдени дамуда кенже қалған, өркениеттік деңгейі төменгі сатыдағы «мәмбеттер» деп кемсітетін болды. Міне, сөйтіп, бір халықтың ішінен стереотиптік деңгейдегі өзара жіктелу көрініс табады. Кеңестік басқарушы органдар этностың бойындағы бұл қайшылықты көрсе де көрмеген сыңай танытады.
Ал кеңес үкіметі осындай автотаптаурындық құбылыстарға көз жұма, үстірт көзқарастарын білдіруінің себебі, жалпы елдегі ұлт саясатының сыңаржақтылығында болатын. Демек, қоғамның бойындағы әртүрлі таптаурындардың шығу формасындағы ауытқулар мен жаңылысулар бір халықтың ішкі тұтастығын да бұза бастаған кезең болатын. Міне, осындай жағдайда ұлттың қауымдастық ретінде рухани жағынан құлдырап кетпеуі маңызды еді. Бұл құбылыс Ресейді жайлаған маскүнемдік қазақ жастарына келе бастаған дәуір болатын. Ұлттың рухани тірегі болатын нәрсені іздеу қажет болды. Ал оның басты тетігі – ұлттық идеяның жасампаз негіздерін өрбітуде жатырғанын зиялы қауым жақсы түсіне бастайды, сондықтан қоғамдағы рухани құндылықтарды сақтап отыру маңызды іске айнала бастайды. Сол сәтте ұлттың рухани мәдениетін жандандыру кез күттірмес мәселеге өтеді [112].
Әрине, этносаралық интеграцияның кез-келген қоғам үшін маңыздылығы зор, өйткені этникалық дамудың оқшауланған түрі ежелгі замандарда ғана мүмкін болғаны анық. Ал қазіргі заманның өзіндік қисыны және әлеуметтік қатынастардың пәрменденуі халықтарды бір-біріне экономикалық тұрғыда жақындатып, толеранттық негіздегі жаңа саяси қатынастардың орнығуына итермелейді, дегенмен осы қатынастардың ең жоғарғы формасы халықтар арасындағы рухани қатынастарды орнауы екендігін мамандар атап көрсетеді [113]. Ол үшін қоғамда барынша автотаптаурындар мен гетеротаптаурындардың астарында (стереотиптер) кездесетін кемшіліктермен барлық гуманистік тәсілдермен күрес жүргізілуі тиіс екені анық. Осылардың барлығы еліміздегі ұлттық сана мен ұлттық болмыс деңгейлерінде өзінің сипатын танытатыны байқалады.
Отандық гуманитарлық ғылымда «ұлттық идея мен жалпыұлттық идея ұғымдарының (соған сәйкес қазақ ұлты мен қазақстандық ұлт ұғымдарының) шашыраңқылығы, ұлттың қалыптасуына қатысты пікірлердің (примордиалистік және конструктивтік) тайталасы, мемлекеттік тіл мәселесі, жаhанданудың көтерген кең ауқымды мәселелері мен этникалық төлтумалылықтың арақатынасы және т.б. жағдайларды одан сайын ушықтырып отыр. Бірегейлікті қалыптастырудың тетігі ұлттық идея туралы көптеген қызу пікірталастар да болды» деп атап көрсетілген пікірлер де орынды [114].
Қоғамдағы ұлттық идеяның негізгі қызметтік ауқымы әртүрлі мерзімдік уақытты қамтиды. Ол қысқа, орташа және ұзақ уақытқа арналуы мүмкін. Дегенмен, шынтуайтына келгенде, өте ұзақ уақытқа, немесе өте қысқа мерзімге анықталған, қызмет етуге тиісті ұлттық идея жартымды практикалық нәтиже бермейді және кейде мағынасыз сипатқа ие болады. Сондықтан ұлттық идеяны қалыптастыру үлкен жауапкершілікті талап ететін және орташа уақыттық мерзімге арналған тарихи маңызы жоғары ұжымдық әрекет болып келеді. Оны жоғарыдан элита ұсынған негізде жүзеге асырушы бұқара халық болып табылады. Сондықтан саяси және рухани элитаның кез-келген ұрандары мен тұжырымдары ұлттық идеяға айналып кете бермейді. Тек әлеуметтік практикада азаматтар арасында қолдау тапқаны осы мәртебеге ие болатынын тарих дәлелдеп отыр.
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде заманауи қоғамдағы екі түрлі саяси дамудың векторына мамандардың назарын аудартады. Оның алғашқысы – «азаматтық әрі саяси бірлікті қазақстандықтарда қалыптасқан саяси құндылықтарды басым тетікке айналдыру арқылы қалыптастыру... Оның мәні - өзіміздің азаматтық саяси тағдырымызды барша азаматтардың тағдырымен бірдей дәрежеде қорғайтын Қазақстан мемлекетімен ұштастыруда жатыр. Бұл біздің бірлігіміз бен орнықтылығымыздың іргетасы. Бірегейліктің екінші деңгейі қазақтардың өздерінің ұлттық бірегейлігіне байланысты... Бұл қазақтардың ұлт ретінде өзін-өзі түсінуі мен рухани өрістерін анықтау мәселесімен байланысты» [33, 104 б.], – деп көрсетіледі.
Қазақтарға арналған ұлттық бірегейленудің маңыздылығы жоғары екені белгілі және оның түпқазығы азаматтардың таңдау құқығын дұрыс пайдалануында болып отыр. Бұл мәселедегі жауапсыздық пен үстірттік ұлттың ішкі этнодемографиялық құрылымын ыдыратады, рухани сипаттағы процестерде халықты барынша құлдыратады. Міне, осы күрделі және қайшылықты жазықтықта белгілі бір кесімді өлшемдерден өтіп кетпеу үшін үнемі тарихи нақтылық ұстанымына арқа сүйеп, қоғамдағы әділеттілік ұстанымдарының жалауын көкке көтере білу шарты алға шығады.
Қазіргі Қазақстан бір қарағанда полиэтникалық мәдениеттің синтезінен құралған қауымдастық іспетті, бірақ тарихи негіздерге назар аударатын болсақ, онда ол қазақ халқының рухани мәдениетінің негізінде қалыптасқан ұлттық тұтастық, бірегей саяси және мәдени жүйе екені анық. Қазақ еліне әртүрлі себептермен қоныс аударып келген этнос өкілдері көптеп саналады. Осындай көші-қон соңғы уақытта Еуропаның көптеген елдерінде орын алуда. Әрине, біздің мемлекетіміз көптеген халықтар мен өркениеттердің ғасырлар қойнауынан жинақталған құндылықтарына сүйенеді, ешкімді шеттетпейді. Өз территориясымен жүріп өткен «ұлы Жібек жолы» тек сауда каналы ғана емес еді, ол дипломатиялық қатынастар мен мәдени құндылықтарды толықтыра түскен құбылыс болатын. Қазақ ұлты көшпелі өмірдің мәдени – шаруашылық типін өзгерте алып, жаңа туындаған әлеуметтік өмірге, яғни индустрализацияны және жазба мәдениетін жандандырып, ХХ ғасырдағы заманауи әлемге, өз мәдени дәстүрлерін сақтай отырып, сабақтаса білді. Халықтың дүниетанымдағы түсініктер бойынша тұлғаның әлеммен қатынасы және оның әлемге қатынасы өзінің ішкі «менін» анықтауға, белсенді полилогтық процеске бағытталған.
Жалпы «төзімділік» деген ұғымды барлық жағдайларға жай ғана, қарапайым конформистік мағынада бірыңғай не болса, соған көне беру деп түсінуге болмайды, оны басқаға, оның мүддесіне деген құрметтің, сыйластықтың көрінісі деуге болады және оны адамның әлемге қатынасындағы ерекше рухани деңгей деп танып, ұсақтықтан, пенделіктен жоғары болушылықпен астастырған жөн. Ал іштегі теріс психологиялық қысымның негізіндегі, сенімсіздік құрсауындағы жалған және екіжүзді төзімділік құбылысы әлеуметтегі мәселенің орнықты шешімін табуға жетелемейді, ол тек уақытша ғана қиындықтарға үстірт шыдауларды қалыптастырады. Бірақ ондай «төзімділік» өзінің кемеліне жетіп, уақыты келгенде жаңа қайшылықтарды туындатады, жасанды рухани дүние түрінде көрініс береді. Осыған орай, демократияға бет бұрған қоғамда адамаралық және ұлтаралық қатынастар жүйесінде түбегейлі іргетас болатындай, алға дамуға негіз болатындай мағыналар мен құндылықтарды іздеуге ұмтылуымыз керек. Олардың барлығы негізінен өмірдің қай саласында болмасын адамдардың руханилығынан, шығармашылық шабытынан туындайтын мәдени және тарихи жәдігерлер болып табылады.
Әрине, қазіргі заман өркениеті құндылықтарын жоққа шығара алмаймыз және Еуропаның (кең мағынада жалпы технологиялық дамудың) өркениеттік жетістіктерін пайдаланудан қашқақтауға да болмайды, тек солардың тұтынушы сипатындағы көшірмесіне айналмауымыз керек. Дегенмен, жаңашылдық ешқашан этникалық, немесе мемлекеттік шекаралардың ауқымында қалып қоймайды, бұл жерде жекелеген діндердің ішкі мәселелерін айтып шектелуге болмайды. Осыған орай, түркі әлемінің ішкі бірлігі туралы пікіріміз төмендегідей: бұл бірлік өзінше бір топтасудың өзіндік нұсқасы болып қалады. Жалпы Жер бетіндегі бүкіл адамзаттың бірлігі және өзара түсіністігі жөніндегі қадамдарды өрбітудің болашағы кеңірек. Бұл жаҺандық мәселе екені анық, ол барлығына ортақ планеталық этиканың, экологиялық мәдениеттің басымдық етуін талап етеді.
Полиэтникалық қоғамда мәдениеттер сұхбатын қалыптастыру мен дамыту кезеңінде жалпы халықтық мәмілеге келтіруге ықпал ететін әрбір құбылысты оңды бағалаған тиімді. Солардың ішінде материалдық емес мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау және әртүрлі деңгейлерде насихатттау маңызды рөл атқарады. Міне, осы тұрғыдан алғанда тәуелсіз еліміздің саяси, мәдени, рухани біртұтастығына, тұрақтылығына нұқсан келтірмейтін жолды әрдайым іздеуге тырысу қажет. Қазақстан территориясындағы барлық мәдениет жәдігерлерін қадірлей білуге жас ұрпақты тәрбиелеу шын мәнінде елдің ішкі тұтастығын қамтамасыз етудің өзіндік тетігі болып табылады. Этникалық мәдениеттерді тұтастандырушы рөлді атқаратын нәрселер тарихта маңызды. Іштей ыдырауға, маргиналдануға ұшыраған этникалық қауымдастық мемлекеттегі ұлттық қауіпсіздікке қауіпті. Мәселен, «араб көктемі» деп аталатын құбылыстың Африка мен Таяу Шығыста көрініс беруі де осындай үрдістермен астасып жатады. Жалпы мемлекеттілікті әлеуметтік-мәдени тұтастықтың факторы ретінде қарастыру орынды. Осы мағынадағы түсініктер ұлттық сананың, мәдениеттің, құндылықтардың негізі болады және әрбір этнос өкілдерінің тарихи тұлғалық дамуында іргетасқа айналары сөзсіз.
Халқымыздың ұлттық құндылықтары игеру жолында екені белгілі, дегенмен, олардың көбісін ғалымдар тереңірек, дүниетанымдық, ғылыми, философиялық сараптаудан өткізуі қажет. Олар шын мәнінде объективті бағаланғанда ғана қоғамдағы ұлтаралық қатынастар ауқымында оңды қызмет атқара алады, өзінің рухани пайдасын тигізеді. Заманауи талаптарға сай, жаһанданудың сын-қатерін көтере алатындай жаңа саяси және мәдени құндылықтарға қоғамның бет бұруы, мәдени дәстүрдің жаңғыруы жаңа типтегі нақты тарихи үрдіске жатады. Осындай түбегейлі өзгерістер жаңа типтегі этникалық сананың қалыптасуына түрткі болады, адамдар қауымдастығының жаңа мағынаға сәйкес бейімделген өркениетті қауымдастығын қалыптастырады. Сонымен қатар, олар ұлттар мен ұлыстар арасындағы үйлесімді байланыстарды орнықтырып, басымдық танытатын дәстүршілдік пен жаңашылдық қатынастар бір-бірін толықтыра түседі. Жаңа қатынастар кездейсоқ қалыптаса қоймайды, олардың ділдік бастауы тарихтың терең қатпарларында жатқаны анық.
Қазақ мәдениеті тарихи даму барысында өзінің көршілес түркітілдес елдерімен тарихи-генетикалық негізі бір болғандықтан тығыз байланыста болғанын жасыруға болмайды. Бұл мәдени өзара әрекеттестіктің қазіргі егемендену, тәуелсіздену дәуірінде біршама трансформацияға ұшырағанын байқап отырмыз, яғни нарықтың қатаң заңдылығы әрқайсысының өз қамын ойлауына итермелей бастады. Бұл жағдай өзіндік оқшаулануға да алып келгені белгілі. Шын мәнінде қазақстандық мамандар төмендегідей тұжырымдарды бекер келтірмейді: «Орталық Азиялық барлық халықтардың түптамырлы туысқандығы, тіл арқылы қалыптасқан ерекше мәдени ортадағы айырмашылық этностар арасында бір-бірін түсінбейтіндей жағдайлар туғызбайды, тіпті салыстырмалы түрде кейін пайда болған қазіргі заманғы орталық-азиялық түркілік әлемді құрайтын этностардың өзінде осындай жағдайлар орын алады десе де болады» [115].
Қазақ мәдениетінің қазіргі сипатта қалыптасуына араб тілді мәдениеттің әсері зор болды. Араб тілді мәдениет ислам дінімен қатар көптеген дүниетанымдық ұғымдарды қазақ менталитетінің терең иірімдеріне орнықтыра алды, қазақ рәсімдері мен мейрамдары діни бағдарлармен астасып кетті, мәселен қазақтар балаларына есімдерді арабша беріп келгенін атап өтуге болады. Этнолингвистикалық кеңістікке көптеген атаулардың әбден сіңіскені соншалық, олардың арабтық түбірі бар екеніне көбінесе назар аударылмайды да. Осындай жағдайларға жалғыз қазақ мәдениеті ғана емес, ұлтаралық интеграцияларға тап болған көптеген халықтар ұшыраған. Мәселе, әртүрлі түсініктерді барынша қабылдауда емес, бастысы соларды белгілі бір жүйе түріндегі тұтастықта заманауи қоғамдық болмыста қызмет еткізуде, мақсат қауымдастықты белгілі бір биік деңгейде әлемді игере алатын күйге жеткізуде болып тұр.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қордалаған құндылықтары, этникалық болмысы тәуелсіздік кезеңіне дейін жеткілікті деңгейде ғылыми талдаудан өтпегені белгілі. 2004 жылдан бастап Елбасының бастамасымен жүзеге аса бастаған «Мемлекеттік мұра» бағдарламасы қазіргі Қазақстан халқының рухани әлемін байытатын, ұлтаралық келісімді нығайтатын рухани күшке айналуы тиіс болатын. Халықтың мәдени мұрасы ғасырлар бойы халқымыздың санасында терең орын алып, оның жүзеге асуы өзекті және маңызды мәселе болып келгендігі қоғамдық ғылымдар тарапынан белгілі. Енді осы құбылыс тек декларация түрінде ғана қалмай, практика саласында шешімін тауып, ғылыми сараптау тұрғысынан барынша дәйектеліп, негізделгені орынды деген ойдамыз. Сонда қоғамдағы ұлтаралық қатынастардың мәдениетін жетілдірудің, кемелдендірудің бір әмбебап тетігі табылары анық.
Әрбір халық өзінің ұлттық жәдігерлерін, этникалық мәдени құндылықтарын сақтауға, дамытуға мүдделі және оған немқұрайлы қараудың салдары рухани даму бағытында өте келеңсіз нәтижелерге алып келетініне зиялы қауым өкілдері күмәнданбайды. Сондықтан осы бағытта зерттеулер жасап жүрген ғалымдар өздерінің сараптамалық тұжырымдарын кесімді түрде төмендегідей сипатта өрнектейді. Мәселен, Б.М.Сатершиновтың пайымдауынша: «Тарихи тағдырдың тәлкегімен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта өркендету төмендегі міндеттерді мемлекеттік деңгейде шешуді жүктейді: ең алдымен, ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды, яғни адамдарды рухани тұрғыда оятатын ұлттық тіл мен дәстүрді қайта жаңғырту; осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру, тарихи сананы қалыптастыру арқылы мәңгүрттік жағдайдан арылу; ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мұрасын игеру» [116].
Еліміздегі соңғы уақытта өзектендірілген, жаппай қолға алына бастаған индустриалды-инновациялық дамуға жоғарыдағыдай маңызды қосымшалар сұранып тұрғандай әсер қалдырады. Шын мәнінде, еліміздегі зияткерлік ұлтты қалыптастырудың өзіндік тиімді жолы осы бағыттағы пәрменді қадамдар екеніне күмән келтіруге болмайды.
Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген саяси, әлеуметтік, құқықтық, мәдени, рухани және экономикалық жетістіктерімізді гуманитарлық сала ғалымдары көпшілікке жеткізіп, насихаттауы тиіс. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында жарық көрген материалдар еліміздің барлық оқу және білім мекемелерінде дәрістеліп, БАҚ және электронды БАҚ саласында кеңінен таратылуы, насихатталуы тиімді деген ойдамыз. Халықтар арасындағы өзара мәдени диалог негізінен тарихи қордаланған рухани құндылықтарды дәріптеу деңгейінде жүзеге асып отырса, онда көптеген асыл мұралардың осы өзара этносаралық мәдени интеграцияда, зияткерлік ұлтты қалыптастыруда орын алатыны анық.
Қазіргі жаһандану заманында модернизациялық процестермен қатар әрбір қауымдастық өзінің ұлттық келбетінің лайықты түрде сақталуына, танылуына және оның дамуына мүдделі. Әрбір халықтың руханиятының ерекше сипатын анықтау материалдық емес мәдени мұраларды бағалаудан басталады, сондықтан қазіргі заманда басқа өркениет үлгілерімен өзара бәсекелестікке түсу үшін еліміздің алдында инновациялық, индустриалды-технологиялық пәрменді дамумен қатар рухани мәдениетіміздің қайнар көздерін зерделеп, оны биік деңгейлерге көтеру міндеттері тұрғаны белгілі. Мәдени және өркениеттік дамудың нәтижесі міндетті түрде ұлтаралық қатынастар ауқымында байқалатынын атап өтуге болады. Сондықтан қоғам барынша өркениеттене түскен сайын ұлтаралық қатынастардағы күрделі мәселелерді оңтайлы жолдармен шеше алады.
Мемлекеттің ішкі полиэтникалық құрылымында азаматтық деңгейде құндылықтық ынтымақтастықтың болуы рухани, саяси, мәдени өмірдің үйлесімді дамуына негіз, ұлтаралық қатынастардың келісіммен көмкерілуіне себепкер болады. Дегенмен, Қазақстандағы азаматтық бірегейленудің (етенелесудің) тәуелсіздік алғаннан бері қалыптасуы біршама күрделі сатылардан, тарихи кезеңдерден өтті. Тәуелсіздік алғанға дейін еліміздегі 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы тарихи мәселелердің діңгегі ұлтаралық қатынастарда екенін көрсетті. Одан кейін Қазақстанның батыс өңіріндегі Жаңаөзенде орын алған 1989 жылғы қазақтар мен кавказдық этникалық топтар арасындағы ұлтаралық қақтығыс социализм мақтаған ұлт саясатының шытынап бара жатқанын білдірді.
Тәуелсіздік әрбір республиканың өзіндік дербестігін орнықтыруға мүмкіндіктер ашты. Ол ұлтаралық қатынастарды жаңа саяси шындықтың қисынымен өрбуіне бағыттайды. Бұл процестер Қазақстанда тәуелсіздік дәуірінің өзінде кейбір: кикілжіңсіз болды деуге болмайды. Мәселен, Шығыс Қазақстанда (Өскемен қаласында) Казимирчук деген азамат бастаған топ 1999 жылы сепаратистік пиғылда саяси төңкеріс жасауға талаптанды. Сондағы ойлары Шығыс Қазақстанның бір бөлігін кесіп алып Ресейдің құрамына енгізу. Бұл әрекет шын мәнінде унитарлы, біртұтас Қазақстанды бөлшектеуге тырысушылық болып табылады. Бірақ басында әлеуметтік және тарихи негізі жоқ бұл әрекеттің соңы сәтсіз аяқталды. Осының өзі еліміздегі ұлтаралық қатынастарда кейбір өзекті және күрделі проблемалардың шеті бар екенін байқатты, мамандардың назарын аудартты.
Қазіргі тарихи кезеңде радикалды діни ықпалдан, көптеген секталардың белсенділігінен Қазақстан да қауіптенеді. Демократияның негізгі белгілерінің бірі – ұждан бостандығы, діни сенімге деген оңды көзқарас. Дегенмен, осыны пайдаланып көптеген жаңа діни ұйымдар елімізде өз іс-әрекеттерін жүргізуге заңды құқықтарын өткен ғасырдың өзінде алған болатын. Бұл жерде ескерілетін бір терең нәрсе бар. Жоғарыдағы ресми қауымдастықтарда айтылатын моральдік діни-этикалық ұғымдардың бір-бірінен айырмашылығы негізінен олардың өзгешеліктерін білдіреді. Міне, сол белгілер арқылы олар өздерінің сенімдерін барынша қорғайды. Қоғам болса толып жатқан бөлшектенген қауымдастықтарға ыдырап бөлініп жатыр. Ал, осындай өзара қатынастардағы жіктелу адамдардың арасында белгілі бір келеңсіз рухани, әлеуметтік, дүниетанымдық қашықтықты орнатады, жалпықазақстандық халық ретіндегі бірігу процесін тежейді.
Қазақ жерінде қазіргі уақытта барлық әлемдік деңгейдегі өркениеттік құндылықтардың мәдени жәдігерлерінің тасымалдаушылары өмір сүруде. Қандай да болмасын тарихи феномен басқа кеңістіктерге белестеніп және толқындап ендейді. Сондықтан тәуелсіз Қазақстан территориясына келген құндылықтар сипаттамасы кеңестік құрылыс кезеңінде-ақ басталған болатын, сөйтіп онда тұрған халықтарға әртүрлі әсері болды деуге болады. Азаматтық қоғамның құрылуы бір сәттік дүние емес, ал демократияның дәмін татып, оған адамдардың бейімделе бастауы да идеологиялық кеңістік үшін ғаламат өзгерістердің басталғанын білдіреді. Әрине, өткен тарихқа, рухани мәдениет үлгілеріне қатысты нигилизм мен өркендеулік құптарлық іс емес. Этникалық орта өз тарихына барынша құрметпен қарау арқылы, сонымен қатар, ол өзінің бойындағы кейбір салыстырмалы түрдегі жетілмеушілікті мойындау әрекетімен өзінің қадірін төмендетпейді және ол қауымдастықтың ауқымында өркениеттіліктің төмен болуының белгісін білдірмейді, ол, керісінше, әрбір тарихи субъектінің өзінің болашағына, тұтастығына байланысты қатынасының шыңдалғандығын, әртүрлі себептермен топтасқан кемшіліктерді жеңуге әлеуеті бар екенін білдіреді.
Қазақстан – Еуропалық және Азиаттық қасиеттері тоғысқан, әлемдегі әртүрлі мәдени үлгілерді бір жер де қордалаған ерекше сипаты бар, Орталық Азиядағы бірегей мемлекет. Онда әртүрлі халық өкілдері өмір сүруде, сондықтан ұлт саясаты «көп түрліліктің бірлігі» тұжырымдамасын ұстанады. Әрине, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің үндесуі кездейсоқ болған жоқ, оның астарында көптеген тарихи себептер бар. Дегенмен біздерге қазіргі заманауи кезеңде еуразиялық және азиаттық мәдениеттің үздік жетістіктерін игеруге мүмкіндіктер ашылып отыр. Осылайша, Қазақстан өзінің «ұлтаралық бірлік» ұлттық идеясын өзара қарым-қатынастардың үндестігі деңгейінде тәжірибе жүзінде қалыптастыруға кіріскенін байқаймыз. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуынан, оның өзара толерантты қатынасты дәріптеген күнделікті өмірдегі және сонымен қатар Қазақстан Парламентіндегі іс-әрекетінен байқалады.
«Еліміздегі қазіргі замандағы әртүрлі этнос қауымдастықтарының мәдени құндылықтарының синтезделуі, ықпалдасуы, кірігуі қандай жағдайда мүмкін?» деген сауал туындауы заңды. Құндылықтардың өзара жақындасуына іргетас болатын нәрсеге не жатады? Әрине, бұл қатынастар жүйесі көптеген жылдар бойы деформацияға ұшырап келгені белгілі. Бұрынғы Кеңестік кезең «социалистік принципті» бекіте түскен әлеуметтік ортаға Қазақстанның этномәдени кеңістігін жатқызамыз. Сондықтан еліміз «халықтар достығының лабораториясы» деген атаққа ілініп, кез-келген Кеңестік Социалистік Республиканың азаматы үшін өмір сүруге, шығармашылықпен айналысуға, елдің азаматы болуға қолайлы мекенге айналды. Ондай азамат үшін барлығы жергілікті халықтың тілін, ділін, дәстүрін, салтын, дінін білу қажеттілігі болмады, оған тек орыс тіліндегі мағлұматтар мен ақпарлар жеткілікті еді. Ал бұндай жағдай қазақ халқының мәдениетінің құндылықтық деңгейін біршама төмендетті, тек қазақтардың өздеріне керек дүние ретінде бағаланды. «Озық, өркениетті мәдениеттің» қайнарынан сусындаймын деген қазақтар өзінің ұлттық мәдениетіне кейбір үстірттілікпен қарай бастайды. Сөйтіп, «ұлттық құндылықтардың табиғатынан жатсынылуы» ерекше құбылыс ретінде этноорганизмнің бойына дендей енеді. Осындай жағдайдан шығудың жолы ұлттық жаңғыру жолында нағыз халықтық қозғалыс қажет деген ойдамыз. Оған мемлекет тарапынан барынша қолдау болғаны абзал, сонда ғана жағдайлардың ахуалы алға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет