Зерттеудің нысаны Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастардың мәдениетін этносаралық қатынастардың жетілу мен дамуы саласындағы әлемдік тәжірибені ескере отырып философиялық-методологиялық зерттеу.
Зерттеудің пәні– Полиэтникалық Қазақстан жағдайындағы ұлтаралық қатынас мәдениетінің ерекшеліктері мен қозғаушы күштері, қазіргі ахуалы мен болашағы.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Еліміздің Президенті де осы мәселеге баса көңіл бөлгендіктен оның еңбектері де зерттеу тақырыбының нысанына айналды. Жалпы ұлтаралық қатынас және мәдениетаралық сұхбат мәселесіне қатысты әдебиеттер ауқымы кең екенін де атап өтуге болады. Сондықтан жұмыста негізінен еліміздегі этносаралық қатынастар тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ұлттық бірлік идеясына жақын сипатта тұжырымдалған еңбектер қамтылды. Сонымен қатар философия тарихындағы, қазақ және түркілік философиялық руханияттағы басымдылық танытқан идеялар мен мұраттарды, діни құндылықтар мен адамгершілік принциптерін анықтауда, шығыстың және батыстың мәдениет философиясындағы экзистенциалдық түсініктерді айшықтауда және аталмыш тақырыптың тарихи негіздерін жан-жақты зерттеуде бағыт-бағдар болған еңбектердің қатарына А.А.Айталының, Ж.А.Алтаевтың, Н.Г.Аюповтың, Г.Қ.Әбдіғалиеваның, Р.Б.Әбсаттаровтың, Н.Ж.Байтенованың, Т.Қ.Бурбаевтың, Т.Х.Ғабитовтың, Н.Елікбаевтың, Ғарифолла Есімнің, Н.Д.Жанділдиннің, А.Х.Касымжановтың, В.Д.Курганскаяның, Ж.Ж.Молдабековтың, Б.Ғ.Нұржановтың, Қ.Ш.Нұрланованың, С.Е.Нұрмұратовтың, М.С.Орынбековтің, Д.С.Раевтың Н.С.Сәрсенбаевтың, Т.С.Сәрсенбаевтың, О.А.Сегізбаевтың, Н.Л.Сейтахметованың, М.М.Сужиковтың және т.б. отандық ғалымдардың ғылыми-философиялық зерттеулері жатады.
Мәдениетаралық сұхбат мәселесіне байланысты әлеуметтік философиялық мәселелерді құндылықтық деңгейде пайымдауға өзіндік өзгеше сипаттағы пікірлер білдірген еңбектердің қатарына Қ.А.Затовтың, Р.Қ.Қадыржановтың, З.Н.Сәрсенбаеваның, В.Д.Курганскаяның, В.Ю.Дунаевтың, С.Ю.Колчигиннің, Г.В.Малининнің, М.С.Шайкемелевтің, басқа да отандық зерттеушілердің ғылыми шығармаларын жатқызуға болады. Дегенмен, жоғарыда аталған авторлар ұлтаралық қатынас мәселесін пайымдау барысында әрқилы, бір-біріне кейде қайшы келетін ұстанымдарды басшылыққа алғандарын байқауға болады. Жоғарыдағы авторлардың кейбір тұжырымдарына қатысты біршама таласты пікірлер диссертация мәтінінде келтірілді. Мәселен, В.Д.Курганская мен Г.В.Малининнің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша тұжырымдары сыни зерделеуден өткізілді. Жоғарыда аталған авторлардың бір жерге топтасқанының себебі – олардың барлығы өз зерттеулерінде қоғамдағы мәдениетаралық сұхбаттың маңыздылығын атап көрсетеді және ұлтаралық қатынас дискурсында орны зор екеніне меңзейді. Олардың кейбір теориялық позициялары автордың тарапынан талдаудан өткізіліп, ұлтаралық қатынастар мәдениетін жетілдіру тұрғысынан дамытылады.
Өркениет пен мәдениеттің жаһандану жағдайындағы өзара арақатынасын және олардың еуразиялық кеңістіктегі эволюциясын, оның Қазақстанның тәуелсіздігі дәуіріндегі әлеуметтік, мәдени және саяси көріністерін сараптаған зерттеушілер Р.Б.Әбсаттаров, Т.Қ.Әуелғазина, З.С.Гаипов, Д.М.Жазыбаев, Н.Ж.Байтенова, А.Т.Құлсариева, Ж.М.Мүтәліпов, А.Ж.Мұқажанова, Д.В.Мен, А.Г.Косиченко, К.К.Котошева, А.М.Масалимова, А.Н.Нысанбаев, Қ.Ж.Нұғманова, Н.В.Романова, М.С.Сәбит, Қ.М.Марданов, Г.Т.Телебаев және т.б. қоғамтанушы ғалымдар болып табылады. Р.Б.Әбсаттаров ұлтаралық қатынастар мәдениетін зерделеу мәселесімен елімізде алғашқылардың бірі болып білікті маман ретінде ғылыми тұрғыда айналысып келеді [5-6]. Еліміздегі ұлтаралық қатынастар мәдениетінің теориясын айқындау, жіктемелеу барысында жоғарыдағы автордың еңбектеріндегі негізгі идеялар мен тұжырымдар диссертация мәтінін қалыптастыру барысында кеңінен пайдаланылды.
Шетелдік мамандардың ішінен көршілес ресейлік, украиндік және өзбекстандық ғалымдармен қатар қырғыздың мамандарын және т.б. елдердің зерттеушілерін атауға болады. Олардың барлығында ұлт мәселесін қарастырудың әрқилы әдістемесі байқалады. Мәселен, ресейлік мамандар Ю.В.Арутюнян., Ю.В.Бромлей, Л.Н.Гумилев, Л.М.Дробижева, В.А.Тишков, Т.Ю.Бурмистрова, О.А.Дмитриев, Т.К.Смирнова, С.И.Плотников, украиндық зерттеушілер В.Н.Аверьянов, С.Б.Бычко, С.П.Горовский, И.П.Соловьев, өзбекстандық ғалымдар Т.У.Абдуллаев, З.А.Абетова, С.Ш.Шермухамедов, қырғыздық зерттеушілер Ж.А.Елюбаева, Э.А.Тажибаев және т.б. көптеген ұлтаралық қатынастар мәселесін зерттеушілердің еңбектерін атауға болады.
Алыс шетелдерден Э.Геллнердің еңбектерінде [7], келтірілген ұлтшылдық құбылысының жаңаша түсіндірмесі көптеген мәселелерде кеңестік кезеңдегі дәстүрлерден басқаша пайымдаулар болып келетіндігін байқауға болады. Мәселен, ұлтшылдық құбылысы кеңес дәуіріндегі түсініктердей тек теріс мағынадағы іс-әрекеттер жиынтығы ретінде танылмайды, ол қоғамдағы ұлт болмысында тарихи қалыптасқан әрқилы проблемалар жүйесі ретінде қабылданады. Осы ұлтшылдық мәселесіне деген оң көзқарас батыстық зерттеушілер еңбектерінде көптен айтылып, жан-жақты зерттеліп келе жатқанын баса көрсету орынды [8-13]. Бұл туралы белгі қазақ философы Б.Ғ.Нұржановтың еңбектерін ерекше атап өткен жөн [14-15]. Германиялық маман И.А.Рау өзінің этносаралық қатынастарға арналған зерттеулерінде [16-17], түркі әлемінің ерекшеліктеріне, дін мен демократияның байланысына және Еуразиялық кеңістіктегі ділдік ерекшеліктерге үлкен мән береді. Оның зерттеулерінде Қазақстандағы әлеуметтік дамудың үдерістері этносаралық қатынастардың сапалы болуына біршама ықпал ететіндігі дәйектеледі. Еліміздің мамандары да түркі әлемінің өзіндік тарихи және мәдени ерекшеліктерін әлеуметтік ғылымдар тарапынан жан-жақты зерттеу қажеттігіне үнемі назар аударуда.
Қазақстандық философтар мен әлеуметтанушы ғалымдар ұлтаралық қатынастардың әрқилы қырларын зерттеумен айналысып жатқаны белгілі. Әсіресе, қоғамдағы мәдениетаралық сұхбат мәселесі де соңғы уақытта мамандардың тікелей назарында екенін атап өту керек [18-20]. Қазіргі Қазақстанның этноәлеуметтік кеңістігіндегі ұлтаралық қатынастар мен конфессияаралық қатынастар ауқымы соңғы уақытта мамандардың тарапынан іргелі және қолданбалы зерттеулердің нысанына айналуда [21-22]. Сондықтан жалпы Еуразиялық кеңістіктегі, еліміздегі мәдениетаралық, этносаралық өзара түсінісудің негізін мәдениет философиясы тұрғысынан талдаудан өткізу өзектілігі мен маңыздылығы іргелі тақырып болып қала береді. Оның негізгі себебі – еліміздің біртұтас құрылымы әртүрлі этностың өкілдерінің бірліктегі, өзара ынтымақтастықтағы халық, ел-жұрт ретіндегі қауымдастық болуға тырысу әрекеттерімен астасып жататындығына байланысты.