Байланысты: АЙМБЕТОВА УЛБОСЫН УТЕГЕНОВНА диссертация
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Диссертациялық еңбектің негізгі мақсаты – ұлтаралық қатынастар мәдениеті феноменін философиялық-мәдениеттанулық талдау, оның қалыптасуы мен дамуының онтологиялық негіздемелерін, мәндік сипаттарын және Қазақстандағы этносаралық қатынастар эволюциясының қазіргі ахуалы мен перспективаларын бағалауға мұрсат беретін критерийлерін анықтау болып табылады. Осы ғылыми зерттеу мақсатына сәйкес диссертацияда төмендегідей міндеттер алға қойылады:
– тарих сахнасындағы ерекше феномен ретінде ұлтаралық қатынастар мәдениетінің мәні анықталып, оның қалыптасуы мен дамуына өзіндік онтологиялық, сонымен қатар аксиологиялық негіздемелер болатын рухани- әлеуметтік, мәдени-тарихи бастауларды анықтау;
– тарихи процесте өзіндік орны бар мәдениетаралық сұхбат мәселесіне мәдени-философиялық талдау жасау және қоғамдағы мәдени өзара әрекеттесулер туындатқан рухани құндылықтардың гуманистік мән-мағынасын ашу;
– этносаралық қатынастар ауқымында көрініс берген қоғамдық санадағы тұғырнамаларға мәдени-философиялық түсініктемелер беріліп, әлемдік өркениеттілік кеңістіктердегі әрқилы ерекшеліктерді сипаттауға байланысты негіздемелерді салыстырмалы талдаулардан өткізу;
– қазіргі тарихи кезеңдегі тәуелсіз Қазақстанның ұлттық дүниетанымдық жүйелерінде орын алған құндылықтық-мағыналық құрылымдарға, дүниетанымдық бағдарларға мәдени-философиялық сараптамалар жасау;
– еліміздегі әртүрлі этнос қауымдастықтарының мәдени әлемінде және халықтық мұрасында қордаланған тұлғалар мен әлеуметтік топтарды өзара диалогқа шақырушы түсініктер мен қалыптарға философиялық тұжырымдамалар жасау, олардың қайшылықты қырларын анықтау;
– қазіргі заманның жаңғыру жағдайындағы азаматтық және этникалық бірегейленудің еліміздің әлеуметтік болмысындағы орны мен рөлін анықтау және жаһандану дәуіріндегі ұлттық идеяның, ұлттық мүдделердің қоғамдағы мәдени қатынастарға ықпалын тұжырымдау;
– этностың ішкі тұтастығын қамтамасыз ететін рухани қайнар көздерін байыптап, оған кедергі болатын келеңсіз факторлардың сипатын мәдени-антропологиялық тұрғыдан талқылаудан өткізу.