Аймбетова улбосын утегеновна


Зерттеу тақырыбының өзектілігі



бет3/16
Дата02.06.2023
өлшемі1,09 Mb.
#98194
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
АЙМБЕТОВА УЛБОСЫН УТЕГЕНОВНА диссертация

Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Адамзаттың қазіргі заманға дейінгі ғасырлар белесінен тұратын тарихында өзіндік орны бар құбылысқа этносаралық қатынастар мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы жатады. Жалпы ұлт мәселесі, этностың басқа әлеуметтік субъектілермен байланысы, қатынасы, өзара сұхбаты сияқты мәселелерді терең зерделеу ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың парыздарының бірі болып табылады. Зерттеудің өзектілігін ғылыми негізде дәйектеу барысында төмендегідей бірнеше тұжырымдарды келтіруге болады. Біріншіден, еліміздің сан түрлі қиындықтардан өткен тарихында орын алған этнотарихи құбылыстарды мәдени-философиялық талдаудан өткізу – Қазақстан халқының тұтастанған, жүйеленген сипаттағы рухани байлығына, оның инновациялық дамуға бет бұрған зияткерлік әлеміне өзіндік қомақты үлесін қосады. Екіншіден, әрбір тарихи кезеңдерде еліміздің этноәлеуметтік кеңістігінде пайда болған дүниетанымдық әмбебаптар мен түсініктердің эволюциясының мәні мен мағынасын сапалы сараптау арқылы қайшылықтар мен проблемаларды анықтауға мүмкіндіктер береді, қоғамдағы әртүрлі бағыттағы саяси ілімдерді өзара салыстырудан өткізуге жағдай жасайды. Үшіншіден, өткен мен қазіргі заманды зерделеу ұрпақтардың өзара байланысын нығайтып, қоғамдағы белгілі бір рухани сабақтастықтың болғанын дәлелдеуге негіздер қалайды, практикалық мағынада әлеуметтік дүниедегі оңтайлы, орнықты мәдениетаралық, ұлтаралық сұхбаттастықтың, ықпалдасудың өркен жаюына көмектеседі.
Өйткені, жан-жақты мәдени-философиялық талдаудан өткізу, қазіргі кезеңдегі басымдылық танытатын құндылықтарды айқындау, мұндағы теориялық және әдіснамалық мәселелерді нақтылай түсуге, қоғамымыздың болашағын қалыптастыруға, демократиялық және өркениетті жолмен дамуға өзінің тиімді ықпалын тигізе алады. Міне, осыған байланысты мемлекетіміз соңғы кезеңде рухани саланың сабақтастығын анықтайтын, еліміздегі рухани кеңістікті үйлесімдендіруге үлес қосатын «Мәдени мұра» атты үлкен бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алды. Бұл бағытта мамандар тарапынан біршама қомақты жұмыстар да атқарылды. Осы игілікті және маңызды іске және қоғамымыздағы рухани келісімге ұлтаралық қатынастар мәселесін теориялық тұрғыдан зерттеу өз үлесін қосады деген үміттеміз.
«… Өткенді зерделеп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, оны бүгінгі күннің кәдесіне жарату – қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз осы тарихты тануға тікелей байланысты: өткенді білмей, болашақты анықтау мүмкін емес,» – дейді Елбасымыз өзінің қазақ этносының тарихы мен болашағына арналған еңбегінде [1]. Кез-келген полиэтникалық кеңістіктегі ұлтаралық қатынастар мәдениетін айқындау мен оның қырларын зерделеудің алдын алатын мәселе тарихи сананы байыптау болып келеді.
Қазақ халқы еліміздегі негізгі мемлекет қалыптастырушы этноәлеуметтік субъект болғандықтан, оның этникалық әлеміне қатысты мәдени-философиялық проблемалардың үнемі ғылыми сарапталып отырылғаны жөн. Осыған орай, жоғарыдағы нәзік мәселенің кейбір заманауи өткір қырларын теориялық тұрғыдан талдап салыстырмалы сараптаудан өткіземіз.
Демек, диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысымыздың тақырыбы өзінің бағыты мен маңыздылығы бойынша еліміздегі мемлекеттік бағдарламалармен да сәйкес келеді және сонымен қатар мәдениет философиясы ауқымында ұлтымыздың қазіргі жағдайын жан-жақты зерделеуге негіз болады. Жалпы жұмыстың өзектілігі халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған рухани байлығын жүйелеуге негізделіп, ұлтаралық қатынас бойынша мәдени-философиялық тұжырымдарды сұрыптаудан өткізуге арналуында.
Ұлтымыздың қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарымыздан айрылып қалмауына демеу болатын рухани және әлеуметтік құрылымдар мен жүйелерді сұрыптауға арналған ізденістердің қисыны бар деген ойды білдіруге болады. Бүгінгі күні Еуразия ауқымындағы Кеңестік үкіметтің ыдырағаны белгілі, ал Қазақстан мемлекеті сияқты басқа да егеменді елдердің құрылғанына жиырма жыл толды. Олардың барлығының ұлт мәселесінде өзіндік қайшылықтары бар екені белгілі. Енді осы елдердегі этносаралық қатынастардың теориясы мен практикасын, тарихи сипаты мен құндылықтық болмысы қандай екенін анықтау өте маңызды гуманитарлық проблемалардың қатарына қосылады [2-3].
Соңғы кезде Еуразия аумағындағы мемлекеттердің жаңа деңгейде бірігуі, барлық салалар бойынша өзара жақындасуы, тәуелсіздікке нұқсан келтірмей мәдени және саяси ықпалдасуы туралы пікірлер белең алуда. Әсіресе Ресей басшылары осы тақырыпты барлық мәселелердің ішінде басты орынға көтеруге күш салуда. Қазіргі Қазақстан мемлекетінің Президенті Н.Ә.Назарбаев та өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап осы мәселеге үлкен мән беріп, көрші елдермен өзара қатынастарды барлық бағыттарда нығайтушы еуразиялық Одақ идеясын ұсынып келеді [4] және ол кедендік деңгейде қазіргі кезеңде үш елдің арасында (Ресей, Беларусь, Қазақстан) 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асуда екенін атап өтуге болады. Бұл Одақтың экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар осы геосаяси кеңістікте оның тұрғындарына әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық мағынада болашағы зор екені анық. Сондықтан оның құрамына көршілес Қырғызстан Республикасы да болашақта енгісі келетіндігін білдіріп отыр.
Адамзат тіршілігі аясындағы мәдени-әлеуметтік әлемнің көптүрлілігі бұл бүгінгі күннің ақиқаты. Олардың өзара сіңісуі мен ықпалдасуы замана талабы, ал қоғам өміріндегі этностың мәдени кеңістігін кеңейту барысындағы қадамдар белгілі бір деңгейде ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыруға итермелейді. Мәдени-әлеуметтік және өркениеттік әлемнің әр түрлілігі – бұл бүгінгі таңдағы аксиома, ал олардың өзара етенелесуі жеке адам мен қауымдастықтардың өмірлік кеңістігін кеңейте отырып, заманауи сипаттағы қоғамның өміршеңдік тұстарын анықтайды. Өткен ХХ ғасырда мәдениет адамзат болмысының эпицентріне ауысып, осыған сәйкес түрлі өркениет пен мәдениеттің әр қилы формалары белсенді қозғалысқа түсіп, бір-бірімен түйіседі, үйлеседі, өзара қатынасып, дамып, бәсекелесе бастайды. Сондықтан да өркениеттердің, елдердің, халықтардың, азаматтардың мәдени диалогының, үйлесімді өзара қатынастарының негізгі талаптары осы күнгі өзекті және маңызды мәселелерге айнала бастайды.
Диссертациялық жұмыс ұлтаралық қатынастар мәселесінің мәндік негіздерін анықтауға арналған. Өзара рухани сұхбаттасу мен этносаралық қатынастар мәдениетінің дамуы қазіргі заманда өмір қажеттілігінен туындап отырғаны белгілі. Сондықтан қоғамдағы этносаралық қатынастарды ғылыми зерттеу пәніне айналдыру, оның мәдени-әлеуметтік деңгейін анықтау ғылыми-теориялық нәтижелілігі мен практикалық маңыздылығы жағынан алғанда Қазақстан Республикасына қызмет ететін саяси-әлеуметтік, рухани және мәдени парығы мол өзекті мәселе болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет