Аймбетова улбосын утегеновна


Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар



бет7/16
Дата02.06.2023
өлшемі1,09 Mb.
#98194
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16
Байланысты:
АЙМБЕТОВА УЛБОСЫН УТЕГЕНОВНА диссертация

Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар
1. Ұлтаралық қатынастар мәдениетінің өзіндік сипатта әлеуметтік кеңістікте қалыптасуы мен дамуы қазіргі Қазақстан жағдайында жаһандық үрдістермен астасқан заманауи ерекше түсініктер мен құндылықтық бағдарлар құрылымын туындатты. «Адам-Әлем» қатынасын сипаттаудағы этностық дүниені түсінудің нақты көріністері қоғамдағы азаматтардың дүниетанымына тәуелді болғандықтан, жалпы қоғамдық ой-сана мен ондағы идеялық тұжырымдардың өзара кірігуі мен ықпалдасуы, ішкі қызметтік байланысы қарастырылып, мәдени-философиялық пайымдаулар негізінде оның шығу тегі, ішкі мәні, қоғамдағы даму жолдары анықталды.
2. Жалпы тарихи процестің сынағынан табысты өту үшін кез-келген ұлттық идея қазіргі ұрпақтың құндылықтар жүйесінен біршама орын алып, айрықша біртұтас дүниетанымдық маңыздылыққа ие болуы шарт болып табылады. Осындай мағынадағы қазіргі Еуразиялық кеңістіктегі мәдени-өркениеттік тұрғыдағы ықпалдасу қатынастарының өрбуі әлеуметтегі көптеген құндылықтық бағалаулардың қайта қаралуымен, жаңғыруымен және мәдениетаралық қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуімен астасып жатады. Осы заңды тұрғыдағы тарихи және мәдени құбылыста мәдени сұхбаттың, мәдениеттердің бір-бірімен тоғысуының, бірін-бірі танып-білуінің, жақындаса өзара әрекеттесуі арқасында ықпалдасуының мәні ашылды.
3. Қоғамдағы кез-келген әлеуметтік ортада, тарихи кезеңдерде адамның жеке басының дүниетанымдық тұрғыдан жетілуі мен төзімділік мәмілеге келуінің маңызы артуда, ал ұлтаралық қатынас мәдениеті солармен байланысты екендігі айқын. Этнос әлеміндегі көптеген қайшылықтар мен жаңылысулардың түпкі астары мәдениеттің даму деңгейіне қатысты екендігін ескерген жөн. Осы орайда, бірлікке шақыру идеясының өзіндік құндылықтық маңыздылығы аңғарылады және оның жаңа тарихи кезеңдегі ұстанымдық ерекшеліктері байқалады. Бұл құндылықтық жүйедегі иерархияда адамның, әлеуметтік қауымдастықтың, мәдениеттің диалогқа, өзара әрекеттесуге, өзара түсінісуге, мәмілеге келуге деген ұмтылысы қоғамдағы бұртұтастықты, жүйелілікті сақтау үшін, ұлтаралық қатынастар мәдениетін ілгерілету үшін жоғары деңгейде маңызды екендігінің айғағы болып табылады.
4. Қазақстанда этникалық қауымдастықтарды гуманистік принциптерге сүйене отырып бірлесе өмір сүруге шақыру түбінде адамдардың парасаттылық пен даналықты қадірлеуіне итермелейтін тарихи маңыздылығы биік жасампаз идея болып табылады. Адам болмысының табиғи және рационалдық негіздері шығармашылықты өркендететін руханилық құрылымдармен тікелей астасқанда ғана біз көксеген әрекеттік гуманизмнің терең мазмұны ұлтаралық қатынастар саласында ашыла түседі. Осы мәдени-рухани үрдіске кері әсерін тигізетін факторлар, сыңаржақ көзқарастар (батысорталықтық не шығысорталықтық менменділік, нигилистік кертартпалық, асқан өзімшілдік, шовинизм, космополитизм, рушылдық бөлісу және т.б.) анықталып, сыни тұрғыдан оларды жеңудің әдістері сараланады.
5. Әдетте қоғамдағы мәдени өзара диалог этноәлеуметтік кеңістікте пәрменді жүзеге асып жатқанда ғана ондағы әртүрлі халықтардың, діндердің өзара жақындасуы, түсінісуі жүзеге аса бастайды, олар бір-бірін өзара мәдени байытуы мүмкін, ал өзімшілдікке, тұтынушылыққа негізделген қатынастар өз кезегінде бұл әлемді құлдыратады, субъектілердің өзара қатынастарын алыстатады. Тарихи және әлеуметтік субъектілердің мәдени сұхбаттың өрбуі жолындағы жеке жауапкершілігі маңызды мәселе болып табылады және ол қоғамдағы саяси мәдениеттің даму деңгейімен де тікелей байланысты. Сондықтан бұл мәселенің шешімін табу арқылы өркениеттік даму тұрғысынан қарағанда тиісті нәтижелерге қол жеткізуге болады және ол өз құндылығын болашақта таныта түседі.
6. Қазіргі заманда қазақ ұлтының рухани өмірі мен тарихи қалыптасу жолын ғылыми сараптау тұрғысынан қарастырып, біз қоғамдағы ұлтаралық қатынастарды үйлесімдендіруші құндылықтар жүйесін анықтай аламыз: қазақ халқының мемлекет құрушы ретіндегі мәртебесін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, тілін, дінін құрметтеу, отанды сүю, ұлттық рухтың болуы, басқа ұлттардың мәдениетін, тілін сыйлау, ел қамын азаматтық деңгейде басты орынға қою, өз күшіне сеніп болашаққа ашық көзбен қарау және де оны қабылдай білу, әрдайым әлемдік өркениет деңгейінде ойлау және қызмет ету. Осындай рухани-адамгершіліктік негізде, толеранттылық пен төзімділік таныта отырып қана ел бірлігін барған сайын арттыру мүмкін.
7. Қазақстан халқы ерекше қауымдастық ретінде өзінің тарихи болмысын көпэтникалық әлеуметтік кеңістікте терең астарлы сипатта танытуда және оның біртұтастығы қазақ халқының мемлекет қалыптастырушы қызметін табысты атқаруымен қатар оның руханият саласындағы жан-жақты дамуымен де тікелей байланысты. Заманауи үрдістердің жасампаз қырларын өркениеттік тұрғыда орнықтыру арқылы елімізде әмбебаптанған, үйлесімді саяси-мәдени жүйе қалыптастыруға болады, сондықтан мамандар тарапынан барлық этникалық топтардың құндылықтық әлемі сараптаудан өткізіліп отырылуы тиіс. Сонда ғана қоғамдағы субъектаралық қатынастардағы руханият пен саяси-әлеуметтік құндылықтардың ықпалы өсіп, этносаралық қатынастар жасампаздық сипат алып, дүниетанымдық ұстанымға айналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет