Қайталау. Халықтың шығармалардағы балалар фольклорына тән қасиет – қайталау. Оның әсіресе балалар фольклорынан алатын орны ерекше. Ой мақсатына, түсіндіру тәсілдеріне байланысты бала көңілін белгілі бір затқа не сол заттағы ерекшеліктерге аудару үшін бір сөзді не бір сөйлемді, жеке дыбыстарды қайталап айтушылық болады.
Айнымалы, еселеп айтылатын сөз, сөйлем айырмашылықтары болады. «Күндерден күн өткенде, күн артынан күн жеткенде, айлардан ай, жылдардан жыл өтіп, темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, өлдім-талдым, өлдім-жандым», - деп келеді.
Кейде:
Ертек, ертек, ерте екен, Қырғауыл жүні қызыл екен.
Ешкі жүні бөрте екен. Құйрық жүні ұзын екен, -
деген, әлденеше қайталанған жетекші сөздер кездеседі.
Немесе, «Жоғарғы дәудің басын ас, төменгі дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас» деген батырлық, ерлік тәрменің асыра түсетін ойнақыл сөздер айтылады. Еселене қайталанып, қайтаратын не үстеме мағына беретін өлеңдерде жиі кездеседі.
Торта қойдым, Орта қойдым,
Орта қойдым. Жорта қойдым, -
деген сияқты бас-аяғы тұжырымды, белгілі мазмұнға құрылған бір ойшық өлеңдер де көп. Төрт буыннан құрылған осы өлеңде қайталау бар «орта» деген сөз – екі рет, «қойдым» деген сөз төрт рет қайталанған. «Торта», «орта», «жорта» деген сөздерді орнын тауып қолдана білгендіктен, бала көңіліне ойнақы, эстетикалық сезім тудырып, өлеңнің көркемдік әріпі де, мән-мағынасын да, мақсатын да арттыра түскен.
Қайталау – балалар өлеңінде ойнақылық, жеңіл серпін ой сезіміне, бала мінезіне әсер етерлік эстетикалық күй-қуат туғызады. Қайталанған ой бала көңіліне тез жатталып, берік сақталуға мүмкіндік беретін білім арнасы. Мұндай өлеңдер орындаушының талғамына, біліміне, ой-өрісіне, дүние танымына, ақындық талантына қарай өзгеріп те отырады.
Сонымен қатар жеке сөздердің, ассонанстар мен аллитерация сияқты жеке дыбыстардың қайталанып айтылуынан құрылады. Қайталанған дыбыстар өлең басында, ортасында, соңында да келе береді.
Көбелек келіп көрп етіп, Қарға келіп қарқ етіп,
Көбігін ішіп ол кетті. Қалғанын ішіп ол кетті.
Жапалақ келіп жалп етіп, Сауысқан келіп саңқ етіп,
Жартысын ішіп ол кетті. Сарқып ішіп ол кетті.
Мұндағы әрбір екі жолдың басқы дыбыстары қосарлана қайталанып айтылуы арқылы өлеңге сыр мен сымбат берген, оның әуенділігін күшейткен. Бірінші жолдағы «Қ» дыбысы сол жолдың басында, ортасында, аяғында да қайталанған. Әрбір қосарлана айтылған екі жолдың басқы дыбыстары не «ж», не «с», не «е» өлең құрылысын, өлең ұйқасын, өлең ырғақтарын өрлендіре, күшейте түскен. Мұндай өлеңдер балалардың жаттап айтуына да икемді.
Балаларға арналған халық өлеңдерінің ұйқастықтары да осы қайталауға тығыз байланысты орналасады. Өлең ұйқасы балалар фольклорында ең тұрақты, ең басты роль атқарады. Ұйқас балалар өлеңінде жас өспірімдерге эмоциялық, эстетикалық, әсер алу үшін қызмет атқарады. Сөз нәрін, сөз асылын, оның терең тербелісін, даналық ойын бейнелі түрмен түсіндіруге көмектеседі. Сонымен қатар өлеңнің мелодиялық негізін құрады. Мелодиялық негіз ән сазын, әуен сазын тудырады. Сөйтіп, ана тіліміздің барша әуезін, әріп, нәзік белгілерін жан-жақты терең түсінуге, жақсы білуге талаптандырады.
Қаз, қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз балам.
Күрмеуіңді шешейік,
Тұсауыңды кесейік.
Достарыңызбен бөлісу: |