Айтыс II том



Pdf көрінісі
бет2/23
Дата16.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#4186
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

IV
Есқожа деген елімнен,
Ерлер шыққан еңіреген.
Кім жүрген менің шеніме?!
Саурық та – менің батырым,
Он жеті жасқа келгенде,
Аттың қонды беліне,
Белгілі болды еліне.
Жетісуда қазақтың –
Көрген күні кем еді.
Жан-жағынан күнде жау,
Елге тыныштық бермеді.
Бір жағынан – қалмақтың
Ұрылары талады.
Бір жағынан – қырғыздың
Орман ханы ойқастап,
Күнде мазаны алады.
Үшінші жақтан – Қоқанның
Бегілер бегі қоқаңдап,
Әскерімен топырлап,
Ауыр салмақ салады.
Күнде тонау, шабыстан,
Ел титығы құрыды.
Мал мен жаннан түңілді,
Жер мен судан қуылды.
Ел басына күн туды,
Қатын-бала, жас-кәрі,
Беті жаспен жуылды.
Міне, сондай заманда,
Екіталай күн туып,
Ел қыспақта тұрғанда:
Ел намысын жоқтаған
Батыр туған кім еді?!
Ел шетінен жау қуып,
Ерлікпен қайрат жұмсаған,
Батыр туған кім еді?!
Қалың жаудан қаптаған,
Қаймығып, беті қайтпаған.
Ел тыныштығын сақтаған,

28
Қазақ өнерінің антологиясы
Халқы сүйіп, мақтаған,
Ардагер батыр кім еді?!
Саурық еді, арыстан,
Туысы оның Шапыраштан.
Дулатпын деп мақтанба,
Кеше елді жау шапқанда,
Сақтап қалған кім еді
Қырғын, талау, шабыстан?!
 – Саурық еді ардагер,
Ел қорғасқан сондай ер.
Дулатпын деп көпсінбе,
Бай, бекпін деп тепсінбе!
Саурықтай болат батырдың,
Алтын нұр толған ішіне.
Жаулы жерге барғанда,
Кіреді екен күшіне.
Мың қарғаның тұяғы,
Бір тұйғынға өтпейді.
Ашуы келген жерінде,
Бір ойран салмай кетпейді.
Тамам қарға жиылса,
Бір сұңқарға жетпейді!
Саурықтай ер батырым,
Маңдайына бақ берген,
Дұшпанды көрсе, өшігіп,
Талқандауға тап берген!
Амалменен ер Саурық,
Шөгіп жатқан Орманды
Бәнде қып алдына әкелген!
Көбелектей көп Дулат,
Көптігіңмен ісің жоқ,
Дұшпанға қылар күшің жоқ.
Мың болсаң да, бір ғана
Саурықтай берен кісің жоқ!
Жау жағына ел бермей,
Дау жағына сөз бермей,
Қай дұшпаның кетіп ед,

29
Айтыс II том
Саурық ерге бой бермей?!
Сауыт-сайман сайланып,
Жалаң қылыш байланып,
Найзасын тасқа түйреткен,
Саурыққа ерден кім жеткен?!
Ашулы жерді көздеген,
Жігіттің бәрін түзеген.
Саурықтай күшті батырға,
Дулат түгіл қазақта,
Кім бар еді шақ келген?!
Шапырашты, ол рас,
Сенен, тегінде, аз едім.
Аз да болсам, татымды,
Сенен Дулат баз едім.
Даулы жерге барғанда,
Саулап жатқан сөз едім.
Жаулы жерге барғанда,
Найзаның ұшын безедім.
Келді ме менің кезегім?
Кезегімді бір бермей,
Өртедің менің өзегім.
Шапырашты мен едім –
Елдің шетін қыстаған,
Көлденең найза ұстаған.
Дұшпанынан қашпаған,
Ақыл, қайрат іс қылып,
Кезеңді жерде саспаған.
Ерегіскен дұшпанды,
Тарттырған қара текедей,
Шоқытып қана тастаған.
Шапырашты мен едім –
Етімде бар тірлігім.
Бойымда бар бірлігім.
Ерегеспе менімен,
Қай жауыңнан қаймығып,
Жәкетай деп жалынып,
Қайда саған айтып ем?!
Ақ найзаның басына,

30
Қазақ өнерінің антологиясы
Желекті ту байладым.
Қайнаған қалың жауыңды,
Бір шыбықпен айдадым.
Уа, қауым жұрт, жиылған!
Ақылменен ойлаймын;
Ешкімнен сағым сынбады!
Ерегескен дұшпанды,
Түбіне жетпей, тынбадым.
Сен, Қасқарау, осында
Қашан қара дауыл ең?
Малдыбай мен Қоныспайдың,
Қашан туған бауыры ең?
Сен Қордайдың астында,
Көбік құрттап жатыр ең.
Қанша малың болса да,
Нағыз сірі тақым ең.
Үстің айғыз, кір едің,
Сан тимеген сасықтың,
Кеше ғана бірі едің.
Сен Қасқарау ішінде,
Сұлтанкелді Бөкенсің,
Атып салған текемсің.
Өзіңе өзің сұқтанып,
Өз түбіңе жетерсің.
Өз малыңды міне алмай,
Өз асыңды іше алмай,
Өсерсің, бәсе, өсерсің!
Шапыраштым ішінде,
Тіленшімдей екенсің.
Аузы-басың бүрісіп,
Қол-аяғың құрысып,
Көрінгенмен ұрысып,
Долы қатын сияқты,
Құдайдың ұрғаны екенсің.
Мен отырмын сөз сөйлеп,
Нұрым қызыл шоқтай боп,
Жаныс, Сиқым, Ноғайбай,

31
Айтыс II том
Тағы да мырза Ботпай боп,
Екі бетте тамтық жоқ;
Бұршақ ұрған жайлауда
Былжырайсың шөптей боп.
Ағыным ақ боз аттың арынындай,
Дауысым аққан судың сарынындай.
Екі бетте тамтық жоқ, Құдай ұрған,
Қазып алған қурайдың орынындай.
Мен сөйлеймін адырдың ішіндей боп,
Үлкен үйдің орыным төріндей боп,
Сен отырсың шал болып, шөкімдей боп,
Мен отырмын жас жігіт, өрімдей боп.
Жан біткенді бойыңа қомсынбайсың,
Майлыбайдың баласы Кәрімдей боп.
Жұртқа аян менің дабысым,
Кеткен жоқ жанға намысым.
Би, болыстан кем емес,
Жөні келсе, танысым.
Бәйге атынан кем емес,
Екпіндесе, шабысым.
Мақтана берме, сен, Сарбас,
Ерегесіп Саурықпен,
Байұзақтай батырдың,
Қоқандай ілескер Құсбегі,
Терекке байлап атылған,
Бәлеге басы шатылған.
Сөз мәнісін қарашы:
Кешегі дәу Сыпатай,
Ол – Ботпайдың баласы.
Оны ілескер Құсбегі
Таңып алып арбаға,
Өлтірем деп әуре еткен –
Өлім десіп жазасы.
Сыпатайдың «жазығы» –
Қалмаққа қашып кетті деп,
Дулаттың салған жаласы.
Сонда сенің Дулатың,

32
Қазақ өнерінің антологиясы
Саурыққа кеп жалынды.
Сенен қайрат болмаса –
Сыпатай батыр кетті деп,
Сыпатай бұған не етті деп,
Саурық батыр барыңыз,
Зарға құлақ салыңыз,
Деген сөзді есітіп,
Саурық барды артынан.
Сыпатайды босатып,
Алғыс алды халқынан.
Саурықтай шын батырым,
Көзіңді оттай жандырған.
Ерегескен кісіні –
Ес-түсінен тандырған.
Жігіт жиған өнерден –
Жалаңдатқан найза ұшын.
Қай дұшпанға ел-елде,
Кетіп еді намысың?!
Жер жарады дабысың
Саурықтан асып нең кетті,
Қолыңдағы асылдың,
Білмейсің ғой мәнісін!
Саурықтай біздің батырдан
Қозғайын оның затынан.
Саурық барып жауды алса,
Қиюлы шешіп дауды алса,
Ілесуші ең артынан. 
Мойны озған ерлер ғой,
Қатардағы халқынан.
Ол батырлар ұмтылса,
Етек-жеңін қымтанса,
Турамай, сірә, кетпейді,
Айбаты оның кем емес –
Темірден соққан талқыдан.
Жауды көрсе, тоқтатқан,
Дауды көрсе, сөз қатқан.
Елге залал қылмаған,
Шашылғанын жинаған,
Меймандарын сыйлаған,
Қай ісі бар Саурықтың

33
Айтыс II том
Бұл халыққа сыймаған?!
Қасқараудың ішінде,
Малдыбай мен Қоныспай,
Сен қай уақта бір едің:
Сен қай уақта Дулаттың
Жығылғанын сүйедің?
Қой болғанда ұры едің,
Түн жамылып жүр едің.
Адамзаттың қоры едің,
Жылқы болса, торы едің,
Ауызыңнан қағынған,
Тұла-бойың құрысқан,
Шеке басың тырысқан,
Жүрген жермен ұрысқан,
Бәлекетті бастаған,
Басыңа бәле жастаған,
Екі бетте тамтық жоқ,
Кісі демей Қасқарау
Сені жолға тастаған.
Аузы-басың шошаңдап,
Өсектен басқа айтпаған.
Бәлекеттен қайтпаған,
Ұялатын бетің жоқ,
Ұстасатын к... жоқ.
Өсек болды айтқаның,
Дардай кісі боп қалдың,
Жақсы емес пе, шіркін-ау,
Жаман сөзден қайтқаның!
Басың жаман – жалқау бас,
Бұл сөзді менің айтқаным.
Бойың сенің құрыс боп,
Жүрген жерің ұрыс боп,
Қатынша өсек айтқаның.
Ұялатын түсің жоқ,
Сүйенетін кісің жоқ.
Қырық-елуге кеп қапсың,
Адамшылық пішін жоқ.
Кісілік сенің арың жоқ,

34
Қазақ өнерінің антологиясы
Бұл ұяттан сақтанған.
Арыңды байлап беліңе,
Етек-жеңің жұлынып,
Қармағыма іліндің,
Аяғыңнан сүріндің,
Сөз қадірін білмейтін,
Сөзің жаман кісі екен.
Жатқандай ін түбінде,
Көзің жаман кісі екен.
Аузыңды сөзбен кілттеймін,
Енді өлеңді айтпағын.
Осы да жарар өзіңе,
Келдің қарпыр кезіме,
Жүйрік бауыр жазғандай,
Жоқ еді тізгін тартпағым.
Айтар сөзім көп еді,
Әдейі артық айтпадым.
Қызыл тілге келгенде,
Бөкендейін желгенде,
Ашсаң енді аузыңды –
Құрулы тұр қақпаным.
Сарбас қайтып сөз айта алмай, жеңілді.
 
ЖАМБЫЛ МЕН ДОСМАҒАМБЕТ
Жамбыл:
Самғаймын қанатымды ал аспанға,
Дүбірлеп дауысым кетсін таласқанда. 
Иірем сені сөзбен, Досмағамбет,
Аяғың тисін жерге анда-санда.
Сен мені жеңе алмайсың, арбасаң да,
Төрт бұрышын төңіректің жалмасаң да.
Жалаңдап, аш бөрідей келдің қайдан,
Жақсылық Жалайырдан алмасаң да?

35
Айтыс II том
Арғы атам – аруақты ер Қарасай,
Теңселген дүбіріне тау менен сай.
Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан,
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай.
Ілгерде Шөже, Балта заманда өткен,
Асекең, Бұқар жырау арманда өскен. 
Солардың аруағы маған қонып,
Ел мұңын жырмен толғап, нөсерлеткем.
Сөйлеймін ерегіссем өктем-өктем,
Түскендей жайдың оғы саған көктен.
Шын қызсам, сөзім – жалын, домбырам – найза,
Құрсаулы сауыт болар маған шекпен.
Баласы Ұлы жүздің – Абақ-Тарақ.
Көтерген ақылгөйге мені балап.
Қаңғырған аш бөрідей ақын келсе,
Бұл Жамбыл жіберетін сөзбен сабап.
Құйындай көкке шапқан мен бір пырақ,
Арамыз екеуміздің тым-ақ жырақ,
Төменде шықылдаған сен торғайсың,
Айтыспа, меніменен, ақын шырақ.
Досмағамбет:
Ай, Жамбыл-ау, Жамбыл-ау,
Сөз сөйлейін мен саған,
Таудан аққан бұлақтай.
Жасөспірім баламын,
Жапырағы жайқалған.
Көлге біткен құрақтай.
Лақ, текедей бақылдап,
Мазамды алдың шыдатпай.
Қойдағы азбан қошқардай,
Сөзіңді мен отырмын,
Сірә да, сенің ұнатпай.
Өлеңіңді қысқартқын,
Мұнан былай ұзатпай.
Буындырам мен сені,
Бір шығармай үніңді,
Жілігіңнен түскен дұзақтай.

36
Қазақ өнерінің антологиясы
Жаудыратам көзіңді,
Қалдырамын сөзіңді,
Қараңғы түн болғанда,
Алдыңда жанған шырақтай.
Ақында шайыр ақпанмын,
Аспанға ұшқан пырақтай.
Сөзіңде сенің асыл жоқ,
Құбылып тұрған сынаптай.
Меніменен айтысып,
Жете алмайсың мұратқа-ай!
Шалмайсың мені қуғанмен,
Белді қынай буғанмен.
Арғымақтан туғанмен.
Сұлыға тойған қазанат,
Маған қайтіп жетерсің.
Алдыңда жүрген пырақпын,
Енді маған нетерсің,
Меніменен айтыссаң,
Түбіңе өзің жетерсің,
Бұл арадан кетерсің.
Ала алмасаң, алысып,
Арманда болып өтерсің.
Ақындығың шамалы,
Ала қашпа екенсің.
Талауға түскен ұрыдай,
Ат-тонынан айрылған.
Қанатынан қайрылған,
Жасыған жездей майрылған.
Басыңда сенің бөркің жоқ,
Адам көрер көркің жоқ,
Ақынмын деп мақтанба,
Сөзіңде қуат, серпін жоқ.
Өз пиғылыңнан тапқандай,
Кейпің жаман, Кейқуат,
Байдың малын баққандай.
Құлаққа маза бермедің,
Дауылпаз дауыл қаққандай,
Алдыңда жиған малың жоқ,
Қу кедейсің қаңғырған,
Жауласарға әлің жоқ.

37
Айтыс II том
Жыршы емессің, бақсысың,
Дүниеге тапшысың.
Бақсы да, сірә, болмадың,
Өлең айтып, оңбадың.
Ел ішінде азыпсың,
Бір Құдайға жазыпсың.
Шекпенің жоқ сенің де,
Сен бір жүрген зәлім-ді,
Бір бойыңда сәнің жоқ.
Аралап Абақ жүрсең де,
Үш күн жатар жайың жоқ.
Жаман тамды салдырған,
Жатқа жерді алдырған,
Ағайын көңілін қалдырған.
Еліңде бір байлық жоқ,
Қазан асқан жеріне,
Сабан-топан жаптырған.
Кеште ойнаған бақсыдай,
Саған қобыз шалдырған.
Сені көріп отырмын,
Өзімнен өзім қапалап,
Түсіңе сенің қарасам,
Жүні түскен жапалақ.
Жаратқан Тәңір жасаған,
Нағашы жұртым ер екен,
Көтерген сені ақын деп.
Біздің елде бұл болса,
Аяқ жолын таба алмай,
Кетер еді қаңғырып.
Еркек болсаң, қашпағын,
Қайратыңды қарыштап,
Өнеріңді бастағын.
Ұрысқақ қатын секілді,
Аузыңнан от шашпағын.
Мен де айтып беремін,
Ақын Жамбыл, саспағын.
Асқанға тосқан кезекті,
Алдын ала баспағын.
Армансыз болып, ақыным,

38
Қазақ өнерінің антологиясы
Ақындығың болмаса,
Жоқ екен басқа нақылың.
Кім жығылып, кім жығар,
Байқармыз сөздің ақырын.
Қартайғанша қақылдап,
Жел сөзге бір тоймайсың.
Жеңемін деп ойлайсың,
Қонақ қонса үйіңе,
Тышқан мұрнын қанатып,
Тышқақ ылақ соймайсың.
Өзіңді өзің көтеріп,
Өрге неге бойлайсың?
Бергеніне Құдайдың
Қанағат қылып тоймайсың.
Елден-елге тіленіп,
Жамбастай жатып шіреніп,
Жасыңнан қылған кәсібің,
Тентіреуді қоймайсың.
Астыңа мінген ерің жоқ,
Қол берген мықты пірің жоқ,
Не басыңа күн туды?
Бір жаныңда тыным жоқ.
Көп сөзіңнің ішінде,
Бір дәлелді шының жоқ.
Есігің бар, төрің жоқ.
Алысып, әлің келе алмас,
Ылдиың кеткен, өрің жоқ.
Бір өткен соң өмірің,
Қайта айналып келу жоқ.
Қорықпайсың, бейшара,
Өлеріңнің шағынан.
Кетер ем ұрып бір жерге,
Азырақ қорқып отырмын,
Сақалыңның ағынан.
Отырсың ғой қушиып,
Қой баққандай қу кедей.
Байлығын айтсам Тарақтың,
Қаларсың сен үндемей.

39
Айтыс II том
Қалдай, Маман, Көлібай
Байлығы тасқан күнде үдей.
Іледен арман көсілген,
Жерін қаптап малдар жүр,
Кім айтар мұны шын демей,
Қалдайдың бағы жанып тұр,
Жарқырап ашық шілдедей.
Жылқы мен қой есепсіз,
Жұрттан асқан байлықпен,
Түйесін жүр жүндемей.
Елімдегі байлықты,
Айта берсем, сөз жетпес,
Сусап қалар тіл-көмей.
Ақын болсаң, ашық айт,
Еліңдегі байлықты,
Біздің елді күндемей.
Елің сенің оңбаған,
Енді не деп айтамын,
Кедейлікті мін демей.
Жамбыл: 
Солай ма, бала, солай ма?!
Зығырына Жамбылдың,
Тисең, саған оңай ма?!
Қуырамын енді мен,
Ақындықтың апшысын.
Көргенім жоқ өмірде,
Жел сөздің мен тапшысын.
Өлеңім асау теңіздей,
Өрге қарай шапшысын.
Толқындай сөзді сапырып,
Арыстандай ақырып,
Шығайын енді айтысқа.
Нажағайдай сөзімді,
Жарқылдатсам алдыңда,
Есің шығып адасып,
Біле алмассың әкеңнің,
Өлгендігін қай тұста.
Сөз білмейтін баласың,
Ақындыққа шаласың,

40
Қазақ өнерінің антологиясы
Меніменен айтыспа.
Кемітесің кедей деп,
Басқа сөзді таппайсың.
Жетісіп жүрген немедей,
Еліңді құр мақтайсың.
Малды санап, мақтанбан,
Малыңда емес ел бағы.
Қорғаған жаудан халықты,
Ерлік пенен даңқты,
Елімнің күшті аруағы,
Елімде болды батырлар:
Қарасай атты ұранды.
Асынып жау жарағын,
Еліме шапқан қалмаққа,
Орнатып қара тұманды,
Салатұғын ылаңды.
Заһаріне шыдамай,
Қалмақ кезген шығанды,
Қылышынан өткізген,
Қара кесек Қағанды.
Жауынан жерді босатып,
Осындай атақ кім алды?
Бүгінгідей сөзіме,
Ол да саған күмәнді.
Көп сөзіңнің ішінде,
Бір сөзің жоқ ұнамды.
Байқалып, әбден сыналды.
Елден алғыс алмайсың,
Көтеріп кітап – Құранды.
Меніменен ұстасып,
Білмейсің Құдай ұрарды.
Ерлігің болса мақтанған,
Жауын қуып қашырған,
Айдарымен жел есіп,
Алатаудан асырған.
Айбалта, қылыш асынған,
Жанындағы жабдығы,
Наркескен, қанжар асылды.

41
Айтыс II том
Қарасайдай батырлар
Қиқу салып аттанса,
Еліме тиген жаулардың
Алмадай басы шаншылған.
Айтшы осындай ерлерді
Елінде даңқын асырған.
Айта алмасаң бұндайды,
Айтыспа сен, антұрған.
Қорықсаң, неге айтыстың,
Ағарған сақал, шашымнан?
Ата-ана сыйлап көрмеген,
Бейәдеп өскен жасыңнан.
Сен бір жүрген сауысқан,
Кесірің үлкен басыңнан.
Меніменен айтысқан,
Сендей талай көппенің,
Көкірегі басылған.
Уа, қу таңдай, Жалайыр!
Менен асқан еліңде,
Бар ма, сірә, бір шайыр?
Жамбыл жырау толғанса,
Домбырасын қолға алса,
Пар келтірмес ешкімді.
Сөз дауылмен соғушы ем,
Сендей ақымақ мүскінді.
Ауылыңа алып бар,
Шашылған бізден ұшқынды.
Сүйінбай ақын – ұстазым,
Сөз қанжарын суырып,
Дұшпанға өстіп күш қылды.
Құдай атқан, қу молда,
Берекеңді ұшырып,
Кетірейін пыстыңды!
Арба өткелдің түбінде.
Бір күн, бір түн шайқасып,
Өнерін әбден байқасып,
Құлмамбет те жеңген жоқ.
Жеңбек тұрмақ Құлмамбет,

42
Қазақ өнерінің антологиясы
Нысанаға келгенде,
Қара Керей Түбек те,
Жалайырда Қарқабат,
Бұ да айтысып, көрген жоқ.
Жамбыл, Жамбыл болғалы,
Жамбыл атқа қонғалы,
Жеңіліп, намыс берген жоқ.
Көпшілікке бет бұрып,
Азғырушы адамға,
Қараспайтын қабанға,
Ежелден Жамбыл көнген жоқ.
Еңбегім сіңіп еліме,
Ел ішінде еріме,
Сол үшін бағым сөнген жоқ.
Тарта сөйле тіліңді,
Танымайсың піріңді,
Танымасаң піріңді,
Айтайын сенің мініңді.
Әдеппенен сөйлегін,
Ғалым болсаң білімді.
Сен сықылды молдалар,
Бетіне ұстап Құранды,
Өтірік айтып, елді алдап,
Таратқан қисық ұранды.
Аятын оқып, ышқынып,
Ауруға дем үшкіріп,
Молдалар ұқсас жыланға. 
Балуан болсаң белсеніп,
Шық күреске сыбан да.
Барың болса, қарышта,
Емеспін саған құданда.
Сен – күйкентай, мен – тұйғын,
Жүр жайыңа бұдан да.
Әліңді білмей асылып,
Аптығып сөйлеп, асығып,
Жолықтың қырсық ылаңға!
Арқа тұтып ақырып,

43
Айтыс II том
Бұл Абақтың баласын.
Жаңғырықтырып мен шықсам,
Алатаудың саласын.
Қу ауызды қу молда,
Қарамды көрмей қаласың.
Қайтер екен десем мен,
Өршеленіп барасың.
Тіл тигізсең бабама,
Өртке күйіп, жанасың.
Ажырата сөйлегін,
Бай, кедейдің арасын.
Құр кепкеннен пайда жоқ,
Сөйлегін сөздің данасын.
Жығылғанды, жыққанды,
Сонда білер әр адам,
Өзінің білсе шамасын.
Ұзынсонар жүйрікпін,
Отымнан жырды тербетсем,
Ақылыңнан танасың.
Албырт жиен Жалайыр,
Дедің маған кедейсің.
Мен қорғасын сақамын,
Сен ұтылғыш кенейсің.
Мен бір соққан дауылпаз,
Сен салмақсыз, к... бос,
Ебелек қаққан ебейсің.
Бір ұстасып қалсам деп,
Күшіңді байқап, шенейсің.
Қысы-жазы ау салып,
Іледен балық қоймадың.
Шіріген сүйек жесең де,
Қарның шығып, тоймадың.
Тұздап, балық қақтадың,
Сары майдай сақтадың.
Жайың қалай болар деп,
Дарияны жақтадың.
Өз малыңды өргізіп,
Жеріңде мал бақпадың.

44
Қазақ өнерінің антологиясы
Тайдың майын бермейтін,
Несіне байды мақтадың?
Би мен болыс қолына,
Шығын болып кетеді,
Жазы, қысы тапқаның.
Ел байлығы – өзімде,
Тіл байлығы – сөзімде,
Малы жоқ тақыр кедей деп,
Өтірік жала жаппағын.
Ерегіссең менімен,
Мен ұстассам сенімен,
Шығып кетер аптабың!
Молда емессің, соқырсың,
Зікір айтып зарлаған.
Жаназа оқып өлгенге,
Підия алып жалмаған.
Шариғат жолы мынау деп,
Қараңғы, надан халықты,
Көзді жұмып алдаған.
Кедей өлсе үйіне,
Күңіреніп бармаған.
Аттана шауып, бай өлсе,
Қирағаттап Құранды
Күні-түні сарнаған.
Жақсы көрсе молданы,
Көзбояушы зұлым деп,
Көпшілік неге қарғаған?
Досмағамбет:
Кезекпенен сөйлелік,
Сөзімді тосқын, Жамбылым.
Дабысты жүйрік, Жамбылым,
Алпысқа жасың келгенде,
Төгілген тасып дариядай,
Басылып қалған, Жамбылым.
Молдалығым айып па,
Үйреткен саған Құдайды.
Құран сөзін ұқпаған,
Сендей надан оңбайды.

45
Айтыс II том
Зекет алса молдалар,
Ұжмаққа жұртты жолдайды.
Молда өтірік айтпайды,
Оны Құдай қолдайды.
Елеуретіп сөйлейсің,
Алақтатып көзіңді.
Әзәзілден сабақ ап,
Бүлдіріпсің сөзіңді.
Құранға тіл тигізсең,
Күпір деймін өзіңді.
Мен де асқақтап сөйлейін,
Жалайырдың бегінен,
Белгілі ата тегінен.
Айтуға тура кеп отыр
Абақ-Тарақ шегінен –
Ноқта ағасы, қол басы.
Дулаттан бізге не пайда,
Құмырсқадай көбінен.
Теріп айтып келемін,
Меркіден – арғы еліңнен.
Әулие-Ата, Шымкенттен,
Бозадан басқа асы жоқ.
Жар-жатақтың астында,
Күнге күйіп түскендей,
Қыздарыңның шашы жоқ,
Бірін-бірі көптескен,
Бозақормен ептескен.
Жақыннан басқа қасы жоқ,
Меркіден бергі туғаның
Салған қыстақ, қаланы.
Үй басына бес тауық,
Кірсян боп қарады.
Қыстыгүні болғанда,
Таудан бұта алады,
Базарға әкеп салады.
Бес тиыннан ақша алса,

46
Қазақ өнерінің антологиясы
Жерден алтын тапқандай,
Қуанып, үйіне барады.
Енді айтайын, Жамбылым,
Меркіден бергі еліңді.
Өткенде айтып, менменсіп,
Көтересің көңіліңді.
Ол күндегі батырлар,
Бәрі жерге көмілді.
Елді, міне, бүлдіріп,
Жайлады жау жеріңді.
Айта бермей өткенді,
Шығармай құмар шеріңді.
Айтсайшы, Жамбыл, тағы да,
Абақтан енді ұл бар ма,
Құтқаратын еліңді?
Сенен қорқып қайтпаспын,
Қорқып, бұғып қалмаспын.
Егер, қырсық шалмаса,
Алдыма жүйрік салмаспын.
Шапқан жерін қиятын,
Күшін қолға жиятын,
Өткір қылыш – алмаспын,
Тарлан тартып қалыпсың,
Азуыңнан шалыпсың.
Буыныңды бекітіп,
Аяғыңды дәл басқын.
Құмар болса айтысу,
Жыққанымыз алуға,
Жұртқа олжа салуға,
Бәйгіге тігіп мал, басты.
Айтысам деген ойда жоқ,
Келе-ақ өзің жармастың. 
Сендей-сендей көп ақын,
Көргенде мені өтінген.
Меркіден бергі туғаның,
Он-он үйің бірігіп,
Әрбір тауға бекінген.

47
Айтыс II том
Шекаралас болған соң,
Қырғыз тиген шетіңнен.
Сенің тиіп кесірің,
Көштерің басып жыл сайын,
Берекемді кетірген.
Сия салдым сауытқа,
Ақыным, Жамбыл, ауытпа.
Елің кедей болған соң,
Қызыңды саттың зайыпқа.
Ақыным, Жамбыл, талықпа,
Асығып өлең айтам деп,
Бір киеге жолықпа.
Мал таба алмай, қыз сатқан,
Менің жеген балығым,
Мұнан жаман болып па?
Асқан жүйрік емессің,
Бұл арадан біз көрген.
Менменсінген сендейді,
Біз де ақынбыз дүз көрген.
Үйіңнен жылан қуғандай,
Жаз кетсе, қаңғып күз көрген,
Байлығың сенің қайда бар,
Мал орнына қыз берген.
Бір жарамды жігітің
Дулаттағы Алпысбай, 
Күнде арақ ішкені,
Төренің үйі түскені.
Жегені жасық қирадан,
Алдында тақтай үстелі.
Сен – Абақтың жүйрігі,
Мен – тұлпары Тарақтың,
Бәрекелді, Жамбылым,
Салты осы ма еліңнің?!
Қаскелеңнің жігіті,
Босатпас алдын қабақтың.
Арақ десе, жымыңдар,
Құлқыны құрып, қылмыңдар.

48
Қазақ өнерінің антологиясы
Ішпесе, басы ауырар,
Еліңнің басшы адамы,
Қалаға жақын қонысы.
Күнде салып салықты,
Зар қақтырып халықты,
Мойнынан түспес борышы.
Жеріңді сатып ұлыққа,
Тарылған жұрттың өрісі.
Оразалы дегенің,
Қарындасын өзі алып,
Естімеген жол салып.
Бір тентектің кесірінен,
Шулады Дулат қозғалып,
Көп ұзартып созбалық.
Бұл да жетер басыңа,
Әділдіктен озбалық.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет