3-тарау. Қоғамның жарғылық капиталы 2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 10-бап. Қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері Қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 50000 еселенген мөлшерінде болады. Осы баптың бірінші бөлігінде қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері бойынша белгіленген талаптар өз қызметін инвестициялық жекешелендіру қоры және тауар биржалары ретінде жүзеге асыратын қоғамға қолданылмайды.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 11-бап. Қоғамның жарғылық капиталы 1. Қоғамның жарғылық капиталы құрылтайшылардың (жалғыз құрылтайшының) акцияларды олардың нақтылы құны бойынша және инвесторлардың осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес айқындалатын орналастыру бағалары бойынша төлеуi арқылы қалыптастырылады және ол Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiледі. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған қоғамның жарғылық капиталы осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес қалыптастырылады. 2. Акцияның құрылтайшылар алдын ала енгiзетiн төлем мөлшерi қоғамның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға және оны құрылтайшылар қоғам заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркелген күннен бастап отыз күн iшiнде толық төлеуге тиiс. 3. Қоғамның жарғылық капиталын ұлғайту қоғамның жарияланған акцияларын орналастыру арқылы жүзеге асырылады. 4-тарау. Қоғамның акциялары және басқа да бағалы қағаздары 12-бап. Қоғамның бағалы қағаздары туралы жалпы ережелер 1. Қоғам жай акциялар, не жай және артықшылықты акциялар шығаруға құқылы. Акциялар құжатсыз нысанда шығарылады.
2. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың артықшылықты акциялар шығаруға құқығы жоқ.
3. Акция бөлінбейді. Егер акция ортақ меншік құқығымен бірнеше тұлғаға тиесілі болса, олардың бәрі бір акционер деп танылады және өзінің жалпы өкілі арқылы акциямен куәландырылған құқықтарды пайдаланады.
4. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, акцияның бір түрі оны иеленетін әрбір акционерге осындай акциялар түрінің басқа иелерімен бірдей көлемде құқықтар береді.
5. Қазақстан Республикасының заң актілерінде:
1) қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасуға;
2) қоғамның бір акционерге тиесілі акцияларының ең көп мөлшеріне;
3) қоғамның акциялары бойынша бір акционерге берілетін ең көп дауыс санына шектеулер белгіленуі мүмкін.
6. Қоғам басқа да бағалы қағаздар шығаруға құқылы, оларды шығару, орналастыру, айналысқа салу және өтеу талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгіленеді.