45-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының кворумы 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1. Егер акционерлердiң жалпы жиналысына қатысушыларды тiркеу аяқталған кезде (акционерлердің жалпы жиналысын сырттай дауыс беру арқылы өткізу кезінде барлық бюллетеньді ұсыну күні не бюллетеньдерді ұсыну мерзімі аяқталған күні) оған қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар, қоғамның дауыс беретiн акцияларының жинақтап алғанда елу және одан да көп процентiн иеленген акционерлер (акционерлердің өкілдері) тiркелсе, жиналыс күн тәртiбіндегі мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға құқылы. 2. Акционерлердің өтпей қалған жалпы жиналысы орнына қайталап өткізілетін жалпы жиналысы, егер:
1) кворумның болмауы себепті акционерлердің өтпей қалған жалпы жиналысын шақыру тәртібі сақталған болса;
2) тіркеу аяқталған кезде оған қатысу үшін қоғамның дауыс беретін акцияларының жинақтап алғанда қырық және одан да көп процентін иеленетін акционерлер (немесе олардың өкілдері), оның ішінде сырттай дауыс беретін акционерлер тіркелген болса, күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға құқылы.
Он мың және одан да көп акционері бар қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысын қайталап өткізу үшін аз кворум (қоғамның дауыс беретін акцияларының кемінде он бес проценті) көзделуі мүмкін.
3. Егер жиналысқа қатысушыларды тіркеу аяқталған кезде оған қатысу үшін қоғамның дауыс беретін акцияларын иеленетін кемінде бес жүз акционер (немесе олардың өкілдері) тіркелген болса, инвестициялық жекешелендіру қорын қайта ұйымдастыру және қайта тіркеу нәтижесінде құрылған қоғамда акционерлердің қайталап өткізілетін жалпы жиналысы мәселелерді қарауға және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.
4. Акционерлерге сырттай дауыс беру үшін бюллетеньдер жіберілген жағдайда, аталған бюллетеньдермен берілген және жалпы жиналысқа қатысушыларды тіркеу кезінде қоғам алған дауыстар кворумды айқындау және дауыс беру қорытындыларын шығару кезінде есепке алынады.
Акционерлердің жалпы жиналысын сырттай дауыс беру арқылы өткізген кезде кворум болмаған жағдайда акционерлердің жалпы жиналысы қайталап өткізілмейді.